Мәриям мұңы
Қостанайдың облыстық газетінде табан аудармай жиырма екі жыл көз майын тауысып, қалам сорып, ащы терге малшынып қызмет еткен жалынды күндерім есіме түссе жүрек тұсым кәдімгідей ып-ыссы боп, сағыныш сезім тұла бойды шарпып кетеді. Бал арасынша ләззаттана жинаған рухани игілік, жылдар өте келе көзі бітелудің орнына, тұма бұлақтай асаулана бұлқынып, көкірек көмбесінен молынан қарпуға ынтықтыра тартады екен... Иә, сондай қазыналы қамбадан сәті түсіп, ақтарылған мына бір суыртпақ сыр, бәлі, ұзақ жылдар тербеліп, иі қанып, күні жеткендей боп, күмбірлей құйылған еді. Әттең, бірақ тұтастай құмарлы қызық емес екен, жүректе беріштене түскен қайғы-мұңның қатпарлы қырғышының қылпа жүзіндегі шер-налалы, шерменде запыраны іспетті-ау, сірә!.. ...Сонымен, Қостанайдағы шығармашылық күндердің жылыстанып жатқан беймаза шағы – өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта шені болатын. Ақ дастарқан басында Мәриям Хакімжановамен қатар отырамыз деп кім ойлаған? Сәті солай болыпты. Көрші-дос, белгілі дәрігер Есентемір Әбдікәрімовтің шаңырағындағы уызы меймілдеген осы жүздесу сәті «мен– тарих тегеріші» дегендей, сырт-сырт етіп, байқаусыз сырғып жатыр еді. Үлкен ақыннан не сұрай қоясыз, жөппелдемеде. Сөзге қосылуға да жүрексініп, тағаланбаған аттай тайғанақтай бересің. Есен-саулықты кірме есіктің жақтауындағы сәкіде шаршаңқы, болдырыңқырап отырған Мәриям ападан сұрап-біліскенбіз. Қанша дегенмен, сексен сеңгірі селкілдетпей қоймайды екен-ау. Әлде жүрек тұсы, әлде толысқан дененің икемге көнбей, ауыртпалық салуы ма екен, бір шуыл, демікпе алқыныс, жиі керілген кеуде сырылы естіліп қалады. Бақсақ, әлгінде жеңіл көліктен түскенін ауырлап қалғаны байқалады әзіз жанның. «Өлең шаршатып, салдырағаны ма?» деген күдік серпілді. Сөйтсек, Өлеңді бұл кісі сүйреп жүрмепті, Өлең апамызды жетелеп келе жатқандай екен... Дәтке қуат! Мәриям апа өлеңінің құдіретін білеміз ғой. Оның өлең-моторы әлеуетті күшке ие. «Өзім өлмей отты өлеңім өлмейді», деп шабытымен анттасқан ол өлеңімен өрге өрлеп келеді. Қадірлі мейманымызды жоғарғы қабатқа бастап көтерілдік. Апай әр баспалдақты қиналып аттайды. Бір, екі, үш... тоқтап, сәл тыныс алады. Ентігін басады. Толық балтырының тамыры білеуленіп, кейбір тұсы шорланып, жарылардай боп көкбұжырланып тырсиып тұр. Сыздап, шыдатпайтындай. «Солқылдатып, әкетіп барады-ау!» дейді де ернін қымқыра тістелеп, қайыра аттайды. Бір, екі, үш... Алдағы Есентемір апайдың оң қолынан тас қып ұстап алған. Бір жағы соған тартылып, екінші жағы сол қолымен басқыштың ернеу ағашын сырғыта, сығымдай саумалап әр қадамын санап, зорлана ұмтылады. Мен болсам, апайдың ауырлау денесінің салмағын сәл-пәл қалай жеңілдетем деп, біресе алға лақша секіріп, баспалдақты мегзегендей боламын да, енді бірде соңында қалыңқырап, қай жерінен ұстап, демерімді білмей сасқалақтап, амалсыз ернеу ағашты мытып қысқан сол қолының білегінен көтере, итермелеймін. Мұныма қолайсызданып «шырағым, өзім-өзім», дейді апай әлсіздеу үнмен. Міне, қалтасынан қол орамалын алып, жіпсіген маңдайына сырғытты. «Уһ, қанша қалды?» Қарасұрлау жүзінен моншақтап білінген терін алақанымен сыдырып тастаған Есентемір дым демейді. Шарасызданып, танауының желбезегі қусырылып, көзі аларыңқырап кеткен. Апай келесі басқышқа ұмсына беріп еді, Есентемір троспен тартқандай етіп, оң қолынан тағы жебеңкірей жылжыды. Бұл жолы мен әлсіреген апай аяғы тайып, шалқалай құлап кетпесін дегендей сақтықпен иығымды қырындай қалқалап, артынан ілбіп келемін. Есентемір «барсың ба, ей!» деп қояды. Жауабым – жай ғана жөткіріну. «Қостанай горисполкомы қазақтарға не бірінші, не жоғарғы қабатты береді», дейді Есентемір әлдекімге шағымданғандай болып. «Апайдың сенің үйіңе қонаққа шақырылғанын білмеген ғой, әйтпесе, осы қаланың құрметті азаматы ретінде лифт орната қояр еді-ау», деп әзілдеген болам. Бұл сөзім апайдың құлағына жақты білем, жылжымай, қалт тұрып қалды. Шынында да лифт күтіп тұрғандай жайланып, ағыл-тегіл терін орамалымен сорғыштады. «Апа, енді келіп қалдық!» деді үй иесі әлденеге үрейленіп. Нәті, апасы енді аяғын тіпті баспай қоя ма деп, зәре-құты қашқандай еді. Апай да елгезек кісі ғой, соңғы күшін кейінге сақтаған екен, ышқынысын білдірмесе де төргі басқышқа ентікпей, сәл сергектеу көтерілген сықылды. Бөлесі Есентемірді аяғанынан да болар, «ал, жетіп жығылдық па, соған да тәубе», деп дым болмағандай серпіле сөйледі. Есікті айқара ашып тұрған Есентемірдің жұбайы Наушаны қапсыра құшақтап, маңдайынан бірнеше қайтара сүйді... Ойхой, Есентемір екеуміз жеңілейіп, қуанышымызды көз қиығымызбен шарпыса білдіріп, шаттанып бір кеттік десейші... Апамыз шәйді құмарланып, сүйсініп ішті. Шөлін басқасын, әңгімеге де жазыла көсілді. Аракідік, маған қарата: «Тілші бала, түйсігіңде жүрсін», деп алады да өткен-кеткенін, әсіресе бала кезгі, есейгендегі көрген қорлығын, пұшайман хал-зәбірін, жан қайғысын, жүрегін кемірген тағдыр тәлкегін суыртпақтап қояды. Жазық маңдайына көлденең түскен әжім сызықтары қасын кере сөйлегенде алма-кезек жиырылып-жазылып, «менде тұнған сыр жатыр» дегендей, білмекке әуестікті еселейді. Ынтызар етеді. Ақ селеудей шашы тікесінен қақ жарыла жатқызылған. Қайратты шаштан тарақ ізі де анық көрінеді. Қою қасы боялып-сүргіленбесе де кең маңдайдың қос ноқатындай сұлулығын үстемелеген. Қысқалау кірпігі мен аялы жанары шебер үйлесіммен ақылдылық нышанын аңғартқандай. Ойлы да тұнық көзқарасынан өзгеше мейірімділік меймілдеп, өмірге іңкәрлік тамшылап тұрғандай еді. Түзу, тегісімен түскен мұрнының етекті танауы сәнімен оймақталып, бет-ажарының келістілігін келбеттеп тұр.Толық, топ-томпақ бүрме ерні өзгенің көңілін ынтықтыра сыздататындай әсем сызбаланып, доғалша иегімен астасып, одан әрі бұғақтала түскен. Мойнына түйінсіз бос тастаған ақ шәлісі толық омырауын бүркемелей босаң көлегейлегенімен, баяғы тал-шыбық мүсіннің толықсыған шағын елестететіндей ме. Не керек, сексеннің дәл үстіне шыққан апамыз сынын беріп, сырын алғызбағандай, сергек қалпымен қуантып тастады. Манағы баспалдақ машақатынан құтылғанына өн бойы жайнап, жадыраңқы күйге түсіп, балбырап барады екен. Күткенім, ақын мінезінің алқаусыз, бағынусыз, желпініс, ағынды, асаулы сәті еді. Бекер дәмеленбеппін. Мәриям апай өз-өзінен қозғалақтап, құюлы шәйіне де қарамай, қол сөмкесінен абдырап бірдеме іздей бастады. Іліккен қағазын алып шыққанша тағатсызданып, қоңыр үнді уілімен шайқалақтанып қалады. – Мен қазір Торғай жақтан қайтар жолда туған өлеңімнің осы Есентемір бөлемнің үйінде тұсауын кесіп тастасам қалай қарайсыздар?– деді де ақ қағаздың бүктемесін жазып, қалың шынылы көзәйнегін мұрнына қондырды. – Дауыс ырғағы тіпті өзгешеленіп кетті. – «Қасиетті қара шаңырақ Торғайым, Сағынып келіп, саяңда сенің толғайын. Егізіңнің сыңарымын ежелден, Сексенімді өз қойныңда тойлайын...». Алғашқы шумақ тарқатылды. Біз үнсізбіз. Дем беріп қоштап, ақын арқасын қоздыра түсуге дағдыланбаған басымыз сөз сиқырынан шыға алмай, мүлги түсіппіз.Торғайымыз еске түсіп торығып, тұмшаланып қалыппыз. Апайда басқа есеп жоқ еді. Өзін-өзі қамшылап, ағындап барады. «Ата-бабам мекендеген Торғайым, Өткеніңді, өскеніңді ойлаймын. Талдап қарап, тарихыңды зерттесем, Елдігіңе, ерлігіңе тоймаймын». Бізді өлең тыңдап отыр-ау, осылар деп көз қырына да алмаған Мәриям апай суыңқырап қалған шәйін бір ұрттап, оқуын әрі жалғастырды: «Талай ұлың өткен кешіп өткелді, Талай ауыр күнді бастан өткерді. Ұлы-қызың бостандықтың жолында, Қиындықты, қуғынды да көп көрді». Осы тұсына недәуір кідіріп, жанары жасаурады ма, орамал ұшын көзіне жүгіртті... Иә, ақын жүрегіне сызат түскендей. Қуанып отырып қайғыра салатын жұмбақ жанның терең күрсінісіне қабырғамыз қайысып, қамыққаннан басқаға, дәрменсіз едік. Үлкен асты апай кешеуілдетуді өтініп, диванға жайғасып отырды да үнсіздік жайлаған аз мезетте мызғып алғандай болды. Тыңайып шыға келіп, қуақылана жымиды да «қабаған кәрілік осылай жан-жағыңнан тартқылайды», деп маңайын күлдіртіп алды. Мұнысы, кенеулі әңгіменің беташары– жайлылық, ұзын арқау, кең тұсаулы сабатты кезеңіндей болып, бөлмеде еркіндік ахуал орнатуға себін тигізгендей еді. Апайдың ерекше көңілділігінен жайдарман көп әңгіме дәметкендей едік, бірақ бәрі басқаша реңкпен сұстылау өрбіді. Оған апай кінәлі емес еді, сол бір сұрқия заманның зар-наласы еді, налытқан... ... Иә, қаршадай қыз Мәриям тез есейді. Оқи жүріп, өмір атты дастанның өрмегін үздіксіз тоқыды. Ақындық таланты да ерте ояныпты. Жыр жазу, оқырмандарына кітап сыйлау, «бөрі арығын білдірместің» кебімен қоғамдық іргелі жұмыстардың басы-қасында жүру, Мәскеу қаласында өткен КСРО Жазушылар одағы 1-съезіне қатысып, М.Горькийдің қолынан мүшелік билет алу секілді ұлы мұратын ұштаған қынулы жылдар, сәтімен жалғаса берер ме еді, әттең, сұрқия 1937 жылдың қынабынан қан тамшылаған қылыш суырылмағанда. Ері Серғали Бермұхамедов «халық жауы» атанып қамауға алынбаса... Қайратты ана бәріне көніп бақты. Он сегіз жыл жүрегін мұздатқан қайғы батпанын серпи жүріп таңғаларлық ақындығына бас игізді. Қазақ поэзия көгінің жарық жұлдызындай болып қалған «Мәншүк» поэмасын туғызды. Сөйтіп, жолдасы Серғалидің нақақтан атылып кеткені заңмен анықталып, толықтай ақталған 1955 жылға дейін де белсенді өмірлік ұстанымын бәсеңсітпей, небәрі 23 жасында қыршын кеткен, өзінен үш жас қана қалқыңқы, жалынды ақын Шолпан апасының тағдырлы жалғасындай болып, жыр әлемінде жарқыл қақты. Осынша қыспақты жылдардың қатулығы апайдың қабағын жібітпестей етіп құрсаулап тастаса да, бөлек бітімді бекзат жаратылыс кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген оймен қайғы мен қуанышты қатар өріп, әңгіме тізгінін қосақтап, жіберіп-тартып отырады екен. Апайдың сондай бір алақұйын көңілі сабасына түсе бастағанын аңғарып: – Апай, осы сіз, Шолпан апаңызды көрдіңіз бе?– деп қыстырыла кеттік. – Көре алмадым! – деді апай «әттең-айының» шеті түріліп қалғанына оқыс күйінгендей боп. – Бірақ қанаттасып, «Әйел теңдігі» журналына өлең шығарып тұратын едік. Біз одан көп үйрендік қой. Шіркін, ол уақыттағы сыйластықты айтсайшы. Бір өлеңі арқылы ақынмен немесе ұлт мүддесіне орай тауып айтқан бір ақылман сөзі үшін бейтаныс зиялымен сырттай туыстасып, рухтас боп кететінбіз. Қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды болған Нәзипа Құлжанованы да солай арқа тұтқанбыз. Міржақыптың зайыбы Ғайнижамалдың ақылын талай есіттік. Ал Гүлнәр Дулатова сіңліміз қазақ қыздарының бойына алаш идеясын сіңіруден жалықпайтын күрескер жан екенін әрдайым мақтан етемін, былайғыларға да уағыздап келемін. Ондай тұлғалар сирексіп қалды ғой қазір. Бірақ, шүкір. Өнеге демекші, Шолпанға қатысты білгенімді айтайын. Оның жазғандары шашырап қалар ма еді. Көзі жұмылған соң бір жыл өткесін, кейін қоғам қайраткері боп танылған Сара Есова оның өлеңдерін жиыстырып, кітап етіп шығарды. Ұлт үшін де, Шолпан Иманбаева үшін де қажет қадам еді бұл... Кезінде Шолпан апам туралы: «Қазақтың қалаулысы ақын Шолпан, Өмірден өлең болды алған қолқаң. Сайрадың бостандықтың бұлбұлы боп, Болса да қара түнек өскен ортаң»,– деп жырлағанмын. Ішкі ой шерленіп туласа, толқын сапырған ақ көбіктей бетке қалқып шығады екен. Апай жүзі күреңітіп, есіне түскен әлденені бұғалықтай алмай әлектенген сыңайлы. Нендей ой кемірді екен?.. Бізге тылсым қалды. Дегенмен, уақыттың қай жұмбақты да шешпей қоймайтынына көз жеткен. Алға жүгіртіп айтсақ... былай. М.Хакімжанованың халқы сүйіп оқитын қаншама туындылар жазғанына ел куә. Өзі 60 жасқа толғанда солардың басын құрап, үш том етпекке үміттенген-тін. Дәнеңе өнбеді. Араға 20 жыл салып, 80-ге жеткенде белсенді бір баспагерге барып: «Шырағым, менің ғұмыр бойы жазғанымның таңдаулы дегендері 3 томнан аспайды, артымда тұтастау күйінде қалсын!» деп өтініпті. Құлаққа қыстырылмапты. Сөйтіп Қазақстанның халық жазушысы, «Еңбек Қызыл Ту», екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерінің, бірнеше медальдардың иегері, Қостанай, Арқалық, Форт-Шевченко қалаларының құрметті азаматы атанған абзал ана, қазақ поэзиясы қыз-келіншектерінің абызы көзінің тірісінде томдықтарын шығара алмай арманда кеткен еді. Апайдың өз аузымен айтылмай қалған мұң-зарының бір түйткілі осы болса керек-ті. Әрине, әділдік жеңбей қоймайды екен. Ақынның туғанына 100 жыл толуына орай, әйтеуір, мейірім-ықылас танытушылар табылып, 2006 жылы шығармаларының 2 кітабы «Ана тілі» баспасынан, соңғысы «Жазушыдан» жарық көріп, осылайша, өзі діттеген тұтас 3 томдығы өсиетіндей боп оқырмандар қолына тигені көңілге медет. Мұның біріншісіне – өлеңдері, екіншісіне – өлеңдері мен поэмалары және жазбалары, үшіншісіне – естеліктері мен мақалалары енгізілген. Әттең, әттең... Үш «балапанының» басынан сипай алмай кеткені өкінішті-ақ. Жер қозғалмаса, қозғалмайтындай салмақты Мәриям апаның жүрегіне нендей салмақ түскенін кейін аңғарып жатқандаймыз ғой... Жыр-Анасымен соңғы рет қоштасуында талантты сіңлісі Фариза Оңғарсынова: «Қыздардың көшін бастаған, Орынсыз асып-таспаған, Өсек-аяң сөз айтпай, Қабағымен жасқаған, Тектілердің көзі едің, Шын асылдың өзі едің»,– деп нағыз дегдарлық бағасын бере күңіреніпті. ...Сонымен, ас ішіліп болып, Есентемір апайды қонақ үйге жеткізіп салудың қамына кіріскенде, ол кісі тосындау қимылмен бізге ошарыла бұрылды: – Сендер, Ыбырай Алтынсарин бабаларыңның басына жиі барып, зиярат етіп тұрыңдаршы!– деді де ішінен күмілжіп тынды. – Барып жүрміз! Апа!– деді Есентемір нық сөйлеп. – Қаланың кең алқымынан жанай ағатын Тобыл өзенінің жағасынан онша алыс емес жерде мәңгілік тыныстап жатыр ғой, жарықтық бабамыз. – Дұрыс! Дұ-р-ыс! Кеше өзім барып, дұға оқып қайтқам. Есімде ғой бәрі, есімде, 1921 жылы ұзатылғанымда Айғаным әжем Балғожа мен Қанқожа билердің он екі құлақты тамының қасында жатқан Ыбырай атамның да темір тормен қоршалған бейітін көрсетіп, жадыңда жүрсін дегендей, нығырлап көздеп, түсіндірген еді. Жасыратын не бар, сол ескі қорым Қостанай қаласының шеткі тұсында қалғанын ішім сезеді. Үстінен банк ғимараты түсті деп естіп едім... – Мәриям апай ауыр күрсінді де сөзін жалғады. – Құдайға күнәһар болар жайым жоқ, бірақ көңілден секемшіл сезік кетпей қояды. Қазіргі ескерткіші тұрған жерге сүйегін қазып апарып қойды ма, әлде... Қойса, жақсы!.. Бұл жағы өзіммен көрге бірге кетер ащы мұңым ғой, айналайындарым-ай!.. Ескертіп қояйын, енді бұған бола дүрлігудің өзі ерсі... Ащы мұң!.. Апайдың жүзіне аянышпен қарадық. Ол мүсіркеуді ұнатпайтындай кейіппен өңіне жылы жымиыс жүгіртіп, тұруға ыңғайлана бастап еді. Мәриям апай төменге біршама жеңіл, сергек түсті. Есентемір екеуміз бұл жолы алғы баспалдақтарды қосарлана аттап, жауырынымызды апайға икемдей қалқалап, қауіпсіздік шарасын аса мұқият сақтағандай боп «келдік, апа, келдік» деумен жерге табан тіредік-ау, әйтеуір... Бағана жоғары қабатқа көтерілуіміз ғарышқа самғағандай жан терімізді шығарса, енді төменге – құлдилап кеп жайлы қонған ғарышкерлердей боп, мәре-сәре күй кештік. Мәриям апаның «Қазы- қарта мен сары қымыздың қуаты-ай!» деп, сыңғырлай күлгені жадымызды әлі күнге қоңыраулатып жіберетіні бар. ...Содан қайтіп апай Қостанай жаққа ат ізін салмады. Әйтсе де күллі қазақ оқырмандарының жүрегін жалынды жырымен арайландырған қайран апамызды аңсарлы жүректер ешқашан ұмытпайтынын көріп-біліп, сезіп жүргеніміз дәтке қуат. Кейін де апамыз жайлы талай әңгімелерге құлақ түріп жүріппіз. Сонда қазақ әйел ақындар көшін 70 жылдай бастаған мейірімді жүректің мұң-шерге бөккен лүпілін сезетіндей едік. Ешнәрсеге бейжай қарамаған ғой, жарықтық. Ғабит Мүсіреповтің басы 4-5 жыл төңірегінде қарайтылмағанда, қаншама жерге дабыл ұрып, қалалық биліктің шаңын қаққан да осы кісі болатын. Сол классик жазушының үй-мұражайының қалыптасуына да мұрындық болғандай екен. Осының бәрі ойлы адамға мұң емес деп көріңізші. Қазақтың небір боздақтарымен аралас-құралас жүрген Мәриям апай көркемдігі аса жоғары естеліктер жазып қалдырған. Бейімбеттен бастап құнды пікірлер айта білген шежіре-жүрек, әңгімешіл, әмбебап білімдар, көрген-білгені мол, жады мықты біртуар екен. Оның арнау өлеңдерінен тарих бедерін тануға болады. Жоқтау жырларында да ауыз әдебиетінің түпсіз қайнарының үрдістері көзге ұрып, дәстүрлік жалғастықтың иірімдері шымырлата үйіреді. Ел арыстарының бақыты мен күйзелісін жүрек сүзгісінен өткізе білетін Мәриям апайдың өлеңдерінен немесе былайғы жазбаларынан азамат бағасын айқын аңғарасыз. «Қайран Ілияс (І.Омаров – Қ.Ә.) қармақтай боп үйге кіргенін әйнектен көріп, еңіреп жылап отырып, осы өлеңді жазып, пошта жәшігіне салдым». Қазақтың марқасқа ұлының Мәскеуден қиын операция жасатып, қалжырап оралған беті екен. Өлең басы былай: «Келдің бе аман-есен, бауырласым, Жолыңа төктім талай көздің жасын. Ажалмен арпалысып сен жатқанда, Тіледі тілегіңді ауылдасың». Бір аптадан соң Ілияс жылқы сойып, аман келгеніне туған-туыстарын, көрші-көлемдерін, құда-жекжаттарын шақырады. Сол отырысты апай былайша суреттеп жазады: «Тамақтан кейін менің өлеңімді төс қалтасынан алып: «Апа! Өз үніңді сағындым. Мына маған арнаған сөзіңді өзің оқып берші», деді. Мен қатты тебіреніп оқып бердім. Ілияс өксіп-өксіп жылап, шаршап қалды. Аздан кейін қасыма келіп, бетімнен сүйіп алғыс айтқан еді. Аяулым!» 89 жасқа қараған шағында өмірден озған Мариям апа ғұмырының соңғы 4-5 жылында екі аяқтан қалып, көзі кетіп, құлақтан кемуі тағдырының кезекті аяусыз соққыларының бір болғандай екен. Сонау ерте шағында өмірден қорлық көріп күйінгенде: «Тырсылдаған көздің жасын, Тоқтататын не амал бар. Қор боп өткен қайран басым, Қашан ғана жоғалар...» – деп тотияйын жалағандай, тілін күйдіре жазғанымен, бақытты ақын болып ел көзінде қалған еді... ...Мұңның да өшіп-семетін кезегі келе ме?! Сабағы ше?!.. Ал адамдарға жасаған қамқорлықтың, ыстық тілектің, нұрлы ақылдың, жылы жүректің, жалынды қайраттың шарпысуынан шарболаттанған қуаныш-қызық ғұмырлы келеді екен!.. Мәриям апайдың шыжғырылған мұңынан гөрі, өлең сыйлаған асыл мұратты, мейзам шуақты, өшпес маздағы басым болғандығы да содан шығар... Қайсар ӘЛІМ «Егемен Қазақстан»Қостанайдың облыстық газетінде табан аудармай жиырма екі жыл көз майын тауысып, қалам сорып, ащы терге малшынып қызмет еткен жалынды күндерім есіме түссе жүрек тұсым кәдімгідей ып-ыссы боп, сағыныш сезім тұла бойды шарпып кетеді. Бал арасынша ләззаттана жинаған рухани игілік, жылдар өте келе көзі бітелудің орнына, тұма бұлақтай асаулана бұлқынып, көкірек көмбесінен молынан қарпуға ынтықтыра тартады екен...
Иә, сондай қазыналы қамбадан сәті түсіп, ақтарылған мына бір суыртпақ сыр, бәлі, ұзақ жылдар тербеліп, иі қанып, күні жеткендей боп, күмбірлей құйылған еді. Әттең, бірақ тұтастай құмарлы қызық емес екен, жүректе беріштене түскен қайғы-мұңның қатпарлы қырғышының қылпа жүзіндегі шер-налалы, шерменде запыраны іспетті-ау, сірә!..
...Сонымен, Қостанайдағы шығармашылық күндердің жылыстанып жатқан беймаза шағы – өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта шені болатын.
Ақ дастарқан басында Мәриям Хакімжановамен қатар отырамыз деп кім ойлаған? Сәті солай болыпты. Көрші-дос, белгілі дәрігер Есентемір Әбдікәрімовтің шаңырағындағы уызы меймілдеген осы жүздесу сәті «мен– тарих тегеріші» дегендей, сырт-сырт етіп, байқаусыз сырғып жатыр еді.
Үлкен ақыннан не сұрай қоясыз, жөппелдемеде. Сөзге қосылуға да жүрексініп, тағаланбаған аттай тайғанақтай бересің. Есен-саулықты кірме есіктің жақтауындағы сәкіде шаршаңқы, болдырыңқырап отырған Мәриям ападан сұрап-біліскенбіз. Қанша дегенмен, сексен сеңгірі селкілдетпей қоймайды екен-ау. Әлде жүрек тұсы, әлде толысқан дененің икемге көнбей, ауыртпалық салуы ма екен, бір шуыл, демікпе алқыныс, жиі керілген кеуде сырылы естіліп қалады. Бақсақ, әлгінде жеңіл көліктен түскенін ауырлап қалғаны байқалады әзіз жанның. «Өлең шаршатып, салдырағаны ма?» деген күдік серпілді. Сөйтсек, Өлеңді бұл кісі сүйреп жүрмепті, Өлең апамызды жетелеп келе жатқандай екен... Дәтке қуат! Мәриям апа өлеңінің құдіретін білеміз ғой. Оның өлең-моторы әлеуетті күшке ие. «Өзім өлмей отты өлеңім өлмейді», деп шабытымен анттасқан ол өлеңімен өрге өрлеп келеді.
Қадірлі мейманымызды жоғарғы қабатқа бастап көтерілдік. Апай әр баспалдақты қиналып аттайды. Бір, екі, үш... тоқтап, сәл тыныс алады. Ентігін басады. Толық балтырының тамыры білеуленіп, кейбір тұсы шорланып, жарылардай боп көкбұжырланып тырсиып тұр. Сыздап, шыдатпайтындай. «Солқылдатып, әкетіп барады-ау!» дейді де ернін қымқыра тістелеп, қайыра аттайды. Бір, екі, үш... Алдағы Есентемір апайдың оң қолынан тас қып ұстап алған. Бір жағы соған тартылып, екінші жағы сол қолымен басқыштың ернеу ағашын сырғыта, сығымдай саумалап әр қадамын санап, зорлана ұмтылады. Мен болсам, апайдың ауырлау денесінің салмағын сәл-пәл қалай жеңілдетем деп, біресе алға лақша секіріп, баспалдақты мегзегендей боламын да, енді бірде соңында қалыңқырап, қай жерінен ұстап, демерімді білмей сасқалақтап, амалсыз ернеу ағашты мытып қысқан сол қолының білегінен көтере, итермелеймін. Мұныма қолайсызданып «шырағым, өзім-өзім», дейді апай әлсіздеу үнмен. Міне, қалтасынан қол орамалын алып, жіпсіген маңдайына сырғытты. «Уһ, қанша қалды?» Қарасұрлау жүзінен моншақтап білінген терін алақанымен сыдырып тастаған Есентемір дым демейді. Шарасызданып, танауының желбезегі қусырылып, көзі аларыңқырап кеткен. Апай келесі басқышқа ұмсына беріп еді, Есентемір троспен тартқандай етіп, оң қолынан тағы жебеңкірей жылжыды. Бұл жолы мен әлсіреген апай аяғы тайып, шалқалай құлап кетпесін дегендей сақтықпен иығымды қырындай қалқалап, артынан ілбіп келемін. Есентемір «барсың ба, ей!» деп қояды. Жауабым – жай ғана жөткіріну. «Қостанай горисполкомы қазақтарға не бірінші, не жоғарғы қабатты береді», дейді Есентемір әлдекімге шағымданғандай болып. «Апайдың сенің үйіңе қонаққа шақырылғанын білмеген ғой, әйтпесе, осы қаланың құрметті азаматы ретінде лифт орната қояр еді-ау», деп әзілдеген болам. Бұл сөзім апайдың құлағына жақты білем, жылжымай, қалт тұрып қалды. Шынында да лифт күтіп тұрғандай жайланып, ағыл-тегіл терін орамалымен сорғыштады. «Апа, енді келіп қалдық!» деді үй иесі әлденеге үрейленіп. Нәті, апасы енді аяғын тіпті баспай қоя ма деп, зәре-құты қашқандай еді. Апай да елгезек кісі ғой, соңғы күшін кейінге сақтаған екен, ышқынысын білдірмесе де төргі басқышқа ентікпей, сәл сергектеу көтерілген сықылды. Бөлесі Есентемірді аяғанынан да болар, «ал, жетіп жығылдық па, соған да тәубе», деп дым болмағандай серпіле сөйледі. Есікті айқара ашып тұрған Есентемірдің жұбайы Наушаны қапсыра құшақтап, маңдайынан бірнеше қайтара сүйді... Ойхой, Есентемір екеуміз жеңілейіп, қуанышымызды көз қиығымызбен шарпыса білдіріп, шаттанып бір кеттік десейші...
Апамыз шәйді құмарланып, сүйсініп ішті. Шөлін басқасын, әңгімеге де жазыла көсілді. Аракідік, маған қарата: «Тілші бала, түйсігіңде жүрсін», деп алады да өткен-кеткенін, әсіресе бала кезгі, есейгендегі көрген қорлығын, пұшайман хал-зәбірін, жан қайғысын, жүрегін кемірген тағдыр тәлкегін суыртпақтап қояды. Жазық маңдайына көлденең түскен әжім сызықтары қасын кере сөйлегенде алма-кезек жиырылып-жазылып, «менде тұнған сыр жатыр» дегендей, білмекке әуестікті еселейді. Ынтызар етеді. Ақ селеудей шашы тікесінен қақ жарыла жатқызылған. Қайратты шаштан тарақ ізі де анық көрінеді. Қою қасы боялып-сүргіленбесе де кең маңдайдың қос ноқатындай сұлулығын үстемелеген. Қысқалау кірпігі мен аялы жанары шебер үйлесіммен ақылдылық нышанын аңғартқандай. Ойлы да тұнық көзқарасынан өзгеше мейірімділік меймілдеп, өмірге іңкәрлік тамшылап тұрғандай еді. Түзу, тегісімен түскен мұрнының етекті танауы сәнімен оймақталып, бет-ажарының келістілігін келбеттеп тұр.Толық, топ-томпақ бүрме ерні өзгенің көңілін ынтықтыра сыздататындай әсем сызбаланып, доғалша иегімен астасып, одан әрі бұғақтала түскен. Мойнына түйінсіз бос тастаған ақ шәлісі толық омырауын бүркемелей босаң көлегейлегенімен, баяғы тал-шыбық мүсіннің толықсыған шағын елестететіндей ме. Не керек, сексеннің дәл үстіне шыққан апамыз сынын беріп, сырын алғызбағандай, сергек қалпымен қуантып тастады. Манағы баспалдақ машақатынан құтылғанына өн бойы жайнап, жадыраңқы күйге түсіп, балбырап барады екен. Күткенім, ақын мінезінің алқаусыз, бағынусыз, желпініс, ағынды, асаулы сәті еді. Бекер дәмеленбеппін. Мәриям апай өз-өзінен қозғалақтап, құюлы шәйіне де қарамай, қол сөмкесінен абдырап бірдеме іздей бастады. Іліккен қағазын алып шыққанша тағатсызданып, қоңыр үнді уілімен шайқалақтанып қалады.
– Мен қазір Торғай жақтан қайтар жолда туған өлеңімнің осы Есентемір бөлемнің үйінде тұсауын кесіп тастасам қалай қарайсыздар?– деді де ақ қағаздың бүктемесін жазып, қалың шынылы көзәйнегін мұрнына қондырды. – Дауыс ырғағы тіпті өзгешеленіп кетті. – «Қасиетті қара шаңырақ Торғайым, Сағынып келіп, саяңда сенің толғайын. Егізіңнің сыңарымын ежелден, Сексенімді өз қойныңда тойлайын...».
Алғашқы шумақ тарқатылды. Біз үнсізбіз. Дем беріп қоштап, ақын арқасын қоздыра түсуге дағдыланбаған басымыз сөз сиқырынан шыға алмай, мүлги түсіппіз.Торғайымыз еске түсіп торығып, тұмшаланып қалыппыз. Апайда басқа есеп жоқ еді. Өзін-өзі қамшылап, ағындап барады. «Ата-бабам мекендеген Торғайым, Өткеніңді, өскеніңді ойлаймын. Талдап қарап, тарихыңды зерттесем, Елдігіңе, ерлігіңе тоймаймын».
Бізді өлең тыңдап отыр-ау, осылар деп көз қырына да алмаған Мәриям апай суыңқырап қалған шәйін бір ұрттап, оқуын әрі жалғастырды: «Талай ұлың өткен кешіп өткелді, Талай ауыр күнді бастан өткерді. Ұлы-қызың бостандықтың жолында, Қиындықты, қуғынды да көп көрді». Осы тұсына недәуір кідіріп, жанары жасаурады ма, орамал ұшын көзіне жүгіртті... Иә, ақын жүрегіне сызат түскендей. Қуанып отырып қайғыра салатын жұмбақ жанның терең күрсінісіне қабырғамыз қайысып, қамыққаннан басқаға, дәрменсіз едік.
Үлкен асты апай кешеуілдетуді өтініп, диванға жайғасып отырды да үнсіздік жайлаған аз мезетте мызғып алғандай болды. Тыңайып шыға келіп, қуақылана жымиды да «қабаған кәрілік осылай жан-жағыңнан тартқылайды», деп маңайын күлдіртіп алды. Мұнысы, кенеулі әңгіменің беташары– жайлылық, ұзын арқау, кең тұсаулы сабатты кезеңіндей болып, бөлмеде еркіндік ахуал орнатуға себін тигізгендей еді. Апайдың ерекше көңілділігінен жайдарман көп әңгіме дәметкендей едік, бірақ бәрі басқаша реңкпен сұстылау өрбіді. Оған апай кінәлі емес еді, сол бір сұрқия заманның зар-наласы еді, налытқан...
... Иә, қаршадай қыз Мәриям тез есейді. Оқи жүріп, өмір атты дастанның өрмегін үздіксіз тоқыды. Ақындық таланты да ерте ояныпты. Жыр жазу, оқырмандарына кітап сыйлау, «бөрі арығын білдірместің» кебімен қоғамдық іргелі жұмыстардың басы-қасында жүру, Мәскеу қаласында өткен КСРО Жазушылар одағы 1-съезіне қатысып, М.Горькийдің қолынан мүшелік билет алу секілді ұлы мұратын ұштаған қынулы жылдар, сәтімен жалғаса берер ме еді, әттең, сұрқия 1937 жылдың қынабынан қан тамшылаған қылыш суырылмағанда. Ері Серғали Бермұхамедов «халық жауы» атанып қамауға алынбаса... Қайратты ана бәріне көніп бақты. Он сегіз жыл жүрегін мұздатқан қайғы батпанын серпи жүріп таңғаларлық ақындығына бас игізді. Қазақ поэзия көгінің жарық жұлдызындай болып қалған «Мәншүк» поэмасын туғызды. Сөйтіп, жолдасы Серғалидің нақақтан атылып кеткені заңмен анықталып, толықтай ақталған 1955 жылға дейін де белсенді өмірлік ұстанымын бәсеңсітпей, небәрі 23 жасында қыршын кеткен, өзінен үш жас қана қалқыңқы, жалынды ақын Шолпан апасының тағдырлы жалғасындай болып, жыр әлемінде жарқыл қақты.
Осынша қыспақты жылдардың қатулығы апайдың қабағын жібітпестей етіп құрсаулап тастаса да, бөлек бітімді бекзат жаратылыс кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген оймен қайғы мен қуанышты қатар өріп, әңгіме тізгінін қосақтап, жіберіп-тартып отырады екен. Апайдың сондай бір алақұйын көңілі сабасына түсе бастағанын аңғарып:
– Апай, осы сіз, Шолпан апаңызды көрдіңіз бе?– деп қыстырыла кеттік.
– Көре алмадым! – деді апай «әттең-айының» шеті түріліп қалғанына оқыс күйінгендей боп. – Бірақ қанаттасып, «Әйел теңдігі» журналына өлең шығарып тұратын едік. Біз одан көп үйрендік қой. Шіркін, ол уақыттағы сыйластықты айтсайшы. Бір өлеңі арқылы ақынмен немесе ұлт мүддесіне орай тауып айтқан бір ақылман сөзі үшін бейтаныс зиялымен сырттай туыстасып, рухтас боп кететінбіз. Қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды болған Нәзипа Құлжанованы да солай арқа тұтқанбыз. Міржақыптың зайыбы Ғайнижамалдың ақылын талай есіттік. Ал Гүлнәр Дулатова сіңліміз қазақ қыздарының бойына алаш идеясын сіңіруден жалықпайтын күрескер жан екенін әрдайым мақтан етемін, былайғыларға да уағыздап келемін. Ондай тұлғалар сирексіп қалды ғой қазір. Бірақ, шүкір. Өнеге демекші, Шолпанға қатысты білгенімді айтайын. Оның жазғандары шашырап қалар ма еді. Көзі жұмылған соң бір жыл өткесін, кейін қоғам қайраткері боп танылған Сара Есова оның өлеңдерін жиыстырып, кітап етіп шығарды. Ұлт үшін де, Шолпан Иманбаева үшін де қажет қадам еді бұл... Кезінде Шолпан апам туралы: «Қазақтың қалаулысы ақын Шолпан, Өмірден өлең болды алған қолқаң. Сайрадың бостандықтың бұлбұлы боп, Болса да қара түнек өскен ортаң»,– деп жырлағанмын.
Ішкі ой шерленіп туласа, толқын сапырған ақ көбіктей бетке қалқып шығады екен. Апай жүзі күреңітіп, есіне түскен әлденені бұғалықтай алмай әлектенген сыңайлы. Нендей ой кемірді екен?.. Бізге тылсым қалды. Дегенмен, уақыттың қай жұмбақты да шешпей қоймайтынына көз жеткен. Алға жүгіртіп айтсақ... былай. М.Хакімжанованың халқы сүйіп оқитын қаншама туындылар жазғанына ел куә. Өзі 60 жасқа толғанда солардың басын құрап, үш том етпекке үміттенген-тін. Дәнеңе өнбеді. Араға 20 жыл салып, 80-ге жеткенде белсенді бір баспагерге барып: «Шырағым, менің ғұмыр бойы жазғанымның таңдаулы дегендері 3 томнан аспайды, артымда тұтастау күйінде қалсын!» деп өтініпті. Құлаққа қыстырылмапты. Сөйтіп Қазақстанның халық жазушысы, «Еңбек Қызыл Ту», екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерінің, бірнеше медальдардың иегері, Қостанай, Арқалық, Форт-Шевченко қалаларының құрметті азаматы атанған абзал ана, қазақ поэзиясы қыз-келіншектерінің абызы көзінің тірісінде томдықтарын шығара алмай арманда кеткен еді. Апайдың өз аузымен айтылмай қалған мұң-зарының бір түйткілі осы болса керек-ті.
Әрине, әділдік жеңбей қоймайды екен. Ақынның туғанына 100 жыл толуына орай, әйтеуір, мейірім-ықылас танытушылар табылып, 2006 жылы шығармаларының 2 кітабы «Ана тілі» баспасынан, соңғысы «Жазушыдан» жарық көріп, осылайша, өзі діттеген тұтас 3 томдығы өсиетіндей боп оқырмандар қолына тигені көңілге медет. Мұның біріншісіне – өлеңдері, екіншісіне – өлеңдері мен поэмалары және жазбалары, үшіншісіне – естеліктері мен мақалалары енгізілген. Әттең, әттең... Үш «балапанының» басынан сипай алмай кеткені өкінішті-ақ.
Жер қозғалмаса, қозғалмайтындай салмақты Мәриям апаның жүрегіне нендей салмақ түскенін кейін аңғарып жатқандаймыз ғой... Жыр-Анасымен соңғы рет қоштасуында талантты сіңлісі Фариза Оңғарсынова: «Қыздардың көшін бастаған, Орынсыз асып-таспаған, Өсек-аяң сөз айтпай, Қабағымен жасқаған, Тектілердің көзі едің, Шын асылдың өзі едің»,– деп нағыз дегдарлық бағасын бере күңіреніпті.
...Сонымен, ас ішіліп болып, Есентемір апайды қонақ үйге жеткізіп салудың қамына кіріскенде, ол кісі тосындау қимылмен бізге ошарыла бұрылды:
– Сендер, Ыбырай Алтынсарин бабаларыңның басына жиі барып, зиярат етіп тұрыңдаршы!– деді де ішінен күмілжіп тынды.
– Барып жүрміз! Апа!– деді Есентемір нық сөйлеп. – Қаланың кең алқымынан жанай ағатын Тобыл өзенінің жағасынан онша алыс емес жерде мәңгілік тыныстап жатыр ғой, жарықтық бабамыз.
– Дұрыс! Дұ-р-ыс! Кеше өзім барып, дұға оқып қайтқам. Есімде ғой бәрі, есімде, 1921 жылы ұзатылғанымда Айғаным әжем Балғожа мен Қанқожа билердің он екі құлақты тамының қасында жатқан Ыбырай атамның да темір тормен қоршалған бейітін көрсетіп, жадыңда жүрсін дегендей, нығырлап көздеп, түсіндірген еді. Жасыратын не бар, сол ескі қорым Қостанай қаласының шеткі тұсында қалғанын ішім сезеді. Үстінен банк ғимараты түсті деп естіп едім... – Мәриям апай ауыр күрсінді де сөзін жалғады. – Құдайға күнәһар болар жайым жоқ, бірақ көңілден секемшіл сезік кетпей қояды. Қазіргі ескерткіші тұрған жерге сүйегін қазып апарып қойды ма, әлде... Қойса, жақсы!.. Бұл жағы өзіммен көрге бірге кетер ащы мұңым ғой, айналайындарым-ай!.. Ескертіп қояйын, енді бұған бола дүрлігудің өзі ерсі...
Ащы мұң!.. Апайдың жүзіне аянышпен қарадық. Ол мүсіркеуді ұнатпайтындай кейіппен өңіне жылы жымиыс жүгіртіп, тұруға ыңғайлана бастап еді.
Мәриям апай төменге біршама жеңіл, сергек түсті. Есентемір екеуміз бұл жолы алғы баспалдақтарды қосарлана аттап, жауырынымызды апайға икемдей қалқалап, қауіпсіздік шарасын аса мұқият сақтағандай боп «келдік, апа, келдік» деумен жерге табан тіредік-ау, әйтеуір... Бағана жоғары қабатқа көтерілуіміз ғарышқа самғағандай жан терімізді шығарса, енді төменге – құлдилап кеп жайлы қонған ғарышкерлердей боп, мәре-сәре күй кештік. Мәриям апаның «Қазы- қарта мен сары қымыздың қуаты-ай!» деп, сыңғырлай күлгені жадымызды әлі күнге қоңыраулатып жіберетіні бар.
...Содан қайтіп апай Қостанай жаққа ат ізін салмады. Әйтсе де күллі қазақ оқырмандарының жүрегін жалынды жырымен арайландырған қайран апамызды аңсарлы жүректер ешқашан ұмытпайтынын көріп-біліп, сезіп жүргеніміз дәтке қуат.
Кейін де апамыз жайлы талай әңгімелерге құлақ түріп жүріппіз. Сонда қазақ әйел ақындар көшін 70 жылдай бастаған мейірімді жүректің мұң-шерге бөккен лүпілін сезетіндей едік. Ешнәрсеге бейжай қарамаған ғой, жарықтық. Ғабит Мүсіреповтің басы 4-5 жыл төңірегінде қарайтылмағанда, қаншама жерге дабыл ұрып, қалалық биліктің шаңын қаққан да осы кісі болатын. Сол классик жазушының үй-мұражайының қалыптасуына да мұрындық болғандай екен. Осының бәрі ойлы адамға мұң емес деп көріңізші.
Қазақтың небір боздақтарымен аралас-құралас жүрген Мәриям апай көркемдігі аса жоғары естеліктер жазып қалдырған. Бейімбеттен бастап құнды пікірлер айта білген шежіре-жүрек, әңгімешіл, әмбебап білімдар, көрген-білгені мол, жады мықты біртуар екен. Оның арнау өлеңдерінен тарих бедерін тануға болады. Жоқтау жырларында да ауыз әдебиетінің түпсіз қайнарының үрдістері көзге ұрып, дәстүрлік жалғастықтың иірімдері шымырлата үйіреді. Ел арыстарының бақыты мен күйзелісін жүрек сүзгісінен өткізе білетін Мәриям апайдың өлеңдерінен немесе былайғы жазбаларынан азамат бағасын айқын аңғарасыз. «Қайран Ілияс (І.Омаров – Қ.Ә.) қармақтай боп үйге кіргенін әйнектен көріп, еңіреп жылап отырып, осы өлеңді жазып, пошта жәшігіне салдым». Қазақтың марқасқа ұлының Мәскеуден қиын операция жасатып, қалжырап оралған беті екен. Өлең басы былай: «Келдің бе аман-есен, бауырласым, Жолыңа төктім талай көздің жасын. Ажалмен арпалысып сен жатқанда, Тіледі тілегіңді ауылдасың». Бір аптадан соң Ілияс жылқы сойып, аман келгеніне туған-туыстарын, көрші-көлемдерін, құда-жекжаттарын шақырады. Сол отырысты апай былайша суреттеп жазады: «Тамақтан кейін менің өлеңімді төс қалтасынан алып: «Апа! Өз үніңді сағындым. Мына маған арнаған сөзіңді өзің оқып берші», деді. Мен қатты тебіреніп оқып бердім. Ілияс өксіп-өксіп жылап, шаршап қалды. Аздан кейін қасыма келіп, бетімнен сүйіп алғыс айтқан еді. Аяулым!»
89 жасқа қараған шағында өмірден озған Мариям апа ғұмырының соңғы 4-5 жылында екі аяқтан қалып, көзі кетіп, құлақтан кемуі тағдырының кезекті аяусыз соққыларының бір болғандай екен. Сонау ерте шағында өмірден қорлық көріп күйінгенде: «Тырсылдаған көздің жасын, Тоқтататын не амал бар. Қор боп өткен қайран басым, Қашан ғана жоғалар...» – деп тотияйын жалағандай, тілін күйдіре жазғанымен, бақытты ақын болып ел көзінде қалған еді...
...Мұңның да өшіп-семетін кезегі келе ме?! Сабағы ше?!.. Ал адамдарға жасаған қамқорлықтың, ыстық тілектің, нұрлы ақылдың, жылы жүректің, жалынды қайраттың шарпысуынан шарболаттанған қуаныш-қызық ғұмырлы келеді екен!.. Мәриям апайдың шыжғырылған мұңынан гөрі, өлең сыйлаған асыл мұратты, мейзам шуақты, өшпес маздағы басым болғандығы да содан шығар...
Қайсар ӘЛІМ
«Егемен Қазақстан»
