Жаңалықтар

Ташкент жайында

Өткен тарих бүгінгі саясаттың ығына қарай жығылып зерттелмеуі тиіс. Егер бұл бағытта саясат тұрғысынан еңбек етсек, тарихтың шынайы ақиқатын аша алмаймыз. Мәселен, бұрынғы дәуірлерде біздің арғы ата-бабаларымыздың түп-қазық қоныстары – қазіргі Ресей құрамындағы Алтай өлкесінде, Моңғолия мен Қытайдың батыс облыстарында жатыр, һәм олар аталған мемлекеттердің иелігіне айналған. Жылқы баққан қазақтың омбы қар кешіп жүріп, «Омбы» деп атаған жерін сол орыстар басып алғанда – Омск боп, «Төмен» деп ныспылаған орманды алқабы – Тюмень боп, Томбы – Томск, Қорған – Курган, Орынбор (Ор өзенінің бойындағы қала) – Оренбург болып қала берді. 1864 жылы қытай-орыс шекарасы белгіленген кезде қазақтың әлімсақ мекені – Тарбағатай мен Алатаудың шығыс тарапы  екі алып мемлекеттің жер бөлісу саясатының кесірінен Қытай жағында қалып қойды. Көңіл жабырқататын мұндай тарихи фактілер Кеңес Одағы тұсында да көптеп орын алды. Өткен ғасырдың екінші ширегінде коммунистер ықылымнан қазақ жері болған, тұрғындарының жартысынан астамы қазақтар боп табылатын Қарақалпақстанды Өзбекстанға қосты. Ол аздай, 1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарайтын жер жәннаты – Бостандық ауданын, 1963 жылы ұланғайыр алапты алып жатқан Киров, Мақтарал, Жетісай аудандарын сол республиканың қарамағына өткізді. Кейін соңғы үш аудан кері қайтарылғанымен, бір кездері оларға қараған орасан көлемдегі аумақ толықтай бері өтпеді. Жызақ маңындағы күллі Мырзашөл аймағы өзбектерге қалып қойды да, олар сол өңірлерден жаңадан ондаған аудандар ашып алды. Ал тұрғындарының 90 пайызы қазақ боп келетін Бостандық ауданы басқа елдің құрамында қалды.  Бұл – қазіргі жұрттың көбі білетін ащы тарих. Десек те, осы өңірге қатысты бүгінгі базбір тарихшылар мен кейбір білімпаз жандар болмаса, жалпы жұрттың бәрі бірдей біле бермейтін тағы бір сырлы тарих бар. Ол – Ташкенттің қазақтың көне шаһары екені, оның өңірі қазақ жері болғандығы жайында айтылмай жүрген сыр.  Әлбетте, Ташкентті қазақтар тұрғызған деп кесіп-пішіп айтпаймыз. Оның негізі түркі тектес халықтардың әрқайсысы өз алдарына ұлт болып қалыптаспай тұрғанда қаланған. Заманымыздың басында Сыр мен Шыршық алабын жайлаған қаңлылардың бір тармағы сол кезде суы мол Салар бұлағының бойында үйлері ылғи таспен қаланған қыстақ тұрғызған. Уақыт өте келе, ол қыстақ үлкейіп, Тас­тыкент (Тасты қала) атанған. Осы Тас­тыкент атауы алға озған заманның тілдік үйлесімділігіне орай – Таскент, кейін қарлұқ диалектісіне сай Ташкент боп қалыптасқан.  Кейбір жазбагерлер Ташкенттің байырғы атауы Шаш болған деп шатасып жүр. Шаш – Ташкенттің іргесінде болған басқа көне қала. Ол Шыңғысхан шабуылы кезінде қиратылған. Шаш қиратылған соң, оның тұрғындарының көпшілігі одан он-он бес шақырым жерде орналасқан Ташкентке орныққан. Осы себепті Ташкентте халық көбейіп, көлемі кеңейеді. Ақсақ Темір дәуірінен кейін оның солтүстік бөлігі бұрынғы Шаш қаласының орнына дейін жетеді. Сөйтіп Шаш атауы бірте-бірте ұмытылып, Ташкенттің аты жаңғыра бастайды.  Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы
11.11.2013 05:57 5622

Өткен тарих бүгінгі саясаттың ығына қарай жығылып зерттелмеуі тиіс. Егер бұл бағытта саясат тұрғысынан еңбек етсек, тарихтың шынайы ақиқатын аша алмаймыз. Мәселен, бұрынғы дәуірлерде біздің арғы ата-бабаларымыздың түп-қазық қоныстары – қазіргі Ресей құрамындағы Алтай өлкесінде, Моңғолия мен Қытайдың батыс облыстарында жатыр, һәм олар аталған мемлекеттердің иелігіне айналған. Жылқы баққан қазақтың омбы қар кешіп жүріп, «Омбы» деп атаған жерін сол орыстар басып алғанда – Омск боп, «Төмен» деп ныспылаған орманды алқабы – Тюмень боп, Томбы – Томск, Қорған – Курган, Орынбор (Ор өзенінің бойындағы қала) – Оренбург болып қала берді. 1864 жылы қытай-орыс шекарасы белгіленген кезде қазақтың әлімсақ мекені – Тарбағатай мен Алатаудың шығыс тарапы  екі алып мемлекеттің жер бөлісу саясатының кесірінен Қытай жағында қалып қойды.

Көңіл жабырқататын мұндай тарихи фактілер Кеңес Одағы тұсында да көптеп орын алды. Өткен ғасырдың екінші ширегінде коммунистер ықылымнан қазақ жері болған, тұрғындарының жартысынан астамы қазақтар боп табылатын Қарақалпақстанды Өзбекстанға қосты. Ол аздай, 1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарайтын жер жәннаты – Бостандық ауданын, 1963 жылы ұланғайыр алапты алып жатқан Киров, Мақтарал, Жетісай аудандарын сол республиканың қарамағына өткізді. Кейін соңғы үш аудан кері қайтарылғанымен, бір кездері оларға қараған орасан көлемдегі аумақ толықтай бері өтпеді. Жызақ маңындағы күллі Мырзашөл аймағы өзбектерге қалып қойды да, олар сол өңірлерден жаңадан ондаған аудандар ашып алды. Ал тұрғындарының 90 пайызы қазақ боп келетін Бостандық ауданы басқа елдің құрамында қалды. 

Бұл – қазіргі жұрттың көбі білетін ащы тарих. Десек те, осы өңірге қатысты бүгінгі базбір тарихшылар мен кейбір білімпаз жандар болмаса, жалпы жұрттың бәрі бірдей біле бермейтін тағы бір сырлы тарих бар. Ол – Ташкенттің қазақтың көне шаһары екені, оның өңірі қазақ жері болғандығы жайында айтылмай жүрген сыр. 

Әлбетте, Ташкентті қазақтар тұрғызған деп кесіп-пішіп айтпаймыз. Оның негізі түркі тектес халықтардың әрқайсысы өз алдарына ұлт болып қалыптаспай тұрғанда қаланған. Заманымыздың басында Сыр мен Шыршық алабын жайлаған қаңлылардың бір тармағы сол кезде суы мол Салар бұлағының бойында үйлері ылғи таспен қаланған қыстақ тұрғызған. Уақыт өте келе, ол қыстақ үлкейіп, Тас­тыкент (Тасты қала) атанған. Осы Тас­тыкент атауы алға озған заманның тілдік үйлесімділігіне орай – Таскент, кейін қарлұқ диалектісіне сай Ташкент боп қалыптасқан. 

Кейбір жазбагерлер Ташкенттің байырғы атауы Шаш болған деп шатасып жүр. Шаш – Ташкенттің іргесінде болған басқа көне қала. Ол Шыңғысхан шабуылы кезінде қиратылған. Шаш қиратылған соң, оның тұрғындарының көпшілігі одан он-он бес шақырым жерде орналасқан Ташкентке орныққан. Осы себепті Ташкентте халық көбейіп, көлемі кеңейеді. Ақсақ Темір дәуірінен кейін оның солтүстік бөлігі бұрынғы Шаш қаласының орнына дейін жетеді. Сөйтіп Шаш атауы бірте-бірте ұмытылып, Ташкенттің аты жаңғыра бастайды. 

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,

жазушы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға