Жаңалықтар

Айтқажы Қазбекұлының ұстаздық ұлағаты

Зейнетке шыққаннан кейін Көкше­таудағы Абай Мырзахметов атындағы университетте профессор дәргейінде ұстаздық етіп, «Атмосфералық ауаны қорғау», «Табиғатты қорғау» және «Экология негіздері» пәндері бойынша дәріс оқыды. Бұл арада Айтқажы Қазбекұлы жай ғана дәріс беруші, оқытушы десек, қателесер едік. Оның ұстаздық ұлағаты азаматтық ұстанымдарымен, өзіне қымбат ғылыми ғибратымен, бүкіл өмірлік мән-мақсатымен біте қайнасып, байланысып жатты. Осының бәрін жастар алып қалсын деп жанкешті жұмыс жасады. Сөйтіп, ол «Жер ресурс­тарын тиімді пайдалану және қорғау», «Атмосфералық ауа бассейнін ластанудан қорғау», «Су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану» атты ғылыми тұжырымдалған тағылымды оқулық кітаптарын шығарды. Ал енді «Самое драгоценное ископаемое земли» атты тамаша кітабы су әлеміне ғажап саяхатпен тең. Елжанды профессор, эколог ғалымның осынау құнды мұрасын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісінде күллі республика көлемінде кәдеге жарата алсақ, қане... Бұлар ғалымдық қырлары ғой. Ал азамат Айтқажының басты кітабы «Бурабай. Оқжетпес. Әулиекөл» болды десек, бұған ол кісінің рухы да келісер деп ойлаймын. Оқырмандар Қазақстанның аса көрікті де қасиетті жерлерінің бірі Бурабай туралы кітапты аса жылы қабылдады. Ол тез тарап, сирек дүниеге айналды. Шын мәнінде, Арқаның кербез сұлу Көкшетауының, киелі Бурабайдың қорушы қызғыш құсындай болған елжанды қаламгер бұл кітапты жазуға бүкіл саналы ғұмырында дайындалып, өмірінің соңғы он бес-жиырма жылын сарп еткен. Осы жолдағы шығармашылық ізденісі де ғажап сырларға толы. Арман-мақсатқа адалдығы соншалық, жоғарыдағы «Бурабай. Оқжетпес. Әулиекөл» кітабын көзі тірісінде белгілі қаламгер Ғосман Төлеғұлға қазақшаға аударуға аманаттап тапсырды. Бір өкініші, қазақ табиғаттануына, өлкетануына, сөз жоқ, үлкен үлес болып қосылған басты кітабы ана тілінде өзі өмірден өткеннен кейін жарық көрді. Айтекең үні кабинетінен аспайтын қарекет-қамсыз ғалым емес, күрескер де қайраткер ғалым болды. «Бурабай өңірінің жер-су атаулары бұрмалана бермек пе?» деп ашынғаннан ащы дауысын шығарды. Осы орайда орысша-қазақша газеттерде ондаған мақалалар жазды. Өзі бас болып Көкшетау облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы кітапхананың жанынан «Мирас» өлкетану клубын ашып, оған зиялы қауым өкілдерін тартты. Бұл клуб жер-судың қазақша тарихи атауларын қайтару жолында табанды жұмыс жасап, ұсыныстарын ономастикалық комиссияларға, басқа да құзырлы орындарға тынбай түсіріп отырды. Ең ғажабы сол, осындай тынымсыз күрес, қоғамда салиқалы пікір туғызуы өз жемісін берді, жанайқайы ең жоғары дәрежедегі есті құлаққа жетті. 2009 жылдың 27 қыркүйегінде Көкшетаудың «Степной маяк» газеті тұтас бір бетінде Айтқажы Қазбековтің «Бурабай» или «Боровое»? атты мақаласын жариялай отырып, мақаланың соңында редакциядан: «Осы материал жариялануға әзірленіп жатқан кезде Президент Н.Назарбаевтың Щучье ауданының атауын Бурабай деп ауыстыру туралы Жарлығы шыққанын» сүйіншілеп қоса хабарлайды. Елдік мақсатқа, қазақ мүддесіне қызмет етудің бір үлгісі осындай болар. Қорғанбек АМАНЖОЛ
17.11.2013 07:01 3133

Зейнетке шыққаннан кейін Көкше­таудағы Абай Мырзахметов атындағы университетте профессор дәргейінде ұстаздық етіп, «Атмосфералық ауаны қорғау», «Табиғатты қорғау» және «Экология негіздері» пәндері бойынша дәріс оқыды. Бұл арада Айтқажы Қазбекұлы жай ғана дәріс беруші, оқытушы десек, қателесер едік. Оның ұстаздық ұлағаты азаматтық ұстанымдарымен, өзіне қымбат ғылыми ғибратымен, бүкіл өмірлік мән-мақсатымен біте қайнасып, байланысып жатты. Осының бәрін жастар алып қалсын деп жанкешті жұмыс жасады. Сөйтіп, ол «Жер ресурс­тарын тиімді пайдалану және қорғау», «Атмосфералық ауа бассейнін ластанудан қорғау», «Су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану» атты ғылыми тұжырымдалған тағылымды оқулық кітаптарын шығарды. Ал енді «Самое драгоценное ископаемое земли» атты тамаша кітабы су әлеміне ғажап саяхатпен тең. Елжанды профессор, эколог ғалымның осынау құнды мұрасын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісінде күллі республика көлемінде кәдеге жарата алсақ, қане...

Бұлар ғалымдық қырлары ғой. Ал азамат Айтқажының басты кітабы «Бурабай. Оқжетпес. Әулиекөл» болды десек, бұған ол кісінің рухы да келісер деп ойлаймын. Оқырмандар Қазақстанның аса көрікті де қасиетті жерлерінің бірі Бурабай туралы кітапты аса жылы қабылдады. Ол тез тарап, сирек дүниеге айналды. Шын мәнінде, Арқаның кербез сұлу Көкшетауының, киелі Бурабайдың қорушы қызғыш құсындай болған елжанды қаламгер бұл кітапты жазуға бүкіл саналы ғұмырында дайындалып, өмірінің соңғы он бес-жиырма жылын сарп еткен. Осы жолдағы шығармашылық ізденісі де ғажап сырларға толы. Арман-мақсатқа адалдығы соншалық, жоғарыдағы «Бурабай. Оқжетпес. Әулиекөл» кітабын көзі тірісінде белгілі қаламгер Ғосман Төлеғұлға қазақшаға аударуға аманаттап тапсырды. Бір өкініші, қазақ табиғаттануына, өлкетануына, сөз жоқ, үлкен үлес болып қосылған басты кітабы ана тілінде өзі өмірден өткеннен кейін жарық көрді.

Айтекең үні кабинетінен аспайтын қарекет-қамсыз ғалым емес, күрескер де қайраткер ғалым болды. «Бурабай өңірінің жер-су атаулары бұрмалана бермек пе?» деп ашынғаннан ащы дауысын шығарды. Осы орайда орысша-қазақша газеттерде ондаған мақалалар жазды. Өзі бас болып Көкшетау облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы кітапхананың жанынан «Мирас» өлкетану клубын ашып, оған зиялы қауым өкілдерін тартты. Бұл клуб жер-судың қазақша тарихи атауларын қайтару жолында табанды жұмыс жасап, ұсыныстарын ономастикалық комиссияларға, басқа да құзырлы орындарға тынбай түсіріп отырды. Ең ғажабы сол, осындай тынымсыз күрес, қоғамда салиқалы пікір туғызуы өз жемісін берді, жанайқайы ең жоғары дәрежедегі есті құлаққа жетті. 2009 жылдың 27 қыркүйегінде Көкшетаудың «Степной маяк» газеті тұтас бір бетінде Айтқажы Қазбековтің «Бурабай» или «Боровое»? атты мақаласын жариялай отырып, мақаланың соңында редакциядан: «Осы материал жариялануға әзірленіп жатқан кезде Президент Н.Назарбаевтың Щучье ауданының атауын Бурабай деп ауыстыру туралы Жарлығы шыққанын» сүйіншілеп қоса хабарлайды. Елдік мақсатқа, қазақ мүддесіне қызмет етудің бір үлгісі осындай болар.

Қорғанбек АМАНЖОЛ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға