Жаңалықтар

ІІ БӨЛІМ

Қыс еді. Командировка алып, ауылға бардым. Кейінгі жылдары қар аз жауатын болып жүр. Қызыл асықтан ғана келетін күпсекті Алтайдың желі бұта-қараған, сай-салаға айдап, тығып тастайтын-ды. Аудан мен екі ортаға күніне бір-ақ рет қатынайтын автобус сонау кырдан бері саркүшіктей домалана көрінсе болды, аялдамада құжынап тұрған ауыл адамдары лап ете түсер еді. Одыраңдап келіп, түтін бүрке тоқтаған шағын автобустың жүргізушісі біразға дейін кергіп ашпай қоятын. Қораздана басып дүкенге кіреді, түк шаруасы жоқ болса да почтаға бас сұғады... темекісін асықпай тартып, қыстың қақаған суығына қарамай түкіріктеп тұрып мұқият сулап, тұқылын аяғымен мыжғылап өшіреді, шырт-шырт түкіреді, одан соң ғана... "Қырық бес тиындарыңды дайындаңдар" деп, саңқ етер еді. Осы шақта ауылдың жігіттері жолындағы кемпір-шал, бала-шағаларды қоғадай жапырып итеріп тастайды да, есікке ентелей жетеді. Алғашқы болып автобустың ішіне кіреді. Ең жайлы, жұмсақ деген орындықты таңдап отыра кетеді. Бұдан соң туған әкесі түрегеліп тұрса да, астындағы "тағын" беруі мүмкін емес. Имене-имене, қысылып-қымтырыла мен де кірдім-ау, әйтеуір. Отырғандардың барлығы танымайтын адамдай бетіңе бақырая қарайды, кейбір иманы бар-ау дегендері болса, көрмеген кісідей теріс бұрылады. Көп жылдан бері Саршатамызды жолықтырмап едім, тегінде, кассир отыратын жалғыз кісілік көлденең орындықта қырау басқан терезені тілімен жалап тесіп, сонау қар басқан тауларға көз сата үңіліп отыр екен. Ол аудан орталығына жақындағанша тіс жарып, жақ ашпады. Сол ойланған қалпы, ешкімге де, еш нәрсеге де мән бермеген қалпы, сыртқа қадалып қалған. Жігіттер "сөйлетеміз бе" деп әрі-бері қажап көріп еді, құлағына да ілген жоқ: естімеген кісідей меңірейіп отыра берді... Соншалықты ауыр ой үстінде... Суық сорған қоңырқай жүзі, түк-түк жағы, жарланып біткен қабақ астындағы оты аз, бірақ алақандай ауқымды көзі - бар-барлығын барлаған адам енді бірер сәттен соң ұлы жаңалық ашатындай салмақты да салиқалы дидарын көрер еді. Саршатамыздың түбіне құрық бойламайтын терең қиялының сыры ауданға бір шақырымдай жер қалғанда ғана ашылды. - Жігіттер! - деп орнынан ұшып түрегелді. Шағын автобустың ішіндегі темекінің көк түтінінен бір-бірін әрең көріп отырған адамдар селк ете қалды. - Жігіттер! - деп тағы да қайталады. - Егер бір қойма астыққа бір шібиді қоя берсе, неше жылда жеп тауысар еді?.. Саршатамыздың ауылдан шыққаннан бері бас қатырып, сарыла ойлап отырғаны осы екен... Расында да, неше жылда жеп тауысар еді... Әдеби әлем
18.11.2013 03:28 3281

Қыс еді. Командировка алып, ауылға бардым. Кейінгі жылдары қар аз жауатын болып жүр. Қызыл асықтан ғана келетін күпсекті Алтайдың желі бұта-қараған, сай-салаға айдап, тығып тастайтын-ды. Аудан мен екі ортаға күніне бір-ақ рет қатынайтын автобус сонау кырдан бері саркүшіктей домалана көрінсе болды, аялдамада құжынап тұрған ауыл адамдары лап ете түсер еді. Одыраңдап келіп, түтін бүрке тоқтаған шағын автобустың жүргізушісі біразға дейін кергіп ашпай қоятын. Қораздана басып дүкенге кіреді, түк шаруасы жоқ болса да почтаға бас сұғады... темекісін асықпай тартып, қыстың қақаған

суығына қарамай түкіріктеп тұрып мұқият сулап, тұқылын аяғымен мыжғылап өшіреді, шырт-шырт түкіреді, одан соң ғана... "Қырық бес тиындарыңды дайындаңдар" деп, саңқ етер еді. Осы шақта ауылдың жігіттері жолындағы кемпір-шал, бала-шағаларды қоғадай жапырып итеріп тастайды да, есікке ентелей жетеді. Алғашқы болып автобустың ішіне кіреді. Ең жайлы, жұмсақ деген орындықты таңдап отыра кетеді. Бұдан соң туған әкесі түрегеліп тұрса да, астындағы "тағын" беруі мүмкін емес.

Имене-имене, қысылып-қымтырыла мен де кірдім-ау, әйтеуір. Отырғандардың барлығы танымайтын адамдай бетіңе бақырая қарайды, кейбір иманы бар-ау дегендері болса, көрмеген кісідей теріс бұрылады. Көп жылдан бері Саршатамызды жолықтырмап едім, тегінде, кассир отыратын жалғыз кісілік көлденең орындықта қырау басқан терезені тілімен жалап тесіп, сонау қар басқан тауларға көз сата үңіліп отыр екен. Ол аудан орталығына жақындағанша тіс жарып, жақ ашпады. Сол ойланған қалпы, ешкімге де, еш нәрсеге де мән бермеген қалпы, сыртқа қадалып қалған. Жігіттер "сөйлетеміз бе" деп әрі-бері қажап көріп еді, құлағына да ілген жоқ: естімеген кісідей меңірейіп отыра берді... Соншалықты ауыр ой үстінде... Суық сорған қоңырқай жүзі, түк-түк жағы, жарланып біткен қабақ астындағы оты аз, бірақ алақандай ауқымды көзі - бар-барлығын барлаған адам енді бірер сәттен соң ұлы жаңалық ашатындай салмақты да салиқалы дидарын көрер еді. Саршатамыздың түбіне құрық бойламайтын терең қиялының сыры ауданға бір шақырымдай жер қалғанда ғана ашылды.

- Жігіттер! - деп орнынан ұшып түрегелді. Шағын автобустың ішіндегі темекінің көк түтінінен бір-бірін әрең көріп отырған адамдар селк ете қалды.

- Жігіттер! - деп тағы да қайталады. - Егер бір қойма астыққа бір шібиді қоя берсе, неше жылда жеп тауысар еді?..

Саршатамыздың ауылдан шыққаннан бері бас қатырып, сарыла ойлап отырғаны осы екен...

Расында да, неше жылда жеп тауысар еді...

Әдеби әлем

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға