Жаңалықтар

ІІІ БӨЛІМ

Жарықтық күз шолтаң қайрылып, қыс келді. Биыл тіпті асығыс келді. В. В. Окинковтан хабар-ошар жоқ. Жаңа жыл есік қағып, қапалақ-капалақ қар жауды. В. В. Окинковтан сыбыс білінбеді. Тек, февраль айын орталап, Алтайдың қақаған суығы мал мен жанды қысып тұрған шақта ғана аппақ дүниенің арасынан В. В. Окинковтың төбесі қарандаған. Көк тайынша тарихын өздері баяғыда ұмытып, құрысыншы, от пен суға қарап отырған жоқпыз ғой, "ақсағын қойып сауын бағайық" деп, тәубаға келген бейбіт тіршіліктерін бұзғанына реніш білдірген. Шай қойылды. Ет асылды. В. В. Окинков соғымның етін, әсіресе жылқының етін, жақсы жейді екен. Құрт қосқан сорпаны сарқа ішіп, қолын сүртіп болған соң, көзі ілініп, қалғи бастады. Осы Қанаттың жүрген жері оңбайды, әсіресе, қыста ойбайлап ашылатын қырау түтқан есікті жұлқа тартып кіріп келмесі бар ма... В. В. Окинков сасқалақтай атып тұрып, тапаншасына жармасты. Шешем: "Ойбай, көтек!" -деп, бетін басып отыра қалды. Әкем шақшасын қаққылап: "Әй, кемпір, насыбай бітіп қалыпты ғой", - деп, шыны сауытты домалата салды. - Фамилияңыз, яғни аты-жөніңіз? - деді есінеген Окинков қағаз-қарындашын ыңғайлап. - Раисов Исахан. - Жасыңыз? - Алпыс үштемін. - Ұлтыңыз? - Қазақпын! - Әкем бұл сөзді нығыздай айтты. Милидионер енді шешеме шұқшия қарады. - Аты-жөніңіз, жасыңыз, ұлтыңыз?.. - Құдай-ау, әнеугүні айтып едім ғой. - Тағы да қайталаңыз. - Шошып оянған соң ба, бас терісі келіспей, қатаң ұстады өзін. - Раисова, жасы 65-те, - деп, кемпірінің орнына тағы да әкем жауап бере бастап еді, милидионер көнбеді. - Өзі айтсын. - Шешем сасқалақтады. - Құдай-ау, қайын атамның атын қалай атаймын... Әй, шал... Тайыншамыз керіскедей, аузымызды аққа жарытайын деп тұрған асыл тұқымды мал еді, - деп, шешем зарлай жөнеліп еді, оны В. В. Окинков тоқтатып тастады. - "Керіскедей" деген белгі болмайды. - Алғаш келгенінде ұмытып кетіппін, шырағым, ұрының орнында ұмытылып қамшысы қалыпты. Міне, - деп сегіз өрім, тобылғы сап қамшыны Окинковтың алдына тастады. Ол қамшыны ары айналдырып, бері айналдырып қарап отыр-ды да: - Бұл ауылда не көп - қамшы көп және бір-бірінен айнымайды, - деп, әкеме қайтарып берді. Бұдан соң: "Іздейміз, табамыз", - деді де, орнынан асығыс көтерілді. Оны Қанат иттен шығарып салды. Қыс өтіп, жазғытұрымның қара қатқағы келді. Ойдағы қар жылбысқалана еріп, қалғаны тау бектерінде күн санап көбіктене мүжіліп жатқан, түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз деп аталар ала-құла шақ еді. Біздің үй бір қалыпта тіршілік кешіп, біреуден кейін, біреуден ілгері күн көрісімен, ертеңгі атар таң, татар дәмімен дәмелі күй кешіп жатқан-ды. Кек тайыншаны да, кек сөмкелі В. В. Окинковты да ұмытқалы қашан, "тәңірім, бермей-ақ қой, бірақ қолда барын ала көрме" дегендей, қалғанды қанағат көңілмен көктемді қарсы алған. Міне, осындай жазға салымның уайым-қайғысыз бір тыныш күнінде, алдыңғы күні туған мұқыр мүйіз қызыл сиырының уызын жеп, жайбарақат сорпа, шай ішіп, оңашадан оңаша өздері ғана шүйіркелесіп отырған қоңыр кеште, ағаш үйдің есігі сыңсып ашылды. Ғажабы, есік көзіндегі аса сақ ала мойқақ, төрт көз ит те шөу деп үрмеген. Тегі, еті үйреніп қалса керек. Алғашында көршілердің бірі шығар деп, алаңсыз көңілмен ешқайсысы да елемей тамақтарын іше беріп еді. "Есенсіздер ме" деген дауыстан бастарын кекжең еткізіп оқыс көтерісті. Осы мезетте В. В. Окинков та дүрс-дүрс басып төрге оза берген. Сәлемін әкем ғана алды. Ал шешем болса "құдай-ай, тағы да Әкімқов қой" деп, қолындағы кесесін шайымен төңкере салып, шегініп кетті. - Ауданында не жаңалық? - деді әкем арада орнаған тыныштықты бұзайын деген ойменен. - Аманшылық, ақсақал... Көк тайынша табылған жоқ па?.. - Соны сенен сұрайын деп едік. - Шешем бұл сөзді шаптыға айтты. - Іздейміз, табамыз. Жұмыс басты болып көпке дейін келе алмадым. Көрші ауылдарыңыздағы бір семья соғымның етін ұрлапты. Соны іздеп әрең тауып бердік. Сөйтсем, өзі жоқта үйде қалған әйелі күнде асып жей берген соң, күйеуі шөптің астына тығып тастаған екен... әй, қазақтардан бәрі шығады... - Ол оқиғаңы мен де естігенмін, етті сен емес, иті тауып алған, - деді шешем қарап отырмай, Ас ішіп, көңілі жайланған соң В. В.. - Ал, басынан қайта бастайықшы өзі, - деп, қағаз-қарындашын суырды. - Аты-жөніңіз, көк тайыншаның жасы, түр, түсі... Әкем жарықтық шыдамды адам еді ғой, Окинковты осы әзірде ғана көріп отырғандай, бастан-аяқ тәптіштеп шықты. - Дұ-р-ы-ы-с-с, - деді милидионер енді шешеме бұрылып, - енді сізге келейік. Фамилияңыз... Қызық басталды. Бағанадан бері өз тізесін өзі тоқпақтағандай, әрең отырған кемпір шорт кетті. - Әй, Әкемков, - деді ызадан жарылардай болып. - Өз тайыншамызды өзіміз ұрлағандай бізді тергегенің не осы! Міне, жеті ай болды әлдеқашан сүйегіне қына бітіп кеткен ата-бабамыздың аруағын қозғап, пәмилиямды сұрай бересің ғой. Сен келген сайын басымның сақинасы ұстайды. Көк тайынша да, сен де құры. Кет өзің, жынымды ұстатпай В.В. Окинков үндеместен орнынан тұрды да есікке беттеді. Босағада тұрған қалпында сөмкесін ақтарып, әкем жазған өтініш қағазды алды - Арыздарың. Енді өзің жоғалсаң да, бұл үйге келмеспін, - деді шешеме. - Әдірем қал. Мені құдайдан басқа ешкім ұрлай алмайды. Сөйтіп, бұл үй милидиясыз қалды. Осы күннің ертеңінде бастауыш класқа сабақ беретін әпкем - Аймен ұры ұмыт қалдырған қамшыны қолына ұстап шығады. Мектепке барған соң, әр класқа кіріп: "Кәне, балалар, мына қамшыны танитындарың бар ма?" - деп, бас-басынан сұрайды. Үшінші класқа кіргенде, мұрнын үнемі жеңімен сүртіп отыратын қара ұл: "Ой, мұғалима, бұл папамның қамшысы. Былтыр жазда ағам өріп берген", - деп, орнынан ұшып түрегеледі. Иә, жеті ай милидионер іздеген ұры, жеті минутта табылады. Бірақ баяғыда ұмытылып, садақаға шалып қойған көк тайынша дауын дабыралаудың реті ешбір болмайтын еді. Мұрнын жеңімен сүрте беретін қара ұлдың папасы - бұл үйдің құдасы, сыйлас адам. Сондықтан да жабулы қазанды жабуымен қойған. Тек баласы айтып барған болу керек, "құдалар" жағы көпке дейін амандаспай жүрді. Жаз шығып, ел-жұрт шөп науқанына кіріскен шақ. Әкем де тартпасын (шалғысын) шыдап, көзі тірісінде әжеміз тігіп берген қара торсыққа сусынын құйып, пішен оруға шыққан. Жылдағыдай емес, биыл жаз берекелі болды, шөп қалың, жеміс-жидек көп. Күн ыстық. Мосыға шәугім іліп, шай қайнатып, дем алып отырған. Топ қайыңның түбінен бастау алар тұма тазарған, көк тайыншаның ұры сойған орнын шөп басқан. Дегенмен, баяғы бір көрініс: көзі алайған малдың басы мен төрт сирақ көз алдына елестеп, жамбастай жатқан шалдың ойы онға, санасы санға бөліңді. Мал ашуы емес еді оны мазалаған, шәй деспеген жұрағаттың басынғаны да... Осы кезде алаңсыз оттап тұрған құла аты құлағын тікті. Тоғай арасынан салт атты шығып, бері беттеген. Бұл - көк тайыншаның обалына қалған "құдасы" еді. Ол аттан жайлап түсіп, асықпай амандасты. Малдас құрған қалпы, шөптің бір сабағын аузына салып, тістелеп алысқа қарады. Жеңіл күрсінгендей болды. - Құда, - деді сел қарлыққан, сәл толқыған үнмен. - Сіз маған өкпелеп жүрсіз білем. - Неге өкпелейін, - деді әкем насыбайын атып. - Жоқ жасырмаңыз, өкпелеп жүрсіз. Болар іс - болды. Көк тайыншаларыңызды мен ұрлаған едім, оны өзіңіз де сезгенсіз. - Оны кім айтты саған? - Екі дүниеде де ризамын сізге. Біле тұра тіс жарып ешкімге айтпадыңыз. Мені мойындатып, аяғыңызға жыққан - дәтіңіздің беріктігі. Басқа біреу болса ғой, қалмақ қайта шапқандай мұқым ауданға жар салар еді. Рақмет сізге, құдайдың құдіреті, бала жастан әдетім - бірдеме ұрламасам, тыныш ұйықтай алмаймын. Жоқ дегенде, өз қойымды өзім қорадан ұрлап шығып, тауға апарып сойып әкелетінімді қайтерсіз. Енді осымен бітті. Сіз үнсіздігіңізбен, шыдамдылығыңызбен жеңдіңіз мені. - Ол ұзақ сөйледі. Темекісін тартты. Әкеммен бірге шай ішті. Шөп шабысты. - Құда, - деді кетерінде қойнына қол салып, - көк тайыншаның бодауын он сиыр берсем де қайтара алмаспын. Бала-шаға көп, бір үйде өзім ғана бас көтеретін, қайтара алмас та едім... Мынаны шөп шапқанда киерсіз, жеңсіз, алды ашық, жеңіл көйлек. - Бес сом отыз тиынның шыт көйлегін әкемнің алдына тастай берді. - Рақмет, құда бұл да болса - жөн білгенің. Ол атына мініп ұзап кетті де, қайта оралды. - Байқамай қонышыма тыға салыппын. Кешіріңіз, әдет қой, - деп, керзі етігінің қонышынан әкемнің қамшысын суырып алды. Атын оқыс тебініп, желе жөнелді. - Қайтқан малға береке, - деді құдасының соңынан көз жазбай қарап, қамшысын ұстап тұрған әкем. - Ұрлап кетсе қайтер едім. Әдеби әлем
18.11.2013 02:56 3710

Жарықтық күз шолтаң қайрылып, қыс келді. Биыл тіпті асығыс келді. В. В. Окинковтан хабар-ошар жоқ.

Жаңа жыл есік қағып, қапалақ-капалақ қар жауды. В. В. Окинковтан сыбыс білінбеді. Тек, февраль айын орталап, Алтайдың қақаған суығы мал мен жанды қысып тұрған шақта ғана аппақ дүниенің арасынан В. В. Окинковтың төбесі қарандаған. Көк тайынша тарихын өздері баяғыда ұмытып, құрысыншы, от пен суға қарап отырған жоқпыз ғой, "ақсағын қойып сауын бағайық" деп, тәубаға келген бейбіт тіршіліктерін бұзғанына реніш білдірген.

Шай қойылды. Ет асылды. В. В. Окинков соғымның етін, әсіресе жылқының етін, жақсы жейді екен. Құрт қосқан сорпаны сарқа ішіп, қолын сүртіп болған соң, көзі ілініп, қалғи бастады. Осы Қанаттың жүрген жері оңбайды, әсіресе, қыста ойбайлап ашылатын қырау түтқан есікті жұлқа тартып кіріп келмесі бар ма... В. В. Окинков сасқалақтай атып тұрып, тапаншасына жармасты. Шешем: "Ойбай, көтек!" -деп, бетін басып отыра қалды. Әкем шақшасын қаққылап: "Әй, кемпір, насыбай бітіп қалыпты ғой", - деп, шыны сауытты домалата салды.

- Фамилияңыз, яғни аты-жөніңіз? - деді есінеген Окинков қағаз-қарындашын ыңғайлап.

- Раисов Исахан.

- Жасыңыз?

- Алпыс үштемін.

- Ұлтыңыз?

- Қазақпын! - Әкем бұл сөзді нығыздай айтты. Милидионер енді шешеме шұқшия қарады.

- Аты-жөніңіз, жасыңыз, ұлтыңыз?..

- Құдай-ау, әнеугүні айтып едім ғой.

- Тағы да қайталаңыз. - Шошып оянған соң ба, бас терісі келіспей, қатаң ұстады өзін.

- Раисова, жасы 65-те, - деп, кемпірінің орнына тағы да әкем жауап бере бастап еді, милидионер көнбеді.

- Өзі айтсын. - Шешем сасқалақтады.

- Құдай-ау, қайын атамның атын қалай атаймын... Әй, шал... Тайыншамыз керіскедей, аузымызды аққа жарытайын деп тұрған асыл тұқымды мал еді, - деп, шешем зарлай жөнеліп еді, оны В. В. Окинков тоқтатып тастады.

- "Керіскедей" деген белгі болмайды.

- Алғаш келгенінде ұмытып кетіппін, шырағым, ұрының орнында ұмытылып қамшысы қалыпты. Міне, - деп сегіз өрім, тобылғы сап қамшыны Окинковтың алдына тастады. Ол қамшыны ары айналдырып, бері айналдырып қарап отыр-ды да: - Бұл ауылда не көп - қамшы көп және бір-бірінен айнымайды, - деп, әкеме қайтарып берді. Бұдан соң: "Іздейміз, табамыз", - деді де, орнынан асығыс көтерілді. Оны Қанат иттен шығарып салды.

Қыс өтіп, жазғытұрымның қара қатқағы келді. Ойдағы қар жылбысқалана еріп, қалғаны тау бектерінде күн санап көбіктене мүжіліп жатқан, түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз деп аталар ала-құла шақ еді. Біздің үй бір қалыпта тіршілік кешіп, біреуден кейін, біреуден ілгері күн көрісімен, ертеңгі атар таң, татар дәмімен дәмелі күй кешіп жатқан-ды. Кек тайыншаны да, кек сөмкелі В. В. Окинковты да ұмытқалы қашан, "тәңірім, бермей-ақ қой, бірақ қолда барын ала көрме" дегендей, қалғанды қанағат көңілмен көктемді қарсы алған. Міне, осындай жазға салымның уайым-қайғысыз бір тыныш күнінде, алдыңғы күні туған мұқыр мүйіз қызыл сиырының уызын жеп, жайбарақат сорпа, шай ішіп, оңашадан оңаша өздері ғана шүйіркелесіп отырған қоңыр кеште, ағаш үйдің есігі сыңсып ашылды. Ғажабы, есік көзіндегі аса сақ ала мойқақ, төрт көз ит те шөу деп үрмеген. Тегі, еті үйреніп қалса керек. Алғашында көршілердің бірі шығар деп, алаңсыз көңілмен ешқайсысы да елемей тамақтарын іше беріп еді. "Есенсіздер ме" деген дауыстан бастарын кекжең еткізіп оқыс көтерісті. Осы мезетте В. В. Окинков та дүрс-дүрс басып төрге оза берген. Сәлемін әкем ғана алды. Ал шешем болса "құдай-ай, тағы да Әкімқов қой" деп, қолындағы кесесін шайымен төңкере салып, шегініп кетті.

- Ауданында не жаңалық? - деді әкем арада орнаған тыныштықты бұзайын деген ойменен.

- Аманшылық, ақсақал... Көк тайынша табылған жоқ па?..

- Соны сенен сұрайын деп едік. - Шешем бұл сөзді шаптыға айтты.

- Іздейміз, табамыз. Жұмыс басты болып көпке дейін келе алмадым. Көрші ауылдарыңыздағы бір семья соғымның етін ұрлапты. Соны іздеп әрең тауып бердік. Сөйтсем, өзі жоқта үйде қалған әйелі күнде асып жей берген соң, күйеуі шөптің астына тығып тастаған екен... әй, қазақтардан бәрі шығады...

- Ол оқиғаңы мен де естігенмін, етті сен емес, иті тауып алған, - деді шешем қарап отырмай,

Ас ішіп, көңілі жайланған соң В. В..

- Ал, басынан қайта бастайықшы өзі, - деп, қағаз-қарындашын суырды. - Аты-жөніңіз, көк тайыншаның жасы, түр, түсі...

Әкем жарықтық шыдамды адам еді ғой, Окинковты осы әзірде ғана көріп отырғандай, бастан-аяқ тәптіштеп шықты.

- Дұ-р-ы-ы-с-с, - деді милидионер енді шешеме бұрылып, - енді сізге келейік. Фамилияңыз...

Қызық басталды. Бағанадан бері өз тізесін өзі тоқпақтағандай, әрең отырған кемпір шорт кетті.

- Әй, Әкемков, - деді ызадан жарылардай болып. - Өз тайыншамызды өзіміз ұрлағандай бізді тергегенің не осы! Міне, жеті ай болды әлдеқашан сүйегіне қына бітіп кеткен ата-бабамыздың аруағын қозғап, пәмилиямды сұрай бересің ғой. Сен келген сайын басымның сақинасы ұстайды. Көк тайынша да, сен де құры. Кет өзің, жынымды ұстатпай

В.В. Окинков үндеместен орнынан тұрды да есікке беттеді. Босағада тұрған қалпында сөмкесін ақтарып, әкем жазған өтініш қағазды алды

- Арыздарың. Енді өзің жоғалсаң да, бұл үйге келмеспін, - деді шешеме.

- Әдірем қал. Мені құдайдан басқа ешкім ұрлай алмайды.

Сөйтіп, бұл үй милидиясыз қалды. Осы күннің ертеңінде бастауыш класқа сабақ беретін әпкем - Аймен ұры ұмыт қалдырған қамшыны қолына ұстап шығады. Мектепке барған соң, әр класқа кіріп: "Кәне, балалар, мына қамшыны танитындарың бар ма?" - деп, бас-басынан сұрайды. Үшінші класқа кіргенде, мұрнын үнемі жеңімен сүртіп отыратын қара ұл: "Ой, мұғалима, бұл папамның қамшысы. Былтыр жазда ағам өріп берген", - деп, орнынан ұшып түрегеледі. Иә, жеті ай милидионер іздеген ұры, жеті минутта табылады. Бірақ баяғыда ұмытылып, садақаға шалып қойған көк тайынша дауын дабыралаудың реті ешбір болмайтын еді. Мұрнын жеңімен сүрте беретін қара ұлдың папасы - бұл үйдің құдасы, сыйлас адам. Сондықтан да жабулы қазанды жабуымен қойған. Тек баласы айтып барған болу керек, "құдалар" жағы көпке дейін амандаспай жүрді.

Жаз шығып, ел-жұрт шөп науқанына кіріскен шақ. Әкем де тартпасын (шалғысын) шыдап, көзі тірісінде әжеміз тігіп берген қара торсыққа сусынын құйып, пішен оруға шыққан. Жылдағыдай емес, биыл жаз берекелі болды, шөп қалың, жеміс-жидек көп. Күн ыстық. Мосыға шәугім іліп, шай қайнатып, дем алып отырған. Топ қайыңның түбінен бастау алар тұма тазарған, көк тайыншаның ұры сойған орнын шөп басқан. Дегенмен, баяғы бір көрініс: көзі алайған малдың басы мен төрт сирақ көз алдына елестеп, жамбастай жатқан шалдың ойы онға, санасы санға бөліңді. Мал ашуы емес еді оны мазалаған, шәй деспеген жұрағаттың басынғаны да... Осы кезде алаңсыз оттап тұрған құла аты құлағын тікті. Тоғай арасынан салт атты шығып, бері беттеген. Бұл - көк тайыншаның обалына қалған "құдасы" еді. Ол аттан жайлап түсіп, асықпай амандасты. Малдас құрған қалпы, шөптің бір сабағын аузына салып, тістелеп алысқа қарады. Жеңіл күрсінгендей болды.

- Құда, - деді сел қарлыққан, сәл толқыған үнмен. - Сіз маған өкпелеп жүрсіз білем.

- Неге өкпелейін, - деді әкем насыбайын атып.

- Жоқ жасырмаңыз, өкпелеп жүрсіз. Болар іс - болды. Көк тайыншаларыңызды мен ұрлаған едім, оны өзіңіз де сезгенсіз.

- Оны кім айтты саған?

- Екі дүниеде де ризамын сізге. Біле тұра тіс жарып ешкімге айтпадыңыз. Мені мойындатып, аяғыңызға жыққан - дәтіңіздің беріктігі. Басқа біреу болса ғой, қалмақ қайта шапқандай мұқым ауданға жар салар еді. Рақмет сізге, құдайдың құдіреті, бала жастан әдетім - бірдеме ұрламасам, тыныш ұйықтай алмаймын. Жоқ дегенде, өз қойымды өзім қорадан ұрлап шығып, тауға апарып сойып әкелетінімді қайтерсіз. Енді осымен бітті. Сіз үнсіздігіңізбен, шыдамдылығыңызбен жеңдіңіз мені. - Ол ұзақ сөйледі. Темекісін тартты. Әкеммен бірге шай ішті. Шөп шабысты.

- Құда, - деді кетерінде қойнына қол салып, - көк тайыншаның бодауын он сиыр берсем де қайтара алмаспын. Бала-шаға көп, бір үйде өзім ғана бас көтеретін, қайтара алмас та едім... Мынаны шөп шапқанда киерсіз, жеңсіз, алды ашық, жеңіл көйлек. - Бес сом отыз тиынның шыт көйлегін әкемнің алдына тастай берді.

- Рақмет, құда бұл да болса - жөн білгенің.

Ол атына мініп ұзап кетті де, қайта оралды.

- Байқамай қонышыма тыға салыппын. Кешіріңіз, әдет қой, - деп, керзі етігінің қонышынан әкемнің қамшысын суырып алды. Атын оқыс тебініп, желе жөнелді.

- Қайтқан малға береке, - деді құдасының соңынан көз жазбай қарап, қамшысын ұстап тұрған әкем. - Ұрлап кетсе қайтер едім.

Әдеби әлем

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға