І БӨЛІМ
1958 жылдың қысы. Саратовтың қар жамылған орманды алқабы артта қалды да, “Москва– Алматы” жүйрік поезы иен жазыққа көсілте салды. Москвада екінші онкүндікті зор абыроймен дуылдата өткізіп, қайтып келе жатқан қазақстандықтардың қуанышында шек жоқ десе де болғандай-тын. Олардың бәрі мәз еді, мол сүйініш құшағында еді. Бірін-бірі ардақтап, сөздері, күлкілері, әзіл-қалжың, ықылас-пейілі бір-біріне бек жарасып, мерейлері тасыды. Әлгінде Саратовтан шыға бергенде Шәкен Аймановтың купесіне ән-би ансамблінің бір топ қыз-жігіттері келген-ді. Олар атақты актердің “Совет Одағының халық артисі” атағына ие болған қуанышын құттықтап, оның әр әзіліне шектері түйілгенше күліп, тамашалап отырды. Шәкен біресе Алдаркөсе хикаяларын айтып, мәз қылса, сол күлкісі тиылмай, тағы бірде әзіл әндерді еске түсірді. Шәкенге еркелігі өтетін Суат Әбусейітов: «Аға, әлгі бір ән бар ғой, – деп жымың-жымың етті. – “Омырауда он түйме” дейтін ән… Мына сөзді естігенде Шәкен сәл-пәл ойланып қалды. Орнынан түрегеп, терезені төмен сырғытып, жайлап ашты да: – «Ептеп желдетіп алайық», – деп, коридорға шығуға ыңғай білдірді. Отырғандар да: «Сол дұрыс болар, Шәкен аға, таза ауа кірсін», – десіп ілесе түрегелді. Бәрі коридорға шықты. Біреулері өзді-өзі сөйлесіп, енді біреулері тамбурға барып, шылым шекті. Сөйтті де бәрі Шәкеннің қасына қайта жиналды. Кеткісі жоқ. Шәкен қарлы далаға қарап, біраз тұрды. Көзі ойға тұнды. Сәлден соң Шәкен: «Ішке кірейік», – деді. Сөйтті де: «Мен енді Суат сұраған әнді айтып берейін», – деп төмендегідей әңгіме бастады. Бұл өзі о бастан Ертіс бойындағы елдерде көбірек айтылып, одан Қарқаралыға асып, Жетісуға жетіп, Қаратаудың етегін жағалап кеткен ән. Осы жерлерді аралап жүріп, әннің бала күнімнен білетін сөзі біздің Баянаула төңірегінде ғана қаз-қалпында сақталғанын байқадым. Үлкендердің айтуынша, кезінде мұны Шама, Жарылғапберлі, Берікбол, Бүркітбайдың Мұстафасы секілді әншілер таратқан. Сөзіне мән берсеңдер, біздің көшпелі ел сұлу табиғат төрінде романтикалық ғұмыр кешкен сері көңілді ел екендігіне таң-тамаша боласыңдар. Міне, сол сайран өмірдің шуақты әні… Қазір… қазір… Шәкен сәл жөткірініп, су ұрттады. Сөйтті де екі иығын қомдай көтеріп: Жай түскенмен күркіреп, тау құламас, Мен сендікпін, жетекте, аулыңа қаш. Мен де өзіңдей біреудің нәуетегі, Балапандай шайқа да баурыңа бас, – деп лекілдете бастай беріп, қайырмаға үзілдіре ілігіп, мырс етіп, кілт тоқтады. Екі бүйірін басып, шегі қата түйілді. Шәкен жасқа булыққан көзін орамалымен сүртіп: «Мына қыз балалар шыға тұрсын», – деді осы сөзді әрең айтып. Биші қыздар қымсына күлімсіреп, коридорға бет алды. Шәкеннің көзінде күлкі нұры кілкілдеп: Омырауда он түйме қатар-қатар, Ағытқанша түймеңді таң да атар, паһ! паһ! Қандай сурет, а?! – деп, күректей жалпақ алақанымен екі санын алма-кезек шапақтады да сол шалқыған күйі көзі жайнап: Сен ар жақта, қалқатай, мен бер жақта, Сүт бетіне кілегей қашан қатар, – деп осы сөздерге елжірей толқып, бар дүниені ұмытқандай шырайы кірді. – Ауыл… алқақотан отырған боз үйлер. Бәрі алақанның аясында. Селтеңдеп жүрген біреу көзге бірден шалынады. Қызды ауыл, қымызды ауыл. Жігіттің қызбен тілдесуі қиямет. Оған бар көз қадалады. Түннің бір уағына дейін кемпір-шал ұйықтамайды. Иттердің де үні өшпейді. Қызға “келем” деген сөзі бар. Арада жеңгесі жүр сыпылдап. Асық көңілді ынтызар жігіт құмарлық оты күйдіріп, түннің бір уағында жетеді-ау, ақыры. Қыз да өліп-өшіп, күтіп отыр. Аһ ұра ұмтылған жігіттің құшағына кіреді де кетеді. Сол сәтте жігіттің есі шығып, тағаттан айырылуы… қыз түймесі ағытылып біткенше дігірлеп, үзіліп кете жаздауы… о, оны тек елестетіп көр. Осы сурет “Шәпибаяу” әнінде де бар ғой. Қыз көркіне таңғалған жігіт: Ахау, қайран жар-ай, Қайран жар-ай! Бөде үй, бөде үй арман-ай! – демей ме? “Бөде” деген сөз – бөлек, оңаша, оқшау, жеке, дара деген ұғым. Осыны білмейтін біздің белгілі әншілеріміз “бәдави”, “бәдәуи” деп соға береді. Осыған Жүсекең мен Бекен Жылысбаев, біздің Кәукен жыны келіп, күйіп-піседі. Жә, бұл өзі бөлек әңгіме. Әлгі он түймесін ағытып болмаған қызды айтсайшы, паһ! паһ! Суат та күлім қағып: «Қайырманы айтыңыз, Шәкен аға», – деп болар емес. Жігіттер желпініп, дуылдаса бастады. Желігіп алған Суат: «Сіз айтпасаңыз, қайырманы өзім айтам!» – деді. Шәкен күлкіден қызарған көзін саусағының ұшымен басып: «Сол қайырманы өзің айтшы, Суатжан», деп өз сөзін өзі қоштап, бас изеді. Суат бәріне көз қыдырта бір қарап өтті де, жарты дауыспен әннің әлгі шумағынан бастап, қайырмаға келген тұста екі беті жыбырлап, кілт үзді. Жігіттердің бірі бүйірінен түртіп: «Айт!» –деді. Суат күлкі қысқан күйі Шәкенге жасқана қарап, басын шайқады. Шәкен көзі шатынап, жұдырығын түйіп: «Бол, тез!» – деді күлкісін зорға тежеп. Суат алақанымен екі көзін көлегейлеп: Ахау, сары қыз, Піскен дарбыз, Дарбызыңның қызылын, Маған жарғыз-ай! – деп, селкілдеді. Жігіттердің екі езуі екі құлағында… Шәкен әлденені еске алған жанша өз-өзінен мөлдіреп, терезеден аппақ далаға кірпік қақпай қадалды. Қабағының астына мұң көлеңкесі түсті. Сол ойлы күйі: «Араларыңда нота жазатын музыканттарың бар ма?» деді. – Міне, аға, мына жігіт баянист, – деді Суат бағаналы бері сыпайы ғана үндемей отырған қызылшырайлы жігітке бұрылып. Шәкен: «Жақсы», деді жай ғана. Түк… түк…. түк… Поезд торғын желек жамылған қара орманға жанаса бере саябырлай ілбіп, жайлап кеп тоқтады. Орман іші жыпырлаған қараторғай. Шықылықтап үн салады. Шәкен олардан көз айырмай, реңі суына беріп, сабындай бұзылды. Жүрегі ұйып: Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің, Айрылдым қапияда сенен не ғып? – деген жолдарды күрсіне қайталады. Көз алдында беталды құла түзге сарыла қараған Ақан сері… Дүние-ай, қызыл-жасыл кімді алдадың, Сен берген ризықтан құр қалмадым. Дәуренді мендей сүрген кім бар екен, Сонда да қызығыңа бір қанбадым, – дейтін Ақан сері түнек түндей түнеріп тұр. Шәкен де сынып барады. Төңірегі құлазып, жайнаған дүниені көріп отыр, көрмей отыр. Жігіттер “кетейік” дегендей бір-біріне ым қақты. Жайлап орындарынан тұрып: «Аға дем алсын», – десті де купеден шыға берді. Шәкен: «Жақсы. Суат, мына баянист інім екеуің бөгеле тұрыңдар», – деді. Жігіттер жөн-жөніне кетті. Шәкеннің қасында Суат Әбусейітов пен баянист жігіт қана қалды. Бір кезде әлі де іштей қобалжулы Шәкен: «Алматыны қай толқыннан табуға болады, а?» – деп стол үстінде тұрған спидоланы бұрап көрді. Қысқа толқынға түсіп еді, Қазақ радиосының бірінші программасы екен. Концерт беріліп жатыр. Диктор “Енді сіздер, Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында “Екі жирен” әнін тыңдаңыздар” – деді. Іле “Екі жирен” кербез керіліп, созалаңдай көтерілді. Шәкен Суатқа жалт қарады. Суат та оған үнсіз қадалды. – Бұл не, Суат, а? Биоток? Мен дәл осы сәтте “Екі жирен” әнін ойлап отырдым. О, құдая тоба, осындай да сәйкестік болады екен! Ғарекемді қара… Ғарекем, қай вагонда еді, Суат? – Сегізінші вагонда. – Өзі тыңдап отыр ма екен, а? Қане, жігіттер осы әнге зейін салайықшы, – деді, Шәкен спидоланың үнін көтеріңкіреп, – Жүсекеңнен үйренген “Екі жирен”… жалғыз осы ән бе, тегі – “Қарғаш”, “Қанапияның әні”, “Баянауыл”, “Сырымбет”, тағы бір әндер бар. Жүсекең қазымыр ғой. Ғарекеңе: «Арқаның әнін айтсаң, жөндеп айт!” дей беріпті. Сонда ол кісі де шыдай алмай: “Басқасын қозғамай-ақ қояйын, оу, Жүсеке, өзің мен айтып жүрген “Айнамкөз”, “Зәуреш”, “Паң көйлек” әндерін айтып көрдің бе, тегі, а?” депті. Жүсекең сөзден тосылып, ләм-мим демепті. Оның есесіне Жүсекеңнің: “Арқаның әнінде мына Құрманғалиевтің не шаруасы бар?” деп бүлінетін Манарбек Ержановқа: “Үні биік. Арқа әндері кеңдікті, асқақтықты қалайды. Осылайша шырқай берсін!” деп Ғарекеңді ардақтап, қорғаштаған сөзін естідім де. Міне, сол Ғарекең “Екі жиренді” асық көңілдің құмарлығы етіп, қалай-қалай паһ дегізеді, а! “Екі жирен” бітті. Концерт те тамам болды. Шәкен жеңіл күрсінді. Купе іші тым-тырыс. Әркім өз ойымен әлек. Көздерінің астымен Шәкенге ұрлана қарап қояды. Шәкен санамен сарғайды. – Шіркін өмір… Шәкен терезеден көз алмай, осылай деді. Поезд орнынан қозғалды. Шәкен: Суат, сен осы “Екі жиренді” білесің, – деді сабырлы үнмен. – Білем. – Әрине, “Екі жиренді” білесің, Суат. Шәкен өз ойымен өзі боп, тағы да терезеден қар жамылған далаға көз салды. Ыңылдады. “Екі жиренді” бір түрлі бұзып айтып отырғандай сезілді. – “Екі жиреннің” екінші түрі де бар. – Солай ма?… – Иә. Шәкен күйбеңдеп, столдың астындағы сөмкесінен бүйірі шығыңқы, алтын жалатқан аққұманды алды. – Қазір шай ішеміз. Мейізбен. Мен сендерге “Екі жиреннің” екінші түрін айтып берем. Ендігі бір сәтте бұлар иісі көкірек жарған ақбұйра шайды ішіп, жүздері нұрланып, жайбарақат отырды. Шәкен қозғалақтап: – Әуелі “Екі жиреннің” бірінші түрінің сөзін еске салайын, – деді де қоңырлатып әндете берді: Көшкенде жылқы айдаймын аламенен, Ауылыңа барушы едім, даламенен.Түскенде сен есіме, беу, қарағым, Сағынып сарғаямын санаменен. Ахау, екі жирен, жалын түйген, Жалғанда ғашығымсың жаным сүйген. Бұл – ләззаты мол сағыныш… Енді екінші шумағы: Ей, құрбым, сөз сөйлейін, көрген жайдан, Айтпаймын күдер үз деп ақ сұңқардан, – деп үмітке толы күдіксіз көңілдің риясыз сырын қозғап кеп: Көңілімде еш дауалық болмаған соң, Бойымда толып жатыр арыз, арман, – дейді. Бұл – тыпыршып, тағатсыз соққан албырт жүректің ерке назы. Үздіге ұмсынған көңілдің тәтті аңсауы ғана. Боркемік сезімнен ада. Ләззатты сырмен аялап, жан тебірентеді. Ал, екінші түріне келейін: Ғизатлу, хат жазамын, сәулем саған, Самарқау осы күні көңіл шабан. Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ, Дариға-ай, осыменен өтті-ау, заман!.. Мұң… Ауыр мұң! Ән емес, романс көтеретін жүк. Сүйіктісі көзіне көрінеді, көрінбейді. Болжаусыз күндер өтіп жатады. Мысын құртқан шарасыздық! “Ғизатлу”… осы сөздің қайдан шығып жатқанын айтайын: Ғабит Мүсіреповтың “Ақан сері – Ақтоқты” пьесасында Ақан серінің рөлін ойнай бастағанда композитордың өлеңдеріне көп үңілдім. Ақындығы терең. Тұңғиық ойлары шымырлап, тым алыстан…, алыстан қайырылады. Махаббат ләззатын Ақан серідей жырлаған композитор кем де кем шығар. Шерлі жүрегінен сырлы сезім кәусары ағылады. Махаббаттан опа таппаған Бетховеннің баянсыз арманының жыры болған “Айлы сонатасын” тыңдағандай хал кешем. Бетховен өз шәкірті Джульетта Гвиччардидің түлкі бұлаңға салған алдамшы қылығына жыны келіп жүрсе де, оның сол құбылмалы жүзін құдайдың құтты күні “көрсем екен” деп, жүрегінің лүпілін “Айлы сонатасына” мөлдіретіп түсірді ғой. Ақан сері де қолы жетпеген сүйіктісін шуақты лиризммен әлпештейді. Оған кінәрат жұқтырмайды. Не деген бекзат қасиет, бұл! Ғизатлу, жаздым сәлем, перизатқа, Қимаймын, сені, қалқам, басқа жатқа, Аршын төс, алма мойын, ей, перизат, Оқыңыз зейін салып, осы хатқа, – десе, тағы бір дел-сал күйде жүрген сәтінде: Құрметті, сөз жазамын, раушаныңа, Кез болдың бір талапкер дер шағыма.. Тимеген жүген, құрық асау керім, Жүрмісің, Иран бағы шарбағында, – деп сырттай үздігіп, таң-тамаша болады. Асығы түгел, бір пешенелі жан. Көрдіңдер ме, Ақан сері “ғизатлуды” “құрметті” деп те алған. Е, “Бибіғайшаға” деген өлеңі де есімде: Құрметлу, хат жазамын, асыл затқа, Сөзімді айтатұғын жаздым хатқа. Жарқыным, тәккаппарлық жасамаңыз, Алыңыз бұл сөзімді ілтипатқа… Ақан сері “құрметтіні” бұл жерде “құрметлу” деп отыр. Түптеп келгенде – ғизатлу, құрметті, құрметлу – бәрі бір сөз. “Екі жиреннің” екінші түрінде Ақан серінің осы үлгісі бар. – Ал: “Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,” дегені не, аға? – деді, мына сөзге қызыға ден қойған Суат. – Мұғаллақ – “дел-сал” деген сөз. Араб сөзі. Мекке, Медине жағында тәңірдің көктен түсірген бір қара тасы бар білем. Ол жер мен көктің арасында тұратын көрінеді. Сол тасты “мұғаллақ” дейді екен. Өзім, әрине, көргем жоқ. Алланың әміріне қалай шүбә келтіресің. “Мұғаллақ” сөзі діни қиссалар шығаратын терең білімді ақындарымыздан тарапты. Осы сөзді Көкшетау мешітінің имамы Науан хазірет көп айтқан деседі. “Екі жирен” әніндегі “мұғаллақ” сөзі келетін жолды: “Дел-сал” боп, екі дүние бірінде жоқ, дариға-ай, осыменен өтті-ау заман”, деп айтса да болады. Жігіттер бір ғұлама қариядан сыр тыңдап отырғандай өзге дүниенің бәрін ұмытты. Құмарлық, іңкәрлік, пәк сезім әлдиледі оларды. Поезд Қазақстанның ормансыз шаңқиған ашық даласында тоқтаусыз заулап келеді. Шәкен тағы да шай алдырып, оны тағы да өзі демдеді. Бәрі ұйып отырып шай ішті. Бұларды ешкім мазаламады. Поезд бірте-бірте баяулап кеп, бір шағын станцияға жақындай бергенде: «Суат, сен осы әнге мықтап зейін сал. Үйретейін саған», – деп Шәкен әнді қоңыр үнімен жайлап қана бастады. Суат оған іштей қосылды. Суат қасындағы баянист жігітке ым қақты. Ол оны, түсінді де: – «Шәкен аға, мен қазір… ғафу етіңіз», – деп купеден ақырын шыға берді. Ол өз купесіне барып, баянын әкелді. Ілкімді жігіт екен, ән тактысына бірден берілді. Баянның сырлы үнінде “Екі жиреннің” жүрек сыздатқан екінші түрі… Поезд үстінде ән алғаш рет нотаға түсті. Шәкен қасын қияқтай керіп, жүзінен нұры төгіліп: – Апырай, оқыған балаларға дауа жоқ екен-ау, ә? Сүйкей салып еді, “Екі жирен” шыға келді. Паһ! Паһ! Лүпілдеген жүрегіңнен, лыпылдаған саусағыңнан айналайын! – деп жер-көкке симай масаттанды. – Айналайын, есімің кім? Баянист сыпайы ғана езу тартып: «Ораз», – деді. Суат қоңыр көзіне шуақты күлкі үйіріліп: «Аға, әнді үйренген мен… Сонда мен қайда қалдым? – деді өкпелеген баладай бұртиып. Шәкен де Суатқа қуақылана сүзіліп: «Сен мына құмырсқадай шұбырған ирек-ирек нотаға жан бітір. Тірілт! Тұнып тұрған мұңды әуез. Мұның тұңғиық сырына ену оңай емес. Қиямет іс! Оның ендігі бағы – сенің қолыңда. Бар үміт өзіңде:» – деп қаласы бұзылмаған аппақ тісін жарқырата күлді. Алматыға жеткенше Шәкеннің купесінде “Екі жиреннің” толғаулы сазы толастаған жоқ. Поезд екінші Алматы вокзалына тоқтап, жұрт бір-бірімен дуылдаса қоштасып, жөн-жөніне кетіп жатқанда Шәкен: – Суатжан, “Екі жиренді” үйрендің, бірақ, әлі де түзететін жері бар. Уақыт тауып, келіп жүр, маған. Ұмытпа осыны! – деді маңдайынан иіскеп. Илья ЖАҚАНОВ
1958 жылдың қысы.
Саратовтың қар жамылған орманды алқабы артта қалды да, “Москва– Алматы” жүйрік поезы иен жазыққа көсілте салды. Москвада екінші онкүндікті зор абыроймен дуылдата өткізіп, қайтып келе жатқан қазақстандықтардың қуанышында шек жоқ десе де болғандай-тын. Олардың бәрі мәз еді, мол сүйініш құшағында еді. Бірін-бірі ардақтап, сөздері, күлкілері, әзіл-қалжың, ықылас-пейілі бір-біріне бек жарасып, мерейлері тасыды.
Әлгінде Саратовтан шыға бергенде Шәкен Аймановтың купесіне ән-би ансамблінің бір топ қыз-жігіттері келген-ді. Олар атақты актердің “Совет Одағының халық артисі” атағына ие болған қуанышын құттықтап, оның әр әзіліне шектері түйілгенше күліп, тамашалап отырды.
Шәкен біресе Алдаркөсе хикаяларын айтып, мәз қылса, сол күлкісі тиылмай, тағы бірде әзіл әндерді еске түсірді. Шәкенге еркелігі өтетін Суат Әбусейітов: «Аға, әлгі бір ән бар ғой, – деп жымың-жымың етті. – “Омырауда он түйме” дейтін ән…
Мына сөзді естігенде Шәкен сәл-пәл ойланып қалды. Орнынан түрегеп, терезені төмен сырғытып, жайлап ашты да: – «Ептеп желдетіп алайық», – деп, коридорға шығуға ыңғай білдірді. Отырғандар да: «Сол дұрыс болар, Шәкен аға, таза ауа кірсін», – десіп ілесе түрегелді.
Бәрі коридорға шықты. Біреулері өзді-өзі сөйлесіп, енді біреулері тамбурға барып, шылым шекті. Сөйтті де бәрі Шәкеннің қасына қайта жиналды. Кеткісі жоқ. Шәкен қарлы далаға қарап, біраз тұрды. Көзі ойға тұнды.
Сәлден соң Шәкен: «Ішке кірейік», – деді. Сөйтті де: «Мен енді Суат сұраған әнді айтып берейін», – деп төмендегідей әңгіме бастады. Бұл өзі о бастан Ертіс бойындағы елдерде көбірек айтылып, одан Қарқаралыға асып, Жетісуға жетіп, Қаратаудың етегін жағалап кеткен ән. Осы жерлерді аралап жүріп, әннің бала күнімнен білетін сөзі біздің Баянаула төңірегінде ғана қаз-қалпында сақталғанын байқадым. Үлкендердің айтуынша, кезінде мұны Шама, Жарылғапберлі, Берікбол, Бүркітбайдың Мұстафасы секілді әншілер таратқан. Сөзіне мән берсеңдер, біздің көшпелі ел сұлу табиғат төрінде романтикалық ғұмыр кешкен сері көңілді ел екендігіне таң-тамаша боласыңдар. Міне, сол сайран өмірдің шуақты әні… Қазір… қазір…
Шәкен сәл жөткірініп, су ұрттады. Сөйтті де екі иығын қомдай көтеріп:
Жай түскенмен күркіреп, тау құламас,
Мен сендікпін, жетекте, аулыңа қаш.
Мен де өзіңдей біреудің нәуетегі,
Балапандай шайқа да баурыңа бас, – деп лекілдете бастай беріп, қайырмаға үзілдіре ілігіп, мырс етіп, кілт тоқтады. Екі бүйірін басып, шегі қата түйілді. Шәкен жасқа булыққан көзін орамалымен сүртіп: «Мына қыз балалар шыға тұрсын», – деді осы сөзді әрең айтып.
Биші қыздар қымсына күлімсіреп, коридорға бет алды.
Шәкеннің көзінде күлкі нұры кілкілдеп:
Омырауда он түйме қатар-қатар,
Ағытқанша түймеңді таң да атар, паһ! паһ! Қандай сурет, а?! – деп, күректей жалпақ алақанымен екі санын алма-кезек шапақтады да сол шалқыған күйі көзі жайнап:
Сен ар жақта, қалқатай, мен бер жақта,
Сүт бетіне кілегей қашан қатар, – деп осы сөздерге елжірей толқып, бар дүниені ұмытқандай шырайы кірді.
– Ауыл… алқақотан отырған боз үйлер. Бәрі алақанның аясында. Селтеңдеп жүрген біреу көзге бірден шалынады. Қызды ауыл, қымызды ауыл. Жігіттің қызбен тілдесуі қиямет. Оған бар көз қадалады. Түннің бір уағына дейін кемпір-шал ұйықтамайды. Иттердің де үні өшпейді. Қызға “келем” деген сөзі бар. Арада жеңгесі жүр сыпылдап. Асық көңілді ынтызар жігіт құмарлық оты күйдіріп, түннің бір уағында жетеді-ау, ақыры. Қыз да өліп-өшіп, күтіп отыр. Аһ ұра ұмтылған жігіттің құшағына кіреді де кетеді. Сол сәтте жігіттің есі шығып, тағаттан айырылуы… қыз түймесі ағытылып біткенше дігірлеп, үзіліп кете жаздауы… о, оны тек елестетіп көр. Осы сурет “Шәпибаяу” әнінде де бар ғой. Қыз көркіне таңғалған жігіт:
Ахау, қайран жар-ай,
Қайран жар-ай!
Бөде үй, бөде үй арман-ай! – демей ме? “Бөде” деген сөз – бөлек, оңаша, оқшау, жеке, дара деген ұғым. Осыны білмейтін біздің белгілі әншілеріміз “бәдави”, “бәдәуи” деп соға береді. Осыған Жүсекең мен Бекен Жылысбаев, біздің Кәукен жыны келіп, күйіп-піседі. Жә, бұл өзі бөлек әңгіме. Әлгі он түймесін ағытып болмаған қызды айтсайшы, паһ! паһ!
Суат та күлім қағып: «Қайырманы айтыңыз, Шәкен аға», – деп болар емес.
Жігіттер желпініп, дуылдаса бастады. Желігіп алған Суат: «Сіз айтпасаңыз, қайырманы өзім айтам!» – деді.
Шәкен күлкіден қызарған көзін саусағының ұшымен басып: «Сол қайырманы өзің айтшы, Суатжан», деп өз сөзін өзі қоштап, бас изеді.
Суат бәріне көз қыдырта бір қарап өтті де, жарты дауыспен әннің әлгі шумағынан бастап, қайырмаға келген тұста екі беті жыбырлап, кілт үзді. Жігіттердің бірі бүйірінен түртіп: «Айт!» –деді.
Суат күлкі қысқан күйі Шәкенге жасқана қарап, басын шайқады. Шәкен көзі шатынап, жұдырығын түйіп: «Бол, тез!» – деді күлкісін зорға тежеп.
Суат алақанымен екі көзін көлегейлеп:
Ахау, сары қыз,
Піскен дарбыз,
Дарбызыңның қызылын,
Маған жарғыз-ай! – деп, селкілдеді.
Жігіттердің екі езуі екі құлағында…
Шәкен әлденені еске алған жанша өз-өзінен мөлдіреп, терезеден аппақ далаға кірпік қақпай қадалды. Қабағының астына мұң көлеңкесі түсті. Сол ойлы күйі: «Араларыңда нота жазатын музыканттарың бар ма?» деді.
– Міне, аға, мына жігіт баянист, – деді Суат бағаналы бері сыпайы ғана үндемей отырған қызылшырайлы жігітке бұрылып.
Шәкен: «Жақсы», деді жай ғана.
Түк… түк…. түк… Поезд торғын желек жамылған қара орманға жанаса бере саябырлай ілбіп, жайлап кеп тоқтады. Орман іші жыпырлаған қараторғай. Шықылықтап үн салады. Шәкен олардан көз айырмай, реңі суына беріп, сабындай бұзылды. Жүрегі ұйып:
Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің,
Айрылдым қапияда сенен не ғып? – деген жолдарды күрсіне қайталады. Көз алдында беталды құла түзге сарыла қараған Ақан сері…
Дүние-ай, қызыл-жасыл кімді алдадың,
Сен берген ризықтан құр қалмадым.
Дәуренді мендей сүрген кім бар екен,
Сонда да қызығыңа бір қанбадым, – дейтін Ақан сері түнек түндей түнеріп тұр. Шәкен де сынып барады. Төңірегі құлазып, жайнаған дүниені көріп отыр, көрмей отыр.
Жігіттер “кетейік” дегендей бір-біріне ым қақты. Жайлап орындарынан тұрып: «Аға дем алсын», – десті де купеден шыға берді.
Шәкен: «Жақсы. Суат, мына баянист інім екеуің бөгеле тұрыңдар», – деді.
Жігіттер жөн-жөніне кетті. Шәкеннің қасында Суат Әбусейітов пен баянист жігіт қана қалды.
Бір кезде әлі де іштей қобалжулы Шәкен: «Алматыны қай толқыннан табуға болады, а?» – деп стол үстінде тұрған спидоланы бұрап көрді.
Қысқа толқынға түсіп еді, Қазақ радиосының бірінші программасы екен. Концерт беріліп жатыр. Диктор “Енді сіздер, Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында “Екі жирен” әнін тыңдаңыздар” – деді.
Іле “Екі жирен” кербез керіліп, созалаңдай көтерілді.
Шәкен Суатқа жалт қарады. Суат та оған үнсіз қадалды.
– Бұл не, Суат, а? Биоток? Мен дәл осы сәтте “Екі жирен” әнін ойлап отырдым. О, құдая тоба, осындай да сәйкестік болады екен! Ғарекемді қара… Ғарекем, қай вагонда еді, Суат?
– Сегізінші вагонда.
– Өзі тыңдап отыр ма екен, а? Қане, жігіттер осы әнге зейін салайықшы, – деді, Шәкен спидоланың үнін көтеріңкіреп, – Жүсекеңнен үйренген “Екі жирен”… жалғыз осы ән бе, тегі – “Қарғаш”, “Қанапияның әні”, “Баянауыл”, “Сырымбет”, тағы бір әндер бар. Жүсекең қазымыр ғой. Ғарекеңе: «Арқаның әнін айтсаң, жөндеп айт!” дей беріпті. Сонда ол кісі де шыдай алмай: “Басқасын қозғамай-ақ қояйын, оу, Жүсеке, өзің мен айтып жүрген “Айнамкөз”, “Зәуреш”, “Паң көйлек” әндерін айтып көрдің бе, тегі, а?” депті. Жүсекең сөзден тосылып, ләм-мим демепті. Оның есесіне Жүсекеңнің: “Арқаның әнінде мына Құрманғалиевтің не шаруасы бар?” деп бүлінетін Манарбек Ержановқа: “Үні биік. Арқа әндері кеңдікті, асқақтықты қалайды. Осылайша шырқай берсін!” деп Ғарекеңді ардақтап, қорғаштаған сөзін естідім де. Міне, сол Ғарекең “Екі жиренді” асық көңілдің құмарлығы етіп, қалай-қалай паһ дегізеді, а!
“Екі жирен” бітті. Концерт те тамам болды. Шәкен жеңіл күрсінді. Купе іші тым-тырыс. Әркім өз ойымен әлек. Көздерінің астымен Шәкенге ұрлана қарап қояды. Шәкен санамен сарғайды.
– Шіркін өмір…
Шәкен терезеден көз алмай, осылай деді.
Поезд орнынан қозғалды.
Шәкен: Суат, сен осы “Екі жиренді” білесің, – деді сабырлы үнмен.
– Білем.
– Әрине, “Екі жиренді” білесің, Суат.
Шәкен өз ойымен өзі боп, тағы да терезеден қар жамылған далаға көз салды. Ыңылдады. “Екі жиренді” бір түрлі бұзып айтып отырғандай сезілді.
– “Екі жиреннің” екінші түрі де бар.
– Солай ма?…
– Иә.
Шәкен күйбеңдеп, столдың астындағы сөмкесінен бүйірі шығыңқы, алтын жалатқан аққұманды алды.
– Қазір шай ішеміз. Мейізбен. Мен сендерге “Екі жиреннің” екінші түрін айтып берем. Ендігі бір сәтте бұлар иісі көкірек жарған ақбұйра шайды ішіп, жүздері нұрланып, жайбарақат отырды.
Шәкен қозғалақтап:
– Әуелі “Екі жиреннің” бірінші түрінің сөзін еске салайын, – деді де қоңырлатып әндете берді:
Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,
Ауылыңа барушы едім, даламенен.Түскенде сен есіме, беу, қарағым,
Сағынып сарғаямын санаменен.
Ахау, екі жирен, жалын түйген,
Жалғанда ғашығымсың жаным сүйген.
Бұл – ләззаты мол сағыныш… Енді екінші шумағы:
Ей, құрбым, сөз сөйлейін,
көрген жайдан,
Айтпаймын күдер үз деп ақ сұңқардан, – деп үмітке толы күдіксіз көңілдің риясыз сырын қозғап кеп:
Көңілімде еш дауалық болмаған соң,
Бойымда толып жатыр арыз, арман, – дейді.
Бұл – тыпыршып, тағатсыз соққан албырт жүректің ерке назы. Үздіге ұмсынған көңілдің тәтті аңсауы ғана. Боркемік сезімнен ада. Ләззатты сырмен аялап, жан тебірентеді.
Ал, екінші түріне келейін:
Ғизатлу, хат жазамын, сәулем саған,
Самарқау осы күні көңіл шабан.
Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,
Дариға-ай, осыменен өтті-ау, заман!.. Мұң… Ауыр мұң! Ән емес, романс көтеретін жүк. Сүйіктісі көзіне көрінеді, көрінбейді. Болжаусыз күндер өтіп жатады. Мысын құртқан шарасыздық!
“Ғизатлу”… осы сөздің қайдан шығып жатқанын айтайын: Ғабит Мүсіреповтың “Ақан сері – Ақтоқты” пьесасында Ақан серінің рөлін ойнай бастағанда композитордың өлеңдеріне көп үңілдім. Ақындығы терең. Тұңғиық ойлары шымырлап, тым алыстан…, алыстан қайырылады. Махаббат ләззатын Ақан серідей жырлаған композитор кем де кем шығар. Шерлі жүрегінен сырлы сезім кәусары ағылады. Махаббаттан опа таппаған Бетховеннің баянсыз арманының жыры болған “Айлы сонатасын” тыңдағандай хал кешем. Бетховен өз шәкірті Джульетта Гвиччардидің түлкі бұлаңға салған алдамшы қылығына жыны келіп жүрсе де, оның сол құбылмалы жүзін құдайдың құтты күні “көрсем екен” деп, жүрегінің лүпілін “Айлы сонатасына” мөлдіретіп түсірді ғой. Ақан сері де қолы жетпеген сүйіктісін шуақты лиризммен әлпештейді. Оған кінәрат жұқтырмайды. Не деген бекзат қасиет, бұл!
Ғизатлу, жаздым сәлем, перизатқа,
Қимаймын, сені, қалқам, басқа жатқа,
Аршын төс, алма мойын, ей, перизат,
Оқыңыз зейін салып, осы хатқа, – десе, тағы бір дел-сал күйде жүрген сәтінде:
Құрметті, сөз жазамын, раушаныңа,
Кез болдың бір талапкер дер шағыма..
Тимеген жүген, құрық асау керім,
Жүрмісің, Иран бағы шарбағында, – деп сырттай үздігіп, таң-тамаша болады. Асығы түгел, бір пешенелі жан.
Көрдіңдер ме, Ақан сері “ғизатлуды” “құрметті” деп те алған. Е, “Бибіғайшаға” деген өлеңі де есімде:
Құрметлу, хат жазамын, асыл затқа,
Сөзімді айтатұғын жаздым хатқа.
Жарқыным, тәккаппарлық жасамаңыз,
Алыңыз бұл сөзімді ілтипатқа… Ақан сері “құрметтіні” бұл жерде “құрметлу” деп отыр. Түптеп келгенде – ғизатлу, құрметті, құрметлу – бәрі бір сөз. “Екі жиреннің” екінші түрінде Ақан серінің осы үлгісі бар.
– Ал: “Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,” дегені не, аға? – деді, мына сөзге қызыға ден қойған Суат.
– Мұғаллақ – “дел-сал” деген сөз. Араб сөзі. Мекке, Медине жағында тәңірдің көктен түсірген бір қара тасы бар білем. Ол жер мен көктің арасында тұратын көрінеді. Сол тасты “мұғаллақ” дейді екен. Өзім, әрине, көргем жоқ. Алланың әміріне қалай шүбә келтіресің. “Мұғаллақ” сөзі діни қиссалар шығаратын терең білімді ақындарымыздан тарапты. Осы сөзді Көкшетау мешітінің имамы Науан хазірет көп айтқан деседі. “Екі жирен” әніндегі “мұғаллақ” сөзі келетін жолды: “Дел-сал” боп, екі дүние бірінде жоқ, дариға-ай, осыменен өтті-ау заман”, деп айтса да болады.
Жігіттер бір ғұлама қариядан сыр тыңдап отырғандай өзге дүниенің бәрін ұмытты. Құмарлық, іңкәрлік, пәк сезім әлдиледі оларды.
Поезд Қазақстанның ормансыз шаңқиған ашық даласында тоқтаусыз заулап келеді.
Шәкен тағы да шай алдырып, оны тағы да өзі демдеді. Бәрі ұйып отырып шай ішті. Бұларды ешкім мазаламады.
Поезд бірте-бірте баяулап кеп, бір шағын станцияға жақындай бергенде: «Суат, сен осы әнге мықтап зейін сал. Үйретейін саған», – деп Шәкен әнді қоңыр үнімен жайлап қана бастады. Суат оған іштей қосылды.
Суат қасындағы баянист жігітке ым қақты. Ол оны, түсінді де: – «Шәкен аға, мен қазір… ғафу етіңіз», – деп купеден ақырын шыға берді.
Ол өз купесіне барып, баянын әкелді. Ілкімді жігіт екен, ән тактысына бірден берілді. Баянның сырлы үнінде “Екі жиреннің” жүрек сыздатқан екінші түрі…
Поезд үстінде ән алғаш рет нотаға түсті. Шәкен қасын қияқтай керіп, жүзінен нұры төгіліп:
– Апырай, оқыған балаларға дауа жоқ екен-ау, ә? Сүйкей салып еді, “Екі жирен” шыға келді. Паһ! Паһ! Лүпілдеген жүрегіңнен, лыпылдаған саусағыңнан айналайын! – деп жер-көкке симай масаттанды.
– Айналайын, есімің кім?
Баянист сыпайы ғана езу тартып: «Ораз», – деді.
Суат қоңыр көзіне шуақты күлкі үйіріліп: «Аға, әнді үйренген мен… Сонда мен қайда қалдым? – деді өкпелеген баладай бұртиып.
Шәкен де Суатқа қуақылана сүзіліп: «Сен мына құмырсқадай шұбырған ирек-ирек нотаға жан бітір. Тірілт! Тұнып тұрған мұңды әуез. Мұның тұңғиық сырына ену оңай емес. Қиямет іс! Оның ендігі бағы – сенің қолыңда. Бар үміт өзіңде:» – деп қаласы бұзылмаған аппақ тісін жарқырата күлді.
Алматыға жеткенше Шәкеннің купесінде “Екі жиреннің” толғаулы сазы толастаған жоқ. Поезд екінші Алматы вокзалына тоқтап, жұрт бір-бірімен дуылдаса қоштасып, жөн-жөніне кетіп жатқанда Шәкен:
– Суатжан, “Екі жиренді” үйрендің, бірақ, әлі де түзететін жері бар. Уақыт тауып, келіп жүр, маған. Ұмытпа осыны! – деді маңдайынан иіскеп.
Илья ЖАҚАНОВ
