Жаңалықтар

Әдебиеттен басқаның бәрі әншейін

Мойынқұмда Болатхан Әліқұлов деген ақын бар еді, марқұм болды. Жақсы азамат, жуас жігіт еді. Қу арақ кімді шешен, кімді көсем етпеген. Артық ауыз сөзі жоқ Болатханды да сайратқаны бар бірде бұл жынды судың. Ертеректе журналистік тірлікпен Мойынқұмның «Көктерек» кеңшарына барғаным бар. Жанымда «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің біздің облыстағы меншікті тілшісі, ақын Жақсылық Сәтібеков бар. Аудан орталығынан Болатхан қосылды. Мақсат – сол кезде дүркіреп тұрған шопан Шоман Шәріпбаев туралы очерк жазу. Кеңшар директоры Дәрмен Құндыз­беков – мен туып, өскен Кербұлақтың баласы. Шоманның Хантаудағы қыстауына Дәрмен өзі бастап барды. Қойшының үйіне қонып, көл-көсір дастарқанынан дәмге де, араққа да мейпілдеп тойдық. Қойын кітапшаны Шоманның, Дәрменнің айтқандарына толтырдық. Бәріміз кеңшар автобусымен көңілді қайтып келеміз. – Аға, – деді бір кезде Болатхан, – мына директордан сіз мықтысыз. Бұл кім, ішкен-жегені өзімен бірге кетеді. Сіз – жазушысыз, сіздің кітаптарыңыз қалады артыңызда. Директорды орнынан түскенше осы кеңшар адамдары сыйлайды, сізді барша қазақ құрметтейді, келер ұрпақ та атыңызды ардақтап атайтын болады. Сіз – Шаншар атайсыз. Шаншар атай – ғажап қарт. Мақтағанды кім жек көрсін, кә­дімгідей-ақ желпініп қалдым. Жалпы, мені былай қойғанда, Болатханның айтып отырғаны дұрыс. Халық қашан да ақын-жазушысын қадірлеген. Дәрменнің менен жасы үлкен, кіш­­кентайдан бірге өскен ағай. Болатханды қоштасам, Дәрменнің көңілі қалады. – Болатхан, қой. Қай-қайдағыны айтқаның не, жолың болғыр. Енді Болатханның көңілі қалды: – Ой, сіз білмейді екенсіз ғой. Сіз босқа жазушы болғансыз. – Жарайды, Болатхан. Бүгін сенің айтқаныңның бәрі дұрыс. Мұным саған бұл сөздерді айтқызып отырған арақ дегенім еді. Болатхан түсінді, үндемей қалды. Дәрмен де түсінді, ренжіген жоқ. Болатхан тірі болып, ақын-жазу­шы­ның бүгінгі хал-ахуалын көрсе, не дер еді? Оның орнына мен айтайын: бүгінде ақын-жазушыны ерекше жаратылған жан деп ойлайтын Болатхандай адам азайған. Міне, мысал, жуырда бір атаның балалары жиналып біраз мәселеге бәтуаласты. Сонда бір ағайындар қайтыс болған ілкімдінің атын көшеге беру туралы мәселені әжептәуір ежіктеді, сол атаның марқұм болған Кәрім Баялиев, Мейірхан Қуанышбаев сияқты белгілі қаламгерлері ауызға да алынбады. Бір бұл емес, жалпы, қазір қайтыс болған шенеуніктің, бизнесменнің мүрдесінің топырағы кеппей жатып есімін мәңгі есте қалдыру жұмыстары қызу жүріп беретін болды. Ал, ақын-жазушыға келгенде, бұлар тырысып қалады. Сонда бұл ел өз қалтасына жұмыс істеген адам мен халыққа жұмыс істеген адамның айырмасын білмейтін болғаны ма? Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымының төрағасы болып тұрған кезімде Тараз қалалық әкімдігіне жазушы-публицист Мейірхан Қуанышбаевтың есімін бір көшеге беру жөнінде екі рет ұсыныс жасадым, екеуінде де шығарыпсалма жауап алдым. Кәрім Баялиев марқұм жөнінде алдымен белгілі театр сыншысы Яхия Шынәсілұлы, содан соң ақын Жақсылық Сәтібеков екеуміз мақала жазып, Тараз қаласының әкімінен ардақты ағаның атын елеусіз қалдырмауын құлаққағыс еттік. Жауап болмады. Бұл қаламгерлердің екеуі де қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қомақты үлес қосқан тұлғалар еді. Шерағаң «Тараз жазушыларының тарланы» атаған Кәрекеңнен атының басын оздырған қаламгер бар ма екен бізде. Оның үстіне бұл ағамыз Одаққа белгілі радиожурналист еді. Таңның атысынан ел жатқанша радиодан Кәрекеңнің саңқылдаған дауысы естіліп жататын ол кезде. Облыстың қоғамдық-саяси, экономикалық өмірінің барша қырын жіті бақылап, сергек үн қататын Кәрім Баялиевтің назарынан титтей де өзгеріс қаға беріс қалмайтын. Билік басындағылар Кәрекең тәрізді кісілер атқарған іргелі істің байыбына қашан жетер екен?! Кәрім Баялиев пен Мейірхан Қуаныш­баевты аталастары елемеген жоғарыда айтқан жиында ілкімдінің баласы мұр­ты­нан күліп отырды. Содан бірнеше күн өткен соң Мейірхан Қуанышбаевтың баласы Нұрлан жолығып қалып: «Әкем елеусіз қалды. Аға, айтшы, менің әкем ұмытылуға лайық па еді?» – деп екі көзінен тарам-тарам жас ағып жылады. Кәрім Баялиевтің балалары Яқаңның, біздің жазғандарымызды алға тартып, лауазым иелерінің алдын тоздырып жүр. Әзірге ешнәрсе шыққан жоқ. Ілкімдінің ілкімді баласы ойына алғанын орындайды. Қайтіп? Қалтасы қалың. Ана екі ағамыздың балалары жылап-сықтап, табанынан таусылады. Бірдеңе шығаруы неғайбыл. Неге? Қалталарының түбі тесік. Өмірден қазанат пен жабының айырмасын, жақсы мен жаманның парқын біліп, әдебиеттен басқаның бәрі әшейін деп өткен Болатхан бақытты екен. Артында көзі тірісінде шығарып үлгерген кітаптары, буда-буда қолжазбалары қалды. Ақын-жазушы өз ескерткішін көзі тірісінде өзі орнатады. Ол – оның сөзі. Ақын-жазушының өлгеніне де, тірісіне де құрмет көрсету – ізгінің ісі. Әлдихан ҚАЛДЫБАЕВ, жазушы.
14.11.2013 03:22 4957

Мойынқұмда Болатхан Әліқұлов деген ақын бар еді, марқұм болды. Жақсы азамат, жуас жігіт еді. Қу арақ кімді шешен, кімді көсем етпеген. Артық ауыз сөзі жоқ Болатханды да сайратқаны бар бірде бұл жынды судың.

Ертеректе журналистік тірлікпен Мойынқұмның «Көктерек» кеңшарына барғаным бар. Жанымда «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің біздің облыстағы меншікті тілшісі, ақын Жақсылық Сәтібеков бар. Аудан орталығынан Болатхан қосылды. Мақсат – сол кезде дүркіреп тұрған шопан Шоман Шәріпбаев туралы очерк жазу.

Кеңшар директоры Дәрмен Құндыз­беков – мен туып, өскен Кербұлақтың баласы. Шоманның Хантаудағы қыстауына Дәрмен өзі бастап барды. Қойшының үйіне қонып, көл-көсір дастарқанынан дәмге де, араққа да мейпілдеп тойдық. Қойын кітапшаны Шоманның, Дәрменнің айтқандарына толтырдық. Бәріміз кеңшар автобусымен көңілді қайтып келеміз.

– Аға, – деді бір кезде Болатхан, – мына директордан сіз мықтысыз. Бұл кім, ішкен-жегені өзімен бірге кетеді. Сіз – жазушысыз, сіздің кітаптарыңыз қалады артыңызда. Директорды орнынан түскенше осы кеңшар адамдары сыйлайды, сізді барша қазақ құрметтейді, келер ұрпақ та атыңызды ардақтап атайтын болады. Сіз – Шаншар атайсыз. Шаншар атай – ғажап қарт.

Мақтағанды кім жек көрсін, кә­дімгідей-ақ желпініп қалдым. Жалпы, мені былай қойғанда, Болатханның айтып отырғаны дұрыс. Халық қашан да ақын-жазушысын қадірлеген.

Дәрменнің менен жасы үлкен, кіш­­кентайдан бірге өскен ағай. Болатханды қоштасам, Дәрменнің көңілі қалады.

– Болатхан, қой. Қай-қайдағыны айтқаның не, жолың болғыр.

Енді Болатханның көңілі қалды:

– Ой, сіз білмейді екенсіз ғой. Сіз босқа жазушы болғансыз.

– Жарайды, Болатхан. Бүгін сенің айтқаныңның бәрі дұрыс.

Мұным саған бұл сөздерді айтқызып отырған арақ дегенім еді.

Болатхан түсінді, үндемей қалды.

Дәрмен де түсінді, ренжіген жоқ.

Болатхан тірі болып, ақын-жазу­шы­ның бүгінгі хал-ахуалын көрсе, не дер еді?

Оның орнына мен айтайын: бүгінде ақын-жазушыны ерекше жаратылған жан деп ойлайтын Болатхандай адам азайған. Міне, мысал, жуырда бір атаның балалары жиналып біраз мәселеге бәтуаласты. Сонда бір ағайындар қайтыс болған ілкімдінің атын көшеге беру туралы мәселені әжептәуір ежіктеді, сол атаның марқұм болған Кәрім Баялиев, Мейірхан Қуанышбаев сияқты белгілі қаламгерлері ауызға да алынбады. Бір бұл емес, жалпы, қазір қайтыс болған шенеуніктің, бизнесменнің мүрдесінің топырағы кеппей жатып есімін мәңгі есте қалдыру жұмыстары қызу жүріп беретін болды. Ал, ақын-жазушыға келгенде, бұлар тырысып қалады. Сонда бұл ел өз қалтасына жұмыс істеген адам мен халыққа жұмыс істеген адамның айырмасын білмейтін болғаны ма?

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымының төрағасы болып тұрған кезімде Тараз қалалық әкімдігіне жазушы-публицист Мейірхан Қуанышбаевтың есімін бір көшеге беру жөнінде екі рет ұсыныс жасадым, екеуінде де шығарыпсалма жауап алдым. Кәрім Баялиев марқұм жөнінде алдымен белгілі театр сыншысы Яхия Шынәсілұлы, содан соң ақын Жақсылық Сәтібеков екеуміз мақала жазып, Тараз қаласының әкімінен ардақты ағаның атын елеусіз қалдырмауын құлаққағыс еттік. Жауап болмады.

Бұл қаламгерлердің екеуі де қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қомақты үлес қосқан тұлғалар еді. Шерағаң «Тараз жазушыларының тарланы» атаған Кәрекеңнен атының басын оздырған қаламгер бар ма екен бізде. Оның үстіне бұл ағамыз Одаққа белгілі радиожурналист еді. Таңның атысынан ел жатқанша радиодан Кәрекеңнің саңқылдаған дауысы естіліп жататын ол кезде. Облыстың қоғамдық-саяси, экономикалық өмірінің барша қырын жіті бақылап, сергек үн қататын Кәрім Баялиевтің назарынан титтей де өзгеріс қаға беріс қалмайтын.

Билік басындағылар Кәрекең тәрізді кісілер атқарған іргелі істің байыбына қашан жетер екен?!

Кәрім Баялиев пен Мейірхан Қуаныш­баевты аталастары елемеген жоғарыда айтқан жиында ілкімдінің баласы мұр­ты­нан күліп отырды.

Содан бірнеше күн өткен соң Мейірхан Қуанышбаевтың баласы Нұрлан жолығып қалып: «Әкем елеусіз қалды. Аға, айтшы, менің әкем ұмытылуға лайық па еді?» – деп екі көзінен тарам-тарам жас ағып жылады.

Кәрім Баялиевтің балалары Яқаңның, біздің жазғандарымызды алға тартып, лауазым иелерінің алдын тоздырып жүр. Әзірге ешнәрсе шыққан жоқ.

Ілкімдінің ілкімді баласы ойына алғанын орындайды.

Қайтіп? Қалтасы қалың.

Ана екі ағамыздың балалары жылап-сықтап, табанынан таусылады. Бірдеңе шығаруы неғайбыл.

Неге? Қалталарының түбі тесік.

Өмірден қазанат пен жабының айырмасын, жақсы мен жаманның парқын біліп, әдебиеттен басқаның бәрі әшейін деп өткен Болатхан бақытты екен. Артында көзі тірісінде шығарып үлгерген кітаптары, буда-буда қолжазбалары қалды.

Ақын-жазушы өз ескерткішін көзі тірісінде өзі орнатады.

Ол – оның сөзі.

Ақын-жазушының өлгеніне де, тірісіне де құрмет көрсету – ізгінің ісі.

Әлдихан ҚАЛДЫБАЕВ,
жазушы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға