Жаңалықтар

І БӨЛІМ

Соңғы кездері Оқапты туған ауылы, ондағы қыр суреттері, әсіресе өзеннен балық аулап, жағадан шөп орған кездері көз алдын кес-кестейтін боп жүр. Таңғы таза ауада көк құрақтың бұрқыраған иісі қылы сыртқа қылтиған қоңқақ танауына шым-шымдап ке­ліп, сол шөпті уыстап ұстап, сол иісті құ­шырланып иіскегісі-ақ келеді. Мырс ете қала­тыны, міне, жарты ғасыр болыпты, қала­ның иісін иіскегелі. Тұрғын үй басқармасына сантехник-жөндеуші боп орналасқалы да осыншама уақыт өтіпті. Ауылдан әскерге аттанды. «Жауырының жалпақ әрі жүзуден алдыңа жан салмайды екенсің», деп Қара теңізге қалдырды. Үш жыл матростың алабажақ жейдесін киіп, теңізге қарап тұрып төзімі таусылып, елді сағынды. Ол да болса қазір аңсары ауып, армандап отырған Сыр суының сиқыры. Бала күнінен ағын суға тік шаншылып сүңгіп, жүзуден алдына жан салмай, арнаның арғы бетіне демалмай барып-қайтпаса, буырқанған Қара теңізде қызмет етуге қалдырушы ма еді. Бүгін ғана: «Туған жер, бәрі сенің арқаң», деп жетпіске кеп есін жиып, дір-дір етіп дамылдап отыр. Үш жылдан кейін Алматыға кеп оқуға тапсырғанмен, балы жетпей ілікпей қалып, тұрғын үй басқармасына жұмысқа тұрды. Үш жыл кеме үстінде жүріп үйренген орысшасы жұмысқа тұруға жетіп-артылды. Әйтпесе орысша «аузың кәне десе мұрнын көрсе­тетіндер» бұ жерге бас сұға алмайды. Әуелі үйренуші боп еңгезердей ішкіш орыстың артынан еріп жүріп, әр үйдің әжетханасын тазалады. Бес жылдан кейін өзі үйретуші болды, бірақ бәрібір істейтіні сол жұмыс, иіскейтіні сол иіс. Бір таңғалатыны – қазағы аз астанада қазақтың бұзылған әжетханасы тап-таза, бөтен иіс аз, бұзылған жердің ғана бұран­дасын бұрайсың, ал сары шаштың әжетхана­сына кірсең әлемтапы­рыққа әрең шыдайсың, арнайы тұтқышпен танауыңды көлегейлесең де өткір иіс өңменіңнен өтіп кетеді. Бұлар үйде ит ұстайды, адам мен иттің нәжісі қо­сылып, ағын судың арыны жетпей кептеліп қалғасын дайын сантехникті шақыра салады. Ол бақанмен түртіп, сар еткізер ожауын қатайтып, кейде қайта жаңалап, жаны ашып тұрып ақылын айтса: «Бұл сенің міндетің», дейді үй иесі дүрсе қоя беріп. Қазақ болса: «Рахмет, амалсыздан шақырып отырмыз, рах­мет!» деп асты-үстіне түседі. Бір күні уни­таз-ұраны жөндеп боп, көкке қараған орыс­тың кәрі әйелінің тұлғасына көз жүгірт­ті. Түйенің өркешіндей бөксесі әжетханаға әрең сыйып тұр. – Сізге, бәлкім, екі унитазды біріктіріп берермін, – деді жағал-жағал үңірейген ұраға бір қарап қойып. Ұраның сыртына дейін былғаныш. – Қолыңнан келсе қос, көріп тұрсың ғой пормамды, қайыршы,– деп ауыр бөксесін бір бүлк еткізді. – Туалетке қалай отыруды білмейсің, – деп ренжіп шығып бара жатқанда артынан барылдаған дауыс естілді. – Бұл сенің міндетің… Сол сәт арт жағынан ағаш еденді шып-шып басқан бір дыбыс шықты да, арс еткен ит арқасына асыла кетті. Әпсәтте бір қап ұн көтергендей белі бүгіліп бүкшиіп, тілден қалды. – Хватит, Гоша, достаточно! – деді бөкселі әйел бұйрық раймен. Сонан кейін ит ұстаған үйде жан-жағын барлап, байқап сөйлейтін болды. Мойнында ит тырнағының ізі тыртық боп қалды. Бұрын, Кеңес кезінде, қай жерге барсаң да сөзіңмен санасып, оңды талабыңа жауап беріп, тәжірибеңді жұртқа айтып, үлкенге аға, шәкіртке ұстаз боп жүруші едің. Қазір билікке бизнестен келген солқылдақ бала­ның: «Көрерміз», деген сөзінің ақыры жы­лан­ның ізіндей жылжып кете береді. «Қой­шы, мен базардан қайтқан адаммын, енді құрақ иіскеп, қармақ салғым келеді», деп оқыс қимылдады. «Шалбарымды үтіктейін. Әйел барда айтқызбай-ақ қыры қылыштай боп тұрушы еді. Ол да артта қалған бір дәурен. Әйел Кеңсайда жатыр. Жалғыз бала Калифорнияда нан тауып жүр. Біз не жесек те өз елімізде жеп, не иіскесек те өз елімізде иіскедік қой. Міне, екі жылдан асып барады кеткеніне», деп Оқап орнынан тұрғанда сұңғақ тұлғасы сәл еңкіш тартқанын қарсы беттегі кісі бойындай тіп-тік айнадан анық байқап қалды. «Өмір бойы тырбанып жүріп алғаным екі бөлмелі панель үй. Бесінші қабат. Алматыны мекендеуші тұрғылықты ұлттың пешенесіне жазылғаны осы». Ол қара шалбары мен шұбар бауы салбыраған үтікті тауып алды да, түртінектеп тағы бір нәрсе іздеді. Әрі іздеп, бері іздеп, қатар-қатар тізілген он бес шақты кітаптың үстінен шаң басқан сарғыштау қағазды көрді. Іздегені осы еді. Басқарма бастығының атына жұмыс­тан босатыңыз деп өтініш жазбақшы. «Зейнетке шыққасын да жеті жыл нанын жеппін. Енді жастар жесін, біреуді несі­бесінен қақ­пайын». Оқап шалбарын үтіктеуден бұрын өтініш жазуға отырды. «Жұмыстан босатуды сұраймын», деп нүкте қойғанда жаны жеңіл­деп қалды. «Қол қояр ма екен?». Басқарма бастығы – көзі шатынаған көкбет әйел көлбең ете қалды. Ол сарғыш қағазды төрт бүктеп әлі үтіктелмеген шалбарының қалта­сына сүңгітті. Үстінен ыстық үтікті арлы-берлі жүргізіп, біреуден өш алмақ болғандай қимылдады.
17.11.2013 05:17 3210

Соңғы кездері Оқапты туған ауылы, ондағы қыр суреттері, әсіресе өзеннен балық аулап, жағадан шөп орған кездері көз алдын кес-кестейтін боп жүр. Таңғы таза ауада көк құрақтың бұрқыраған иісі қылы сыртқа қылтиған қоңқақ танауына шым-шымдап ке­ліп, сол шөпті уыстап ұстап, сол иісті құ­шырланып иіскегісі-ақ келеді. Мырс ете қала­тыны, міне, жарты ғасыр болыпты, қала­ның иісін иіскегелі. Тұрғын үй басқармасына сантехник-жөндеуші боп орналасқалы да осыншама уақыт өтіпті. Ауылдан әскерге аттанды. «Жауырының жалпақ әрі жүзуден алдыңа жан салмайды екенсің», деп Қара теңізге қалдырды. Үш жыл матростың алабажақ жейдесін киіп, теңізге қарап тұрып төзімі таусылып, елді сағынды. Ол да болса қазір аңсары ауып, армандап отырған Сыр суының сиқыры. Бала күнінен ағын суға тік шаншылып сүңгіп, жүзуден алдына жан салмай, арнаның арғы бетіне демалмай барып-қайтпаса, буырқанған Қара теңізде қызмет етуге қалдырушы ма еді. Бүгін ғана: «Туған жер, бәрі сенің арқаң», деп жетпіске кеп есін жиып, дір-дір етіп дамылдап отыр.

Үш жылдан кейін Алматыға кеп оқуға тапсырғанмен, балы жетпей ілікпей қалып, тұрғын үй басқармасына жұмысқа тұрды. Үш жыл кеме үстінде жүріп үйренген орысшасы жұмысқа тұруға жетіп-артылды. Әйтпесе орысша «аузың кәне десе мұрнын көрсе­тетіндер» бұ жерге бас сұға алмайды. Әуелі үйренуші боп еңгезердей ішкіш орыстың артынан еріп жүріп, әр үйдің әжетханасын тазалады. Бес жылдан кейін өзі үйретуші болды, бірақ бәрібір істейтіні сол жұмыс, иіскейтіні сол иіс. Бір таңғалатыны – қазағы аз астанада қазақтың бұзылған әжетханасы тап-таза, бөтен иіс аз, бұзылған жердің ғана бұран­дасын бұрайсың, ал сары шаштың әжетхана­сына кірсең әлемтапы­рыққа әрең шыдайсың, арнайы тұтқышпен танауыңды көлегейлесең де өткір иіс өңменіңнен өтіп кетеді. Бұлар үйде ит ұстайды, адам мен иттің нәжісі қо­сылып, ағын судың арыны жетпей кептеліп қалғасын дайын сантехникті шақыра салады. Ол бақанмен түртіп, сар еткізер ожауын қатайтып, кейде қайта жаңалап, жаны ашып тұрып ақылын айтса: «Бұл сенің міндетің», дейді үй иесі дүрсе қоя беріп. Қазақ болса: «Рахмет, амалсыздан шақырып отырмыз, рах­мет!» деп асты-үстіне түседі. Бір күні уни­таз-ұраны жөндеп боп, көкке қараған орыс­тың кәрі әйелінің тұлғасына көз жүгірт­ті. Түйенің өркешіндей бөксесі әжетханаға әрең сыйып тұр.
– Сізге, бәлкім, екі унитазды біріктіріп берермін, – деді жағал-жағал үңірейген ұраға бір қарап қойып. Ұраның сыртына дейін былғаныш.
– Қолыңнан келсе қос, көріп тұрсың ғой пормамды, қайыршы,– деп ауыр бөксесін бір бүлк еткізді.
– Туалетке қалай отыруды білмейсің, – деп ренжіп шығып бара жатқанда артынан барылдаған дауыс естілді.
– Бұл сенің міндетің…
Сол сәт арт жағынан ағаш еденді шып-шып басқан бір дыбыс шықты да, арс еткен ит арқасына асыла кетті. Әпсәтте бір қап ұн көтергендей белі бүгіліп бүкшиіп, тілден қалды.
– Хватит, Гоша, достаточно! – деді бөкселі әйел бұйрық раймен.
Сонан кейін ит ұстаған үйде жан-жағын барлап, байқап сөйлейтін болды.
Мойнында ит тырнағының ізі тыртық боп қалды.
Бұрын, Кеңес кезінде, қай жерге барсаң да сөзіңмен санасып, оңды талабыңа жауап беріп, тәжірибеңді жұртқа айтып, үлкенге аға, шәкіртке ұстаз боп жүруші едің. Қазір билікке бизнестен келген солқылдақ бала­ның: «Көрерміз», деген сөзінің ақыры жы­лан­ның ізіндей жылжып кете береді. «Қой­шы, мен базардан қайтқан адаммын, енді құрақ иіскеп, қармақ салғым келеді», деп оқыс қимылдады. «Шалбарымды үтіктейін. Әйел барда айтқызбай-ақ қыры қылыштай боп тұрушы еді. Ол да артта қалған бір дәурен. Әйел Кеңсайда жатыр. Жалғыз бала Калифорнияда нан тауып жүр. Біз не жесек те өз елімізде жеп, не иіскесек те өз елімізде иіскедік қой. Міне, екі жылдан асып барады кеткеніне», деп Оқап орнынан тұрғанда сұңғақ тұлғасы сәл еңкіш тартқанын қарсы беттегі кісі бойындай тіп-тік айнадан анық байқап қалды. «Өмір бойы тырбанып жүріп алғаным екі бөлмелі панель үй. Бесінші қабат. Алматыны мекендеуші тұрғылықты ұлттың пешенесіне жазылғаны осы». Ол қара шалбары мен шұбар бауы салбыраған үтікті тауып алды да, түртінектеп тағы бір нәрсе іздеді. Әрі іздеп, бері іздеп, қатар-қатар тізілген он бес шақты кітаптың үстінен шаң басқан сарғыштау қағазды көрді. Іздегені осы еді. Басқарма бастығының атына жұмыс­тан босатыңыз деп өтініш жазбақшы. «Зейнетке шыққасын да жеті жыл нанын жеппін. Енді жастар жесін, біреуді несі­бесінен қақ­пайын». Оқап шалбарын үтіктеуден бұрын өтініш жазуға отырды. «Жұмыстан босатуды сұраймын», деп нүкте қойғанда жаны жеңіл­деп қалды. «Қол қояр ма екен?». Басқарма бастығы – көзі шатынаған көкбет әйел көлбең ете қалды. Ол сарғыш қағазды төрт бүктеп әлі үтіктелмеген шалбарының қалта­сына сүңгітті. Үстінен ыстық үтікті арлы-берлі жүргізіп, біреуден өш алмақ болғандай қимылдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға