Жаңалықтар

Тай үйрету

Көктемнің кезі еді. Нұртаза көкемнің базына бір үйір жылқыны қамаған біздің үйдің жігіттері тайларға құрық сала бастады. Шетінен ноқталап, алып қалды. Үйірді еркіне жіберді. Тайдың бәрін үйге алып келді. Түстік ішіп отырғанда Бектөре ағам «тайға мінесің бе?» деген. Біз асаулығын айтқанбыз. Ағаларым әр жерден шулап кетті. Әңгіменің тоқетері жігіттікке келіп тірелгенде бізге де айтатын сылтау қалмаған еді. Бірі асауды жүгендеп, екіншісі ер-тоқымын салып, тартпасын тартты да маған қарады. «Мін!» дейді. Қорқақсоқтап тұрып үзеңгіге аяқ салдық. Міндік. «Тізгінді мықтап ұста, таралғыға аяғыңды салма» деген. Қайдағы, кішкентай аяғымыз үзеңгіге жетпейді. Тізгінді мықтап ұстауға күшіміз кем. Ағам асаудың басын жібере салды. Өмірінде жүген көрмеген бәле оқалақ тигендей туласын келіп. Алдымен екі артқы аяғымен тік тұрды. Одан кейін күшін екі алдыңғы аяғына салып, мөңкіді. Осы тұста жел ұшырған қағаздай болып аттың екі құлағының арасынан біз де қалықтап бара жаттық. Жерге мысықша түстік. Еңбектеп тұрмыз. Осы сәт артыма қарап қалсам, асау дәл төбемде екі аяғымен тік тұр екен. Ал, қаш! Қашқанда да жүгіру деген жоқ қой. Еңбектеп алып, басымыз салбыраған күйі тыпырлап бара жатырмыз. Қанша жерге дейін баратынымды Құдай білсін. Бірақ басымыз қораға тоқ етіп соққанда тоқтадық. Ағаларым ішек-сілелері қатқанша күліп қалыпты. Ал мен ызадан булығып әрең тұрмын. Қалш-қалш етеміз. Кеудені балалық намыс буып тұрғанда ағаларымның күлкісі одан сайын шамға тиіп, екі көзден еріксіз жас парлады. – Мінесің бе? – Мінемін! «Тағы құлайсың ғой» деп жатыр. Мынандай күлкіге қалғанша, аттың сауырында кеткен артық. Ауыл балалары тумысынан намысшыл келеді ғой. Бізді де өлтіріп бара жатқан осы бір намыс деген нәрсе еді. Қайта міндік. Тізгінді жібере салып, аттың мойнына тас кенеше жабысқанымыз есте. Одан арғысын білмейміз. Әйтеуір бір сәтте үстіндегі бақшаның матадан жасалған күзетшісіндей болған бәленің түспейтінін білді ме, әлде ашуы тарқады ма, асау жуасыды. Ентігіп, пырылдап тұр. Осы кезде еңсемізді көтеріп, тізгінді қолға алдық. Бірақ тайдың басы біз бұрған жаққа жүрмейді. Ықтап алып, қораны жағалап әлек. Қызық көріп тұрған ағаларым жүгенді әрі-бері тартып, аузын жыру керектігін айтты. Күшіміз жетпесе де, күшеніп жатырмыз. Қорыққаннан терге малынғанбыз. Оған күштеп аттың аузын жырып жатқанымызды қосыңыз. Сонымен сілеледік. Дегенмен, асау жалғыз емес-тін. Әлі бірнешеуі бар. Біз ентігімізді ала бере екіншісіне отырғызды. Ол алдындағысынан күшті екен. Жалынан ұстатпай мөңкиді. Әлденеше рет жерді сүйдік. Қайтпай жүріп оны да жуасытып алдық. Жылқы жарықтық бір жуасығаннан кейін жақсы ғой. Оның үстіне тай кезінде басбілінсе қолға ерте үйреніп кетеді. Кешке дейін асаумен алысып, ас-суымызды ішпеген күйі құладық-ау. Ертесі екі тақым алдыртпайды. Піштірілген баладай талтаң-талтаң етеміз. Күзге салым көктемде ұсталмай қалған күрең төбелге құрық тиді. Анасы қысыр қалған екен. Қысырақты емген құнан шығатын аттың күші көп болады. Оның үстіне жаз бойына таудағы бар құнарлы шөпті жеген. Мойыны күжірейіп-ақ тұр. Жалы да жалпақ. Таза асау осы екен. Бір мінгеннен жуасып, ырқыңа көне кететін тайға мүлде ұқсамайды. Мінсең болды, лақтырып жібереді. Тулаудың да түрлі әдісін меңгерген бе дерсің? Тулаған жағына қарай ыға берсең, жалт ете қалады. Денеңді жиып үлгере алмаған күйі домалап бара жатасың. Секіріп мінеміз. Секіріп лақтырып тастайды. Осы асаумен үш күн бойына алыстық ақырында. Үшінші күні барып «тағдырына» көндікті. Енді аузын жыру басталды. Екі езуінен қан аққанша жырғанымызбен, мойны бәрібір қатпайды. Басы екі жаққа қатар бұрылғанмен, бағытынан айнымайды. Сөйтсек, мойыны қатты екен ғой. Үйде үлкендердің ешқайсысы жоқ болатын. Шешеміз сиырдың келмегенін айтты. Қорадағы аттарды ағаларым мініп кеткен. Әлгі күрең төбел ғана қалған. Оны қораның ішінде ғана үйретіп жүргенбіз. Далаға әлі шықпаған. Жаяу жоқ іздеуге құлық болмады. Оған қоса жаяулатып таба да алмайсың. Күрең төбелді алдымен сипалап көрдік. Адамның қолынан шошымайтын дәрежеге жетіпті. Тоқымы мен ерін салдық. Тартпаны арғы беттен иіліп ала бергенде, сарт еткізіп бір тепті. Қашып үлгердік. Әйтпесе мұрттай ұшыратын еді. Дегенмен, ерді жатырқап, мөңкімеді. Салғанымыз салған жерімізде тұр. Ұзын ағашпен тартпаны тартып алдық. Сосын тарттық. Жүгенін кигізіп, сыртқа шығардық. Иттен де үрікпей, мысықтан да шошымай ауылдан шықты. Далада келе жатып қарасақ, жүгеніміз ауыздықтан шығып кетіпті. Түсіп, қайта салуға қорқамыз. Аттың үстінде қайта салдық. Бірақ шығып кете береді. Сөйтсек, жүген үлкен атқа лайықталған екен. Ол мынаған үлкендік қылады. Оны қайдан білейік? Қайта-қайта шығып кете берген соң, жүгеннің төбесінен қос уыстап ұстап алмаймыз ба? Аузын ауыздық буғасын ат жүре ме? Бір орнында тұрды да қойды. Оған ерегескендей ауыздықты біз де тарта түстік. Осы кезде жаны қысылған күрең төбел екі аяқпен тік тұрды. Сасқанымыздан жүгенді одан сайын тартыппыз. Ат артқа қарай аунап кетті. Біз астында қалдық. Дей тұрғанмен ол да, мен де жылдам тұрдық жерден. Асауым есеңгіреп қалыпты. Менің де жағдайым оныкінен тәуір емес. Қанша отырғаным есте жоқ. Күн ұясына батуға тақау екен. Мысықтабандап тұлпарыма бардым. Қимылсыз тұр. Шылбырынан ұстап ем, қарсылық көрсетпеді. Бірақ қайта мінуге жүрегім дауаламады. Жетектеп ауылға келдік. Көшедегі адамдардың бәрі маған біртүрлі аянышпен қарайтын сияқты ма, қалай? Арасында «маңдайыңа не болған?» деп сұрап жатқандары да бар. Маңдайымды сипаласам, ісіп кетіпті. Атты қорасына байлап, үйге келдім. Сиырды таппай қайтқанымызды айтып жатырмыз. «Қарасан келгірдің өзі келді жаңа» дей берген шешемнің көзі шарасынан шығып кете жаздаған. Өбектеп қалды. Әдетте иіні қатты анамыздың бұлай жұмсаруы неліктен? Айнаның алдына барып қарасақ, маңдайымызда ай тұр! Иә, кәдімгі жаңа туған айдың бейнесі. Іші толған қан. Сөйтсек, ат үстімізге құлағанда маңдайымызға тұяғы тиген екен. Тұяқ маңдайды қанатқанмен, теріні жыртпаған да, іші қанға толып қалған. Ал аттың тұяғы тиген жер айдың бейнесін келтіреді көз алдыңа. «Ай маңдай» болып бір ай жүрдік. Кейіннен өзінен-өзі тарқап кетті. Содан мектеп бітіргенше талай асаудың ашуын басқанымыз бар. Бүгінде темір тұлпарға мініп, ат дегенді ұмытқалы қашан?! Әгәрәки, ауылға барып атқа міне қалсаң, үш күн бойына тақымыңды ала алмай жүретін жағдайға да жетіппіз. Түйін сөз: Балалық шаққа саяхат­тауы­мыздың сыры жоқ емес. Балалардың жазғы демалысы келді. Дегенмен, көшеде қораз төбелестіріп, есек көкпар тартып, тай үйретіп, ләңгі теуіп, жалақ ойнап, «пароль» сұрап жүрген бала көрмейсіз. Бірі монитордың алдында монтиып отыр. Екіншісі, дискіден мультфильм қарайды. Үшіншісі, планшетте ойын ойнайды. Әйтеуір, бүгінгі баланың ермегі осындай болып кетті. Заман осылай шығар. Бірақ олар техниканы меңгеріп үлгереді ғой. Сондықтан балаға тән іспен айналысса дейсің. Бала шақта. Өйткені, балалық шақ пен болашақтың арасы бір-ақ қадам. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан».
14.11.2013 03:34 9044

Көктемнің кезі еді. Нұртаза көкемнің базына бір үйір жылқыны қамаған біздің үйдің жігіттері тайларға құрық сала бастады. Шетінен ноқталап, алып қалды. Үйірді еркіне жіберді. Тайдың бәрін үйге алып келді. Түстік ішіп отырғанда Бектөре ағам «тайға мінесің бе?» деген. Біз асаулығын айтқанбыз. Ағаларым әр жерден шулап кетті. Әңгіменің тоқетері жігіттікке келіп тірелгенде бізге де айтатын сылтау қалмаған еді.
Бірі асауды жүгендеп, екіншісі ер-тоқымын салып, тартпасын тартты да маған қарады. «Мін!» дейді. Қорқақсоқтап тұрып үзеңгіге аяқ салдық. Міндік. «Тізгінді мықтап ұста, таралғыға аяғыңды салма» деген. Қайдағы, кішкентай аяғымыз үзеңгіге жетпейді. Тізгінді мықтап ұстауға күшіміз кем. Ағам асаудың басын жібере салды. Өмірінде жүген көрмеген бәле оқалақ тигендей туласын келіп. Алдымен екі артқы аяғымен тік тұрды. Одан кейін күшін екі алдыңғы аяғына салып, мөңкіді. Осы тұста жел ұшырған қағаздай болып аттың екі құлағының арасынан біз де қалықтап бара жаттық. Жерге мысықша түстік. Еңбектеп тұрмыз. Осы сәт артыма қарап қалсам, асау дәл төбемде екі аяғымен тік тұр екен. Ал, қаш! Қашқанда да жүгіру деген жоқ қой. Еңбектеп алып, басымыз салбыраған күйі тыпырлап бара жатырмыз. Қанша жерге дейін баратынымды Құдай білсін. Бірақ басымыз қораға тоқ етіп соққанда тоқтадық. Ағаларым ішек-сілелері қатқанша күліп қалыпты. Ал мен ызадан булығып әрең тұрмын. Қалш-қалш етеміз. Кеудені балалық намыс буып тұрғанда ағаларымның күлкісі одан сайын шамға тиіп, екі көзден еріксіз жас парлады.
– Мінесің бе?
– Мінемін!
«Тағы құлайсың ғой» деп жатыр. Мынандай күлкіге қалғанша, аттың сауырында кеткен артық. Ауыл балалары тумысынан намысшыл келеді ғой. Бізді де өлтіріп бара жатқан осы бір намыс деген нәрсе еді. Қайта міндік. Тізгінді жібере салып, аттың мойнына тас кенеше жабысқанымыз есте. Одан арғысын білмейміз. Әйтеуір бір сәтте үстіндегі бақшаның матадан жасалған күзетшісіндей болған бәленің түспейтінін білді ме, әлде ашуы тарқады ма, асау жуасыды. Ентігіп, пырылдап тұр. Осы кезде еңсемізді көтеріп, тізгінді қолға алдық. Бірақ тайдың басы біз бұрған жаққа жүрмейді. Ықтап алып, қораны жағалап әлек. Қызық көріп тұрған ағаларым жүгенді әрі-бері тартып, аузын жыру керектігін айтты. Күшіміз жетпесе де, күшеніп жатырмыз. Қорыққаннан терге малынғанбыз. Оған күштеп аттың аузын жырып жатқанымызды қосыңыз. Сонымен сілеледік. Дегенмен, асау жалғыз емес-тін. Әлі бірнешеуі бар. Біз ентігімізді ала бере екіншісіне отырғызды. Ол алдындағысынан күшті екен. Жалынан ұстатпай мөңкиді. Әлденеше рет жерді сүйдік. Қайтпай жүріп оны да жуасытып алдық. Жылқы жарықтық бір жуасығаннан кейін жақсы ғой. Оның үстіне тай кезінде басбілінсе қолға ерте үйреніп кетеді. Кешке дейін асаумен алысып, ас-суымызды ішпеген күйі құладық-ау. Ертесі екі тақым алдыртпайды. Піштірілген баладай талтаң-талтаң етеміз.
Күзге салым көктемде ұсталмай қалған күрең төбелге құрық тиді. Анасы қысыр қалған екен. Қысырақты емген құнан шығатын аттың күші көп болады. Оның үстіне жаз бойына таудағы бар құнарлы шөпті жеген. Мойыны күжірейіп-ақ тұр. Жалы да жалпақ. Таза асау осы екен. Бір мінгеннен жуасып, ырқыңа көне кететін тайға мүлде ұқсамайды. Мінсең болды, лақтырып жібереді. Тулаудың да түрлі әдісін меңгерген бе дерсің? Тулаған жағына қарай ыға берсең, жалт ете қалады. Денеңді жиып үлгере алмаған күйі домалап бара жатасың. Секіріп мінеміз. Секіріп лақтырып тастайды. Осы асаумен үш күн бойына алыстық ақырында. Үшінші күні барып «тағдырына» көндікті. Енді аузын жыру басталды. Екі езуінен қан аққанша жырғанымызбен, мойны бәрібір қатпайды. Басы екі жаққа қатар бұрылғанмен, бағытынан айнымайды. Сөйтсек, мойыны қатты екен ғой.
Үйде үлкендердің ешқайсысы жоқ болатын. Шешеміз сиырдың келмегенін айтты. Қорадағы аттарды ағаларым мініп кеткен. Әлгі күрең төбел ғана қалған. Оны қораның ішінде ғана үйретіп жүргенбіз. Далаға әлі шықпаған. Жаяу жоқ іздеуге құлық болмады. Оған қоса жаяулатып таба да алмайсың. Күрең төбелді алдымен сипалап көрдік. Адамның қолынан шошымайтын дәрежеге жетіпті. Тоқымы мен ерін салдық. Тартпаны арғы беттен иіліп ала бергенде, сарт еткізіп бір тепті. Қашып үлгердік. Әйтпесе мұрттай ұшыратын еді. Дегенмен, ерді жатырқап, мөңкімеді. Салғанымыз салған жерімізде тұр. Ұзын ағашпен тартпаны тартып алдық. Сосын тарттық. Жүгенін кигізіп, сыртқа шығардық. Иттен де үрікпей, мысықтан да шошымай ауылдан шықты. Далада келе жатып қарасақ, жүгеніміз ауыздықтан шығып кетіпті. Түсіп, қайта салуға қорқамыз. Аттың үстінде қайта салдық. Бірақ шығып кете береді. Сөйтсек, жүген үлкен атқа лайықталған екен. Ол мынаған үлкендік қылады. Оны қайдан білейік? Қайта-қайта шығып кете берген соң, жүгеннің төбесінен қос уыстап ұстап алмаймыз ба? Аузын ауыздық буғасын ат жүре ме? Бір орнында тұрды да қойды. Оған ерегескендей ауыздықты біз де тарта түстік. Осы кезде жаны қысылған күрең төбел екі аяқпен тік тұрды. Сасқанымыздан жүгенді одан сайын тартыппыз. Ат артқа қарай аунап кетті. Біз астында қалдық. Дей тұрғанмен ол да, мен де жылдам тұрдық жерден. Асауым есеңгіреп қалыпты. Менің де жағдайым оныкінен тәуір емес. Қанша отырғаным есте жоқ. Күн ұясына батуға тақау екен. Мысықтабандап тұлпарыма бардым. Қимылсыз тұр. Шылбырынан ұстап ем, қарсылық көрсетпеді. Бірақ қайта мінуге жүрегім дауаламады. Жетектеп ауылға келдік. Көшедегі адамдардың бәрі маған біртүрлі аянышпен қарайтын сияқты ма, қалай? Арасында «маңдайыңа не болған?» деп сұрап жатқандары да бар. Маңдайымды сипаласам, ісіп кетіпті. Атты қорасына байлап, үйге келдім. Сиырды таппай қайтқанымызды айтып жатырмыз. «Қарасан келгірдің өзі келді жаңа» дей берген шешемнің көзі шарасынан шығып кете жаздаған. Өбектеп қалды. Әдетте иіні қатты анамыздың бұлай жұмсаруы неліктен? Айнаның алдына барып қарасақ, маңдайымызда ай тұр! Иә, кәдімгі жаңа туған айдың бейнесі. Іші толған қан. Сөйтсек, ат үстімізге құлағанда маңдайымызға тұяғы тиген екен. Тұяқ маңдайды қанатқанмен, теріні жыртпаған да, іші қанға толып қалған. Ал аттың тұяғы тиген жер айдың бейнесін келтіреді көз алдыңа. «Ай маңдай» болып бір ай жүрдік. Кейіннен өзінен-өзі тарқап кетті.
Содан мектеп бітіргенше талай асаудың ашуын басқанымыз бар. Бүгінде темір тұлпарға мініп, ат дегенді ұмытқалы қашан?! Әгәрәки, ауылға барып атқа міне қалсаң, үш күн бойына тақымыңды ала алмай жүретін жағдайға да жетіппіз.

Түйін сөз: Балалық шаққа саяхат­тауы­мыздың сыры жоқ емес. Балалардың жазғы демалысы келді. Дегенмен, көшеде қораз төбелестіріп, есек көкпар тартып, тай үйретіп, ләңгі теуіп, жалақ ойнап, «пароль» сұрап жүрген бала көрмейсіз. Бірі монитордың алдында монтиып отыр. Екіншісі, дискіден мультфильм қарайды. Үшіншісі, планшетте ойын ойнайды. Әйтеуір, бүгінгі баланың ермегі осындай болып кетті. Заман осылай шығар. Бірақ олар техниканы меңгеріп үлгереді ғой. Сондықтан балаға тән іспен айналысса дейсің. Бала шақта. Өйткені, балалық шақ пен болашақтың арасы бір-ақ қадам.

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға