Жаңалықтар

Әйел көзінен жасқанатын жазушы

Өмір аманатсыз болмайды екен! Алғашқы аманатты жан анамның аузынан ақырғы демі бітерде, жиырма жеті жасымда естіппін. Сүйегіне ілініп, қос жанары жылтырап, пышақтың қырындай жанылған жақтарын шодырайған иегі әрең қабыстырған күйі, кемсеңдеуге әл-дәрмені келмей жатып: «Қаламсабыңды тастама!..» – деп иегін соңғы рет қағып қалған. «Құлыным» деуші еді жарықтық, демі жетпей, сол тәтті атауын қармай алмады білем… Анамның осы аманат сөзін Ә.Нұршайықов дос-ағам мен туралы мерейтойлық (60 жас) мақала жазғанда эпиграф етіп алды. Демек, қаламсапты тастауға хақымыз жоқ екен!  Сосынғы аманатты Әзағаң аузынан естідім… Айтып берсем, былай… …Алматыдан Астанаға бүйірі тоқ пакет келді. Әзілхан Нұршайықов жіберіпті. Қалай ашқанымды білмеймін, ішінен Әзағаң қолжазбалары ақтарылып түсті де, іле алақа­нымды толтырған бір көкшіл кітап топ ете қалды үстеліме. Автордың «Қаламгер және оның достары» деген кітабы екен. «Өлке» бас­пасынан 2000 жылы жарық көріпті. Мұндайда дегбір қала ма? Бірден автографқа көзім түсті. «Қымбатты Қайсар інім! Бұл менің өз ұстазым Мұқан Иманжанов туралы жазған кітабым еді. Сіз өткен ағаларды «өлтірмей» – ұмытпай ардақтайтын абзал азаматтардың бірісіз ғой. Сіздің сол ағаларға деген асыл ілтипатыңызға, шексіз сүйіспеншілігіңізге деген ризашылығымның белгісі ретінде бұл кітабымды өзіңізге ерекше ықыласпен сыйлаймын. Қабыл алғайсыз. Келін, балалар бәріңіздің бақытты болуларыңызға шын жүректен тілектеспін. Зор құрметпен: ағаң Ә.Н. 20.09.2001 ж. Алматы». Бақытты алыстан іздеп жатып қайтеміз? Бақыт ұшқыны осындай жүрек сөзінен себезгіленетін шығар, бәлкім. Кеспелтек кітап менің Әзағаң сыйлаған қуанышымның өзіндік өлшеміндей ме екен? Жіберген сауалдарыма қайтарған «жұп-жуан» жауаптары да көз қызықтырғанымен, алдымен, автордың бұл кітапқа арнау сөзі ырқымды бағындыра берді. «Аяулы Адам, асыл Азамат, қадірлі Қаламгер – менің әдеби ақылшым Мұқан Иманжанов жайындағы бұл қарапайым еңбегімді өз замандастарының, біздің бәріміздің ортақ Ұстазымыз болған қазақ әдебиетінің ХХ ғасыр­­­дағы Ұлы Классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 100 жылдық торқалы тойына тарту етемін», – делінген арнауда. Есіме сарт етіп түсті. Тоқта! Алғашқы романы «Махаббат, қызық мол жылдарды» да Әзағаң осы Мұқан ұстазына арнап, жариялағаны қайда? Қане, оқып көрелік. «Бұл кітабымды жас ғұмырдың жалынды жыршысы және жас қаламгерлердің жанашыр қамқоршысы, жалықпас ұстазы болған жазушы, марқұм Мұқан Иманжановтың ескерткішіне арнаймын». Мұқан ұстазы бұдан он екі жыл бұрын дүниеден озса да осылай еске алып, рухына роман, енді, міне, тағы да кітап бағыштап отырған шәкірттің кішілігі мен кішіпейілдігіне тәнті болып, Әзағаң телефонына қоңыраулаттық. Әзағаң қашанғы әдетімен амандық- саулықты тәптіштеп сұрап алғаннан кейін, жіберген қағаздары мен кітабына шын жүрегімнен рақметімді айтып, қуанышымды білдіріп жатыр едім, ол кісі көкейіндегі бір мәселені тікесінен сыналап жібергендей болды. Әсілі, істеген жақсылығына қарымта күтпейтін, біреуге салмақ салып сөйлемейтін, кей сәттері аса маңызды іске жаны ашыған тұста да «өзіңіз біліңізге» сайып, сыпайы бипаздайтын Әзағаң бұл жолы: – Менің бір айта алмай жүргенім бар еді, қалқам! – деп жасқаншақтық танытқаны – сәл жұмсарып, биязылана түскен дауысынан байқалды. Менің ықыласымды күтпестен сөзін жалғай түсті. – Қайсаржан-ау! Менің Мұқан Иманжанов деген ұлы ұстазым болғанын білесің. Оны жүзге жуық адам ұстаз санап, қастерлеп өтті. Енді сол аса талантты жазушының еңбегі көмескіленіп, тіпті ұмытылып бара жатқандай. Небәрі 41 жыл 3 ай өмір сүрген оның алмас қаламынан басқасын айтпағанда, «Алғашқы айлар» повесі мен аяқталмай қалған «Көк белес» романы, көптеген тамаша пьесалар мен әңгімелер туындағаны белгілі. Өзге жанрларда да көсіле жазды. Ол кісі замандастарын хаттарымен тәрбиелеген үлкен жүрек иесі еді. Әйтеуір ұстазымның 85 жылдығына міне, бір кітап арнағаныма мәзбін. Шәкірті болдым деп дәсердей болатын кейбіреулер осы мерейтой кезінде бір ауыз жылы сөз жазбағанына қайран қалдым. Есіңде ұстағайсың, қалқам, ұстазыңның ұстазын да ескере жүргейсің деген өтінішім бар… Ұмытқан жоқпын ғой, ұлы ұстазым Мұхтар Әуезов туралы жазған естелігіме қаншама жылдар өтсе де разылық білдіріп, алғыс жаудырушылардың бірі өзің болатынсың… Осы әңгімелердің бәрін ұстаздық ұлағаты мен оны ұлықтаудың ұстыны ұрпақтар жүрегінде қалыптассын деген дәмемен айтып жатқанымды түсін, шырақ!… Көкейден өшпейді екен сол сөздер. Уақыт қанатына ілесіп, көңілден ысырылмай келіпті-ау. Баяғы, әне-міне, тірлік. Өзге шаруалар килігіп кете берді. 2005 жылы Әзағаң туралы «Махаббат жыршысы» деген эпистолярлық кітап шығардық. Соның созылыңқы күйбеңі. Бірақ Иманжанов есте жүреді. Бір тежеліс бар. Әзағаңнан асырып не жаза қоярмын деп, еріксіз тұйықталасың. Әлде Әзағаң осы тақырыптың жалғаса беруін қалайтын шығар деп ойға да беріліп қоямыз. Ұстазы туралы өзі айтқан ұзақ әңгімелердің тізбегі жадта қашалғандай. Және кітабында да сарқылмайтын сансыз қазына қатталған. Сөйтіп жүргенде, 2011 жылдың жаңа күндері басталды. Әзағаңды құттықтадық. Өзі де жаңажылдық ыстық тілек арасында биыл Иманжановтың 95 жылдығы екендігін еске салды… Тағы бір жолы хабарласқанда, Өскеменде қысқы Азиаданың алауын алып жүгіруі мүмкін екендігінен де хабардар етіп, баяғы әзіліне басып «шалша жүгіріп көреміз ғой» деп күлдірткен. Сөзінің соңында «сосын жүрек алауымды жағып, Мұқан Иманжанов жылының жалындап өтуіне күш салсам ба деймін» – деп сәл кідірді де, былайша жалғады: «баяғы өтініштер есіңде шығар…». Осы сөзден жарты ай шамасы өткенде Әзағаң мәңгілікке аттанып кете барды… Асыл ағаның өзімсініп айтқан «баяғы өтініштер есіңде шығары» – «әттеген-айымен» миымды піскілеп, аманат сөзі боп тәніме оқша қадалды… Тәннен оқ жарықшағын суырып алып тастаса, тән жазылады ғой. Бірақ жан азабы ше?.. «Ажалдыдан – дат, Ауқаттыдан – ат, Ақыл­дыдан хат қалады. Дат өшеді, Ат өледі, Тек хат қана ұзақ өмір сүреді», – деп Әзағаңның өзі айтпақшы, М.Иманжанов туралы әңгіме қозғағанда осы ұстаз бен шәкірт арасында алмасылған хаттарға жүгінбей кетуге әсте болмайтын сыңайлы. Әзағаңның «ол хаттарымен тәрбие­леген», – деген сөзі де жадта қаша­лып, екеуара жазбаларының сырына терең үңілдіре түседі. «Мына бір кішкентай жина­­­­ғымды кітаптарыңның арасына сала салыңыздар»,– дейді Мұқан. «Та­ныс қыз» әңгімелер жинағын айтып отыр. Енді бір хатында: «Мен мына бір очерксымағымды жіберіп отырмын»,– дейді де, «Егер ұнамаса яки басқа бір себептер болса, менің көңіліме қарап баспаңдар»,– деп (Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетіне жолдаған) ар ойлайды. «Ол редакцияға да, авторға да абырой әпермейді. Мен ондайға ренжімейтін қазақпын», – деген тұжырымы да тұнықтығын байқатпай ма? Ыстық, қамқор көңілдің жылы ағысы жан ерітетіндей: «Өз творчес­твоң қалай? «Баян» бітті ме? «Ше­ш­ен­ді» қашан жібересің? Тезірек жіберсеңші. Ондай нәрсені іште сақтай беруге болмайды, жолдас!». Мұқан жастардың қолжазбасын оқып, ақыл-кеңесін айтудан жалықпаған. Сөйтіп, қаншама таланттарды бесігінен танып, қияға ұшыруға себепкер болды десеңізші. Қараңызшы, алыстағы редактор Әзілханға Алматыда жатып шыр-пыры шығып, шығармашылық шабыт шақырушының тауқыметін нендей ынтызарлыққа жатқызуға болады. Оның «Алыстағы ауданда» очеркінің қолжазбасын оқып, тәнті болуынан болашақ үлкен жазушыға деген сенімін аңғарасыз. «Иә, иә, бұл әңгіме, шын өмірден алынған көркем әңгіме. Мұныңмен очерк жазуды біраз қиындаттың. Несі бар, дұрыс. Қиындасын, қолымыздан келмейді екен, әуреленбейік, бұл жанрды қорламайық», – деп жазу жүгін көтере алмайтын күшеншектерге сес көрсетеді. Мұқан шәкірті Әзағаңды очеркшілер сапынан суырып алып, жазушы еткендей әсер қалдырады. Оған мына хаты дәлел: «Повесть жазу қажет. Көп адамның характері, толып жатқан оқиғаларың бар. Олар кесек, көркем шығарманы тілеп тұр. Егер мені тыңдасаң, очерк­терді бітірген соң, соған кірісіп кетсең… Құдай біледі, тез жазасың, жүріп кетесің. Бір кірісіп алған соң өзіңді қызықтырып сүйреп алып кетеді». Өзгенің қуанышын бөлісу – бөлек бітімді адамдарға тән секілді. Мұқанның кіршіксіз жанын білмек болсаңыз, мына хатына үңіліңіз: «Менің кейде (жиі кездеседі) бір нәрсеге сүйінсем де көзіме жас келе қоятыны бар. Осы бір осалдығыма өзім ренжимін. Мен қазір сондай халдемін, күлімдеймін, бірақ, алқымыма бірдеңе тығыла береді. Қызық қой сезім деген!.. Мұның бәрін шақырып отырған сенің ең­бегің, сәтті, қуанышты еңбегің. Бұл – нағыз очерк, шын мағынасындағы көркем очерк!.. Кә­дімгі шын өмірден көркем әңгімені қалай жа­зудың жолын тарттың. Егер мен әдебиеттен бірдеңе түсінсем, сендегі талант талайларды қызықтыруға тиіс, қызықтыратын да болады. Тек сенде әзірге бір нәрсе жетпейді: еркін сезін­­­­бейсің. Осыдан арыл, құлашыңды іркілмей сілте». Кейде Әзағаң құлағында қала берсін дей ме екен, Мұқан ұстазы туралы елеусіздеу етіп әңгіме айта салушы еді. Павлодардан жіберген Әзағаң очерктерін ерімен жарысып оқитын көрінеді Рәзия апай. Бұл құбылыс Мұқанды таң-тамаша қалдырады. Мұндай құштарлықтың сырын білмек боп, бір жолы зайыбынан: «Сен Әзілханның очерктерін шынымен ұнатып, сүйсініп оқисың ба?», – деп сұрайды. Ол күлімдеп басын изейді. Егін, мал, цифрлардан оқиға құрайтын очеркистің осынша әсерлендіретін нендей қасиеті бар дегендей жазушы ұзақ аңтарылып қалады. «Бәрібір мен махаббат әңгімесін оқып отырғандай ғажаптанамын!» – дейді Рәзия көзі ұшқындап. «Қойшы, тіпті әсірелеп жібердің-ау!» – дейді бұл жорта таңданып, әйел сырын түрткілей. «Әзілхан махаббатпен жазғасын темірің де нәзіктеніп кетеді емес пе? Бар сиқыры сонда ғой!» – деп зайыбы шынайы пікірін тәтті талмағандай таңдайына жағып тамсанатын. Әзағаң осы қызық эпизодты айта келіп, ұстазы­­­­ның жазған бір хатынан үзіндіні жатқа айтып берді. «Әйелдерге очерктер ұнау дегенді мен автордың пайдасына тамаша іс деп білемін. Олар кітапты бізден гөрі басқарақ оқиды ғой. Сезінуі де басқарақ қой!» – деп жазуында соншалықты ақиқат жатқан сияқты. Өзгенің көңілін аулағыш, тек жақсы сөзімен ғана жанын семіртіп отыратын аса бауырмал, сергек те сезімтал Әзағаң Мұқан ұстазына хат жазған сайын «Мен мазаңызды алғанға ренжіп жүрсіз бе?» – деп жасқаншақтық жасайды екен. Соны аңғарған ұстазы реніш танытып, өзіне әрдайым жақын тарта сөйлеп, еркінси жүруін талап еткендей болғаны оның мына ақжарылқап сөзінен айқын байқалады. «Осының не қажеті бар? (әлгіндей ыңғайсызданғандық көрсеткеніне налығаны – Қ.Ә.) Егер талант өз өнерін көрсетіп жатса, оны маған сеніп тапсырып жатса, бұл мені қалайша қуантпайды деп ойлайсың? Таланттың кезінде жарыққа тез шығуына, зәредей де болса себім тисе, мен өзімді бақытты санар едім… олай болса, сен маған сондай бақытты қи. Егер аз да болса сеніміңе жарасам, жібере бер. Перзентті қадірлеуге құлмын. Іркілме, қысылма», – деген жүрекжарды ыстық лебізі ұстаздың мейірімге толы ұлағатын аңғартпай ма? Астанаға талай рет келіп-кетіп жүргенде Әзағаңмен молынан сырласуға мүмкіндік туып қалатын. Сондайда Ұлытау ұланы туралы кейбір әңгімелерін де қисындап, сыналап жіберетін. Оның жомарттығына таңдай қағатын. Ақша сұраған біреудің көңілін қимай, қалтасында ештеңе болмай қалса, Гоголь көшесіндегі жинақ кассасына ертіп апарып, алақанына қаржы салатын. Және де қарыз туралы ежіктеп те жатпайды екен. Ол «жәрдемшіл-жүрек» иесі атаныпты. Павлодардағы жалаңаяқ жас жазушы Вс. Ивановқа Мәскеуден етік жіберген Горький секілді ол да жұрттың көңілін көтеруге асығып тұратын. Мейірімді жүректің ықыласына бөленгеннің бірегейі журналист-редактор Әзағаң болған. Оны Керекуден тауып алып, тынбай қамқорлық жасады. Әрбір әдеби қадамын қадағалап, ақылын айтып отырды. Кемел келешегіне қалтқысыз сенген ол сыртта жүрген Нұршайықовты сыртынан кепілдеме жинаттырып, Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдатыпты. «Мен сол себепті Иманжановты өз Горькийім деймін мақтанышпен. Осындай «горькийлікті» ол менен басқа да әлденеше адамға жасаған еді»,– деп Әзағаң кеңкілдеген баладай толқып, бейнебір қарсы алдында сол ұстазы отырғандай, құшағына сыйдырмақ болған кісіше тереңнен демалып, кеудесін кергілеп қойды. Әзағаң Мұқанның сөзімен соғыстан келгеннен кейін танысса, өзімен 1954 жылы жүздескенін тәтті аңсаумен еске алатын. Бұл таныстығы үш жыл бес айға, яғни Иманжанов өмірінің ақырына дейін созылыпты. Бәрін есепшотқа салғандай етіп тиянақтап жүретін Мұзафар Әлімбаев Мұқанның әдеби достарының санын алпысқа жеткізсе, ал кейбіреулер жүзге маңайлатады. Сан ауытқулығы бар шығар, бірақ сапасы салымды болыпты. Тек Баубек Бұлқышевпен ғана жан аямас достығы не тұрады? Екеуі Алматы қаржы техникумын үш жыл оқып, үздік тәмамдайды. 1940 жылы Баубек әскер қатарына алынып, денсаулығы нашар Мұқан ілікпей қалады. Әрі қарай соғыс басталады. Қанқұйлы жылдары майдандағы досына жазған хаттарында: «Айналайын-ай, аман болсаң екен!» – деп жалбарына тілесе, тағы бірде: «Сенің орныңа құдай мені алсын!» – деп әлденеден сезіктенгендей салын суға кетіріпті. 1944 жылы Баубек оққа ұшқанда, Мұқан жас баладай еңіреп, етегін жасқа толтырады!.. Мұқандай асыл азамат өзгелерді хат жазып тәрбиелегенімен қатар, қойын дәптерлерін де тынымсыз толтыруға ыждағатпен қарапты. Оған оның соңында мұра боп қалған «Рига дәптері» мен «Қырым дәптері» куә. Жан сезімін түсіріп отырған. Дімкәс көңілінің оңалмайтын тұстарын да жалтақсыз, жабығып жазып кеткен. Ауру меңдегенде: «Менің төсек тартып жатқаныма бір айдай уақыт болыпты… Шынын айтқанда, жыл басынан сау күнім жоқ. Құрысын бүйткен денсаулық!» – деп түңіледі Рига ма­ңын­да емделіп жатқанда (13.04.1956 ж). Осы күні Әзілхан туралы ойын дәптеріне былайша түсіріпті: «Осы бір адал жанды, тамаша адамға мен тарапынан жеткілікті ілтипат болмай-ақ жүр. Ол мені жақсы көргендегідей мен оны жақ­сы көре алдым дей алмаймын, оның жүрегі мені­кінен әлдеқайда ыстық, әлдеқайда мазасыз екендігін әр хатынан, телеграммасынан айқын сеземін». Ал Әзағаң да ұстаз алдындағы борыш-парызын ақырғы демі біткенше орындаудан жалықпаған ақ адал жан еді. Ұстазының «Адамға көп жасау ғана мұрат емес, оның үстіне, көп білу, кейінгіге көп еңбек қалдыру мұрат», – деген өсиетін бір сәт есінен шығармайтын ол, оған жазған жауап хаттарын былай қойғанда, мерейтойларынан басқа да кезде үнемі еске алу мақалаларын жариялап отырды. Маған да ескертіп, шығармашылықтағы уылжыған кезеңдерінен бастыққанға дейінгі қызыл тінді қызық та қауырт жазу-сызудың машақатты, шабытты, шалқымалы сәттерінен әңгімелеп қалып, өнегелі, өрісті шақтарынан сыр түйіп отыратынын, жоғарыда келтірдім ғой. Әзағаңның М.Иманжановтың туғанына 50 жыл толуына арналған толғанысы қазақ әдебиетіндегі өзгеше өркешті жанр ретінде сақталып қалмақшы. Өмірден өтіп кеткен кісіге арнау хат жолдап, кейінгі тірлікті баян ету тәсілі нақтылықтан сәл ауытқымауымен құнды болса керек. «…Біз Сіздің біреудің жақсылығын, жаңа бітірген ең­бегін естігенде сүйсініп, қуанғандықтан нұр ша­шып бажырая қалар кездеріңізді сағындық. Біз Сіздің жүректі лүп еткізіп, баурап әкететін «ба­уырым» деген ересен ыстық сөзіңізді сағындық. Біз Сіздің өзіңізге шын берілген жүзге жуық досыңыз түгел сыйып кететін даладай кең жүрегіңізді сағындық!». Иә, ұстаздың жүрек жылуын сезінген шәкіртте не арман бар? Сексен тоғыз жасында дүниеден озған Әзағаң соңғы демі біткенше Мұқан ұстазын аузынан тастамай кетті. Небәрі қырық бір жыл жасаған дарынды жазушы соңына соқталы дүниелер қалдырғаны белгілі. Жоқшылықпен, меңдеген сырқатпен алысып жүріп, көркем шығармалар жазыпты. Ол кейде оңашада Әзағаңа ашылып сөйлеп, жан баласына тіс жармаған сырын тарқататын. 19 жасында әкесі өзі сүймейтін бір қызды келіншек етіп әпермек болып, бұл одан қанша азар да безер үріксе де, Алматыға оқуға жол қаражатынсыз кете алмайтынын біліп, амалсыз үйленеді. Үш күн «үйлі-баранды» болғанымен, қызға қылдай қиянат жасамай, әкесінен ақша алып, алыс сапарға аттанады. Содан үш жыл бойы елдің бетін көрмейді. Әкесіне хат жазып, «күнәсіз келінді еліне қайтар, сүйгенімен қосылып кетсін» деп өтінеді. Содан әке мен бала арасы алшақтап кетеді. Елден қаражат сап тыйылады. Әбден тарыққан Мұқан оқуын ауыр еңбекке жегіліп жүріп жалғастырады да өкпе дертіне шалдығады. Осы ауруын одан әрмен өршіткен екінші бір көрген қорлығын да ашынып айтса керек. Жазушылар одағында жауапты қызмет атқарған бір жазушы романын сынап, кемшіліктерін әділ көрсеткені үшін соңына шам алып түсіп, кезегі келіп тұрған үйді бергізбей, далаға тастайды. Сөйтіп, ылғал, ауасы тар жеркепеде өмірін өткізіп, сырқаты асқынып, тұрмыстан бір рақат көрмей бақилық болады. Шүкір, жүдеу тірлікті Мұқан соңғы сапарға «байып» аттанғандай болды. Халқы қарақұрым жиналып, аза тұтты. Шәкірті, жас ақын Тұманбай Молдағалиев қабір басында, төменде үңірейіп жатқан көрге, одан соң оның жиегіндегі жас топырақ үстіндегі ұзын қызыл табытқа қарап қойып: «Іздедім өлеңмен, тербедім, Денеңді қияды жерге кім?! Аяулы ұстазым, өзіңді, Кеудеме жерледім!» – деп зарлай жөнелген. Жазушының жетісі берілген күні Сәбит Мұқа­нов қарлығыңқы дауысын одан әрмен қатайтып, жан-дүниені қырғышпен қырғандай етіп: «Иманжанов Жазушылар одағының жұмысын бір өзі атқарды. Тіпті болмағанда, бүкіл одақтың тәрбиелік жұмысын жалғыз өзі атқарды дегенге дауласуға болмайды», – деп шегендеп сөйледі. Жақсының өнегесі өлшеусіз екендігін уақыт безбендеп береді екен. М.Иманжановты еске алу кешінде Серік Қирабаев: «Мұқанның дұшпаны жоқ еді», Зейнолла Қабдолов: «Біз жанымыздың тазалығын көру үшін Мұқанға қарайтынбыз. Өйткені, ол біздің айнамыз болатын», Өтебай Қанахин: «Мені әдебиетке алып келген Мұқан еді», Жақан Сыздықов: «Ол менің ғана емес, бүкіл ұрпақтың есінде қалады», – деп тамсанып та талғап айтуы тегіннен-тегін бе?! Ал Ә.Нұршайықов әдеттегідей жазып әкелген сөзін төс қалтасынан суырып алып, оқып берген-ді. Қойған тақырыбы да қызық: «Мұқанның қолынан келмейтін Он төрт іс» деп аталады. Осыншасын тізбелегенде, ұстазының ірілігі одан сайын айқындала түскен. Сәл үзінді: «Мұқанның қолынан жалынсыз шығарма жазу келмейтін»; «Жұртқа жақсылық жасамау қолынан келмейтін»; «Жағымпаздық қолынан келмейтін»; «Арақ ішу, шараппен шабыттану қолынан келмейтін»; «Көзінің қос қарашығы Махсұты мен Рүстемін, науқасымды жұқтырып алмайын деп жасқана отырып, күніне екі рет емірене сүймеу қолынан келмейтін», т.б. Ал қолынан келетін істері сансыз еді жарықтықтың… Жақсылық жасау үшін жаратылған осындай періште пенденің өмірдегі өксігі өлшеусіз болатын. Денсаулығы шығармашылықта құшағын кең ашқызбай, құштарын тұшынтып қандырмай, ойлағанын орта жолда опырып тас­тап, опасыздық жасаумен тынысын өшірді. Мұңаймай тұрып, мұңаймай жата алмады. Әл-дәрменін жылдар бойы кеміріп, кемтардай күйге түсірген созылмалы сырқат қаламын қайырды, жігерін мұқалтты, сенімін селкеуледі. Шыбын жанына шипа іздеп Қырым курортына барғанда күнделігіне: «Үйім ғой мені оңалып, емделіп жатыр деп қуанады. Қайдан білсін, менің тағы күпшегі тозған ағаш арбадай қиралақтап қалғанымды. Дегенмен, бүгін жөтел азайған сияқты»,– деп түңілсе де сәл жөтел қыспағанына үміттеніп жазыпты. Сол курортта бір әйелдің көзімен көзі түйісе кеткенін түртіп қойыпты. Мұндай секунд өте қауіпті деп мойындайды ол. Жүрекке от жағып кетуі ықтималдығынан сескенеді. Өйткені, сүйкімді әйел көздерінде адамды еріксіз өзіне тартып алатын бір жұмбақ қасиеттер болады. Сен кейін өзіңе-өзің келіп, сабыр тапсаң да, жаңағы бір көзден жалт еткен ұшқын жүректе қалып қоятынын саралай келген Мұқан былайша түйін жасайды: «Сондықтан мен… әйелдің жүзіне көп қадала бермеймін. Себебі – жүрегімді, семьямды сүйген жүрегімді босқа мазалағым келмейді. Сезімнен адам өлмейтінін, бөтен әйелмен сүйіспей-ақ өмір сүруге, көңілді дем алуға болатынын мен өмірімде көріп келемін». Мәңгілік махаббат, адал достық, арманшыл жастық жөнінде талай тамаша туындылар жазып қалдырған Мұқандай нәзік жүрек жазушының жаны таза, пейілі түзу, шынайы сүйіспеншілік сезіміне селкеулік жасамайтынының бастауы өзінің осындай жар алдындағы пәктігін мойындаудан, отбасы сыйластығы, бала тәрбиесі жауапкершілігін терең түйсінуден жібектей тарқатылатындығы ғанибет қой. Арлы, ұстамды, саналы, салиқалы, өнегелі жазушы ғана өмір шыншылдығын шеберлікпен, арына кір түсірмей суреттей алмақ. Мұқан ұстаз сондай кіршіксіз адамгершілігімен өзін де, жазуын да оқырмандар ықыласына бөлей берері анық. Оның жазғанына имандай сеніп, әсерленіп отырасыз. Себебі, ол иманды жан! Қысылғанда, қиналғанда дос қадірі түрлі ойға салады. Мұқанның мына хаты (19.11.1956 ж.) соның айғағы: «…Ал жүрекке ұялаған достық, о, атамаңыз, бұл ешбір заказсыз, ешбір есепсіз қиын күнде өзі жарып шығады! Биылғы басыма төнген қатерлі күндерімде өздеріңнен осыны әрбір минут сайын сезіндім. Сүйсінгендіктен, риза болғандықтан талай жылап та алдым. Тағы да айтам: көп-көп рақмет Әзілхан, Халима!». Дос-ағаға дос-інісі де қарыздар боп қалмап­ты. Әзағаң бір толғауында: «Сіз бір хатыңызда очерктің рамкасы саған тарлық етіп жүр, сен повесть, романға көш, батыл кіріс депсіз. Менің батылсыздығыма ренжіпсіз»,– дей келіп, « қаладағы, даладағы жас әдебиетшілер Жа­зушылар одағына барудың орнына Сізге барушы едік қой топырлап» деп сағынышын көзінің жасына сығып қосыпты-ау!.. … Біз не дер едік, бұған қосып! Ұстаз бен шәкірт! Екеуі де қазақ әдебиетінің серпінді де қажырлы қос қанатындай жарқын тұлғалар. Мақсаттас, армандас асыл бейнелер. Хаттарымен бірін-бірі жебескен. Иелері кетеді екен, жазғандары қалады екен. Екеуі де сол хаттарымен ұрпақтар тәрбиесіне әркез араласа беретіндей, елгезек күйінде есте қалмақшы. … Енді не тұрыс бар?! Мұқан – Әзілхан тақырыбының тыңына түрен дендеп түсе бастағандай ма?!.. Құйқалы, құнарлы тақырып­тың түгін тартсаң, майы шығар-ау, сірә! Қайсар ӘЛІМ, «Егемен Қазақстан».
14.11.2013 04:29 7596

Өмір аманатсыз болмайды екен! Алғашқы аманатты жан анамның аузынан ақырғы демі бітерде, жиырма жеті жасымда естіппін. Сүйегіне ілініп, қос жанары жылтырап, пышақтың қырындай жанылған жақтарын шодырайған иегі әрең қабыстырған күйі, кемсеңдеуге әл-дәрмені келмей жатып: «Қаламсабыңды тастама!..» – деп иегін соңғы рет қағып қалған. «Құлыным» деуші еді жарықтық, демі жетпей, сол тәтті атауын қармай алмады білем… Анамның осы аманат сөзін Ә.Нұршайықов дос-ағам мен туралы мерейтойлық (60 жас) мақала жазғанда эпиграф етіп алды. Демек, қаламсапты тастауға хақымыз жоқ екен! 

Сосынғы аманатты Әзағаң аузынан естідім… Айтып берсем, былай…

…Алматыдан Астанаға бүйірі тоқ пакет келді. Әзілхан Нұршайықов жіберіпті. Қалай ашқанымды білмеймін, ішінен Әзағаң қолжазбалары ақтарылып түсті де, іле алақа­нымды толтырған бір көкшіл кітап топ ете қалды үстеліме. Автордың «Қаламгер және оның достары» деген кітабы екен. «Өлке» бас­пасынан 2000 жылы жарық көріпті. Мұндайда дегбір қала ма? Бірден автографқа көзім түсті. «Қымбатты Қайсар інім! Бұл менің өз ұстазым Мұқан Иманжанов туралы жазған кітабым еді. Сіз өткен ағаларды «өлтірмей» – ұмытпай ардақтайтын абзал азаматтардың бірісіз ғой. Сіздің сол ағаларға деген асыл ілтипатыңызға, шексіз сүйіспеншілігіңізге деген ризашылығымның белгісі ретінде бұл кітабымды өзіңізге ерекше ықыласпен сыйлаймын. Қабыл алғайсыз. Келін, балалар бәріңіздің бақытты болуларыңызға шын жүректен тілектеспін. Зор құрметпен: ағаң Ә.Н. 20.09.2001 ж. Алматы».
Бақытты алыстан іздеп жатып қайтеміз? Бақыт ұшқыны осындай жүрек сөзінен себезгіленетін шығар, бәлкім. Кеспелтек кітап менің Әзағаң сыйлаған қуанышымның өзіндік өлшеміндей ме екен? Жіберген сауалдарыма қайтарған «жұп-жуан» жауаптары да көз қызықтырғанымен, алдымен, автордың бұл кітапқа арнау сөзі ырқымды бағындыра берді. «Аяулы Адам, асыл Азамат, қадірлі Қаламгер – менің әдеби ақылшым Мұқан Иманжанов жайындағы бұл қарапайым еңбегімді өз замандастарының, біздің бәріміздің ортақ Ұстазымыз болған қазақ әдебиетінің ХХ ғасыр­­­дағы Ұлы Классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 100 жылдық торқалы тойына тарту етемін», – делінген арнауда. Есіме сарт етіп түсті. Тоқта! Алғашқы романы «Махаббат, қызық мол жылдарды» да Әзағаң осы Мұқан ұстазына арнап, жариялағаны қайда? Қане, оқып көрелік. «Бұл кітабымды жас ғұмырдың жалынды жыршысы және жас қаламгерлердің жанашыр қамқоршысы, жалықпас ұстазы болған жазушы, марқұм Мұқан Иманжановтың ескерткішіне арнаймын». Мұқан ұстазы бұдан он екі жыл бұрын дүниеден озса да осылай еске алып, рухына роман, енді, міне, тағы да кітап бағыштап отырған шәкірттің кішілігі мен кішіпейілдігіне тәнті болып, Әзағаң телефонына қоңыраулаттық.
Әзағаң қашанғы әдетімен амандық- саулықты тәптіштеп сұрап алғаннан кейін, жіберген қағаздары мен кітабына шын жүрегімнен рақметімді айтып, қуанышымды білдіріп жатыр едім, ол кісі көкейіндегі бір мәселені тікесінен сыналап жібергендей болды. Әсілі, істеген жақсылығына қарымта күтпейтін, біреуге салмақ салып сөйлемейтін, кей сәттері аса маңызды іске жаны ашыған тұста да «өзіңіз біліңізге» сайып, сыпайы бипаздайтын Әзағаң бұл жолы:
– Менің бір айта алмай жүргенім бар еді, қалқам! – деп жасқаншақтық танытқаны – сәл жұмсарып, биязылана түскен дауысынан байқалды. Менің ықыласымды күтпестен сөзін жалғай түсті. – Қайсаржан-ау! Менің Мұқан Иманжанов деген ұлы ұстазым болғанын білесің. Оны жүзге жуық адам ұстаз санап, қастерлеп өтті. Енді сол аса талантты жазушының еңбегі көмескіленіп, тіпті ұмытылып бара жатқандай. Небәрі 41 жыл 3 ай өмір сүрген оның алмас қаламынан басқасын айтпағанда, «Алғашқы айлар» повесі мен аяқталмай қалған «Көк белес» романы, көптеген тамаша пьесалар мен әңгімелер туындағаны белгілі. Өзге жанрларда да көсіле жазды. Ол кісі замандастарын хаттарымен тәрбиелеген үлкен жүрек иесі еді. Әйтеуір ұстазымның 85 жылдығына міне, бір кітап арнағаныма мәзбін. Шәкірті болдым деп дәсердей болатын кейбіреулер осы мерейтой кезінде бір ауыз жылы сөз жазбағанына қайран қалдым. Есіңде ұстағайсың, қалқам, ұстазыңның ұстазын да ескере жүргейсің деген өтінішім бар… Ұмытқан жоқпын ғой, ұлы ұстазым Мұхтар Әуезов туралы жазған естелігіме қаншама жылдар өтсе де разылық білдіріп, алғыс жаудырушылардың бірі өзің болатынсың… Осы әңгімелердің бәрін ұстаздық ұлағаты мен оны ұлықтаудың ұстыны ұрпақтар жүрегінде қалыптассын деген дәмемен айтып жатқанымды түсін, шырақ!…
Көкейден өшпейді екен сол сөздер. Уақыт қанатына ілесіп, көңілден ысырылмай келіпті-ау. Баяғы, әне-міне, тірлік. Өзге шаруалар килігіп кете берді. 2005 жылы Әзағаң туралы «Махаббат жыршысы» деген эпистолярлық кітап шығардық. Соның созылыңқы күйбеңі. Бірақ Иманжанов есте жүреді. Бір тежеліс бар. Әзағаңнан асырып не жаза қоярмын деп, еріксіз тұйықталасың. Әлде Әзағаң осы тақырыптың жалғаса беруін қалайтын шығар деп ойға да беріліп қоямыз. Ұстазы туралы өзі айтқан ұзақ әңгімелердің тізбегі жадта қашалғандай. Және кітабында да сарқылмайтын сансыз қазына қатталған. Сөйтіп жүргенде, 2011 жылдың жаңа күндері басталды. Әзағаңды құттықтадық. Өзі де жаңажылдық ыстық тілек арасында биыл Иманжановтың 95 жылдығы екендігін еске салды… Тағы бір жолы хабарласқанда, Өскеменде қысқы Азиаданың алауын алып жүгіруі мүмкін екендігінен де хабардар етіп, баяғы әзіліне басып «шалша жүгіріп көреміз ғой» деп күлдірткен. Сөзінің соңында «сосын жүрек алауымды жағып, Мұқан Иманжанов жылының жалындап өтуіне күш салсам ба деймін» – деп сәл кідірді де, былайша жалғады: «баяғы өтініштер есіңде шығар…».
Осы сөзден жарты ай шамасы өткенде Әзағаң мәңгілікке аттанып кете барды… Асыл ағаның өзімсініп айтқан «баяғы өтініштер есіңде шығары» – «әттеген-айымен» миымды піскілеп, аманат сөзі боп тәніме оқша қадалды… Тәннен оқ жарықшағын суырып алып тастаса, тән жазылады ғой. Бірақ жан азабы ше?..
«Ажалдыдан – дат, Ауқаттыдан – ат, Ақыл­дыдан хат қалады. Дат өшеді, Ат өледі, Тек хат қана ұзақ өмір сүреді», – деп Әзағаңның өзі айтпақшы, М.Иманжанов туралы әңгіме қозғағанда осы ұстаз бен шәкірт арасында алмасылған хаттарға жүгінбей кетуге әсте болмайтын сыңайлы. Әзағаңның «ол хаттарымен тәрбие­леген», – деген сөзі де жадта қаша­лып, екеуара жазбаларының сырына терең үңілдіре түседі.
«Мына бір кішкентай жина­­­­ғымды кітаптарыңның арасына сала салыңыздар»,– дейді Мұқан. «Та­ныс қыз» әңгімелер жинағын айтып отыр. Енді бір хатында: «Мен мына бір очерксымағымды жіберіп отырмын»,– дейді де, «Егер ұнамаса яки басқа бір себептер болса, менің көңіліме қарап баспаңдар»,– деп (Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетіне жолдаған) ар ойлайды. «Ол редакцияға да, авторға да абырой әпермейді. Мен ондайға ренжімейтін қазақпын», – деген тұжырымы да тұнықтығын байқатпай ма?
Ыстық, қамқор көңілдің жылы ағысы жан ерітетіндей: «Өз творчес­твоң қалай? «Баян» бітті ме? «Ше­ш­ен­ді» қашан жібересің? Тезірек жіберсеңші. Ондай нәрсені іште сақтай беруге болмайды, жолдас!». Мұқан жастардың қолжазбасын оқып, ақыл-кеңесін айтудан жалықпаған. Сөйтіп, қаншама таланттарды бесігінен танып, қияға ұшыруға себепкер болды десеңізші. Қараңызшы, алыстағы редактор Әзілханға Алматыда жатып шыр-пыры шығып, шығармашылық шабыт шақырушының тауқыметін нендей ынтызарлыққа жатқызуға болады. Оның «Алыстағы ауданда» очеркінің қолжазбасын оқып, тәнті болуынан болашақ үлкен жазушыға деген сенімін аңғарасыз. «Иә, иә, бұл әңгіме, шын өмірден алынған көркем әңгіме. Мұныңмен очерк жазуды біраз қиындаттың. Несі бар, дұрыс. Қиындасын, қолымыздан келмейді екен, әуреленбейік, бұл жанрды қорламайық», – деп жазу жүгін көтере алмайтын күшеншектерге сес көрсетеді.
Мұқан шәкірті Әзағаңды очеркшілер сапынан суырып алып, жазушы еткендей әсер қалдырады. Оған мына хаты дәлел: «Повесть жазу қажет. Көп адамның характері, толып жатқан оқиғаларың бар. Олар кесек, көркем шығарманы тілеп тұр. Егер мені тыңдасаң, очерк­терді бітірген соң, соған кірісіп кетсең… Құдай біледі, тез жазасың, жүріп кетесің. Бір кірісіп алған соң өзіңді қызықтырып сүйреп алып кетеді».
Өзгенің қуанышын бөлісу – бөлек бітімді адамдарға тән секілді. Мұқанның кіршіксіз жанын білмек болсаңыз, мына хатына үңіліңіз: «Менің кейде (жиі кездеседі) бір нәрсеге сүйінсем де көзіме жас келе қоятыны бар. Осы бір осалдығыма өзім ренжимін. Мен қазір сондай халдемін, күлімдеймін, бірақ, алқымыма бірдеңе тығыла береді. Қызық қой сезім деген!.. Мұның бәрін шақырып отырған сенің ең­бегің, сәтті, қуанышты еңбегің. Бұл – нағыз очерк, шын мағынасындағы көркем очерк!.. Кә­дімгі шын өмірден көркем әңгімені қалай жа­зудың жолын тарттың. Егер мен әдебиеттен бірдеңе түсінсем, сендегі талант талайларды қызықтыруға тиіс, қызықтыратын да болады. Тек сенде әзірге бір нәрсе жетпейді: еркін сезін­­­­бейсің. Осыдан арыл, құлашыңды іркілмей сілте».
Кейде Әзағаң құлағында қала берсін дей ме екен, Мұқан ұстазы туралы елеусіздеу етіп әңгіме айта салушы еді. Павлодардан жіберген Әзағаң очерктерін ерімен жарысып оқитын көрінеді Рәзия апай. Бұл құбылыс Мұқанды таң-тамаша қалдырады. Мұндай құштарлықтың сырын білмек боп, бір жолы зайыбынан: «Сен Әзілханның очерктерін шынымен ұнатып, сүйсініп оқисың ба?», – деп сұрайды. Ол күлімдеп басын изейді. Егін, мал, цифрлардан оқиға құрайтын очеркистің осынша әсерлендіретін нендей қасиеті бар дегендей жазушы ұзақ аңтарылып қалады. «Бәрібір мен махаббат әңгімесін оқып отырғандай ғажаптанамын!» – дейді Рәзия көзі ұшқындап. «Қойшы, тіпті әсірелеп жібердің-ау!» – дейді бұл жорта таңданып, әйел сырын түрткілей. «Әзілхан махаббатпен жазғасын темірің де нәзіктеніп кетеді емес пе? Бар сиқыры сонда ғой!» – деп зайыбы шынайы пікірін тәтті талмағандай таңдайына жағып тамсанатын. Әзағаң осы қызық эпизодты айта келіп, ұстазы­­­­ның жазған бір хатынан үзіндіні жатқа айтып берді. «Әйелдерге очерктер ұнау дегенді мен автордың пайдасына тамаша іс деп білемін. Олар кітапты бізден гөрі басқарақ оқиды ғой. Сезінуі де басқарақ қой!» – деп жазуында соншалықты ақиқат жатқан сияқты.
Өзгенің көңілін аулағыш, тек жақсы сөзімен ғана жанын семіртіп отыратын аса бауырмал, сергек те сезімтал Әзағаң Мұқан ұстазына хат жазған сайын «Мен мазаңызды алғанға ренжіп жүрсіз бе?» – деп жасқаншақтық жасайды екен. Соны аңғарған ұстазы реніш танытып, өзіне әрдайым жақын тарта сөйлеп, еркінси жүруін талап еткендей болғаны оның мына ақжарылқап сөзінен айқын байқалады. «Осының не қажеті бар? (әлгіндей ыңғайсызданғандық көрсеткеніне налығаны – Қ.Ә.) Егер талант өз өнерін көрсетіп жатса, оны маған сеніп тапсырып жатса, бұл мені қалайша қуантпайды деп ойлайсың? Таланттың кезінде жарыққа тез шығуына, зәредей де болса себім тисе, мен өзімді бақытты санар едім… олай болса, сен маған сондай бақытты қи. Егер аз да болса сеніміңе жарасам, жібере бер. Перзентті қадірлеуге құлмын. Іркілме, қысылма», – деген жүрекжарды ыстық лебізі ұстаздың мейірімге толы ұлағатын аңғартпай ма?
Астанаға талай рет келіп-кетіп жүргенде Әзағаңмен молынан сырласуға мүмкіндік туып қалатын. Сондайда Ұлытау ұланы туралы кейбір әңгімелерін де қисындап, сыналап жіберетін. Оның жомарттығына таңдай қағатын. Ақша сұраған біреудің көңілін қимай, қалтасында ештеңе болмай қалса, Гоголь көшесіндегі жинақ кассасына ертіп апарып, алақанына қаржы салатын. Және де қарыз туралы ежіктеп те жатпайды екен. Ол «жәрдемшіл-жүрек» иесі атаныпты. Павлодардағы жалаңаяқ жас жазушы Вс. Ивановқа Мәскеуден етік жіберген Горький секілді ол да жұрттың көңілін көтеруге асығып тұратын. Мейірімді жүректің ықыласына бөленгеннің бірегейі журналист-редактор Әзағаң болған. Оны Керекуден тауып алып, тынбай қамқорлық жасады. Әрбір әдеби қадамын қадағалап, ақылын айтып отырды. Кемел келешегіне қалтқысыз сенген ол сыртта жүрген Нұршайықовты сыртынан кепілдеме жинаттырып, Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдатыпты. «Мен сол себепті Иманжановты өз Горькийім деймін мақтанышпен. Осындай «горькийлікті» ол менен басқа да әлденеше адамға жасаған еді»,– деп Әзағаң кеңкілдеген баладай толқып, бейнебір қарсы алдында сол ұстазы отырғандай, құшағына сыйдырмақ болған кісіше тереңнен демалып, кеудесін кергілеп қойды. Әзағаң Мұқанның сөзімен соғыстан келгеннен кейін танысса, өзімен 1954 жылы жүздескенін тәтті аңсаумен еске алатын. Бұл таныстығы үш жыл бес айға, яғни Иманжанов өмірінің ақырына дейін созылыпты.
Бәрін есепшотқа салғандай етіп тиянақтап жүретін Мұзафар Әлімбаев Мұқанның әдеби достарының санын алпысқа жеткізсе, ал кейбіреулер жүзге маңайлатады. Сан ауытқулығы бар шығар, бірақ сапасы салымды болыпты. Тек Баубек Бұлқышевпен ғана жан аямас достығы не тұрады? Екеуі Алматы қаржы техникумын үш жыл оқып, үздік тәмамдайды. 1940 жылы Баубек әскер қатарына алынып, денсаулығы нашар Мұқан ілікпей қалады. Әрі қарай соғыс басталады. Қанқұйлы жылдары майдандағы досына жазған хаттарында: «Айналайын-ай, аман болсаң екен!» – деп жалбарына тілесе, тағы бірде: «Сенің орныңа құдай мені алсын!» – деп әлденеден сезіктенгендей салын суға кетіріпті. 1944 жылы Баубек оққа ұшқанда, Мұқан жас баладай еңіреп, етегін жасқа толтырады!..
Мұқандай асыл азамат өзгелерді хат жазып тәрбиелегенімен қатар, қойын дәптерлерін де тынымсыз толтыруға ыждағатпен қарапты. Оған оның соңында мұра боп қалған «Рига дәптері» мен «Қырым дәптері» куә. Жан сезімін түсіріп отырған. Дімкәс көңілінің оңалмайтын тұстарын да жалтақсыз, жабығып жазып кеткен. Ауру меңдегенде: «Менің төсек тартып жатқаныма бір айдай уақыт болыпты… Шынын айтқанда, жыл басынан сау күнім жоқ. Құрысын бүйткен денсаулық!» – деп түңіледі Рига ма­ңын­да емделіп жатқанда (13.04.1956 ж). Осы күні Әзілхан туралы ойын дәптеріне былайша түсіріпті: «Осы бір адал жанды, тамаша адамға мен тарапынан жеткілікті ілтипат болмай-ақ жүр. Ол мені жақсы көргендегідей мен оны жақ­сы көре алдым дей алмаймын, оның жүрегі мені­кінен әлдеқайда ыстық, әлдеқайда мазасыз екендігін әр хатынан, телеграммасынан айқын сеземін».
Ал Әзағаң да ұстаз алдындағы борыш-парызын ақырғы демі біткенше орындаудан жалықпаған ақ адал жан еді. Ұстазының «Адамға көп жасау ғана мұрат емес, оның үстіне, көп білу, кейінгіге көп еңбек қалдыру мұрат», – деген өсиетін бір сәт есінен шығармайтын ол, оған жазған жауап хаттарын былай қойғанда, мерейтойларынан басқа да кезде үнемі еске алу мақалаларын жариялап отырды. Маған да ескертіп, шығармашылықтағы уылжыған кезеңдерінен бастыққанға дейінгі қызыл тінді қызық та қауырт жазу-сызудың машақатты, шабытты, шалқымалы сәттерінен әңгімелеп қалып, өнегелі, өрісті шақтарынан сыр түйіп отыратынын, жоғарыда келтірдім ғой. Әзағаңның М.Иманжановтың туғанына 50 жыл толуына арналған толғанысы қазақ әдебиетіндегі өзгеше өркешті жанр ретінде сақталып қалмақшы. Өмірден өтіп кеткен кісіге арнау хат жолдап, кейінгі тірлікті баян ету тәсілі нақтылықтан сәл ауытқымауымен құнды болса керек. «…Біз Сіздің біреудің жақсылығын, жаңа бітірген ең­бегін естігенде сүйсініп, қуанғандықтан нұр ша­шып бажырая қалар кездеріңізді сағындық. Біз Сіздің жүректі лүп еткізіп, баурап әкететін «ба­уырым» деген ересен ыстық сөзіңізді сағындық. Біз Сіздің өзіңізге шын берілген жүзге жуық досыңыз түгел сыйып кететін даладай кең жүрегіңізді сағындық!».
Иә, ұстаздың жүрек жылуын сезінген шәкіртте не арман бар? Сексен тоғыз жасында дүниеден озған Әзағаң соңғы демі біткенше Мұқан ұстазын аузынан тастамай кетті. Небәрі қырық бір жыл жасаған дарынды жазушы соңына соқталы дүниелер қалдырғаны белгілі. Жоқшылықпен, меңдеген сырқатпен алысып жүріп, көркем шығармалар жазыпты. Ол кейде оңашада Әзағаңа ашылып сөйлеп, жан баласына тіс жармаған сырын тарқататын. 19 жасында әкесі өзі сүймейтін бір қызды келіншек етіп әпермек болып, бұл одан қанша азар да безер үріксе де, Алматыға оқуға жол қаражатынсыз кете алмайтынын біліп, амалсыз үйленеді. Үш күн «үйлі-баранды» болғанымен, қызға қылдай қиянат жасамай, әкесінен ақша алып, алыс сапарға аттанады. Содан үш жыл бойы елдің бетін көрмейді. Әкесіне хат жазып, «күнәсіз келінді еліне қайтар, сүйгенімен қосылып кетсін» деп өтінеді. Содан әке мен бала арасы алшақтап кетеді. Елден қаражат сап тыйылады. Әбден тарыққан Мұқан оқуын ауыр еңбекке жегіліп жүріп жалғастырады да өкпе дертіне шалдығады. Осы ауруын одан әрмен өршіткен екінші бір көрген қорлығын да ашынып айтса керек. Жазушылар одағында жауапты қызмет атқарған бір жазушы романын сынап, кемшіліктерін әділ көрсеткені үшін соңына шам алып түсіп, кезегі келіп тұрған үйді бергізбей, далаға тастайды. Сөйтіп, ылғал, ауасы тар жеркепеде өмірін өткізіп, сырқаты асқынып, тұрмыстан бір рақат көрмей бақилық болады.
Шүкір, жүдеу тірлікті Мұқан соңғы сапарға «байып» аттанғандай болды. Халқы қарақұрым жиналып, аза тұтты. Шәкірті, жас ақын Тұманбай Молдағалиев қабір басында, төменде үңірейіп жатқан көрге, одан соң оның жиегіндегі жас топырақ үстіндегі ұзын қызыл табытқа қарап қойып: «Іздедім өлеңмен, тербедім, Денеңді қияды жерге кім?! Аяулы ұстазым, өзіңді, Кеудеме жерледім!» – деп зарлай жөнелген. Жазушының жетісі берілген күні Сәбит Мұқа­нов қарлығыңқы дауысын одан әрмен қатайтып, жан-дүниені қырғышпен қырғандай етіп: «Иманжанов Жазушылар одағының жұмысын бір өзі атқарды. Тіпті болмағанда, бүкіл одақтың тәрбиелік жұмысын жалғыз өзі атқарды дегенге дауласуға болмайды», – деп шегендеп сөйледі.
Жақсының өнегесі өлшеусіз екендігін уақыт безбендеп береді екен. М.Иманжановты еске алу кешінде Серік Қирабаев: «Мұқанның дұшпаны жоқ еді», Зейнолла Қабдолов: «Біз жанымыздың тазалығын көру үшін Мұқанға қарайтынбыз. Өйткені, ол біздің айнамыз болатын», Өтебай Қанахин: «Мені әдебиетке алып келген Мұқан еді», Жақан Сыздықов: «Ол менің ғана емес, бүкіл ұрпақтың есінде қалады», – деп тамсанып та талғап айтуы тегіннен-тегін бе?! Ал Ә.Нұршайықов әдеттегідей жазып әкелген сөзін төс қалтасынан суырып алып, оқып берген-ді. Қойған тақырыбы да қызық: «Мұқанның қолынан келмейтін Он төрт іс» деп аталады. Осыншасын тізбелегенде, ұстазының ірілігі одан сайын айқындала түскен. Сәл үзінді: «Мұқанның қолынан жалынсыз шығарма жазу келмейтін»; «Жұртқа жақсылық жасамау қолынан келмейтін»; «Жағымпаздық қолынан келмейтін»; «Арақ ішу, шараппен шабыттану қолынан келмейтін»; «Көзінің қос қарашығы Махсұты мен Рүстемін, науқасымды жұқтырып алмайын деп жасқана отырып, күніне екі рет емірене сүймеу қолынан келмейтін», т.б. Ал қолынан келетін істері сансыз еді жарықтықтың…
Жақсылық жасау үшін жаратылған осындай періште пенденің өмірдегі өксігі өлшеусіз болатын. Денсаулығы шығармашылықта құшағын кең ашқызбай, құштарын тұшынтып қандырмай, ойлағанын орта жолда опырып тас­тап, опасыздық жасаумен тынысын өшірді. Мұңаймай тұрып, мұңаймай жата алмады. Әл-дәрменін жылдар бойы кеміріп, кемтардай күйге түсірген созылмалы сырқат қаламын қайырды, жігерін мұқалтты, сенімін селкеуледі. Шыбын жанына шипа іздеп Қырым курортына барғанда күнделігіне: «Үйім ғой мені оңалып, емделіп жатыр деп қуанады. Қайдан білсін, менің тағы күпшегі тозған ағаш арбадай қиралақтап қалғанымды. Дегенмен, бүгін жөтел азайған сияқты»,– деп түңілсе де сәл жөтел қыспағанына үміттеніп жазыпты.
Сол курортта бір әйелдің көзімен көзі түйісе кеткенін түртіп қойыпты. Мұндай секунд өте қауіпті деп мойындайды ол. Жүрекке от жағып кетуі ықтималдығынан сескенеді. Өйткені, сүйкімді әйел көздерінде адамды еріксіз өзіне тартып алатын бір жұмбақ қасиеттер болады. Сен кейін өзіңе-өзің келіп, сабыр тапсаң да, жаңағы бір көзден жалт еткен ұшқын жүректе қалып қоятынын саралай келген Мұқан былайша түйін жасайды: «Сондықтан мен… әйелдің жүзіне көп қадала бермеймін. Себебі – жүрегімді, семьямды сүйген жүрегімді босқа мазалағым келмейді. Сезімнен адам өлмейтінін, бөтен әйелмен сүйіспей-ақ өмір сүруге, көңілді дем алуға болатынын мен өмірімде көріп келемін». Мәңгілік махаббат, адал достық, арманшыл жастық жөнінде талай тамаша туындылар жазып қалдырған Мұқандай нәзік жүрек жазушының жаны таза, пейілі түзу, шынайы сүйіспеншілік сезіміне селкеулік жасамайтынының бастауы өзінің осындай жар алдындағы пәктігін мойындаудан, отбасы сыйластығы, бала тәрбиесі жауапкершілігін терең түйсінуден жібектей тарқатылатындығы ғанибет қой. Арлы, ұстамды, саналы, салиқалы, өнегелі жазушы ғана өмір шыншылдығын шеберлікпен, арына кір түсірмей суреттей алмақ. Мұқан ұстаз сондай кіршіксіз адамгершілігімен өзін де, жазуын да оқырмандар ықыласына бөлей берері анық. Оның жазғанына имандай сеніп, әсерленіп отырасыз. Себебі, ол иманды жан!
Қысылғанда, қиналғанда дос қадірі түрлі ойға салады. Мұқанның мына хаты (19.11.1956 ж.) соның айғағы: «…Ал жүрекке ұялаған достық, о, атамаңыз, бұл ешбір заказсыз, ешбір есепсіз қиын күнде өзі жарып шығады! Биылғы басыма төнген қатерлі күндерімде өздеріңнен осыны әрбір минут сайын сезіндім. Сүйсінгендіктен, риза болғандықтан талай жылап та алдым. Тағы да айтам: көп-көп рақмет Әзілхан, Халима!».
Дос-ағаға дос-інісі де қарыздар боп қалмап­ты. Әзағаң бір толғауында: «Сіз бір хатыңызда очерктің рамкасы саған тарлық етіп жүр, сен повесть, романға көш, батыл кіріс депсіз. Менің батылсыздығыма ренжіпсіз»,– дей келіп, « қаладағы, даладағы жас әдебиетшілер Жа­зушылар одағына барудың орнына Сізге барушы едік қой топырлап» деп сағынышын көзінің жасына сығып қосыпты-ау!..
… Біз не дер едік, бұған қосып! Ұстаз бен шәкірт! Екеуі де қазақ әдебиетінің серпінді де қажырлы қос қанатындай жарқын тұлғалар. Мақсаттас, армандас асыл бейнелер. Хаттарымен бірін-бірі жебескен. Иелері кетеді екен, жазғандары қалады екен. Екеуі де сол хаттарымен ұрпақтар тәрбиесіне әркез араласа беретіндей, елгезек күйінде есте қалмақшы.
… Енді не тұрыс бар?! Мұқан – Әзілхан тақырыбының тыңына түрен дендеп түсе бастағандай ма?!.. Құйқалы, құнарлы тақырып­тың түгін тартсаң, майы шығар-ау, сірә!

Қайсар ӘЛІМ,
«Егемен Қазақстан».

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға