ІІІ БӨЛІМ
Алматыға көктем келді. Алатаудың боз мұнарға бөккен етегі құстар үніне тамылжып, жібек самал лыпылдап, хош иіс көкірек жарды. Наурыздың екінші жартысында Шәкен Москваға барып қайтты. Көңілді оралды. Өзі идея беріп, сценарий жаздырып, соны фильм етуді қуаттап, әлекке түсіп жүрген әуресінің бәрі ойдағыдай шешілді. Одақтық кинопрокаттағы мәселелері де сәтті орындалды. Сондай бір желпіністі күні киностудияда отырып “Екі жиренді” еске алды. Іле Суатқа телефон соқты. Ол пианист Кацманға кеткен екен. Консерваторияның телефонын тауып алды да, Кацманмен қолма-қол сөйлесті. – О, Шәке, аман…, аман, – деді сасқалақтап, күле сөйлеген Кацман. – Нанайын ба, нанбайын ба, менімен маэстро Айманов сөйлесіп тұр, а? О, ғажап! Тәңір сыйы бұл! – Рувим Соломонович, жүрек қалай? – Әзірше соғып тұр. – О, оған не жетсін! Тоқтатпаңыз, оны! Суат Әбусейітовпен “Екі жирен” әніне кіріскеніңіз жөн болды. – Өте терең ән. Ән емес-ау, романс! – Сізден осындай сөзді естісем бе, деп едім, рахмет, Рувим Соломонович! – Сізге де рахмет, Шәке! “Екі жирен” дайын. Тыңдай алатын уақытыңыз бар ма? – Қашан? – Қалауыңыз білсін, Шәке. Суат менің қасымда отыр. – Онда, бүгін біздің үйде… Келістік пе, Рувим Соломонович! Мен үйге ертерек қайтам. Бүгін шахмат ойнамаймын. Тең келетін жан табылмай тұр, – деп Шәкен қарқылдап күлді. – Жақсы, Шәке. Жақсы… – Телефонды Суатқа беріңізші… – Жақсы. – Суат. Шұбат! Түйенің қымызы… сәлемет пе? – Ассалаумағалейкүм, аға! – Сен былай ет: Рувим Соломоновичті ертіп, кешке қарай біздің үйге кел. Мақұл ма? – Айтсаңыз болды, аға. Сол күні бұлар Шәукеннің үйінде бас қосты. “Екі жиренге” бар өмірін беруге дайын Шәкен әнді тыңдар алдында: “Осылар қалай шығарар екен?” деп қобалжыды. Өзімен-өзі іштей арпалысты. Сол толқу үстінде: «Рувим Соломонович, қазақ сезімге ұстамды жұрт. Қызбалықты керек етпейді бұл ән», – деді. Бұл мықты ескерту еді. Кацман елпілдеген кішіпейіл жан, балаша қалбақтап, Шәкеннің сөзін бас изеп, құптады. Суат үнсіз. Шай ішілді. Тер басқан соң, Шәкен терезені ашып тастады. Кацман пианиноға отырды. Шәкен пианиноға сүйеніп тұрды. Кацман клавишке төне түсіп, “Екі жиреннің” алғашқы аккордын мап-майда етіп тере бергенде, Суат кең тыныс алып: Ғизатлу, хат жазамын, сәулем саған, Самарқау осы күні көңіл шабан. Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ, Дариға-ай, осыменен өтті-ау заман, – деп әр сөзді тұңғиықтан тартып, шымырлата шығарды. Соңғы екі жолда шаршаулы көңілдің дәрменсіз дітін білдіріп, ауыр қайырмаға уһілеп жетті. Кацман әр нотаға езіле шүйілді. Шәкеннің тұла бойы құсеттеніп тітіркеніп кетті. “Неткен ән, құдай-ау?!” Өткен күндер қызығын еске салып, уһілеткен бір аңсау… сол аңсаудың қуатымен шамырқана әл жиып, қайғы мен қуанышты бірдей көтеретін мойымас жанның жүрек лүпілі. “Екі жирен” Шәкеннің толқыған көңіліне каусар бұлақтай құйылып, оны көгілдір мұнар тұмшалаған таңғажайып ертегі дүниесінің төрінен бір-ақ шығарды. Оның қиялы зымыраған күйі Баянауланы шарлап, Жасыбай көлінің ақ айдынын құшты. Одан өзінің кіндік қаны тамған жері – Айманбұлақ басында қыз-бозбала жиылып, алтыбақан тепкен базарлы шағымен табыстырды. Махаббат пен арманды ол алғаш рет осы жерде сезіп пе еді, тәңір-ау? Лебінен жалын атқан, солқылдаған бозбала… Көрші ауылдардан сауық іздеп келген қыз-жігіттің арасында қос бұрымы жер сызған, аппақ манардай аршынтөс, мөлдіреген бір қаракөз… Оны көрген сәтте өзін-өзі ұмытып, ессіз көңілмен сүюі… Қыздың да кет әрі болмай құлай берілуі… Қалың ши мен қаңқиған тастардың арасына жасырынып, оқшау кетуі… Осының бәрі тәңірге мың мәртебе жалынсаң да қайталанбас романтикалық бір ғажайып ғұмыр екен. Сол сәулесінен қалай ғана көз жазып қалған…Қалай? Әннің: Қарағым, айналайын , меһірбаным, Көрмеді еш рахат сенсіз жаным. Қапыда айырылсам, сәулем, сенен, Жалғанда екі бірдей болмас мәнім, – дейтін сөзі жүрек қылын діріл қақтырып, ол бейне бір алдында жайнаған шоқты қолымен ұстап алатын алаңсыз, ойсыз сәби секілді мөлдіреді де тұрды. Көзі жасаурады. Әннің соңғы аккорды талмаусырап барып біткенде Шәкеннің күрсінісін Кацман да, Суат та сезді. Үй иесінің көз алды сағымдай бұлдырады. Бір бос дүние… Махаббат пен үміті өбектеген бейкүнә кезі көз талдырып, тым алыста бұлдырайды. Илья ЖАҚАНОВ
Алматыға көктем келді. Алатаудың боз мұнарға бөккен етегі құстар үніне тамылжып, жібек самал лыпылдап, хош иіс көкірек жарды. Наурыздың екінші жартысында Шәкен Москваға барып қайтты. Көңілді оралды. Өзі идея беріп, сценарий жаздырып, соны фильм етуді қуаттап, әлекке түсіп жүрген әуресінің бәрі ойдағыдай шешілді. Одақтық кинопрокаттағы мәселелері де сәтті орындалды.
Сондай бір желпіністі күні киностудияда отырып “Екі жиренді” еске алды. Іле Суатқа телефон соқты. Ол пианист Кацманға кеткен екен. Консерваторияның телефонын тауып алды да, Кацманмен қолма-қол сөйлесті.
– О, Шәке, аман…, аман, – деді сасқалақтап, күле сөйлеген Кацман. – Нанайын ба, нанбайын ба, менімен маэстро Айманов сөйлесіп тұр, а? О, ғажап! Тәңір сыйы бұл!
– Рувим Соломонович, жүрек қалай?
– Әзірше соғып тұр.
– О, оған не жетсін! Тоқтатпаңыз, оны! Суат Әбусейітовпен “Екі жирен” әніне кіріскеніңіз жөн болды.
– Өте терең ән. Ән емес-ау, романс!
– Сізден осындай сөзді естісем бе, деп едім, рахмет, Рувим Соломонович!
– Сізге де рахмет, Шәке! “Екі жирен” дайын. Тыңдай алатын уақытыңыз бар ма?
– Қашан?
– Қалауыңыз білсін, Шәке. Суат менің қасымда отыр.
– Онда, бүгін біздің үйде… Келістік пе, Рувим Соломонович! Мен үйге ертерек қайтам. Бүгін шахмат ойнамаймын. Тең келетін жан табылмай тұр, – деп Шәкен қарқылдап күлді.
– Жақсы, Шәке. Жақсы…
– Телефонды Суатқа беріңізші…
– Жақсы.
– Суат. Шұбат! Түйенің қымызы… сәлемет пе?
– Ассалаумағалейкүм, аға!
– Сен былай ет: Рувим Соломоновичті ертіп, кешке қарай біздің үйге кел. Мақұл ма?
– Айтсаңыз болды, аға.
Сол күні бұлар Шәукеннің үйінде бас қосты.
“Екі жиренге” бар өмірін беруге дайын Шәкен әнді тыңдар алдында: “Осылар қалай шығарар екен?” деп қобалжыды. Өзімен-өзі іштей арпалысты. Сол толқу үстінде: «Рувим Соломонович, қазақ сезімге ұстамды жұрт. Қызбалықты керек етпейді бұл ән», – деді.
Бұл мықты ескерту еді. Кацман елпілдеген кішіпейіл жан, балаша қалбақтап, Шәкеннің сөзін бас изеп, құптады. Суат үнсіз.
Шай ішілді.
Тер басқан соң, Шәкен терезені ашып тастады.
Кацман пианиноға отырды.
Шәкен пианиноға сүйеніп тұрды. Кацман клавишке төне түсіп, “Екі жиреннің” алғашқы аккордын мап-майда етіп тере бергенде, Суат кең тыныс алып:
Ғизатлу, хат жазамын, сәулем саған,
Самарқау осы күні көңіл шабан.
Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,
Дариға-ай, осыменен өтті-ау заман, – деп әр сөзді тұңғиықтан тартып, шымырлата шығарды. Соңғы екі жолда шаршаулы көңілдің дәрменсіз дітін білдіріп, ауыр қайырмаға уһілеп жетті. Кацман әр нотаға езіле шүйілді.
Шәкеннің тұла бойы құсеттеніп тітіркеніп кетті. “Неткен ән, құдай-ау?!” Өткен күндер қызығын еске салып, уһілеткен бір аңсау… сол аңсаудың қуатымен шамырқана әл жиып, қайғы мен қуанышты бірдей көтеретін мойымас жанның жүрек лүпілі. “Екі жирен” Шәкеннің толқыған көңіліне каусар бұлақтай құйылып, оны көгілдір мұнар тұмшалаған таңғажайып ертегі дүниесінің төрінен бір-ақ шығарды. Оның қиялы зымыраған күйі Баянауланы шарлап, Жасыбай көлінің ақ айдынын құшты. Одан өзінің кіндік қаны тамған жері – Айманбұлақ басында қыз-бозбала жиылып, алтыбақан тепкен базарлы шағымен табыстырды. Махаббат пен арманды ол алғаш рет осы жерде сезіп пе еді, тәңір-ау? Лебінен жалын атқан, солқылдаған бозбала… Көрші ауылдардан сауық іздеп келген қыз-жігіттің арасында қос бұрымы жер сызған, аппақ манардай аршынтөс, мөлдіреген бір қаракөз… Оны көрген сәтте өзін-өзі ұмытып, ессіз көңілмен сүюі… Қыздың да кет әрі болмай құлай берілуі… Қалың ши мен қаңқиған тастардың арасына жасырынып, оқшау кетуі… Осының бәрі тәңірге мың мәртебе жалынсаң да қайталанбас романтикалық бір ғажайып ғұмыр екен. Сол сәулесінен қалай ғана көз жазып қалған…Қалай? Әннің:
Қарағым, айналайын , меһірбаным,
Көрмеді еш рахат сенсіз жаным.
Қапыда айырылсам, сәулем, сенен,
Жалғанда екі бірдей болмас мәнім, – дейтін сөзі жүрек қылын діріл қақтырып, ол бейне бір алдында жайнаған шоқты қолымен ұстап алатын алаңсыз, ойсыз сәби секілді мөлдіреді де тұрды. Көзі жасаурады. Әннің соңғы аккорды талмаусырап барып біткенде Шәкеннің күрсінісін Кацман да, Суат та сезді. Үй иесінің көз алды сағымдай бұлдырады. Бір бос дүние… Махаббат пен үміті өбектеген бейкүнә кезі көз талдырып, тым алыста бұлдырайды.
Илья ЖАҚАНОВ
