Жаңалықтар

Хандықтың күйреуі

1709 жылдан 1876 жылға дейін өмір сүрген Қоқан хандығына 29 билеуші билік етті. Олардың ішінде алты-ақ ай немесе бір-ақ жыл хан болғандары да бар. Бұның барлығына ішкі қырқыстар себеп болды. Хандармен біресе тату, біресе қату болған ұлт, шаһар көсемдері өз ықпалын, дегенін жүргізуге тырысып, сәл нәрсеге бола, бүлік ұйымдастырды, көтеріліс бастады, ақырында күштісі әлсізін аяусыз жазалаған қырғынға себепші болды. 1845 жылдан кейін хандықта саяси белсенділіктері артқан қыпшақ пен қырғыз көсемдері Мұсылманқұл мен Атабек Қоқанға, Ташкентке бірнеше рет шабуыл жасап, бір кездері өздері хан сайлаған Құдиярды тақтан тайдырды, оны қолдаушыларды қуғынға түсірді. Мұндай уақиғалар елдің саяси тұрақтылығына аса зиянын тигізді. Бірақ мұның бәріне хандардың осалдығы, елдік мүддеден гөрі қарақан бастарының қамын ойлайтын таяздығы, жақын адамдарына опасыздығы, қала берді, өзімен ниеттес қауымның ғана сөзін сөйлеп, саясатты да солардың ығына қарай жүргізетін қылықтары әсер етті.  Билеушілердің барлығы Шыңғыс хан, болмаса Ақсақ Темір ұрпақтары тәрізді тақ үшін туған-туыстары мен аға-інілерін өлтіруден тайынбады және көбісі осындай қатыгез жолмен билік басына келді. Мемлекетті дамытуға, заманға орай ғылым-білімге құлаш ұрмады, тек дін-шариғат жолын тірек етті. Сөйте тұра, адамшылыққа жат небір сорақы қылықтарға белшеден батты. Осынша жыл өмір сүрген, тек сарай қазынасы ғана дүние-мүлікке толған бұл хандық орыс басқыншыларына қарсы бір де бір айтулы қарсылық көрсете алмады. 1860 жылы Ұзынағаш түбінде дарынсыз да мешкей құшбегі Қанағатшаһ басқарған жиырма мыңдық қол, саны мыңға жетпейтін Колпаковскийдің отрядынан масқарасы шығып жеңілді. Сол жылы полковник Циммерманның 500 адамдық қолы Тоқмақ пен Пішпек қамалдарын быт-шыт қылды. Қоқан мылтығы мен зеңбірегі орыстардың қаруы алдында дәрменсіз екені айқын көрінді. 1864 жылы көктемде генерал Черняев бастаған орыс әскері Әулиеата, Меркі, Қордай бекіністерін қалпақпен ұрып алғандай, оп-оңай басты. Сөйтіп Шымкентке таяды. Бұл кезде Ақмешіттен (Ақмешітті орыстар 1853 жылы жаулап алып, оған Перовск деген ат берген болатын) шығып, аз уақытта Жаңақорған, Созақ, Түркістанды жаулаған Веревкиннің он зеңбірегі бар 800 адамдық отряды да күнгей жақтан Шымкентке жақындаған. Екі отряд Арыс жағасында түйісіп, 22 қыркүйек күні Шымқаланы алды. 1865 жылдың 16 маусым күні Черняев Тәшкенді, 1866 жылы Жызақты орыс иелігіне қаратты. Содан 1876 жылға дейін, яғни генерал Скобелев Наманған, Марғұлан, Әндіжан, Қоқан қалаларын басып алғанша, Қоқан хандығы тек Ферғана жазығында ғана өмір сүріп тұрды. Бір қайғылысы, осы соғыстарда Қоқанның әскер сапына сыпай ретінде алынған қаншама жас қазақ опат кетті.  Не десек те, Орта Азияның кейінгі тарихында орны бар Қоқан хандығына билік еткен 29 билеушінің тарихта аты қалғандары санаулы-ақ. Бірақ, бәрібір, олардың аттары соңғы ұрпаққа ізгі істерімен, дана саясатымен емес, қанішерлігімен, қатыгездігімен, даңққұмарлығымен, тойымсыз дүние­қоңыздылығымен қалды. Бұлардың қатарына – Шахрух бек, Елдана бек, Нарбота бек, Әлім, Омар, Мәдәлі, Шералы, Құдияр (аракідік үзілістермен бес рет хандыққа сайланған), Мәллебек сияқты хандар жатады. Айтпақшы, хан болмаса да, 1862-65 жылдары ханнан асып билік құрған қыпшақ Әлімқұлдың да бұ хандық тарихынан ойып алар орны бар. Осы Әлімқұлдың ойында не болғанын кім білген, бір тарихи деректерде ол Қоқан хандығын Қыпшақ хандығына айналдырам деген ниеті болғаны жайында мәлімет кездеседі. Кеудесінде бізге беймәлім бір арманы болған да шығар, бәлкім...  Қорыта айтқанда, мемлекеттiк нышаны қарабайыр, ал үкiметтiк жүйесi қатаң да орнықты болмаған, барлық саясаты зұлымдық пиғылға ұласқан Қоқан хандығы қазақтарға өзiнiң 55 жылдық басқыншылық кезеңiнде көп зардап шектiрдi. Орта ғасырға тән зұлымдық әрекеттi көп ұстанған ол хандық қазақтың демографиялық, әлеуметтiк мәселелерiне көп зиян келтiрдi. Өздерi қырып салған қандастарымыздың орнына Ферғана, Наманған, Марғұлан өңiрлерiндегi қышлақтар тұрғындарын Шымқала, Сайрам, Түркiстан, Иқан, Әулиеата, Созақ қалаларына көшiрiп, жатжұрттықтардың урбанизациясын қолдан жасады. Орта ғасырлық мешеулiктен арылмай, хаостық тұрпатта өмiр сүрдi. Бұл хандық қазақ жерiн түстiгiндегi туыс елi — Бұқардан, солтүстiгiнен жылжып келе жатқан орыс отаршылдарынан қызғанып, өзiмiздiң бауырымызға мәңгiлiк басып аламыз деп ойлаған. Алайда, қаруы жойқын орыс отаршылдары келгенде қамқор боламын деген қазақ даласын бiр жыл да қорғап тұра алмай, қайта өзi күйреудiң жолына түстi. Отаршылдық идеологиясының уағызшылары «орыстар қазақтарды зұлым қоқандықтардан құтқарып, бейбіт өмір сыйлады, өркениетке сүйреді» дейді. Рас, орыстар қоқандықтарға қарағанда бізді өркениетке бір табан болса да жақындатты. Бірақ олардың да қазақққа шектірген зәбірі көп-ті, бейбіт өмір сыйлағаны да жалған. Біз со кезде түлкі талауынан құтылып, арыстанның жемтігіне айналған ел болдық...  Иә, халқымыздың басынан қандай замандар өтпеді деңіз. Сол заман тұрғысынан қарасақ, қазақтың тәуелсіздік алуына әлі талай уақыт бар еді... МОМБЕК ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы «Түркістан» газеті
11.11.2013 06:20 5573

1709 жылдан 1876 жылға дейін өмір сүрген Қоқан хандығына 29 билеуші билік етті. Олардың ішінде алты-ақ ай немесе бір-ақ жыл хан болғандары да бар. Бұның барлығына ішкі қырқыстар себеп болды. Хандармен біресе тату, біресе қату болған ұлт, шаһар көсемдері өз ықпалын, дегенін жүргізуге тырысып, сәл нәрсеге бола, бүлік ұйымдастырды, көтеріліс бастады, ақырында күштісі әлсізін аяусыз жазалаған қырғынға себепші болды. 1845 жылдан кейін хандықта саяси белсенділіктері артқан қыпшақ пен қырғыз көсемдері Мұсылманқұл мен Атабек Қоқанға, Ташкентке бірнеше рет шабуыл жасап, бір кездері өздері хан сайлаған Құдиярды тақтан тайдырды, оны қолдаушыларды қуғынға түсірді. Мұндай уақиғалар елдің саяси тұрақтылығына аса зиянын тигізді. Бірақ мұның бәріне хандардың осалдығы, елдік мүддеден гөрі қарақан бастарының қамын ойлайтын таяздығы, жақын адамдарына опасыздығы, қала берді, өзімен ниеттес қауымның ғана сөзін сөйлеп, саясатты да солардың ығына қарай жүргізетін қылықтары әсер етті. 

Билеушілердің барлығы Шыңғыс хан, болмаса Ақсақ Темір ұрпақтары тәрізді тақ үшін туған-туыстары мен аға-інілерін өлтіруден тайынбады және көбісі осындай қатыгез жолмен билік басына келді. Мемлекетті дамытуға, заманға орай ғылым-білімге құлаш ұрмады, тек дін-шариғат жолын тірек етті. Сөйте тұра, адамшылыққа жат небір сорақы қылықтарға белшеден батты.

Осынша жыл өмір сүрген, тек сарай қазынасы ғана дүние-мүлікке толған бұл хандық орыс басқыншыларына қарсы бір де бір айтулы қарсылық көрсете алмады. 1860 жылы Ұзынағаш түбінде дарынсыз да мешкей құшбегі Қанағатшаһ басқарған жиырма мыңдық қол, саны мыңға жетпейтін Колпаковскийдің отрядынан масқарасы шығып жеңілді. Сол жылы полковник Циммерманның 500 адамдық қолы Тоқмақ пен Пішпек қамалдарын быт-шыт қылды. Қоқан мылтығы мен зеңбірегі орыстардың қаруы алдында дәрменсіз екені айқын көрінді.

1864 жылы көктемде генерал Черняев бастаған орыс әскері Әулиеата, Меркі, Қордай бекіністерін қалпақпен ұрып алғандай, оп-оңай басты. Сөйтіп Шымкентке таяды. Бұл кезде Ақмешіттен (Ақмешітті орыстар 1853 жылы жаулап алып, оған Перовск деген ат берген болатын) шығып, аз уақытта Жаңақорған, Созақ, Түркістанды жаулаған Веревкиннің он зеңбірегі бар 800 адамдық отряды да күнгей жақтан Шымкентке жақындаған. Екі отряд Арыс жағасында түйісіп, 22 қыркүйек күні Шымқаланы алды. 1865 жылдың 16 маусым күні Черняев Тәшкенді, 1866 жылы Жызақты орыс иелігіне қаратты. Содан 1876 жылға дейін, яғни генерал Скобелев Наманған, Марғұлан, Әндіжан, Қоқан қалаларын басып алғанша, Қоқан хандығы тек Ферғана жазығында ғана өмір сүріп тұрды. Бір қайғылысы, осы соғыстарда Қоқанның әскер сапына сыпай ретінде алынған қаншама жас қазақ опат кетті. 

Не десек те, Орта Азияның кейінгі тарихында орны бар Қоқан хандығына билік еткен 29 билеушінің тарихта аты қалғандары санаулы-ақ. Бірақ, бәрібір, олардың аттары соңғы ұрпаққа ізгі істерімен, дана саясатымен емес, қанішерлігімен, қатыгездігімен, даңққұмарлығымен, тойымсыз дүние­қоңыздылығымен қалды. Бұлардың қатарына – Шахрух бек, Елдана бек, Нарбота бек, Әлім, Омар, Мәдәлі, Шералы, Құдияр (аракідік үзілістермен бес рет хандыққа сайланған), Мәллебек сияқты хандар жатады. Айтпақшы, хан болмаса да, 1862-65 жылдары ханнан асып билік құрған қыпшақ Әлімқұлдың да бұ хандық тарихынан ойып алар орны бар. Осы Әлімқұлдың ойында не болғанын кім білген, бір тарихи деректерде ол Қоқан хандығын Қыпшақ хандығына айналдырам деген ниеті болғаны жайында мәлімет кездеседі. Кеудесінде бізге беймәлім бір арманы болған да шығар, бәлкім... 

Қорыта айтқанда, мемлекеттiк нышаны қарабайыр, ал үкiметтiк жүйесi қатаң да орнықты болмаған, барлық саясаты зұлымдық пиғылға ұласқан Қоқан хандығы қазақтарға өзiнiң 55 жылдық басқыншылық кезеңiнде көп зардап шектiрдi. Орта ғасырға тән зұлымдық әрекеттi көп ұстанған ол хандық қазақтың демографиялық, әлеуметтiк мәселелерiне көп зиян келтiрдi. Өздерi қырып салған қандастарымыздың орнына Ферғана, Наманған, Марғұлан өңiрлерiндегi қышлақтар тұрғындарын Шымқала, Сайрам, Түркiстан, Иқан, Әулиеата, Созақ қалаларына көшiрiп, жатжұрттықтардың урбанизациясын қолдан жасады. Орта ғасырлық мешеулiктен арылмай, хаостық тұрпатта өмiр сүрдi. Бұл хандық қазақ жерiн түстiгiндегi туыс елi — Бұқардан, солтүстiгiнен жылжып келе жатқан орыс отаршылдарынан қызғанып, өзiмiздiң бауырымызға мәңгiлiк басып аламыз деп ойлаған. Алайда, қаруы жойқын орыс отаршылдары келгенде қамқор боламын деген қазақ даласын бiр жыл да қорғап тұра алмай, қайта өзi күйреудiң жолына түстi.

Отаршылдық идеологиясының уағызшылары «орыстар қазақтарды зұлым қоқандықтардан құтқарып, бейбіт өмір сыйлады, өркениетке сүйреді» дейді. Рас, орыстар қоқандықтарға қарағанда бізді өркениетке бір табан болса да жақындатты. Бірақ олардың да қазақққа шектірген зәбірі көп-ті, бейбіт өмір сыйлағаны да жалған. Біз со кезде түлкі талауынан құтылып, арыстанның жемтігіне айналған ел болдық... 

Иә, халқымыздың басынан қандай замандар өтпеді деңіз. Сол заман тұрғысынан қарасақ, қазақтың тәуелсіздік алуына әлі талай уақыт бар еді...

МОМБЕК ӘБДӘКІМҰЛЫ,

жазушы

«Түркістан» газеті

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға