Жаңалықтар

Сөйтіп, мен жалғыз қалдым

Асанәлі Әшімов: – Жан досым, замандасым, экран мен театр сахнасында бірге өскен әріптесім Әнуар туралы менің айтатыным көп. Менен бір жас кіші болса да ол мені Асанәлі деп айтқан емес, Асеке дейтін. Екеуміз Бекежен мен Шеге, Тәңірберген мен Еламан, Жантық пен Қодар болып күрделі рөлдерді ойнадық. Өкінішке қарай, Әнуар өмірден өте ерте аяқ астынан, ойламаған жерден кетті. Оның қазасы маған ауыр тиді. Жалпы, өмірде дос таңдау өте қиын. Жақсы қарым-қатынаста жүрген жігіттер, дос­тар бар, әрине. Бірақ мен үшін Әнуар мен Ақселеудің орны ерекше еді. Осы екі досымның өмірден озуы екі баламның қазасынан кем батқан жоқ. Әнуардың адамгершілігі, мәрттігі өте биік болатын. Ол қандай рөлді алса да қызуқандылықпен шегіне жеткізіп орындайтын. Қазақтың дара туған ұлдарын, дала кейіпкерлерін, нағыз Махамбеттерді ойнайтын актер еді. Амал не, Әнуар өнердегі көп арманына жете алмады. Жас кезімізде театрда «тентектік» жасадық. Ұнамағанды мінеп-шенеп, күлкіге, әзілге айналдырып жүретінбіз. Жалпы, юморы бар адам оптимист, ақкө­­ңіл болады. Ал юморсыз адам – іш пыстыратын, қызықсыз адам. Негізі ұтымды, қисынды тентектіктің актерлік шеберлікке көмектесетін кездері көп. Сондайда Әнуардың әзілі де, юморы да діттеген жеріне дөп тиіп жататын. Шынын айтқанда, сол біздің дәуіріміз – «алтын ғасыр» еді. Біздің буын – Әнуар мен Фарида, Ыдырыс, Әзірбайжан, т.б. театр репертуарының ауыр жүгін көтерген мықты топ болдық-ау! Спектакльді дайындағанда барлығымыздың ойы­мыз бір жерден шығып, рөлді ойнағанда шаңын шығарып жіберуші едік. Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Әнуар Жантықтың, мен Қодардың бейнесін түрлендіріп, әртүрлі форма ойлап табатынбыз. Өнер сапарларына шыққанда екеуміз режиссер нұсқасында жоқ кейбір әдістерді қосып жібереміз. Сонда бізге сырттай қарап, бақылап отырған Хадиша, Шолпан апайлар күліп: «Ал, болдыңдар ма, балалар, ойнап болдыңдар ма? Болсаңдар біз де сахнаға шығайық», дейді. «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» Башқұртстанға апардық. Бізге ұзындығы 70 шақырым көшеге орналасқан Уфа қаласының мәдениет сарайы бұйырды. Барсақ, хабарланбаған ба, адам жоқ. Театрдың өзінің қызметкерлері, бақы­лаушылар, олардың балалары – барлығы оншақты ғана көрермен. Бірақ біз бір адам болса да ойнауымыз керек. Сөйтіп, адам аз болған соң Қозы мен Баянның рөліндегі актерлерге: «Сендер енді боссыңдар», дедік те, Әнуар екеуміз Қодар мен Жан­тықтың сахнасын бұрқыратып, неше түрлі көріністерді қосып, бас-аяғы он бес-жиырма минутта қойылымды аяқтадық. Бұл да бір тарих болып қалған қызықты, күлкілі оқиға болды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» Фран­цияның Нанси деген қаласында сахнаға шығардық. Француздардың тіл түсінбейтінін пайдаланып, мәтінде жоқ түрлі сөздерді қосып, өзіміз қызыққа батып, күліп жүрміз. Бірінші қатарда отырған көрермендердің қасына найзаммен барып, сілтеп-сілтеп жіберемін, бірде үстінде ойнатамын. Олар артқа қарай шалқайып, қисайып күледі. Театрдың буфетінде сыра сатады екен. Содан алдырып қойылымның арасында кесеге құйғызып аламын да тепкішекте сүйеніп тұрып рахаттанып ішемін келіп. Олар қайдан білсін, қымыз ішіп тұр деп ойлайды. Спектакль аяқталған соң француздар: «Ой, қандай керемет!» деп біздің өнерімізге риза болды. Негізінен өнер адамына, оның ішінде актерлерге кейде мұндай тосын әрекеттер де, импровизациялық тәсілдер де керек. Гастрольдер кезінде, әсіресе ауылдарға барғанда осы «Қозы Көрпеш – Баян сұлуға» импровизация жасайтынбыз. Татарстанның бір совхозына барсақ, көрермен бар, бірақ басшыларынан ешкім жоқ. Біздің киініп-шешінетін жеріміз –парторгтың жұмыс бөлмесі. Спектакль басталмай тұрып бір шелек сүт пен екі бөлке нанды біреу әкеліп қойды да өзі кетіп қалды. Біз «бұлардың наны мен тұзы шығар» деген оймен спектакль аяқталғанша тиіскен жоқпыз. Бірақ ойнап болғаннан кейін де басшылары келген жоқ. Негізі мұндай кезде дастарқан жайып, әртістерді қонақ ететін. Ондай жоқ. Содан амал жоқ, әкелген бір шелек сүті мен нанын бөліп, таласып-тармасып ішіп-жеп алдық. Белгілі актер Рахметбай Телеубаевтың бір шумақ өлеңді, эпиграммаларды аяқ астынан шығаратын ақындығы бар еді. Сол жерде отыра қалып: «Рахмет сізге, татар елі, Қазақ келді ән білән, Зор құрметпен қарсы алдыңыз, Бір шелек сүт, нан білән», – деп жазды да үстел үстіндегі әйнектің астына қойып кетті. Содан Қазанға келдік. Бір кезде таңертең у-шу болып жатыр. Сөйтсек, біз болған совхоз басшылары Рахметбайдың жартылай татарша жазған өлеңінің мағынасын түсініп, кешірім сұрай келіпті. Сөйтіп, банкет жасап, құрметті қонақ етті. Жалпы, театр өнері дегеніңіз – сөздің құдіретін түсіну мен түсіндіру ғой. Осын­дай қызықты сәттер гастрольдік сапарларда жиі болып тұратын… Шымкенттің Сайрамына тағы да «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» апардық. Мәдениет үйінің залына көрермен сыймайтын болғандықтан спектакльді далада көрсетуді ұйғардық. Үй қабырғасына сахна жасап, ағаштан, темірлерден декорация құрдық. Жұмысшылар, орақшылар, малшылар айналдыра қойылған жүк машиналарының үстінде көріп тұр. Адам көп, ығы-жығы. Ыдырыс Ноғайбаев, Сәбира Майқанова, Әнуар, Қозы мен Баян рөліндегі Әшірәлі мен Торғын – барлығымыз ойнап жүрміз. Кеш кіріп жарық жанғаннан кейін бұзаубас, көбелек, шыбын сияқты неше түрлі жәндіктер шыға бастады. Мен бір бұзаубасты ұстап алдым да Қодардың Баянға жақындап айтатын сөздері кезінде көрсетіп қоямын. Рөлдегі қыздар қорқып, қашып жүр. Ел қыран-топан күлкі, бізге де сол керек, қолымызда бір-бір бұзаубас. Бір кезде Әнуар жүк машинасының кабинасына кіріп кетіпті. Содан: «Жантық, әй Жантық қайдасың?» деп менің іздейтін көріністе ол терезені ашып: «Қодар мырза, жәй ма?» деп қояды. Менің ашуланып, айғайлаған кезімде терезені жауып алады. Екеуміздің диалогымыз сахна мен машинаның арасында өтті. Бір кезде Қарабай – Ы.Ноғайбаев: «Шошынам, мына жұрттан шошынам!» деп машинаның астынан еңбектеп шығып келе жатыр. Ел тағы да қыран-топан күлкіге батқан. Сөйтіп, трагедияны комедияға айналдырып жібердік. Ел де риза, біз де риза. Әнуардың осындай жерлерде тапқырлығы мықты болатын. Тағы бір гастрольде қайдан тапқанын білмеймін, Жантық – Әнуар есекке мініп, айғайлап, өлең айтып келе жатыр. Бұл оның асқан талантынан туындап жататын. Әнуармен өткен осындай қызықты оқиғаларды, күлкілі сәттерді қазір сағынамын. Мұндай тапқыр парт­нер, мұндай адам қазір жоқ қой. Әзірбайжан Мәмбетовтің тұсында театр қатты көтерілді. М.Әуезов атын­дағы академиялық театр одақ бойынша мықты төрт театрдың құрамында болды. Сол уақытта біз Мәскеуге жеті рет гастрольдік сапармен бардық. Сонда алдыңғы гас­трольде менің күндерім болды, мен рөл ойнайтын спектакльдер: «Дон Жуан», «Жат елде», «Қан мен тер», т.б. Соның нәтижесінде Мем­лекеттік сыйлықты иемдендім. Одан кейінгі Әнуардың гастролі болды. Ол орындаған «Ваня ағайдағы» Войницкий бейнесі Мәскеу сыншыларынан өте жоғары баға алды. Әнуар бірер жыл өмір сүргенде КСРО халық әртісі болар еді. Өйткені, бәріміздің шығармашылығымыз деңгейлес еді ғой. Жалпы, үлкен актер жалғыз өзі-ақ сахнаны толтырады. Сол сияқты Еспембет, Кебек, Қобыланды, т.б. батырларды шебер орындайтын қаһармандық пландағы актер – Әнуардың жалғыз өзі сахнаны толтырушы еді, расымен де ол шыққанда сахна толатын. Әнуар өмірден кеткеннен кейін мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлудан» да бас тарттым, «Қан мен терде» де ойнамадым. Өйткені, Әнуардай парт­нер жоқ. Мұны бірі түсінді, енді бірі: «Бізді менсінбейді», деген сияқты оймен түсінбеді. Сөйтіп, мен жалғыз қалдым, театрдан да кеттім… Енді көп айт, аз айт, Әнуар арамызда жоқ, өкініш көп. Жан досымның ұмытылмас есімі жүректе мәңгі қалады. Жоғарыда айтқандай, қызықты кездер көп болды. Мұндайда ақын болса өлең шығарады, суретші болса бейнесін салады. Ал мен Алматы облысындағы Ә.Молдабеков атындағы мектепке бюстін қойғыздым. Әнуардың алдында бір-екі жыл бұрын қимас досымыз, әріптесіміз Есболған да кетіп қалған болатын. Қапал­дағы Е.Жайсаңбаев атындағы мектептің ішіне өзімнің ұсыныс-идеям­­мен, өзімнің қаражатыммен Есболғанның да бюстін қойғыздым. Сондай адал достардың алдындағы парызым ретінде қолымнан келгенін жасап жатырмын. Олардың есімдеріне, қызықты сәттеріне, өнердегі жолдарына кітаптарымнан, естеліктерімнен арнайы орын бердім, суреттерін салғыздым. Біздің қолымыздан басқа не келеді…
17.11.2013 07:50 4193

Асанәлі Әшімов: – Жан досым, замандасым, экран мен театр сахнасында бірге өскен әріптесім Әнуар туралы менің айтатыным көп. Менен бір жас кіші болса да ол мені Асанәлі деп айтқан емес, Асеке дейтін. Екеуміз Бекежен мен Шеге, Тәңірберген мен Еламан, Жантық пен Қодар болып күрделі рөлдерді ойнадық.

Өкінішке қарай, Әнуар өмірден өте ерте аяқ астынан, ойламаған жерден кетті. Оның қазасы маған ауыр тиді. Жалпы, өмірде дос таңдау өте қиын. Жақсы қарым-қатынаста жүрген жігіттер, дос­тар бар, әрине. Бірақ мен үшін Әнуар мен Ақселеудің орны ерекше еді. Осы екі досымның өмірден озуы екі баламның қазасынан кем батқан жоқ.

Әнуардың адамгершілігі, мәрттігі өте биік болатын. Ол қандай рөлді алса да қызуқандылықпен шегіне жеткізіп орындайтын. Қазақтың дара туған ұлдарын, дала кейіпкерлерін, нағыз Махамбеттерді ойнайтын актер еді. Амал не, Әнуар өнердегі көп арманына жете алмады.

Жас кезімізде театрда «тентектік» жасадық. Ұнамағанды мінеп-шенеп, күлкіге, әзілге айналдырып жүретінбіз. Жалпы, юморы бар адам оптимист, ақкө­­ңіл болады. Ал юморсыз адам – іш пыстыратын, қызықсыз адам. Негізі ұтымды, қисынды тентектіктің актерлік шеберлікке көмектесетін кездері көп. Сондайда Әнуардың әзілі де, юморы да діттеген жеріне дөп тиіп жататын.

Шынын айтқанда, сол біздің дәуіріміз – «алтын ғасыр» еді. Біздің буын – Әнуар мен Фарида, Ыдырыс, Әзірбайжан, т.б. театр репертуарының ауыр жүгін көтерген мықты топ болдық-ау! Спектакльді дайындағанда барлығымыздың ойы­мыз бір жерден шығып, рөлді ойнағанда шаңын шығарып жіберуші едік. Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Әнуар Жантықтың, мен Қодардың бейнесін түрлендіріп, әртүрлі форма ойлап табатынбыз. Өнер сапарларына шыққанда екеуміз режиссер нұсқасында жоқ кейбір әдістерді қосып жібереміз. Сонда бізге сырттай қарап, бақылап отырған Хадиша, Шолпан апайлар күліп: «Ал, болдыңдар ма, балалар, ойнап болдыңдар ма? Болсаңдар біз де сахнаға шығайық», дейді.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» Башқұртстанға апардық. Бізге ұзындығы 70 шақырым көшеге орналасқан Уфа қаласының мәдениет сарайы бұйырды. Барсақ, хабарланбаған ба, адам жоқ. Театрдың өзінің қызметкерлері, бақы­лаушылар, олардың балалары – барлығы оншақты ғана көрермен. Бірақ біз бір адам болса да ойнауымыз керек. Сөйтіп, адам аз болған соң Қозы мен Баянның рөліндегі актерлерге: «Сендер енді боссыңдар», дедік те, Әнуар екеуміз Қодар мен Жан­тықтың сахнасын бұрқыратып, неше түрлі көріністерді қосып, бас-аяғы он бес-жиырма минутта қойылымды аяқтадық. Бұл да бір тарих болып қалған қызықты, күлкілі оқиға болды.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» Фран­цияның Нанси деген қаласында сахнаға шығардық. Француздардың тіл түсінбейтінін пайдаланып, мәтінде жоқ түрлі сөздерді қосып, өзіміз қызыққа батып, күліп жүрміз. Бірінші қатарда отырған көрермендердің қасына найзаммен барып, сілтеп-сілтеп жіберемін, бірде үстінде ойнатамын. Олар артқа қарай шалқайып, қисайып күледі. Театрдың буфетінде сыра сатады екен. Содан алдырып қойылымның арасында кесеге құйғызып аламын да тепкішекте сүйеніп тұрып рахаттанып ішемін келіп. Олар қайдан білсін, қымыз ішіп тұр деп ойлайды. Спектакль аяқталған соң француздар: «Ой, қандай керемет!» деп біздің өнерімізге риза болды. Негізінен өнер адамына, оның ішінде актерлерге кейде мұндай тосын әрекеттер де, импровизациялық тәсілдер де керек. Гастрольдер кезінде, әсіресе ауылдарға барғанда осы «Қозы Көрпеш – Баян сұлуға» импровизация жасайтынбыз.

Татарстанның бір совхозына барсақ, көрермен бар, бірақ басшыларынан ешкім жоқ. Біздің киініп-шешінетін жеріміз –парторгтың жұмыс бөлмесі. Спектакль басталмай тұрып бір шелек сүт пен екі бөлке нанды біреу әкеліп қойды да өзі кетіп қалды. Біз «бұлардың наны мен тұзы шығар» деген оймен спектакль аяқталғанша тиіскен жоқпыз. Бірақ ойнап болғаннан кейін де басшылары келген жоқ. Негізі мұндай кезде дастарқан жайып, әртістерді қонақ ететін. Ондай жоқ. Содан амал жоқ, әкелген бір шелек сүті мен нанын бөліп, таласып-тармасып ішіп-жеп алдық. Белгілі актер Рахметбай Телеубаевтың бір шумақ өлеңді, эпиграммаларды аяқ астынан шығаратын ақындығы бар еді. Сол жерде отыра қалып:

«Рахмет сізге, татар елі,

Қазақ келді ән білән,

Зор құрметпен қарсы алдыңыз,

Бір шелек сүт, нан білән», –

деп жазды да үстел үстіндегі әйнектің астына қойып кетті. Содан Қазанға келдік. Бір кезде таңертең у-шу болып жатыр. Сөйтсек, біз болған совхоз басшылары Рахметбайдың жартылай татарша жазған өлеңінің мағынасын түсініп, кешірім сұрай келіпті. Сөйтіп, банкет жасап, құрметті қонақ етті.

Жалпы, театр өнері дегеніңіз – сөздің құдіретін түсіну мен түсіндіру ғой. Осын­дай қызықты сәттер гастрольдік сапарларда жиі болып тұратын…

Шымкенттің Сайрамына тағы да «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» апардық. Мәдениет үйінің залына көрермен сыймайтын болғандықтан спектакльді далада көрсетуді ұйғардық. Үй қабырғасына сахна жасап, ағаштан, темірлерден декорация құрдық. Жұмысшылар, орақшылар, малшылар айналдыра қойылған жүк машиналарының үстінде көріп тұр. Адам көп, ығы-жығы. Ыдырыс Ноғайбаев, Сәбира Майқанова, Әнуар, Қозы мен Баян рөліндегі Әшірәлі мен Торғын – барлығымыз ойнап жүрміз. Кеш кіріп жарық жанғаннан кейін бұзаубас, көбелек, шыбын сияқты неше түрлі жәндіктер шыға бастады. Мен бір бұзаубасты ұстап алдым да Қодардың Баянға жақындап айтатын сөздері кезінде көрсетіп қоямын. Рөлдегі қыздар қорқып, қашып жүр. Ел қыран-топан күлкі, бізге де сол керек, қолымызда бір-бір бұзаубас. Бір кезде Әнуар жүк машинасының кабинасына кіріп кетіпті. Содан: «Жантық, әй Жантық қайдасың?» деп менің іздейтін көріністе ол терезені ашып: «Қодар мырза, жәй ма?» деп қояды. Менің ашуланып, айғайлаған кезімде терезені жауып алады. Екеуміздің диалогымыз сахна мен машинаның арасында өтті. Бір кезде Қарабай – Ы.Ноғайбаев: «Шошынам, мына жұрттан шошынам!» деп машинаның астынан еңбектеп шығып келе жатыр. Ел тағы да қыран-топан күлкіге батқан. Сөйтіп, трагедияны комедияға айналдырып жібердік. Ел де риза, біз де риза. Әнуардың осындай жерлерде тапқырлығы мықты болатын. Тағы бір гастрольде қайдан тапқанын білмеймін, Жантық – Әнуар есекке мініп, айғайлап, өлең айтып келе жатыр. Бұл оның асқан талантынан туындап жататын. Әнуармен өткен осындай қызықты оқиғаларды, күлкілі сәттерді қазір сағынамын. Мұндай тапқыр парт­нер, мұндай адам қазір жоқ қой.

Әзірбайжан Мәмбетовтің тұсында театр қатты көтерілді. М.Әуезов атын­дағы академиялық театр одақ бойынша мықты төрт театрдың құрамында болды. Сол уақытта біз Мәскеуге жеті рет гастрольдік сапармен бардық. Сонда алдыңғы гас­трольде менің күндерім болды, мен рөл ойнайтын спектакльдер: «Дон Жуан», «Жат елде», «Қан мен тер», т.б. Соның нәтижесінде Мем­лекеттік сыйлықты иемдендім. Одан кейінгі Әнуардың гастролі болды. Ол орындаған «Ваня ағайдағы» Войницкий бейнесі Мәскеу сыншыларынан өте жоғары баға алды. Әнуар бірер жыл өмір сүргенде КСРО халық әртісі болар еді. Өйткені, бәріміздің шығармашылығымыз деңгейлес еді ғой.

Жалпы, үлкен актер жалғыз өзі-ақ сахнаны толтырады. Сол сияқты Еспембет, Кебек, Қобыланды, т.б. батырларды шебер орындайтын қаһармандық пландағы актер – Әнуардың жалғыз өзі сахнаны толтырушы еді, расымен де ол шыққанда сахна толатын.

Әнуар өмірден кеткеннен кейін мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлудан» да бас тарттым, «Қан мен терде» де ойнамадым. Өйткені, Әнуардай парт­нер жоқ. Мұны бірі түсінді, енді бірі: «Бізді менсінбейді», деген сияқты оймен түсінбеді. Сөйтіп, мен жалғыз қалдым, театрдан да кеттім…

Енді көп айт, аз айт, Әнуар арамызда жоқ, өкініш көп. Жан досымның ұмытылмас есімі жүректе мәңгі қалады. Жоғарыда айтқандай, қызықты кездер көп болды. Мұндайда ақын болса өлең шығарады, суретші болса бейнесін салады. Ал мен Алматы облысындағы Ә.Молдабеков атындағы мектепке бюстін қойғыздым. Әнуардың алдында бір-екі жыл бұрын қимас досымыз, әріптесіміз Есболған да кетіп қалған болатын. Қапал­дағы Е.Жайсаңбаев атындағы мектептің ішіне өзімнің ұсыныс-идеям­­мен, өзімнің қаражатыммен Есболғанның да бюстін қойғыздым. Сондай адал достардың алдындағы парызым ретінде қолымнан келгенін жасап жатырмын. Олардың есімдеріне, қызықты сәттеріне, өнердегі жолдарына кітаптарымнан, естеліктерімнен арнайы орын бердім, суреттерін салғыздым. Біздің қолымыздан басқа не келеді…

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға