Жаңалықтар

Жапондар арасында өткен жастық шақ

«Өлі риза болмай тірі байымайды» демекші, бізді таныстырған бөлемнің қа­­­­расы болатын. Сол бөлеміз, яғ­­ни Құмарғали аталарын соң­ғы сапар­­ға шығарып салуға жиналған сегіз-тоғыз баласынан та­раған немерелері, жиендері, шөберелері жылап-сықтағанда, сай-сүйегіңді сырқыратады. Құмарғали бөле өте қарапайым, кішіпейіл адам еді. Балалары мен қыздарының барлығы да институттарын бітірген, көбісі Атырауда тұрады. Қарасын, үшін өткізуге келген бес-алты қарттармен дәлізде әңгімелесіп, ішінара танысып та алдым. Бізге жақындау жерде бес-алты бала ойнап, өзара күресіп жүрген, бір уақытта қасымдағы шал: – «Молодец, Банзай!» – деп даусына мақтанышты рең бере үн қатты. Таңғалдым. Өйткені, алғашқы сөзі өзіміздің күнде естіп жүрген орыс сөзі де, ал «банзайы» кітаптардан ғана оқыған жапондардың ұраны еді. Менің таңданғанымды көрген қарт басын шалқайта келіп күлді де, бес-алты жапонша сөздерін тағы да қыстыра отырып: – Қонағым, таңданбаңыз. Менің есімді білген жастық шағым түгелдей жапондар арасында өтті. Орыс тілін жүре бара, ал қазақ тілін 1959 жылы елге оралғаннан кейін ғана үйрендім, – деді. – Ол жаққа неге бардыңыз?– деп сұрадым. – Адамның басы – Алланың добы, – деген. Сұрап отырсың ғой, ендеше тыңда. Мен де бір шерімді тарқатайын, – деп әлгі қарт әңгімесін бастады. – Аты-жөнім – Аманқос Ермеков. Мен дүниеге келген күннің ертеңіне, 1942 жылы әкем Ермек Қабдолов Атырау облысындағы Яманка деген аудан орталығынан соғысқа алынып, атты әскер полкінде болған. Сұрапыл соғыстың бір сәтінде қасындағы 200 жолдасымен қоршауда қалып, немістер оларды тұтқындаған. Үш жыл Германияда болып, тек соғыс біткесін ғана елге оралған. 1946 жылы елге келісімен қайта тұтқындалып, Сібірге жиырма жылға жер аударылды. Анам Балсұлу Қабдолова әкемнен қалғысы келмей үлкен ағам Қырым мен мені алып, жолға жиналды. Бірақ анамның аға-інілері кетуіне қарсы болып, енді жүргелі жатқанда біздерді, анамды арбадан күштеп түсірді. Әкем өте әлді және анау-мынау жөнсіздікке төзбейтін адам еді: – Балсұлу сіздердікі, бірақ балаларда шаруаларың болмасын, – деп біздерді екі қолтығына қысып, арбаға қайта отырғызды. – Қош, Балсұлу, бұл біздермен соңғы кө­рісуің болар, – дегені сол еді, мына сөз­­ді ести сала, ағаларының қолынан жұл­­­­қынып шыққан анамыз арбаға қайта мінді. Есімде қалғаны – барлығымызды мал тиейтін лас вагондарға отыр­ғызғанда, қасымызда аяғын әзер басатын көршіміз Бердіғали Қапашев әйеліне сүйеніп жүрді. Әйелі көрікті, жас болатын. Екі-үш күн өткесін, жұрт ашыға бастады. Ас жоқ, қанып ішетін су жоқ. Вагон іші лас, сасық иіс мүң­ки­ді. Жағдай қиындады. Пойыз көбі­несе далада тоқтайды. Ондайда вагон­нан түсуге күзетшілер рұқсат етпейді. Вагон ішінде ересек адамдар бас қосып, қайткенде де балаларды аман алып қалу қамына кірісті. Қайдан табатындарын білмеймін, әйтеуір кіл кішкентай балаларды қатар отырғызып қойып қалжауға бірдеңелер тауып береді. Суды да бір-екі жұтымнан ғана таттырады. Осындай күндердің бірінде әлсіреп қалғып кеткен мені әйелдің шыңғырған дауысы оятты. Көршіміз Бердіғали ағаны әйелі құшақтап, дауыс қылып: – Енді қайттік? Бит-құрт болып, елсіз далада өлетін болдың ғой. Бұл құдайға не жаздық... – деп жылап отыр. Әйелі ауыр аяқты еді. Біз деп отырғаны болашақ баланы айтып отырғаны екен. Жұрт жиналып қалды. Бір уақытта Бердіғали есін жинап: – Айгүл, сен жылама. Балаларды қорқытасың. Пешенемізге жазғанды көрерміз. Тек маған бірер кесе ыс­тық шай керек, – деді. Есі кіресілі-шығасылы ауру адам, біздің бар­лығымыздың шай түгілі бір жұтым суға зар болып келе жатқанымызды қайдан білсін. Сәл үнсіздіктен кейін, қайтадан: – Шай берсеңші, – деп үздікті. Айналасына жалтақтап, алас ұрған келіншектің тілегіне орай, жүрісі баяу­лап келе жатқан пойызымыз бір стансаға тоқтады. Күзетші айқайлап, әр вагоннан екі кісіден ғана барып, су әкелуге рұқсат берді. Боларда болмай, әкеммен бірге манағы келіншек су әкелуге кетті. Айқыш-ұйқыш көптеген темір рельстерінен аттап өтіп, олар бізге үш-төрт шелек су әкелді де, бір уақытта әкем: – Бердіғали, сенің жараңды қайта байлайын, бәйбішең саған шай қайнатып жатыр, қазір әкелер, – деп оның басын көтерді. – Ай, Ермек-ай, бәрін вагон қабырғасындағы тақтайдың жарығынан көріп жатырмын. Қайта-қайта отты үргіштеп жатыр, өзі иісшіл еді, иіс тиіп қалмаса жарар еді, – дегенде көрші ағаның көзіне жас келді. Әкем мені: «Зерделім», деп еркелететін. Бәрін білгім келетін құштарлығым жеңді ме, мен де тақтайлардың жарығынан көрші апаға қарадым. Сөйткенше болмады, тасыр-түсір көбейіп, бос жолдарға ұзын-ұзын вагондары бар пойыз келіп тоқтады. Бұған ешкім көңіл бөле қоймады, себебі, кейбір станса, даладағы үйшіктерге де біздің пойыз бес-он сағаттап тұра беретін. Кенет, Бердіғали ағаның аяғын таңып бітірген әкем вагон есігіне бара бергенде, пойызымыз қозғалып, жүре берді. Әкем есіктен сыртта қалған келіншекке: – Қарағым, қолыңдағыны лақтыр, әкел қолыңды, – деп айқайлады. – Бердіғалидың шайы ғой, алы­ңызшы! – деуге ғана шамасы келген келіншек сүрініп кетіп, мұрттай ұшты. Келіншектің күйеуі: – Ермек, мені пойыздан лақтыр, мынау ұшан-теңіз Тайгада ол менсіз қалай күн көреді, – деп ұмтыла бере құлап, есінен танып қалды. Тақтай-вагонда малдарға шөп салуға жасалған биік астау болатын. Басымен соған соғылыпты. Ерлі-зайыпты екі адам осылайша қиырда құлап, тағдыр оларды айырып тынды... Әкем кейін: – Біз кеткенше басын көтермеді. Ауыр аяқты адам ғой, Айгүлге, сірә, қате болған шығар, – деді. Ес-түссіз жатқан Бердіғалиды орнына жатқызып, әкем түнімен қасында болды. Таң ата анама Бердіғалидың пышағын беріп жатып, «өзі сұраса да берме», – деді. Ертеңіне есін жиған Бердіғали анамнан: «Тырнағымды алайын деп едім, кеше пышағымды Ермекке беріп едім, бәкімді әкеліп берші», – деп өтінді. Анам үндемеді. Бердіғали әкелген тағамға қарамастан теріс қарап жатып алды. Кешкісін қасына келген әкеме: – Менің аяғым иістене бастады. Енді сендерге масыл болатын түрім бар. Немістерге тұтқынға есім танып қалып қапыда түстім. Енді сол қателігімді түзетейін, бәкімді бер, – деді. Әкем: – Бердіғали, өле қалу екеумізге де оңай. Сен барлауда болған жауынгерсің, не болса да бірге көрейік, «Өлгеннің артынан өлмек жоқ». Айгүлдің топырағы торқа болсын, жақсы кісі еді ғой, – деді. Екі дос құшақтасып, ұзақ жылады. Ұзақ әңгімелесті. Не айтқандарын қайдан білейін, бірақ әкем досының қаруын қайтып берді. Қаруы дейтінім,   кейіннен өзіне тап берген аюды Бердіғали осы пышағымен жарып өлтірген еді. Бұл енді өз алдына әңгіме... Біз бұл жолы Сахалиннен бір-ақ шықтық. Дәрігерлердің арқасында, көршіміздің аяғы да жазылды, тек аздап сылтитын болды. Көршімізді емдеп, жазған хирург, украин жігіті – Тищенко бұл жаққа әйелі неміс болғандықтан жер аударылған екен. Жан-жаққа бөлгенде, біздің келген жеріміз ну тоғайдың іші, толған адам. Бұлар тұтқындалған жапондықтар екен. Істейтін жұмыстары – ағаш дайындау, жатақханалар, ағаш кесетін цехтар салу. Біз ашық аспанның астында қалдық. Тірі адам тіршілігін жасайды. Бір-екі күнде көп адам жиналып күрке жасап, кіріп алдық. Сегіз жастағы Қырым ағам екеуміз құрылысшыларды аралаймыз. Қайда барсақ та бұл адамдар біздің басымыздан сипап, тағамдарын ұсынады. Етегімізге жинаған әлгілердің түрі бөлек, қалай жейтінін де білмейміз. Барлығын анамызға алып келдік. Шешеміз де таныс емес тағамдарға таңдана қарап: – Қайтсін. Бұлар да Алла тағаланың жаратқан пенделері ғой. Түрлері бізге ұқсас екен. Бала-шағаларын сағынып жүр екен ғой, – деп жанашырлық білдірді. Біздің адамдарды жұмысқа жұмсайтын жапон инженері келіп, өзін Ямото деп таныстырды. Анамның алдындағы тағамдарға бір, бізге бір қарады да, кейбіреулерін аршып, кейбіреулерін сындырып, қалай жейтінін көрсетті. Әкеммен орысша сөйлесіп, барлығын басқа жаққа жұмысқа алып кетті. Анамыз асханаға орналасты. Асхананы жапон инженерінің әйелі басқарады екен. Қырым екеуміз таңертеңнен кешке дейін жапондардың арасында боламыз. Тұтқын деген аты болмаса, бұларды мылтықпен айдап жүрген ешкімді көре алмадық. Кейін білдік – бұл жақта қашып ешқайда бара алмайсың. Лагерьдің бір жағы – теңіз, ал құрлық жағынан, алыстан темір-тікенек сымдармен қоршалып, күзет бекеттері қойылған болып шықты. Темір торларды анда-санда тек ұйыққан аюлар ғана бұзып кетеді екен. Бердіғали ағаға кезіккен сол аюлардың бірі болыпты. Ал теңізді алыстан катерлер күзетеді. Не көп – бұл жақта жеміс-жидек мол болды. Бала-шаға, қолы бос әйелдер ағаш қалдықтарын өртейді, қайтарда тоғайдан жеміс-жидек тереді. Ал жапон балықшылары асханаға балық, теңіз шаяндарын, балдырларды күнбе-күн әкеліп отырды. Біз – Қырым екеуміз таңертеңнен балықшыларға барып, солармен теңіз жағасында балық сорпасын ішеміз, шаян пісіріп жеп, балдырларды ас етеміз. Әйтеуір, тамағымыз тоқ. Үйге қас қарая келеміз. Жапондар бізге тіл үйретеді, ән жаттатады. Өз балаларындай көреді. Сол жылы күзде Қырым ағамды алыс жерге, интернатқа оқуға жіберді. Ал 1947 жылы дүниеге Аманай келді. Сөйтіп, біз бір үйде үйелмелі-сүйелмелі үш жігіт болдық. Бұған әкем қатты қуанды. Алайда, үш жыл немістерде тұтқында болу, соңғы жылдардағы Тайгадағы ауыр жұмыс әкемізді жазылмас ауруға ұшыратты. 1948 жылдың жазында Бердіғали аға Қырым екеумізді ауырып жатқан әкеміздің қасына алып келді. Әкем біздің басымыздан мейірлене сипады да, шешеміз бен Аманайға бір қарап, досына: – Балалар саған аманат, – деп келмес сапарға аттанды. – Әкемді жапондар моласының шетіне жерледік. Басына емен ағашынан белгі қойдық. Үш жылдан кейін анам Бердіғали ағамен отасты. Ол кісі бізге қамқор бола білді. Інілеріміз Михаил (Мәлік – 1951 ж.), Александр (Сәлік – 1955 ж.), Аманжол (1958 ж.) дүниеге келді. Ол жақта балаларды тіркегенде тек орыс есімін ғана береді екен. Бердіғали ағаға елге қайтуға 1959 жылы ғана рұқсат етті. Ол кездердегі елдегі колхозшылардың жағдайы да мәз емес еді. Бірақ «Өз балаң өзегінен тепсе де кетпес» деген ғой, елге келгенге қуандық. 1960 жылдың демалыс күндері­нің бірінде Бердіғали аға анам екеумізді ертіп, Атырау қаласына бар­дық. Керек жарағымызды алып, автобусымызға бағыт алғанымызда ту сыртымыздан: – Бердеш! Тоқта, жолығайық, – деген дауыс естілді. Артымызға бұрылғанда, қасында балаң жігіті бар баяғы Айгүлді тани кеттік... Бұл жағдайды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Көшенің қақ ортасында аңырап құшақтасқан үшеуіне қарап біздің көзіміз жасқа толды. Сәлден кейін Айгүл: – Борис, бері кел, әкеңмен таныс, – деді. Арада он үш жыл өткенде, әке мен бала осылайша табысты... – Сол күні барлығымыз Айгүл апаның үйінде болдық. Ауладағы кішкентайлау үйде таң атқанша әңгіме басылмады. Апамның айтқаны: – Пойыздан қалып қойып, есінен танып жатқан жерінен Айгүлді стансадағы ауруханаға жеткізеді. Сәті түсіп, бала аман-есен дүниеге келеді. Қолында еш құжаты жоқ балалы жетім әйел сол ауруханадағы жұмысшы, әйелі өлген, егде бурятпен тұрмыс құрады. Ол кісі өлер шағында Айгүлге: «Есің барда еліңді тап», – деген. Сен де еліңе бар», – деп тапсырған екен. Күйеуін жерлеп, олардың Атырау қаласына келгеніне де көп болмаған. Кейіннен жағдайымыз дұрысталып, екі атадан көрінген оншақтымыз жеке-жеке түтін тұтаттық. Бердіғали аға 1983 жылы 82 жасында, аналарымыз – Балсұлу мен Айгүл 1990 жылы 78 жас­тарында о дүниеге өтті, – деп аяқтады Аманқос ақсақал әңгімесін. Қарттың жоғарыдағы әңгімесі мені қатты ойға қалдырды. Үйге келген соң, бұл оқиғамен оқырмандарды таныстыруды жөн көрдім. Амангелді ҚҰРАҚОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
13.11.2013 11:51 4348

«Өлі риза болмай тірі байымайды» демекші, бізді таныстырған бөлемнің қа­­­­расы болатын. Сол бөлеміз, яғ­­ни Құмарғали аталарын соң­ғы сапар­­ға шығарып салуға жиналған сегіз-тоғыз баласынан та­раған немерелері, жиендері, шөберелері жылап-сықтағанда, сай-сүйегіңді сырқыратады.

Құмарғали бөле өте қарапайым, кішіпейіл адам еді. Балалары мен қыздарының барлығы да институттарын бітірген, көбісі Атырауда тұрады.

Қарасын, үшін өткізуге келген бес-алты қарттармен дәлізде әңгімелесіп, ішінара танысып та алдым. Бізге жақындау жерде бес-алты бала ойнап, өзара күресіп жүрген, бір уақытта қасымдағы шал:

– «Молодец, Банзай!» – деп даусына мақтанышты рең бере үн қатты. Таңғалдым. Өйткені, алғашқы сөзі өзіміздің күнде естіп жүрген орыс сөзі де, ал «банзайы» кітаптардан ғана оқыған жапондардың ұраны еді. Менің таңданғанымды көрген қарт басын шалқайта келіп күлді де, бес-алты жапонша сөздерін тағы да қыстыра отырып:

– Қонағым, таңданбаңыз. Менің есімді білген жастық шағым түгелдей жапондар арасында өтті. Орыс тілін жүре бара, ал қазақ тілін 1959 жылы елге оралғаннан кейін ғана үйрендім, – деді.

– Ол жаққа неге бардыңыз?– деп сұрадым.

– Адамның басы – Алланың добы, – деген. Сұрап отырсың ғой, ендеше тыңда. Мен де бір шерімді тарқатайын, – деп әлгі қарт әңгімесін бастады.

– Аты-жөнім – Аманқос Ермеков. Мен дүниеге келген күннің ертеңіне, 1942 жылы әкем Ермек Қабдолов Атырау облысындағы Яманка деген аудан орталығынан соғысқа алынып, атты әскер полкінде болған. Сұрапыл соғыстың бір сәтінде қасындағы 200 жолдасымен қоршауда қалып, немістер оларды тұтқындаған. Үш жыл Германияда болып, тек соғыс біткесін ғана елге оралған.

1946 жылы елге келісімен қайта тұтқындалып, Сібірге жиырма жылға жер аударылды. Анам Балсұлу Қабдолова әкемнен қалғысы келмей үлкен ағам Қырым мен мені алып, жолға жиналды. Бірақ анамның аға-інілері кетуіне қарсы болып, енді жүргелі жатқанда біздерді, анамды арбадан күштеп түсірді. Әкем өте әлді және анау-мынау жөнсіздікке төзбейтін адам еді: – Балсұлу сіздердікі, бірақ балаларда шаруаларың болмасын, – деп біздерді екі қолтығына қысып, арбаға қайта отырғызды.

– Қош, Балсұлу, бұл біздермен соңғы кө­рісуің болар, – дегені сол еді, мына сөз­­ді ести сала, ағаларының қолынан жұл­­­­қынып шыққан анамыз арбаға қайта мінді.

Есімде қалғаны – барлығымызды мал тиейтін лас вагондарға отыр­ғызғанда, қасымызда аяғын әзер басатын көршіміз Бердіғали Қапашев әйеліне сүйеніп жүрді. Әйелі көрікті, жас болатын.

Екі-үш күн өткесін, жұрт ашыға бастады. Ас жоқ, қанып ішетін су жоқ. Вагон іші лас, сасық иіс мүң­ки­ді. Жағдай қиындады. Пойыз көбі­несе далада тоқтайды. Ондайда вагон­нан түсуге күзетшілер рұқсат етпейді.

Вагон ішінде ересек адамдар бас қосып, қайткенде де балаларды аман алып қалу қамына кірісті. Қайдан табатындарын білмеймін, әйтеуір кіл кішкентай балаларды қатар отырғызып қойып қалжауға бірдеңелер тауып береді. Суды да бір-екі жұтымнан ғана таттырады.

Осындай күндердің бірінде әлсіреп қалғып кеткен мені әйелдің шыңғырған дауысы оятты. Көршіміз Бердіғали ағаны әйелі құшақтап, дауыс қылып:

– Енді қайттік? Бит-құрт болып, елсіз далада өлетін болдың ғой. Бұл құдайға не жаздық... – деп жылап отыр. Әйелі ауыр аяқты еді. Біз деп отырғаны болашақ баланы айтып отырғаны екен. Жұрт жиналып қалды. Бір уақытта Бердіғали есін жинап:

– Айгүл, сен жылама. Балаларды қорқытасың. Пешенемізге жазғанды көрерміз. Тек маған бірер кесе ыс­тық шай керек, – деді. Есі кіресілі-шығасылы ауру адам, біздің бар­лығымыздың шай түгілі бір жұтым суға зар болып келе жатқанымызды қайдан білсін. Сәл үнсіздіктен кейін, қайтадан:

– Шай берсеңші, – деп үздікті.

Айналасына жалтақтап, алас ұрған келіншектің тілегіне орай, жүрісі баяу­лап келе жатқан пойызымыз бір стансаға тоқтады. Күзетші айқайлап, әр вагоннан екі кісіден ғана барып, су әкелуге рұқсат берді. Боларда болмай, әкеммен бірге манағы келіншек су әкелуге кетті. Айқыш-ұйқыш көптеген темір рельстерінен аттап өтіп, олар бізге үш-төрт шелек су әкелді де, бір уақытта әкем:

– Бердіғали, сенің жараңды қайта байлайын, бәйбішең саған шай қайнатып жатыр, қазір әкелер, – деп оның басын көтерді.

– Ай, Ермек-ай, бәрін вагон қабырғасындағы тақтайдың жарығынан көріп жатырмын. Қайта-қайта отты үргіштеп жатыр, өзі иісшіл еді, иіс тиіп қалмаса жарар еді, – дегенде көрші ағаның көзіне жас келді. Әкем мені: «Зерделім», деп еркелететін. Бәрін білгім келетін құштарлығым жеңді ме, мен де тақтайлардың жарығынан көрші апаға қарадым. Сөйткенше болмады, тасыр-түсір көбейіп, бос жолдарға ұзын-ұзын вагондары бар пойыз келіп тоқтады. Бұған ешкім көңіл бөле қоймады, себебі, кейбір станса, даладағы үйшіктерге де біздің пойыз бес-он сағаттап тұра беретін. Кенет, Бердіғали ағаның аяғын таңып бітірген әкем вагон есігіне бара бергенде, пойызымыз қозғалып, жүре берді. Әкем есіктен сыртта қалған келіншекке: – Қарағым, қолыңдағыны лақтыр, әкел қолыңды, – деп айқайлады.

– Бердіғалидың шайы ғой, алы­ңызшы! – деуге ғана шамасы келген келіншек сүрініп кетіп, мұрттай ұшты. Келіншектің күйеуі:

– Ермек, мені пойыздан лақтыр, мынау ұшан-теңіз Тайгада ол менсіз қалай күн көреді, – деп ұмтыла бере құлап, есінен танып қалды. Тақтай-вагонда малдарға шөп салуға жасалған биік астау болатын. Басымен соған соғылыпты. Ерлі-зайыпты екі адам осылайша қиырда құлап, тағдыр оларды айырып тынды...

Әкем кейін: – Біз кеткенше басын көтермеді. Ауыр аяқты адам ғой, Айгүлге, сірә, қате болған шығар, – деді.

Ес-түссіз жатқан Бердіғалиды орнына жатқызып, әкем түнімен қасында болды. Таң ата анама Бердіғалидың пышағын беріп жатып, «өзі сұраса да берме», – деді. Ертеңіне есін жиған Бердіғали анамнан: «Тырнағымды алайын деп едім, кеше пышағымды Ермекке беріп едім, бәкімді әкеліп берші», – деп өтінді. Анам үндемеді. Бердіғали әкелген тағамға қарамастан теріс қарап жатып алды. Кешкісін қасына келген әкеме:

– Менің аяғым иістене бастады. Енді сендерге масыл болатын түрім бар. Немістерге тұтқынға есім танып қалып қапыда түстім. Енді сол қателігімді түзетейін, бәкімді бер, – деді. Әкем:

– Бердіғали, өле қалу екеумізге де оңай. Сен барлауда болған жауынгерсің, не болса да бірге көрейік, «Өлгеннің артынан өлмек жоқ». Айгүлдің топырағы торқа болсын, жақсы кісі еді ғой, – деді. Екі дос құшақтасып, ұзақ жылады. Ұзақ әңгімелесті. Не айтқандарын қайдан білейін, бірақ әкем досының қаруын қайтып берді. Қаруы дейтінім,   кейіннен өзіне тап берген аюды Бердіғали осы пышағымен жарып өлтірген еді. Бұл енді өз алдына әңгіме...

Біз бұл жолы Сахалиннен бір-ақ шықтық. Дәрігерлердің арқасында, көршіміздің аяғы да жазылды, тек аздап сылтитын болды. Көршімізді емдеп, жазған хирург, украин жігіті – Тищенко бұл жаққа әйелі неміс болғандықтан жер аударылған екен. Жан-жаққа бөлгенде, біздің келген жеріміз ну тоғайдың іші, толған адам. Бұлар тұтқындалған жапондықтар екен. Істейтін жұмыстары – ағаш дайындау, жатақханалар, ағаш кесетін цехтар салу.

Біз ашық аспанның астында қалдық. Тірі адам тіршілігін жасайды. Бір-екі күнде көп адам жиналып күрке жасап, кіріп алдық. Сегіз жастағы Қырым ағам екеуміз құрылысшыларды аралаймыз. Қайда барсақ та бұл адамдар біздің басымыздан сипап, тағамдарын ұсынады. Етегімізге жинаған әлгілердің түрі бөлек, қалай жейтінін де білмейміз. Барлығын анамызға алып келдік. Шешеміз де таныс емес тағамдарға таңдана қарап:

– Қайтсін. Бұлар да Алла тағаланың жаратқан пенделері ғой. Түрлері бізге ұқсас екен. Бала-шағаларын сағынып жүр екен ғой, – деп жанашырлық білдірді.

Біздің адамдарды жұмысқа жұмсайтын жапон инженері келіп, өзін Ямото деп таныстырды. Анамның алдындағы тағамдарға бір, бізге бір қарады да, кейбіреулерін аршып, кейбіреулерін сындырып, қалай жейтінін көрсетті. Әкеммен орысша сөйлесіп, барлығын басқа жаққа жұмысқа алып кетті.

Анамыз асханаға орналасты. Асхананы жапон инженерінің әйелі басқарады екен. Қырым екеуміз таңертеңнен кешке дейін жапондардың арасында боламыз. Тұтқын деген аты болмаса, бұларды мылтықпен айдап жүрген ешкімді көре алмадық. Кейін білдік – бұл жақта қашып ешқайда бара алмайсың. Лагерьдің бір жағы – теңіз, ал құрлық жағынан, алыстан темір-тікенек сымдармен қоршалып, күзет бекеттері қойылған болып шықты. Темір торларды анда-санда тек ұйыққан аюлар ғана бұзып кетеді екен. Бердіғали ағаға кезіккен сол аюлардың бірі болыпты. Ал теңізді алыстан катерлер күзетеді.

Не көп – бұл жақта жеміс-жидек мол болды. Бала-шаға, қолы бос әйелдер ағаш қалдықтарын өртейді, қайтарда тоғайдан жеміс-жидек тереді. Ал жапон балықшылары асханаға балық, теңіз шаяндарын, балдырларды күнбе-күн әкеліп отырды. Біз – Қырым екеуміз таңертеңнен балықшыларға барып, солармен теңіз жағасында балық сорпасын ішеміз, шаян пісіріп жеп, балдырларды ас етеміз. Әйтеуір, тамағымыз тоқ. Үйге қас қарая келеміз. Жапондар бізге тіл үйретеді, ән жаттатады. Өз балаларындай көреді.

Сол жылы күзде Қырым ағамды алыс жерге, интернатқа оқуға жіберді. Ал 1947 жылы дүниеге Аманай келді. Сөйтіп, біз бір үйде үйелмелі-сүйелмелі үш жігіт болдық. Бұған әкем қатты қуанды. Алайда, үш жыл немістерде тұтқында болу, соңғы жылдардағы Тайгадағы ауыр жұмыс әкемізді жазылмас ауруға ұшыратты. 1948 жылдың жазында Бердіғали аға Қырым екеумізді ауырып жатқан әкеміздің қасына алып келді. Әкем біздің басымыздан мейірлене сипады да, шешеміз бен Аманайға бір қарап, досына:

– Балалар саған аманат, – деп келмес сапарға аттанды.

– Әкемді жапондар моласының шетіне жерледік. Басына емен ағашынан белгі қойдық.

Үш жылдан кейін анам Бердіғали ағамен отасты. Ол кісі бізге қамқор бола білді. Інілеріміз Михаил (Мәлік – 1951 ж.), Александр (Сәлік – 1955 ж.), Аманжол (1958 ж.) дүниеге келді. Ол жақта балаларды тіркегенде тек орыс есімін ғана береді екен. Бердіғали ағаға елге қайтуға 1959 жылы ғана рұқсат етті. Ол кездердегі елдегі колхозшылардың жағдайы да мәз емес еді. Бірақ «Өз балаң өзегінен тепсе де кетпес» деген ғой, елге келгенге қуандық.

1960 жылдың демалыс күндері­нің бірінде Бердіғали аға анам екеумізді ертіп, Атырау қаласына бар­дық. Керек жарағымызды алып, автобусымызға бағыт алғанымызда ту сыртымыздан:

– Бердеш! Тоқта, жолығайық, – деген дауыс естілді.

Артымызға бұрылғанда, қасында балаң жігіті бар баяғы Айгүлді тани кеттік... Бұл жағдайды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Көшенің қақ ортасында аңырап құшақтасқан үшеуіне қарап біздің көзіміз жасқа толды.

Сәлден кейін Айгүл:

– Борис, бері кел, әкеңмен таныс, – деді.

Арада он үш жыл өткенде, әке мен бала осылайша табысты...

– Сол күні барлығымыз Айгүл апаның үйінде болдық. Ауладағы кішкентайлау үйде таң атқанша әңгіме басылмады. Апамның айтқаны:

– Пойыздан қалып қойып, есінен танып жатқан жерінен Айгүлді стансадағы ауруханаға жеткізеді. Сәті түсіп, бала аман-есен дүниеге келеді. Қолында еш құжаты жоқ балалы жетім әйел сол ауруханадағы жұмысшы, әйелі өлген, егде бурятпен тұрмыс құрады. Ол кісі өлер шағында Айгүлге: «Есің барда еліңді тап», – деген. Сен де еліңе бар», – деп тапсырған екен.

Күйеуін жерлеп, олардың Атырау қаласына келгеніне де көп болмаған. Кейіннен жағдайымыз дұрысталып, екі атадан көрінген оншақтымыз жеке-жеке түтін тұтаттық. Бердіғали аға 1983 жылы 82 жасында, аналарымыз – Балсұлу мен Айгүл 1990 жылы 78 жас­тарында о дүниеге өтті, – деп аяқтады Аманқос ақсақал әңгімесін.

Қарттың жоғарыдағы әңгімесі мені қатты ойға қалдырды. Үйге келген соң, бұл оқиғамен оқырмандарды таныстыруды жөн көрдім.

Амангелді ҚҰРАҚОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға