Жаңалықтар

Билік құрылымы

Қоқанда қалыптасқан берік мемлекеттік құрылым болмаса да, өздеріне тән билік жүйесі бар-ды. Барлық билік бектің (кейін ханның) қолында болды. Оның жарлықтары мен пәрмендері бұлжымас заң түрінде қабылданды. Бектікте екінші адам болып бас уәзір саналды. Бектік кезінде әр билеуші төрт жыл сайын бас уәзірді алмастырып отырды. Бек сарайында бас уәзірден бөлек әрқайсысы белгілі бір салалық – әскер, дін, елшілік, қазынашылық, шаһарлармен қатынас, ішкі тәртіп жұмыстарына басшылық жасайтын алты уәзір қызмет атқарды. Әскербасы, яғни бас қолбасшы – әмір-ләшкер, жаяу әскер мен зеңбірекшілердің басшысы – найып, атты әскерді басқарушы – ынақ, хан әкімшілігінің жұмыстарын реттеуші – есік аға, бек пен уәзірлердің кеңесшісі – аталық, ханның жеке күзетшілерінің бастығы – кешіктенбашы, сарай шаруашылығының басшысы – дәстүрханшы атанды. Осылардың барлығы бек (хан) кеңесіне кірді. Осы дәрежеге жеткен адамдардың барлығы алдымен бектікке еңбек сіңіріп, мыңбасы деген шенге қол жеткізуі ләзім-ді. Бұған себеп – Шахрух алғаш бектікті құрған шақта әскерінің саны мың адамды құрапты. Әскерді басқарған Шахрух алғашқыда бек емес, мыңбасы атанған. Соған орай кейін Шахрух құзырына нешеме иелікті қаратып, әскер санын бірнеше мыңға жеткізсе де, «мыңбасы» атағы маңызын жоймай, елдегі барлық шенді басшыларға осы атақтың қоса берілуі – хандық құлағанша бұлжымас тәртіпке айналған.  Бұлардан кейінгі сатыда шаһар хәкімдері, дінбасылары (қазы-кәлән), даруға-хәкімдердің сарайларының, рабатханаларының диуанбектері, күндізгі және түнгі күзетшілерінің басшылары – кептеуілбашылар мен торғауылбашылар, шаһар әскерінің басшысы – пансатбашылар (кейде бұларды құрбашылар деген), бек (хан) пен шаһар хәкімдерінің жеке һәм шұғыл тапсырмаларын орындайтын арнайы шеріктің басшысы – паруанашылар тұрды. Бұлардың бәрі бектің жеке пәрменімен тағайындалатын. Мұндай құрылым Бұқар мен Хиуа хандықтарындағы билік жүйеге ұқсатылып құрылған еді. Әлім ханның ісін жалғастырып, Қазақстанның қазіргі шартты түрде оңтүстік аймағы деп аталатын өңірлеріне билігін толық орнатқан Омар хан 1814 жылы бектік кезіндегі билік жүйесіне біраз өзгерістер енгізіп, бас уәзір мен екінші сатыдағы уәзірлер деп аталатын лауазымды жояды. Оларға сарай даруғалары деген шен береді. Бірақ атқаратын жұмыс түрлері өзгертілмейді. Үлкен қалалардың билеушілерін де –даруға, майда шаһарлардың қожаларын – хәкім деп атау туралы жарлық шығарады. Ташкентке хандықтың маңызы жағынан екінші қаласы деген мәртебе беріп, оның билеушісін құшбегі (қосбек, яғни екінші бек деген мағынада) деп атайды. Ханның өзі алыстағы Қоқанда отырған соң хандық құзырына жаңа өткен қазақ даласындағы әлеуметтік һәм саяси жағдайды үнемі бақылап тұруды және ол жерлердегі шаһар даруғалары мен хәкімдерін, сонымен бірге далалық датқаларды да өз бетінше тағайындауды Ташкент құшбегісіне жүктейді. Датқалар демекші, хандықта датқалық жүйені де алғаш енгізген Омар хан. Осы жерде датқалықтардың қандай құрылым, ал датқалардың кім болғанын айтудан бұрын мына нәрсені де тілге тиек ете кеткен жөн. Бұрын қазақтарға хандармен қатар жүздер мен ру-тайпалардың билері билік жүргізетін. Төбе билер хан кеңесшілері болып табылатын әрі өз қарамағындағы жұрттың қамын күйттейтін. Оларға сол жүздердегі тайпа билері бағынысты болса, тайпа билеріне ру, ауыл билері қарайтын. Бұл – далалық жұртты ұйыстырып отыру үшін өз кезінде пайдаға асқан жүйетін. Х1Х ғасырдың басында Қазақстанның оңтүстігінен тыс аймақтарын орыс отаршылдары генерал-губернаторлыққа бөліп, ел билеудің жаңа құрылымын ендіруге кірісіп жатқанда, Омар хан да басып алған қазақ даласына Қоқан хандығының үкіметтік құрылымын енгізді. Үлкен шаһарлар мен ірілі-ұсақты қала-кенттерге бір-бір даруға-хәкімдерді тағайындады. Даруғалар билейттін үлкен шаһарлар қатарына – Шымқала (Шымкент), Түркістан, Әулиеата жатса, Сайрам, Ақмешіт, Қазалы, Созақ, Меркі, т. б. тәрізді кенттер хәкімдер билік ететін ұсақ қалалар саналды. Әр шаһар мен ұсақ саналған қала-бекіністерде арнайы әскер тобы тұрды. Шаһар-қалаларға бір де бір жергілікті қазақ даруға-хәкім боп тағайындалмады, ал оларға қарасты өңірлер датқалықтарға бөлінді. Мысалы, Шымкент шаһарына – 7, Әулиатаға – 7, Түркістанға – 4, Меркіге – 4, Қазалыға – 4, Созаққа – 2, Сайрамға – 2 датқалық бағынды. Бұл аймақтағы датқалықтарға датқа болып, тек қазақтар тағайындалды. 1814-1864 жылдар аралығында қазақ жерінде 39 датқалық, ал оларға әр жылдары әр рудан тағайындалған датқалардың саны 82-ге жетіпті («Қоқан хандығына қатысты жазбалар жинағы», №3 тізім). Датқалар тікелей даруға-хәкімдерге, ал даруға-хәкімдер Тәшкен құшбегісіне бағынды. Датқаға лайықты адамдарды даруға-хәкімдер іріктегенімен, оны тағайындап, бекіту – Тәшкен құшбегісінің құзырында болды.  Ол кездегі адамдардың саны дәл бүгінгідей мол болмағанын және ауылдардың бір-бірінен қашықтау, жайыла орналасқанын ескерсек, бір датқалықтың көлемі қазіргі бір ауданның аумағына парапар келген әрі оған бәрін жинап санағанда үй саны 3000-3500 болатын 40-45 ауыл қараған. Датқалық басшылары датқа атанған. Датқа атауының мағынасына келсек, ол – көне соғдылықтардың тілінде – дутхоу, яғни кіші аймақтың хәкімі деген лауазымды білдірген. Кейін өзбек тілінде де шендік дәрежені білдіріп, дотхо түрінде енген. 18 ғасырдағы Қоқан бектері бұл шенді өз құзырындағы белгілі бір адамдарға беріп келсе, Омар хан 1814 жылдан бастап қазақтар арасындағы беделді кісілерді де датқа тағайындауға әмір еткен. Датқалардың міндеті – хандық мүддесі үшін қызмет етуден тұрған. Хан мен құшбегінің, шаһар басшыларының жарлық-пәрмендерін ел арасында орындату, жұрттан хандыққа жиналатын алым-салықты уақытында жинау, хандық қалаған мезгілде құзырындағы ауылдардан әскер топтастырып беру сияқты қызметтер олардың басты міндеттеріне кірген. Уақытысында ел арасында қазақ мүддесі үшін өздеріне шен-шекпен берген қоқандықтарға қарсы қол бастап, соғыс салған датқалар да көп болған.   МОМБЕК ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы «Түркістан» газеті
11.11.2013 06:19 11583

Қоқанда қалыптасқан берік мемлекеттік құрылым болмаса да, өздеріне тән билік жүйесі бар-ды. Барлық билік бектің (кейін ханның) қолында болды. Оның жарлықтары мен пәрмендері бұлжымас заң түрінде қабылданды. Бектікте екінші адам болып бас уәзір саналды. Бектік кезінде әр билеуші төрт жыл сайын бас уәзірді алмастырып отырды. Бек сарайында бас уәзірден бөлек әрқайсысы белгілі бір салалық – әскер, дін, елшілік, қазынашылық, шаһарлармен қатынас, ішкі тәртіп жұмыстарына басшылық жасайтын алты уәзір қызмет атқарды. Әскербасы, яғни бас қолбасшы – әмір-ләшкер, жаяу әскер мен зеңбірекшілердің басшысы – найып, атты әскерді басқарушы – ынақ, хан әкімшілігінің жұмыстарын реттеуші – есік аға, бек пен уәзірлердің кеңесшісі – аталық, ханның жеке күзетшілерінің бастығы – кешіктенбашы, сарай шаруашылығының басшысы – дәстүрханшы атанды. Осылардың барлығы бек (хан) кеңесіне кірді.

Осы дәрежеге жеткен адамдардың барлығы алдымен бектікке еңбек сіңіріп, мыңбасы деген шенге қол жеткізуі ләзім-ді. Бұған себеп – Шахрух алғаш бектікті құрған шақта әскерінің саны мың адамды құрапты. Әскерді басқарған Шахрух алғашқыда бек емес, мыңбасы атанған. Соған орай кейін Шахрух құзырына нешеме иелікті қаратып, әскер санын бірнеше мыңға жеткізсе де, «мыңбасы» атағы маңызын жоймай, елдегі барлық шенді басшыларға осы атақтың қоса берілуі – хандық құлағанша бұлжымас тәртіпке айналған. 

Бұлардан кейінгі сатыда шаһар хәкімдері, дінбасылары (қазы-кәлән), даруға-хәкімдердің сарайларының, рабатханаларының диуанбектері, күндізгі және түнгі күзетшілерінің басшылары – кептеуілбашылар мен торғауылбашылар, шаһар әскерінің басшысы – пансатбашылар (кейде бұларды құрбашылар деген), бек (хан) пен шаһар хәкімдерінің жеке һәм шұғыл тапсырмаларын орындайтын арнайы шеріктің басшысы – паруанашылар тұрды. Бұлардың бәрі бектің жеке пәрменімен тағайындалатын. Мұндай құрылым Бұқар мен Хиуа хандықтарындағы билік жүйеге ұқсатылып құрылған еді.

Әлім ханның ісін жалғастырып, Қазақстанның қазіргі шартты түрде оңтүстік аймағы деп аталатын өңірлеріне билігін толық орнатқан Омар хан 1814 жылы бектік кезіндегі билік жүйесіне біраз өзгерістер енгізіп, бас уәзір мен екінші сатыдағы уәзірлер деп аталатын лауазымды жояды. Оларға сарай даруғалары деген шен береді. Бірақ атқаратын жұмыс түрлері өзгертілмейді. Үлкен қалалардың билеушілерін де –даруға, майда шаһарлардың қожаларын – хәкім деп атау туралы жарлық шығарады. Ташкентке хандықтың маңызы жағынан екінші қаласы деген мәртебе беріп, оның билеушісін құшбегі (қосбек, яғни екінші бек деген мағынада) деп атайды. Ханның өзі алыстағы Қоқанда отырған соң хандық құзырына жаңа өткен қазақ даласындағы әлеуметтік һәм саяси жағдайды үнемі бақылап тұруды және ол жерлердегі шаһар даруғалары мен хәкімдерін, сонымен бірге далалық датқаларды да өз бетінше тағайындауды Ташкент құшбегісіне жүктейді.

Датқалар демекші, хандықта датқалық жүйені де алғаш енгізген Омар хан. Осы жерде датқалықтардың қандай құрылым, ал датқалардың кім болғанын айтудан бұрын мына нәрсені де тілге тиек ете кеткен жөн. Бұрын қазақтарға хандармен қатар жүздер мен ру-тайпалардың билері билік жүргізетін. Төбе билер хан кеңесшілері болып табылатын әрі өз қарамағындағы жұрттың қамын күйттейтін. Оларға сол жүздердегі тайпа билері бағынысты болса, тайпа билеріне ру, ауыл билері қарайтын. Бұл – далалық жұртты ұйыстырып отыру үшін өз кезінде пайдаға асқан жүйетін. Х1Х ғасырдың басында Қазақстанның оңтүстігінен тыс аймақтарын орыс отаршылдары генерал-губернаторлыққа бөліп, ел билеудің жаңа құрылымын ендіруге кірісіп жатқанда, Омар хан да басып алған қазақ даласына Қоқан хандығының үкіметтік құрылымын енгізді. Үлкен шаһарлар мен ірілі-ұсақты қала-кенттерге бір-бір даруға-хәкімдерді тағайындады. Даруғалар билейттін үлкен шаһарлар қатарына – Шымқала (Шымкент), Түркістан, Әулиеата жатса, Сайрам, Ақмешіт, Қазалы, Созақ, Меркі, т. б. тәрізді кенттер хәкімдер билік ететін ұсақ қалалар саналды. Әр шаһар мен ұсақ саналған қала-бекіністерде арнайы әскер тобы тұрды. Шаһар-қалаларға бір де бір жергілікті қазақ даруға-хәкім боп тағайындалмады, ал оларға қарасты өңірлер датқалықтарға бөлінді. Мысалы, Шымкент шаһарына – 7, Әулиатаға – 7, Түркістанға – 4, Меркіге – 4, Қазалыға – 4, Созаққа – 2, Сайрамға – 2 датқалық бағынды. Бұл аймақтағы датқалықтарға датқа болып, тек қазақтар тағайындалды. 1814-1864 жылдар аралығында қазақ жерінде 39 датқалық, ал оларға әр жылдары әр рудан тағайындалған датқалардың саны 82-ге жетіпті («Қоқан хандығына қатысты жазбалар жинағы», №3 тізім). Датқалар тікелей даруға-хәкімдерге, ал даруға-хәкімдер Тәшкен құшбегісіне бағынды. Датқаға лайықты адамдарды даруға-хәкімдер іріктегенімен, оны тағайындап, бекіту – Тәшкен құшбегісінің құзырында болды. 

Ол кездегі адамдардың саны дәл бүгінгідей мол болмағанын және ауылдардың бір-бірінен қашықтау, жайыла орналасқанын ескерсек, бір датқалықтың көлемі қазіргі бір ауданның аумағына парапар келген әрі оған бәрін жинап санағанда үй саны 3000-3500 болатын 40-45 ауыл қараған. Датқалық басшылары датқа атанған. Датқа атауының мағынасына келсек, ол – көне соғдылықтардың тілінде – дутхоу, яғни кіші аймақтың хәкімі деген лауазымды білдірген. Кейін өзбек тілінде де шендік дәрежені білдіріп, дотхо түрінде енген. 18 ғасырдағы Қоқан бектері бұл шенді өз құзырындағы белгілі бір адамдарға беріп келсе, Омар хан 1814 жылдан бастап қазақтар арасындағы беделді кісілерді де датқа тағайындауға әмір еткен. Датқалардың міндеті – хандық мүддесі үшін қызмет етуден тұрған. Хан мен құшбегінің, шаһар басшыларының жарлық-пәрмендерін ел арасында орындату, жұрттан хандыққа жиналатын алым-салықты уақытында жинау, хандық қалаған мезгілде құзырындағы ауылдардан әскер топтастырып беру сияқты қызметтер олардың басты міндеттеріне кірген. Уақытысында ел арасында қазақ мүддесі үшін өздеріне шен-шекпен берген қоқандықтарға қарсы қол бастап, соғыс салған датқалар да көп болған.  

МОМБЕК ӘБДӘКІМҰЛЫ,

жазушы

«Түркістан» газеті

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға