Жаңалықтар

Айтқажы Қазбеков еңбегі

Көбіне-көп қазақ азаматтары қара көрсете қоймаған гидрогеология саласында жаңа сөз, тың ойлар айтыпты. Бұған оның өз қолынан шыққан және басқа әріптестерімен бірлесіп жазған 48 ғылыми еңбегі мен гидрогеологиялық сараптамалары айғақ. Оны Бурабай аймағының родон сулары және оларды пайдалану келешегі, Көкше­­тау облысы жерасты суларының жағдайы және оларды пайдалану мен қорғау жайы, жерас­ты суларын, пайдаланудың экономикалық тиімділігі мәселелері әркез толғандырып отырды. Айтекең Солтүстік Қазақстан және Көкшетау облыстары жерасты су көздерінің анықтамалығын жасағанда да, жаңа мәліметтерге сүйене отырып өңірдің гидрогеологиялық картасын ізерлегенде де, 1978 жылы стратегиялық шикізат – уранның ірі кенішін ашып, КСРО Геология министрлігінің «Кен орнын тұңғыш ашушы» белгісімен марапатталғанда да арзан атақты емес, алдымен арды, соның халыққа тигізер іс жүзіндегі пайдасын пайымдаған-ды. Міне, дәл осындай көз майын тауысқан еңбектерден А.Қазбековтің 1996 жылы жарық көрген «Солтүстік Қазақстандағы гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулер» атты салиқалы жинақ түзілген болатын. Кезіндегі геология министрі, біртуарлардың бірі Шахмардан Есенов Айтекеңнің гидрогеологиялық талантына ілтипатпен қараса, диссертациясына жетекшілік еткен академик, Социалистік Еңбек Ері Уфа Ахметсафин ғалымдық қажыр-қайратына тәнті екенін жасырған жоқ-ты. Ал кезінде Көкшетау облысын басқарған марғасқалар Еркін Әуелбеков, Мақтай Сағдиевтер су шаруашылығына қатысты мәселелерде әрдайым Айтқажы Қазбекұлымен ақылдасып, оған арқа сүйеп әрі қолдау көрсетіп отырыпты. Айтқажы Қазбекұлы гидрогеология саласындағы үлгілі еңбегі үшін кеңес кезінде «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Жер қойнауын барлауға сіңірген еңбегі үшін», «КСРО жер қойнауын барлау үздігі» төсбелгілерімен марапатталыпты. Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы, профессор, Қазақстанның геология-минералогия академиясының корреспондент мүшесі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы болатын. Айтқажы көзін ашқан, бұрқақ аттырған, ел мейірін қандырған кәусар бұлақтар осындай мерейлі жақсылықтарға әкеліп еді. Ал оның жан-жүрегінен таралған рухани бұлақтарды, ұлағатты ұстаздығын, туған жер табиғатын ту алып қорғаған жаршылық жалынын, эколог ретіндегі қайрат-қажырын, қазақтың тілі мен ділі үшін күрескен ұлтжандылығын қайда қоямыз. Абылайды хан көтерушілердің бірі Қарауыл Қанай би екені тарихтан мәлім. Осы қасиетті Қанай баба ел көзінде, бүгінгі ұрпақ санасында бұлыңғыр тарта бастап еді. Міне, осылайша мұңданған аруақты риза қылуға, абыз қарт Баян Жанғаловқа серіктесе отырып, Айтекең сіңірген еңбекті бүгінде ел аңыз қылып айтады. Сүйегі Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінде жатқан Қанай бидің 300 жылдығына құран бағышталып, Көкшетауда берілген ұлан-ғайыр асты ұйымдастырып өткізудің негізгі салмағын Айтқажы Қазбеков көтеріп алды десек, артық емес. Сөйтіп, Қанай би жөнінде, әсіресе, Көкше өңірінде келелі қоғамдық пікір қалыптасты. Зеренді ауданындағы алты ауыл Қанайдың бас ауылы Қарабұлақ, Көкшетау қаласындағы бір көше Қанай би есімін еншіледі. Айтекең осы ғибраттарды би бабасы мен оның асына арналған «Ас» және толықтырылған «Тағзым» атты кітаптарымен түйіндегенде, сүйінбеген ел қалмап еді. Қазақтың өлгенін тірілтіп, өшкенін жандыруға Айтекең бұрыннан-ақ бейім тұрушы еді. 1995 жылы қайын жұрты Қазақстан ауылының Ұлы Отан соғысында жан қиған 34 боздағына ескерткіш орнатып, еске алудың да басы-қасында өзі жүрген. Сонда үш-төрт шақырым жердегі Қарақалпақ тауының етегіндегі қорымнан Абылай ханның үлкен ұлы Уәли ханның бейіт-құлпытасын тауып, ел-жұртты жиып әкеліп көрсеткен де, көпшілікке жариялап, бұл жайында сүйіншілеп мақала жазған да Айтқажы ағамыз болатын. Сөйтіп, ақырында Көкшетаудың тағы бір зиялы азаматы, төре тұқымы Сансызбай Мұхитанов бас болып, Уәли ханның басын көтеріп, күмбез орнатты, аруаққа құран бағыштады. Рух асқақтады. Мұны көрген ел-жұрт бір серпіліп қалды. Қорғанбек АМАНЖОЛ
17.11.2013 07:00 5788

Көбіне-көп қазақ азаматтары қара көрсете қоймаған гидрогеология саласында жаңа сөз, тың ойлар айтыпты. Бұған оның өз қолынан шыққан және басқа әріптестерімен бірлесіп жазған 48 ғылыми еңбегі мен гидрогеологиялық сараптамалары айғақ. Оны Бурабай аймағының родон сулары және оларды пайдалану келешегі, Көкше­­тау облысы жерасты суларының жағдайы және оларды пайдалану мен қорғау жайы, жерас­ты суларын, пайдаланудың экономикалық тиімділігі мәселелері әркез толғандырып отырды. Айтекең Солтүстік Қазақстан және Көкшетау облыстары жерасты су көздерінің анықтамалығын жасағанда да, жаңа мәліметтерге сүйене отырып өңірдің гидрогеологиялық картасын ізерлегенде де, 1978 жылы стратегиялық шикізат – уранның ірі кенішін ашып, КСРО Геология министрлігінің «Кен орнын тұңғыш ашушы» белгісімен марапатталғанда да арзан атақты емес, алдымен арды, соның халыққа тигізер іс жүзіндегі пайдасын пайымдаған-ды. Міне, дәл осындай көз майын тауысқан еңбектерден А.Қазбековтің 1996 жылы жарық көрген «Солтүстік Қазақстандағы гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулер» атты салиқалы жинақ түзілген болатын.

Кезіндегі геология министрі, біртуарлардың бірі Шахмардан Есенов Айтекеңнің гидрогеологиялық талантына ілтипатпен қараса, диссертациясына жетекшілік еткен академик, Социалистік Еңбек Ері Уфа Ахметсафин ғалымдық қажыр-қайратына тәнті екенін жасырған жоқ-ты. Ал кезінде Көкшетау облысын басқарған марғасқалар Еркін Әуелбеков, Мақтай Сағдиевтер су шаруашылығына қатысты мәселелерде әрдайым Айтқажы Қазбекұлымен ақылдасып, оған арқа сүйеп әрі қолдау көрсетіп отырыпты. Айтқажы Қазбекұлы гидрогеология саласындағы үлгілі еңбегі үшін кеңес кезінде «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Жер қойнауын барлауға сіңірген еңбегі үшін», «КСРО жер қойнауын барлау үздігі» төсбелгілерімен марапатталыпты. Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы, профессор, Қазақстанның геология-минералогия академиясының корреспондент мүшесі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы болатын.

Айтқажы көзін ашқан, бұрқақ аттырған, ел мейірін қандырған кәусар бұлақтар осындай мерейлі жақсылықтарға әкеліп еді. Ал оның жан-жүрегінен таралған рухани бұлақтарды, ұлағатты ұстаздығын, туған жер табиғатын ту алып қорғаған жаршылық жалынын, эколог ретіндегі қайрат-қажырын, қазақтың тілі мен ділі үшін күрескен ұлтжандылығын қайда қоямыз.

Абылайды хан көтерушілердің бірі Қарауыл Қанай би екені тарихтан мәлім. Осы қасиетті Қанай баба ел көзінде, бүгінгі ұрпақ санасында бұлыңғыр тарта бастап еді. Міне, осылайша мұңданған аруақты риза қылуға, абыз қарт Баян Жанғаловқа серіктесе отырып, Айтекең сіңірген еңбекті бүгінде ел аңыз қылып айтады. Сүйегі Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінде жатқан Қанай бидің 300 жылдығына құран бағышталып, Көкшетауда берілген ұлан-ғайыр асты ұйымдастырып өткізудің негізгі салмағын Айтқажы Қазбеков көтеріп алды десек, артық емес. Сөйтіп, Қанай би жөнінде, әсіресе, Көкше өңірінде келелі қоғамдық пікір қалыптасты. Зеренді ауданындағы алты ауыл Қанайдың бас ауылы Қарабұлақ, Көкшетау қаласындағы бір көше Қанай би есімін еншіледі. Айтекең осы ғибраттарды би бабасы мен оның асына арналған «Ас» және толықтырылған «Тағзым» атты кітаптарымен түйіндегенде, сүйінбеген ел қалмап еді.

Қазақтың өлгенін тірілтіп, өшкенін жандыруға Айтекең бұрыннан-ақ бейім тұрушы еді. 1995 жылы қайын жұрты Қазақстан ауылының Ұлы Отан соғысында жан қиған 34 боздағына ескерткіш орнатып, еске алудың да басы-қасында өзі жүрген. Сонда үш-төрт шақырым жердегі Қарақалпақ тауының етегіндегі қорымнан Абылай ханның үлкен ұлы Уәли ханның бейіт-құлпытасын тауып, ел-жұртты жиып әкеліп көрсеткен де, көпшілікке жариялап, бұл жайында сүйіншілеп мақала жазған да Айтқажы ағамыз болатын. Сөйтіп, ақырында Көкшетаудың тағы бір зиялы азаматы, төре тұқымы Сансызбай Мұхитанов бас болып, Уәли ханның басын көтеріп, күмбез орнатты, аруаққа құран бағыштады. Рух асқақтады. Мұны көрген ел-жұрт бір серпіліп қалды.

Қорғанбек АМАНЖОЛ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға