Жаңалықтар

ІІІ БӨЛІМ

Бәкене есіктен төмен иіліп, бейтаныс біреу кіріп келе жатқанда дастарқан басындағы Бибайша кемпір селк ете қалды. – Астапыралла, бұ кім, әй, – деді қарға адым жердегі адамға алыста тұрғандай ай­қайлап. – Бұл – мен. Оқап дегенді білесің бе? – Астапыралла. Орыс келіннің байысың ба?! Ойбай, сені де көретін күн болады екен-ау. Кемпір аңырап қоя берді де, өзі ме, өзі емес пе дегендей сәл тыйылып, бетіне бақырая қарады. – Өзімін. Орыс кетіп, қазақ қалды. Қасыңа келіп тұр. – Ойбай, сені де көретін күн болады екен-ау, – деп қайта боздады. – Қой енді. Шалыңды көргендей болдың ба: – Оқап даусы зор шүйкедей сидам кемпірді жұбатты. – Енді шәйіңді құй. – Ойбай, сенен немді аяйын. Өз көзіме өзім сенбей тұрғаным ғой. – Үйренесің. Көздің үйренбейтіні жоқ. – Қатының өлді. Балаң қайда. Үйленді ме? Өзің де біреумен бас қосқан шығар­сың… – Үйленсе, сені тойға шақырмаймын ба? Өзім де салтпын. – Ұлың қайда жүр? – Жүр ғой әйтеуір. Аман. – Аман болса, болғаны. Қандай жігіт едің. Баяғыда әскерден жолақ-жолақ көй­лек киіп келгеніңде біз жаңа түскен келін едік. Сенің жолақ-жолақ көйлегіңе, бұлти­ған бұлшық етіңе қызыға қарайтынбыз. – Бұлшық ет әлі де бұлтиып тұр… – Әй, бұрынғыдай емес шығар. Аталас ағасының зайыбы – Бибайша жеңгесі екеуінің сөзі жарасып кетті. – Саған кәмпит-сәмпит әкеле алмадым. Әкелгенім ұнамай қала ма деп… Сен ішін­де майы бар былжырағын ұнатушы едің ғой. Өзің таңдап аларсың, – деп алақанын толтырып бір уыс теңге ұстатты. – Ішінде майы барына дейін ұмыт­папсың. Қазір ондай кәмпит құрыды ғой. Кілең қақайып қалған бірдеңе. Қой, мен қазанға ет салайын. – Асықпа, балдар қайда? – Бала мен келін жұмыста. Кішкентай сабақта. – Немерең келгесін мені Сасықкөлге апарсын. Жерді көріп, қармақ сап қай­тайын. – Қармақ салғаны несі, келмей жатып. Бір күн, ең болмаса, шәниіп жатсайшы. Қазір-ақ қазан қайнайды бұрқылдап. – Саған балықтың сорпасын ішкізейін деп ем. Сазанның сорпасы бал ғой, – деп Оқап бір кесе шәйін ішіп, кесенің бетін басып, есік алдына шықты. – Әбден қалада жүріп, кісікиік боп қалған ғой. Келмей жатып балыққа барға­ны несі… – Бибайша орнында отырып күбірлеп қалды. Ол қауындыққа кірді. Бұрынғы қауын егетін оқ арықтар тегістеліп, жап-жалпақ жоңышқалыққа айналыпты. Көк майсаның басы иіліп, көкпеңбек боп көздің жауын алып жайқалып тұр. Екі қарықтың үстін қып-қызыл боп топ-томпақ қызанақ көм­керіпті. «Оу, қауын қайда? Теңкиіп-теңкиіп жататын күләбі қайда?» «Жер тұзданып кеткен. Байқоңырдан соққан жел қауын гүлін жапырып, жермен-жексен ғып кете­ді». Тәуелсіз газеттің сөздері Оқаптың басына тық ете қалды. «Тық десең, тауыққа тиеді». Соны оқып: «Оттапсыңдар!» деп өз-өзінен ожырайып еді, енді көзімен көріп тұр. Қауындықтың шетінде сары қамыспен қоршалған төбесі ашық төртбұрыш әжетхана. Бүкіл өмірі осыған қатысты болғасын ба, көңіл аудармай тұра алмайтын бір кеселі бар. «Ашық аспан астындағы әжетхана иіс-қоңыстан ада, жөндейтін кәкір-шүкірі де жоқ. Қайтқанша қара топырақпен дөңкитіп көміп тастап, кәкірейтіп жаңасын соғып берем. Бұ да тірші­ліктің тартуы». Дала шіркінмен шендескен далиған көңіл дарақылығына басты. Күз түссе көк құрақтың қамыс құлағы ұзарып, төбесі сарғайып, шашақталып кетеді. Бұны үпелек дейді. «Үпелек қамыс атаулының төбесіндегі ақ шашы секілді ме-ау…», деп өзі де қауын басын көмкерген бозғылт шашын бір сипап қойды. Ол Бибайшаның немересін күтті. Тезірек ауыл шеті – иен далаға шығып, суға төніп отырып қиял кемесіне жайғасқанша жаны төзер емес. «Бір қызыл жыңғыл табылар қармақ сап­қа». – Әруаққа Құран бағыштап қайтайын. – Ә-ә, бұ сөзің дұрыс. Ет піскенше қайтып келерсің. Үш кітабын қолтығына қысып, Бибай­шаның немересі Жасағанберген де жетті. – Қармаққа баруға қалайсың? – Немен, жаяу ма? – Жаяу. – Есекпен барайық. – Ертте. Екеуі екі есекке мініп, мәшісі алға түсті. Жасағанберген жайдақ жон арқаға көрпе төсе­гендей жап-жайлы қонжиып алды. Оқап сира­ғы салбырап, жерге табаны тие бергесін жаяу жүргісі келді. Аяғын үзеңгіге салса, тізесі шодырайып, ер басына жетеді. – Мен табаным тесілгенше жаяу жүремін, – деді балаға қарап. Жасағанберген тіп-тік қызыл жыңғылдың басына жилка-жіп байлап, шараптың тығынын қалтқы ғып іліп, қатырып қармақ жасап берді. Мойны жыбыр-жыбыр еткен әңгі бала мінген мәшінің соңынан бір елі қалмай дызақтап еріп келеді. Ең соңынан жаяу ілескен Оқап айналасына көзі тоймай қарайды. «Мынау сиыр баздың орны ғой». – Жасағанберген-ау, сиыр баз қайда? – Бұзып алған. – Кім? – Осы ауылдың дәулері. Жасағанберген жауаптан жалтарар емес. «Мынау күріш сақтайтын қойманың тұсы секілді». – Қойманың орны ма, Жасағанберген? – Иә, көке. Оны да бұзып алды әкімдер. Мен ақыры өздері бермегесін, түнімен ұр­лап, тәшкімен біраз кірпіш тасып алдым. Сол қызыл кірпіштен жұрт үй соқса, біз ошақ соқтық. Қалғанына қатырып әжетхана соғайын деп отырмыз. Ол да ескіріпті. – Бала ыржия қарап, бар шынын айтты. Бұлар үшін ұрлық істеу бұл күнде ерлік істеумен бірдей секілді. Әжетхананың аты аталғанда тіксініп қалған Оқап бірте-бірте иліге бастады. «Қайда барсаң да алдыңнан табиғи қажеттілік тастайтын орын шығады. Онсыз өмір жоқ, екінің бірі, егіздің сыңарындай нәрсе. Адамда асқазан барда әжетхана бар». Сыз иісі мұрын жарған дөңгелек көл көзге шалынды. Иісті алыстан ажырату қанына сіңген әдеті, шыңына шыққан кәсіп­тің дағдысы. «Мынау таза саз балшықтың иісі, қаладағы үйде кептелген сода қосқан бөлке нан мен доңыз шұжығының қоспа­сынан шыққан иіс мүлде бөлек». Ол тұла­бойын босатып, танауын қытықтаған иіске балаша мәз боп мәстек есектен ырғып түсті. – Осы жерге қармақ салайық. – Бұл жерде кілең итбалық пен жылан­балық қабады. Сазан Иіркөлде ғой, көке! «Көке!» деген сөз жанын иітіп жіберді. «Жалғыз ұл Калифорнияда не деп жүр екен!» деп те тұла бойы дыз ете қалды. Жың­ғыл сапты қармақты қолына алды. Бала да мәстек есектің арқасынан ырғып жерге түсті. Басы бос екі есек сары қамыстың арасында адам өкшесінің тепкілеуінен құты­лып, көзден таса болғанда бойлары босап, төрт аяқты тең тас­тап, бір-біріне жанай тұрды. Ол қармақты суға лақтырып, жүрелей отырды. «Мынадай хош иіс жер бетінде жоқ шығар. Қара теңізді де көрдік. Балдырдың иісі бет қаратпайды. Сасықкөл деген атынан шошығандар шоши берсін. Мұндай иіс жоқ жер бетінде. Топырақ иісі, өзіміз жастанатын жер иісі ғой мынау». Ол шешініп суға түскісі де келді, бірақ күз күнінің желке­мінен су беті жыбырлап, құрақ басы ырға­лып тұр. Биылғы құрақтың сорайған бойы болмаса ұшар төбесін әлден-ақ үлпілдеп үпелек қаптап кетіпті. «Көк құрақтың күні біткенде келіппін-ау», дегендей бір зуыл көкірегінен жүгіріп өтті. «Пішен жинай алдыңдар ма?» деген өктем даусы да әнтек шығып кетті. Табиғат өскінінің маусымы өткеніне өкінішпен қарап отырғандай. – Көке, қазір бұрынғыдай шөп дайындамаймыз. Қолда көп мал да жоқ. Әркім қолда бар малына шөп сатып алады. Осыдан осылай Байқоңырға дейін көк шөп көрмейсіз. «Жердің көркін келтірген көк шөп, сен де барыңды Байқоңырға бергенсің бе?!». Ол бойы сорайып, ұшар төбесін үпелек басқан қияқ жапыраққа қарап отырып қармағының бүлк-бүлк қапқанын байқамай қалды. Шарап бөтелкесінің тығыны қалтқы боп лай суда бір батып, бір шығып лықсып тұр. – Көке, қапты, тартыңыз, – деп Жасаған­бергеннің жан даусы шықты. – Сен тарт, – деп иегімен қармақтың жыңғыл сабын нұсқады. Бала шалт қимылмен тартып қалғанда сып-сидам жіңішке балық сумаң етіп судан суырылып шыға келді. – Бұл жылан балық. Ағылшын тілінде stone eel дейді. Кеше ғана жаттағанбыз. – Жасағанберген мұрнын бір тартып қойып, басқа тіл білгеніне мәз боп тұр. – Жасанжан, Байқоңыр қанша жер? – деді өкінішіне себеп-салдар іздегендей көңі­лін тұсап. – Бермен қарай жылжып келеді дейді, көке! Оларда айтылған Ресейдің Әнұраны бізге естіліп жатады. Бала болса да Жасанжан бәрінен хабардар. Бір тұншыққан ызасы да бар көңілінде. Қармаққа түскен жыланбалық сазды жағалауда тыпыршып жатыр. Оқап баланың көз жанарынан бір дегені болмай тұрған кереғарлықты байқады да: «Сен лақтыршы», деп иегін қақты. Ол сызды жерде тыпыршыған терісі теп-тегіс, қабыр­шағы жоқ, жыланға ұқсас иір-шиір ба­лық­ты суға сермей лақтырып, Оқапқа қарады. – Кетейік. Қорымға барайық, – деді Оқап балаға мойынсұнып. Өзі Қара теңізде матрос боп жүргенде әкесі өмірден қайтты. Жатқан жерін де дәл білмейді, белгі қою ойында да болмапты, ол кезде құлпытас қою бұл ауылдың үрдісінде жоқ еді. Темірмен қоршалған қорымның қақпасы алдында жүрелеп отырып құлқуалланы үш рет қайырды. Әкесінің атын атады. Сол сәт Жасағанберген суға қайта лақтырған жылан­балық арқасын шым еткізіп шағып алғандай бір сумаң ой бізін қайта-қайта қадады: «Ертең менің атымды кім атар екен?..» Құмшауыт қорым нар қамыстан көрінбей қалыпты. Орақ тиіп оталмаған қамыс құлақ жапырақтар әруақтар жатқан жерге көлең­кесін түсіріп, Күн көзін көлегейлеп тұр. Қызыл кірпіштен соққан бірді-екілі кесене ғана бейнесін зорайтып, менмұндалайды. Басқа томпиып жатқан төбешіктің бәрі сорайған сары қамыстың сүметілген шаша­ғы астынан әрең көрінеді. Сары қамыстың ұшар төбесі түгел үпелек. Үпелектен ұшқан үлпілдек шашақтар томпиған төбешіктерге қалықтап кеп қонақтап жатыр. Оқап қорымның темір қақпасын ашып, ең шетте өскен сары қамыстың басын иіп, шашағын түйді, – Көке, не істеп жатырсыз? – деді қорым­ға қарай қорқасоқтай аяқ басқан бала. – Ертең кеп осы жерге қазық қағам. Сен қасымда тұрасың. Бала бақырая қарады. Сары қамыстың шашағынан ұшқан бір үпелек қалықтап кеп Оқаптың иығына қонды. Оған бақырая қараған бала куә.   Қуандық Түменбай
17.11.2013 05:19 3610

Бәкене есіктен төмен иіліп, бейтаныс біреу кіріп келе жатқанда дастарқан басындағы Бибайша кемпір селк ете қалды.
– Астапыралла, бұ кім, әй, – деді қарға адым жердегі адамға алыста тұрғандай ай­қайлап.
– Бұл – мен. Оқап дегенді білесің бе?
– Астапыралла. Орыс келіннің байысың ба?! Ойбай, сені де көретін күн болады екен-ау.
Кемпір аңырап қоя берді де, өзі ме, өзі емес пе дегендей сәл тыйылып, бетіне бақырая қарады.
– Өзімін. Орыс кетіп, қазақ қалды. Қасыңа келіп тұр.
– Ойбай, сені де көретін күн болады екен-ау, – деп қайта боздады.
– Қой енді. Шалыңды көргендей болдың ба: – Оқап даусы зор шүйкедей сидам кемпірді жұбатты. – Енді шәйіңді құй.
– Ойбай, сенен немді аяйын. Өз көзіме өзім сенбей тұрғаным ғой.
– Үйренесің. Көздің үйренбейтіні жоқ.
– Қатының өлді. Балаң қайда. Үйленді ме? Өзің де біреумен бас қосқан шығар­сың…
– Үйленсе, сені тойға шақырмаймын ба? Өзім де салтпын.
– Ұлың қайда жүр?
– Жүр ғой әйтеуір. Аман.
– Аман болса, болғаны. Қандай жігіт едің. Баяғыда әскерден жолақ-жолақ көй­лек киіп келгеніңде біз жаңа түскен келін едік. Сенің жолақ-жолақ көйлегіңе, бұлти­ған бұлшық етіңе қызыға қарайтынбыз.
– Бұлшық ет әлі де бұлтиып тұр…
– Әй, бұрынғыдай емес шығар.
Аталас ағасының зайыбы – Бибайша жеңгесі екеуінің сөзі жарасып кетті.
– Саған кәмпит-сәмпит әкеле алмадым. Әкелгенім ұнамай қала ма деп… Сен ішін­де майы бар былжырағын ұнатушы едің ғой. Өзің таңдап аларсың, – деп алақанын толтырып бір уыс теңге ұстатты.
– Ішінде майы барына дейін ұмыт­папсың. Қазір ондай кәмпит құрыды ғой. Кілең қақайып қалған бірдеңе. Қой, мен қазанға ет салайын.
– Асықпа, балдар қайда?
– Бала мен келін жұмыста. Кішкентай сабақта.
– Немерең келгесін мені Сасықкөлге апарсын. Жерді көріп, қармақ сап қай­тайын.
– Қармақ салғаны несі, келмей жатып. Бір күн, ең болмаса, шәниіп жатсайшы. Қазір-ақ қазан қайнайды бұрқылдап.
– Саған балықтың сорпасын ішкізейін деп ем. Сазанның сорпасы бал ғой, – деп Оқап бір кесе шәйін ішіп, кесенің бетін басып, есік алдына шықты.
– Әбден қалада жүріп, кісікиік боп қалған ғой. Келмей жатып балыққа барға­ны несі… – Бибайша орнында отырып күбірлеп қалды.
Ол қауындыққа кірді. Бұрынғы қауын егетін оқ арықтар тегістеліп, жап-жалпақ жоңышқалыққа айналыпты. Көк майсаның басы иіліп, көкпеңбек боп көздің жауын алып жайқалып тұр. Екі қарықтың үстін қып-қызыл боп топ-томпақ қызанақ көм­керіпті. «Оу, қауын қайда? Теңкиіп-теңкиіп жататын күләбі қайда?» «Жер тұзданып кеткен. Байқоңырдан соққан жел қауын гүлін жапырып, жермен-жексен ғып кете­ді». Тәуелсіз газеттің сөздері Оқаптың басына тық ете қалды. «Тық десең, тауыққа тиеді». Соны оқып: «Оттапсыңдар!» деп өз-өзінен ожырайып еді, енді көзімен көріп тұр. Қауындықтың шетінде сары қамыспен қоршалған төбесі ашық төртбұрыш әжетхана. Бүкіл өмірі осыған қатысты болғасын ба, көңіл аудармай тұра алмайтын бір кеселі бар. «Ашық аспан астындағы әжетхана иіс-қоңыстан ада, жөндейтін кәкір-шүкірі де жоқ. Қайтқанша қара топырақпен дөңкитіп көміп тастап, кәкірейтіп жаңасын соғып берем. Бұ да тірші­ліктің тартуы». Дала шіркінмен шендескен далиған көңіл дарақылығына басты.
Күз түссе көк құрақтың қамыс құлағы ұзарып, төбесі сарғайып, шашақталып кетеді. Бұны үпелек дейді. «Үпелек қамыс атаулының төбесіндегі ақ шашы секілді ме-ау…», деп өзі де қауын басын көмкерген бозғылт шашын бір сипап қойды.
Ол Бибайшаның немересін күтті. Тезірек ауыл шеті – иен далаға шығып, суға төніп отырып қиял кемесіне жайғасқанша жаны төзер емес. «Бір қызыл жыңғыл табылар қармақ сап­қа».
– Әруаққа Құран бағыштап қайтайын.
– Ә-ә, бұ сөзің дұрыс. Ет піскенше қайтып келерсің.
Үш кітабын қолтығына қысып, Бибай­шаның немересі Жасағанберген де жетті.
– Қармаққа баруға қалайсың?
– Немен, жаяу ма?
– Жаяу.
– Есекпен барайық.
– Ертте.
Екеуі екі есекке мініп, мәшісі алға түсті. Жасағанберген жайдақ жон арқаға көрпе төсе­гендей жап-жайлы қонжиып алды. Оқап сира­ғы салбырап, жерге табаны тие бергесін жаяу жүргісі келді. Аяғын үзеңгіге салса, тізесі шодырайып, ер басына жетеді.
– Мен табаным тесілгенше жаяу жүремін, – деді балаға қарап.
Жасағанберген тіп-тік қызыл жыңғылдың басына жилка-жіп байлап, шараптың тығынын қалтқы ғып іліп, қатырып қармақ жасап берді. Мойны жыбыр-жыбыр еткен әңгі бала мінген мәшінің соңынан бір елі қалмай дызақтап еріп келеді. Ең соңынан жаяу ілескен Оқап айналасына көзі тоймай қарайды. «Мынау сиыр баздың орны ғой».
– Жасағанберген-ау, сиыр баз қайда?
– Бұзып алған.
– Кім?
– Осы ауылдың дәулері.
Жасағанберген жауаптан жалтарар емес.
«Мынау күріш сақтайтын қойманың тұсы секілді».
– Қойманың орны ма, Жасағанберген?
– Иә, көке. Оны да бұзып алды әкімдер. Мен ақыры өздері бермегесін, түнімен ұр­лап, тәшкімен біраз кірпіш тасып алдым. Сол қызыл кірпіштен жұрт үй соқса, біз ошақ соқтық. Қалғанына қатырып әжетхана соғайын деп отырмыз. Ол да ескіріпті. – Бала ыржия қарап, бар шынын айтты. Бұлар үшін ұрлық істеу бұл күнде ерлік істеумен бірдей секілді. Әжетхананың аты аталғанда тіксініп қалған Оқап бірте-бірте иліге бастады. «Қайда барсаң да алдыңнан табиғи қажеттілік тастайтын орын шығады. Онсыз өмір жоқ, екінің бірі, егіздің сыңарындай нәрсе. Адамда асқазан барда әжетхана бар».
Сыз иісі мұрын жарған дөңгелек көл көзге шалынды. Иісті алыстан ажырату қанына сіңген әдеті, шыңына шыққан кәсіп­тің дағдысы. «Мынау таза саз балшықтың иісі, қаладағы үйде кептелген сода қосқан бөлке нан мен доңыз шұжығының қоспа­сынан шыққан иіс мүлде бөлек». Ол тұла­бойын босатып, танауын қытықтаған иіске балаша мәз боп мәстек есектен ырғып түсті.
– Осы жерге қармақ салайық.
– Бұл жерде кілең итбалық пен жылан­балық қабады. Сазан Иіркөлде ғой, көке!
«Көке!» деген сөз жанын иітіп жіберді. «Жалғыз ұл Калифорнияда не деп жүр екен!» деп те тұла бойы дыз ете қалды. Жың­ғыл сапты қармақты қолына алды. Бала да мәстек есектің арқасынан ырғып жерге түсті. Басы бос екі есек сары қамыстың арасында адам өкшесінің тепкілеуінен құты­лып, көзден таса болғанда бойлары босап, төрт аяқты тең тас­тап, бір-біріне жанай тұрды.
Ол қармақты суға лақтырып, жүрелей отырды. «Мынадай хош иіс жер бетінде жоқ шығар. Қара теңізді де көрдік. Балдырдың иісі бет қаратпайды. Сасықкөл деген атынан шошығандар шоши берсін. Мұндай иіс жоқ жер бетінде. Топырақ иісі, өзіміз жастанатын жер иісі ғой мынау». Ол шешініп суға түскісі де келді, бірақ күз күнінің желке­мінен су беті жыбырлап, құрақ басы ырға­лып тұр. Биылғы құрақтың сорайған бойы болмаса ұшар төбесін әлден-ақ үлпілдеп үпелек қаптап кетіпті. «Көк құрақтың күні біткенде келіппін-ау», дегендей бір зуыл көкірегінен жүгіріп өтті. «Пішен жинай алдыңдар ма?» деген өктем даусы да әнтек шығып кетті. Табиғат өскінінің маусымы өткеніне өкінішпен қарап отырғандай.
– Көке, қазір бұрынғыдай шөп дайындамаймыз. Қолда көп мал да жоқ. Әркім қолда бар малына шөп сатып алады. Осыдан осылай Байқоңырға дейін көк шөп көрмейсіз.
«Жердің көркін келтірген көк шөп, сен де барыңды Байқоңырға бергенсің бе?!». Ол бойы сорайып, ұшар төбесін үпелек басқан қияқ жапыраққа қарап отырып қармағының бүлк-бүлк қапқанын байқамай қалды. Шарап бөтелкесінің тығыны қалтқы боп лай суда бір батып, бір шығып лықсып тұр.
– Көке, қапты, тартыңыз, – деп Жасаған­бергеннің жан даусы шықты.
– Сен тарт, – деп иегімен қармақтың жыңғыл сабын нұсқады.
Бала шалт қимылмен тартып қалғанда сып-сидам жіңішке балық сумаң етіп судан суырылып шыға келді.
– Бұл жылан балық. Ағылшын тілінде stone eel дейді. Кеше ғана жаттағанбыз. – Жасағанберген мұрнын бір тартып қойып, басқа тіл білгеніне мәз боп тұр.
– Жасанжан, Байқоңыр қанша жер? – деді өкінішіне себеп-салдар іздегендей көңі­лін тұсап.
– Бермен қарай жылжып келеді дейді, көке! Оларда айтылған Ресейдің Әнұраны бізге естіліп жатады.
Бала болса да Жасанжан бәрінен хабардар. Бір тұншыққан ызасы да бар көңілінде.
Қармаққа түскен жыланбалық сазды жағалауда тыпыршып жатыр.
Оқап баланың көз жанарынан бір дегені болмай тұрған кереғарлықты байқады да: «Сен лақтыршы», деп иегін қақты. Ол сызды жерде тыпыршыған терісі теп-тегіс, қабыр­шағы жоқ, жыланға ұқсас иір-шиір ба­лық­ты суға сермей лақтырып, Оқапқа қарады.
– Кетейік. Қорымға барайық, – деді Оқап балаға мойынсұнып.
Өзі Қара теңізде матрос боп жүргенде әкесі өмірден қайтты. Жатқан жерін де дәл білмейді, белгі қою ойында да болмапты, ол кезде құлпытас қою бұл ауылдың үрдісінде жоқ еді.
Темірмен қоршалған қорымның қақпасы алдында жүрелеп отырып құлқуалланы үш рет қайырды. Әкесінің атын атады. Сол сәт Жасағанберген суға қайта лақтырған жылан­балық арқасын шым еткізіп шағып алғандай бір сумаң ой бізін қайта-қайта қадады: «Ертең менің атымды кім атар екен?..»
Құмшауыт қорым нар қамыстан көрінбей қалыпты. Орақ тиіп оталмаған қамыс құлақ жапырақтар әруақтар жатқан жерге көлең­кесін түсіріп, Күн көзін көлегейлеп тұр. Қызыл кірпіштен соққан бірді-екілі кесене ғана бейнесін зорайтып, менмұндалайды. Басқа томпиып жатқан төбешіктің бәрі сорайған сары қамыстың сүметілген шаша­ғы астынан әрең көрінеді. Сары қамыстың ұшар төбесі түгел үпелек. Үпелектен ұшқан үлпілдек шашақтар томпиған төбешіктерге қалықтап кеп қонақтап жатыр.
Оқап қорымның темір қақпасын ашып, ең шетте өскен сары қамыстың басын иіп, шашағын түйді,
– Көке, не істеп жатырсыз? – деді қорым­ға қарай қорқасоқтай аяқ басқан бала.
– Ертең кеп осы жерге қазық қағам. Сен қасымда тұрасың.
Бала бақырая қарады.
Сары қамыстың шашағынан ұшқан бір үпелек қалықтап кеп Оқаптың иығына қонды.
Оған бақырая қараған бала куә.
 

Қуандық Түменбай

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға