Жаңалықтар

Алаштың асылы еді – Беркінғали

Әкеміздің нағашысы болуы себепті біз Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаевтың есімін бала кезден естіп өстік. Алайда естіген әңгімелеріміз ол кезде оның қайраткерлігі жайында емес, отбасына қатысты туыстық әңгімелер, неміс әйелінің қазақ салтын білмейтіндігі туралы күлкілі жайттар еді. Соның бірі: «Балаң үйленіпті» деген соң екі жасты ертіп әкетіп, елге таныстыру үшін Мұқаш Үйшікке келеді. Қартты жолшыбай келіннің Беркінғалиға не деп ат қойғаны қызықтырып келе жатады. «Орыс келін күйеуінің атын атай ма екен?» Есік ашқан Лидия атасын танып қалып, қуанғаннан: «Беркін, Беркін! Мұқаш Атшыбаевич приехал!» деп ішкі бөлмеге қарай жүгіріпті. Сөйтіп, «орыс келін» күйеуі тұрмақ, әкесін оның әкесімен қосып атап жіберген. Бұл әңгімені тарап кетуіне қарағанда, сірә, елге Мұқаштың өзі айтып келгенге ұқсайды. Келін туралы ерекше бір жылылықпен айтылған әңгіме. «Түсі игіден түңілме» дегенді ұстанған, қазақша-орысша сауатты, озық ойлы азамат Мұқаш орыс келінді «салт білмедің» деп сыртқа тепкен жоқ, жатсынбады. Кешегі ер елден аластатылған, елі ерінің атын атай алмаған заманда Беркінғали атын өшірмеген жалғыз осы Лидия ­Геор­гиевна десек артық болмас. Жары Беркінғалиға өле-өлгенше адал болып, ошағының отын өшірмеген, адам төзгісіз қиянаттың не бір түріне шыдап, ерінен қал­­ған жалғыз тұяқ, екі айлық шарананы аза­мат қылып өсірген «Орыс келін» еді ол. МҰҚАШ мұсылманша, орысша сауатты адам екен. Оның Беркінғали, Хасанғали, Әжіғали деген ұлдары болған. Құсайын деген тағы бір баласының кәмпескелеу науқанына араласқаны айтылады. Мен Құсайынның ұлы Сабырғалиды Ақтауда бір жиында жолықтырдым. Хромтауда тұратын қызына әкем екеуміз арнайы барып, таныстық (Топырағы торқа болғыр, марқұм Бәтихан жездемнің арқасы). Алматыға бір барған сапарында әкем ҚазКСР Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты Кәрім Әжіғали­ұлы Атшыбаевпен кездескен. Бір қағаз­дың бұрышына «Кәрімнің үйіне барамын деп, әзірлетіп қойып, бара алмай кеткен қателігімді ғұмыр бойы ұмытпаймын» деп жазып қойыпты. Қашан жазылғаны маған мәлім емес. Мұқаштың қызынан туған бала Еркінғали (жиен) кешегі Ұлы Отан соғысында қаза болған, оның әкесі 1937-де атылған, руы – ақбота адай. Еркінғалидан қыз бала қалған болуы керек, Айман ­Тасболатова (Жанаш Нұрмаханұлының дерегі. Н.Жанат). АТШЫБАЙ – «Аузына арам салмаған, ортадан пара алмаған» шеркеш-жауғашты-батырқожа Қазыбек биден тарайды. Мыңғырған мал айдамағанымен, адал ішіп, ақ сөйлеп, өнер-білімді бойына жинап өскен, жүйрік ұстаған, сән-салтанаты келіскен, елге асқан беделді әулет болған. Миялы беттен келген ағайыннан жұрт: «Атшыбай аулы аман ба? Мұқаш торы аман ба?» деп амандық сұрасады екен. Сөйткен әулеттен шыққан Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаев орыс оқуын оқып, заман көшіне ілесті. Әттең!.. Кеңестік режим көзін жойған қазақтың оқыған мыңдаған асыл азаматтарымыздың бірі Беркінғали Атшыбаевтың еліне еркіндік әперем деген азаматтармен бірлесе атқарған ұлы ісі жөргегінде тұншықты. Одан кейінгі Қазақ жерінің жерасты байлығын елінің игілігіне айналдырсам деген ниетін де сол режим соңына дейін іске асыртпады. Ол туралы баспасөзде тым аз жазылады. Оның есімі зерттеп, ашқан жерлерінің мұнайы оңды-солды игеріліп жатқанда да ауызға алынбады. Біз оны жастау кезімізде елдің алғашқы мұнайшысы ретінде аңыз ететінбіз. Сонымен қатар туған бауыры Әжіғалидың Мәншүк Мәметованың екінші әкесі екендігін біліп (Ахмет Мәметов ұсталып кеткен соң Әминаға үйленген), өзімізді батыр қызға біртабан жақындатып, мақтанатынбыз да. Беркінғалидың қарындасы – менің әжем Жұмақ, біз оның есімін тани бастаған кезде өмірден озып кеткен болатын. Әкем Беркінғали нағашысын соңғы рет 12-13 жасында көріпті. «Ол кезде қазіргі Құлсарының орнында 3-4 киіз ғана болған, мұнай барлаушы геологтардың қосы. Столының үсті толған қағаз. Кереуетінде «Крокодил» журналы жатыр екен, содан оқыдым-ау деймін, «Фольклор деген не?» деп сұрадым. «Ол біздің Қыз Жібек, Қозы Көрпеш сияқты жырларымыз ғой. Ертегі, аңыздар… Білесің бе?» Білетін едім, басымды изедім. «Мында кел, – деді сосын нағашым, – мыналар осы жерлердің карталары, – деп картон іспетті үлкен сары қағаздарды көрсетті. Бұл сол кезде геологиялық карта сызылатын балауыз сіңірілген қағаздар екен. – Жер астында көп мұнай бар. Екінші рет дәлелдеп отырмын» деді. Біз отырған киіз үйге бір орыс келіп, екеуі бір шаруалар жайында сөйлесіп кетті. Біз әкелген сәлем-сауқатымызбен нағашыма шай бердік те, ауылымызға кеттік». Бұл 1934-35 жылдар еді. Арада екі-үш жыл өткен соң, Ембі алабының (Құлсары да бар) мұнайы игеріле бастады. Соғыс кезінде тар табанды жол салынып, бұл өңірдің мұнайы өңдеусіз тікелей майданға жөнелтіліп жатты. «Мұнайлы Ембі, мұнай бер, Осыны сенен сұрайды ел!» Асқар Тоқмағанбетов өлеңі сол кезде шықты. Әкемнің тағы бір айтқаны: Мен нағашыма сұраған бір затымды әкеліп бермедің деп, «бүйткен нағашылығың құрысын» деппін. Еркелік қой. Содан кейін нағашымды көрмедім, өзі де ауылға келмейтін болып кетті. Шешемнен «Неге келмей жүр» десем, «Сенің сөзіңе өкпелеп қалған болар» дейтін. Мен көпке дейін осыған өзімді айыпты санап жүрдім. Сөйтсем, оны НКВД ұстап кетіп, көзін жойған екен… Ел оның түрмеге жетпей, жолшыбай өлтірілгені туралы сан-саққа жүгіртіп әңгіме айтатын. Беріректе әкем Алматыға жолы түскенде, Беркінғалидың жары Лидия­ның үйіне барып, сәлем беріп, артында қалған жалғыз тұяқ Беркінмен жүздесіп келетінін айтып отыратын. Өмір бойы қолынан қаламы түспеген, 90 жастан асқанша уақытының көбін жазу үстелінде өткізген әкем Жанаш Нұрмаханұлы нағашысы Беркінғали туралы, Алашордашы Беркінғали, Мұнайшы Беркінғали, Әнші Беркінғали туралы еш жазба қалдырмаған. Біз өз білгенімізді аз деп есептеп, «Алаш­орда» тарихын зерттеушілерден дерек күттік. Жылдар жылжып барады, Алашорда үкіметі мен оны қолмен құрғандар туралы қанша жазылса да, сол тарихтың Беркінғали есімі жазылған беттері ашылар емес… Маған 1997 жылы жазда Атырау Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде Беркінғали Атшыбаевтың осында сақталған ісімен ішінара танысудың сәті түсті. Ішінара дейтін себебім – іс қолыма толық берілген жоқ. Комитет қызметкері жапырақ-жапырақ қылып, істің кейбір беттерін ғана әкеліп таныстырды. Кейбір жерлерін өз қадағалауымен көшіріп алуыма рұқсат етті. Сол жолы кейіпкерім туралы жерлесі, ғалым Таумыш Жұмағалиев ағайдың, Атырау университетінің профессоры Құсекен Шәукеновтің естеліктерін алдым. Кейін Нәсір көке Нығыметов тағы бір деректерді айтты. Осы жұмыстарымның бәрі менің жұмысбасты, әрі үй шаруасына алаңдаулы болуым себепті асығыс, шалалау жүргізілді. Онда Беркінғали Атшыбаев туралы Қазақ мұнайының 100 жылдығына байланысты Маңғыстау телевидениесі арқылы телехабар берумен шектелгенмін. Өкінішім көп. Әңгіменің кеніші жоғарыда аты аталған жақсы ағаларда, Беркінғалидың ерке жиені менің өз әкем де – қазір бақилық. Сонымен Атырау университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құсекен Шәукенов былай деген еді: Беркінғалиды көре қалдық. Жинақы жүретін шақ қол кісі болатын. Мәскеудің Тау-кен академиясының мұнай факультетінің 4 курсын аяқтап тұрған жерінен бітіртпей, оқудан шығарып тастады. «Алашордашыл» болғандығы себепті. Ағасы Әжіғали банк қызметкері болатын. Банктің 70 жылдығында ол кісінің есімі айтылды. «Ақ жайыққа» шықты биыл. Мартыненконың «Алашорда» кітабында да оның есімі аталады. Азамат соғысы жүріп жатқанда, Беркінғали Атшыбаев Алашорданың Колчактағы өкілі болған. Батыс Алашорданы таратуға 1920 жылдың 12 қаңтарында қол қойған бесеудің бірі. 1927-28 жылдары Мәскеуде Жоғарғы сотта аудармашысы, сосын, акционерлік қоғамда аудармашы болып істеді. Геолог-картограф, «Эмбанефть» бірлес­тігінде жетекші геолог. Мұнайлы, Байшонас, басқа да қай жерде мұнай барын белгілеп кеткен. Атақтары шыққан мұнайшы Өтебаев, Досмұхамбетовтер ол кезде жас балдар. Беркінғали 1931 жылы шілдеде Адай көтерілісшілері экспедицияның қырық шақты орысын Ұшқанға атуға алып шыққанда, «Босқа шөлге ұрынасыңдар» деп, арашалап алып қалған екен. («Ұшқан» деп отырғаны – Күйкенұшқан. «40 орыс» деген де тым көп сан. Н.Жанат). Экспедиция бастығы Пермяковтың Беркінғали Атшыбаевқа берген мінездемесі бар. Беркінғалиды 1937 жылы 27 қазанда, кешкі 9-да ұстады. Өзі физически мықты адам дейтін, түрмеде көп жәбір көрген сияқты. Көп кешіктірмей желтоқсанда Оралға айдап кеткен. Содан хабарсыз. Әйелі өзінен 15 жас кіші, екі айлық баламен қалды. Ол бала Сталинградтан жоғары оқу орнын бітірді. 1958-де өзге жұртқа амнис­тия бермепті, артынан іздеушілер аз болған. Беркінғалиды ақтаған. Оның «Личное делосын» «Эмбанефть» мұрағатынан таптым. Атшыбаевтың елдегі балалық, жастық шағын білетіндер аз. Бір көрген кісі жерлесі – Таумыш Жұмағалиев» деген Құсекен ағай (Құсекен ағай да Атырау облыстық Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде Беркінғали Атшыбаевтың ісімен ішінара таныстым деді). Осы сапарымда Таумыш Жұмағалиевтың айтқаны: Беркін Мұқашұлы Атшыбаев та Қызылқоға ауданының перзенті, Миялыда туған (қазіргі Жангелдин атындағы кеңшар), Қазыбек бидің ұрпағы. Әкесі Мұқаш орысша сауатты кісі екен, өзінің балалары Беркін мен Әжіғалиды 6 жастан орысша оқуға берген. Беркін Қаракөлдегі бір кластық, Гурьевтегі екі кластық, одан соң Орал реалдық училищесін бітірген. Сөйтіп, он бір жыл үздіксіз, орысша білім алған. Оқуын одан әрі жалғастырып, Мәскеуде ұзақ жыл оқып, «Мәңгілік студент» атанып, «Известия» газетіне аты да шығулы. Ол Тау-кен академиясын бітірген алғашқы қазақ, тау-кен инженер-геологтарының бірі, «Алашорданың мүшесі» деп бір кезде оқудан шығарылған. Беркін Мұқашұлы өнерден де хабардар болса керек. Олай дейтініміз – 1926-1929 жылдары «Орынбор-Қызылорда» баспасынан шыққан Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні » нота кітабында Беркін ағаның Оралдан ән оздырған Мұхиттың екі-үш әнін орындағаны жазылыпты, соның бірі – «Паңкөйлек». 1937 жылы ұсталғанға дейін Ембі мұнай тресінде барлаушы-геолог болып, мұнай кендірін ашуға елеулі үлес қосады. Оның 1920-30-шы жылдары мұнай іздестірудегі жасақтаған геологиялық карталары осы күнге дейін мәнін жоймаған, кәдеге асарлық. Ал оның жалғыз ұлы Беркін (әкесімен аттас) Гурьевте орта мектепті бітіріп, Мәскеудегі академик И.М. Губкин атындағы мұнай институтына емтихан тапсырса да, алашордашының «бөлтірігі» делініп, оқуға қабылданбайды. Сондықтан «зиянсыз» бағытқа – Волгоград автомобиль және тас жолдар институтына түсуге мәжбүр болады. Беркін ағаның зайыбы Л.Г. Софенрейтер Гурьев мұнай техникумын бітіріп, ондаған жылдар мұнай саласында еңбек еткен. Тағылған белгілі «кінә», оған қоса ұлты да «ескеріліп», талай қиындықты басынан өткізіп, отағасы ақталғасын Алматыға қоныс аударған. Беркін таза жүретін, паң кісі еді. Жүн шекпен киген талай қазақты көрдік, соның ішінде ақ түйенің жүнінен иіртіп, костюм тоқытып киген Беркінді ғана көрдім. Біз оған еліктейтінбіз. Беркінғали Атшыбаевтың ұсталып кетуінің негізгі үш себебі бар: бірінші, отарлаудың жаңа тәртібін енгізген кеңестік жүйе ешқандай ұлттық мемлекеттің дербестігіне төзбес еді, сондықтан Алашорда қызметінде болғандар түгелдей ­саяси қуғын-сүргінге ұшыруға тиісті болды; екінші, уақыт өте келе кеңестен кешірім алып, Ішкі істер органдарына, кеңселерге лауазымды қызметке орналасып алған ақ казактардың Азамат соғысы кезіндегі жеңілістерінің есесін қайтаруы (Лениннің тікелей тапсырмасы бойынша ақ казакпен тізе қосқандардың көзі құртылуға жататыны тағы бар); үшінші себеп – Беркінғалидың геолог ретіндегі табысты жұмысы мен беделі талайдың ішін жандырды («Біреу өлмей, біреуге күн жоқ»). Бірқатар деректерде ол «үстінен қылмысты іс қозғалғандардың тізімінде жоқ» деп көрсетілген. Этаппен айдалып бара жатып, оның белгіленген нүктеге жетпей өлтірілуі (жоқ болып кетуі) осының дәлелі бола алатын сияқты. Өз басым азаматтың түбіне күншілдіктің қызыл иті жетті дегенге ден қоямын. Жанат НҰРМАХАНОВА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты
11.11.2013 05:24 4903

Әкеміздің нағашысы болуы себепті біз Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаевтың есімін бала кезден естіп өстік. Алайда естіген әңгімелеріміз ол кезде оның қайраткерлігі жайында емес, отбасына қатысты туыстық әңгімелер, неміс әйелінің қазақ салтын білмейтіндігі туралы күлкілі жайттар еді.
Соның бірі: «Балаң үйленіпті» деген соң екі жасты ертіп әкетіп, елге таныстыру үшін Мұқаш Үйшікке келеді. Қартты жолшыбай келіннің Беркінғалиға не деп ат қойғаны қызықтырып келе жатады. «Орыс келін күйеуінің атын атай ма екен?» Есік ашқан Лидия атасын танып қалып, қуанғаннан: «Беркін, Беркін! Мұқаш Атшыбаевич приехал!» деп ішкі бөлмеге қарай жүгіріпті. Сөйтіп, «орыс келін» күйеуі тұрмақ, әкесін оның әкесімен қосып атап жіберген.
Бұл әңгімені тарап кетуіне қарағанда, сірә, елге Мұқаштың өзі айтып келгенге ұқсайды. Келін туралы ерекше бір жылылықпен айтылған әңгіме. «Түсі игіден түңілме» дегенді ұстанған, қазақша-орысша сауатты, озық ойлы азамат Мұқаш орыс келінді «салт білмедің» деп сыртқа тепкен жоқ, жатсынбады.
Кешегі ер елден аластатылған, елі ерінің атын атай алмаған заманда Беркінғали атын өшірмеген жалғыз осы Лидия ­Геор­гиевна десек артық болмас. Жары Беркінғалиға өле-өлгенше адал болып, ошағының отын өшірмеген, адам төзгісіз қиянаттың не бір түріне шыдап, ерінен қал­­ған жалғыз тұяқ, екі айлық шарананы аза­мат қылып өсірген «Орыс келін» еді ол.

МҰҚАШ мұсылманша, орысша сауатты адам екен. Оның Беркінғали, Хасанғали, Әжіғали деген ұлдары болған. Құсайын деген тағы бір баласының кәмпескелеу науқанына араласқаны айтылады. Мен Құсайынның ұлы Сабырғалиды Ақтауда бір жиында жолықтырдым.
Хромтауда тұратын қызына әкем екеуміз арнайы барып, таныстық (Топырағы торқа болғыр, марқұм Бәтихан жездемнің арқасы). Алматыға бір барған сапарында әкем ҚазКСР Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты Кәрім Әжіғали­ұлы Атшыбаевпен кездескен. Бір қағаз­дың бұрышына «Кәрімнің үйіне барамын деп, әзірлетіп қойып, бара алмай кеткен қателігімді ғұмыр бойы ұмытпаймын» деп жазып қойыпты. Қашан жазылғаны маған мәлім емес.
Мұқаштың қызынан туған бала Еркінғали (жиен) кешегі Ұлы Отан соғысында қаза болған, оның әкесі 1937-де атылған, руы – ақбота адай. Еркінғалидан қыз бала қалған болуы керек, Айман ­Тасболатова (Жанаш Нұрмаханұлының дерегі. Н.Жанат).
АТШЫБАЙ – «Аузына арам салмаған, ортадан пара алмаған» шеркеш-жауғашты-батырқожа Қазыбек биден тарайды. Мыңғырған мал айдамағанымен, адал ішіп, ақ сөйлеп, өнер-білімді бойына жинап өскен, жүйрік ұстаған, сән-салтанаты келіскен, елге асқан беделді әулет болған. Миялы беттен келген ағайыннан жұрт: «Атшыбай аулы аман ба? Мұқаш торы аман ба?» деп амандық сұрасады екен. Сөйткен әулеттен шыққан Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаев орыс оқуын оқып, заман көшіне ілесті. Әттең!.. Кеңестік режим көзін жойған қазақтың оқыған мыңдаған асыл азаматтарымыздың бірі Беркінғали Атшыбаевтың еліне еркіндік әперем деген азаматтармен бірлесе атқарған ұлы ісі жөргегінде тұншықты. Одан кейінгі Қазақ жерінің жерасты байлығын елінің игілігіне айналдырсам деген ниетін де сол режим соңына дейін іске асыртпады. Ол туралы баспасөзде тым аз жазылады. Оның есімі зерттеп, ашқан жерлерінің мұнайы оңды-солды игеріліп жатқанда да ауызға алынбады.
Біз оны жастау кезімізде елдің алғашқы мұнайшысы ретінде аңыз ететінбіз. Сонымен қатар туған бауыры Әжіғалидың Мәншүк Мәметованың екінші әкесі екендігін біліп (Ахмет Мәметов ұсталып кеткен соң Әминаға үйленген), өзімізді батыр қызға біртабан жақындатып, мақтанатынбыз да. Беркінғалидың қарындасы – менің әжем Жұмақ, біз оның есімін тани бастаған кезде өмірден озып кеткен болатын.
Әкем Беркінғали нағашысын соңғы рет 12-13 жасында көріпті. «Ол кезде қазіргі Құлсарының орнында 3-4 киіз ғана болған, мұнай барлаушы геологтардың қосы. Столының үсті толған қағаз. Кереуетінде «Крокодил» журналы жатыр екен, содан оқыдым-ау деймін, «Фольклор деген не?» деп сұрадым. «Ол біздің Қыз Жібек, Қозы Көрпеш сияқты жырларымыз ғой. Ертегі, аңыздар… Білесің бе?» Білетін едім, басымды изедім.
«Мында кел, – деді сосын нағашым, – мыналар осы жерлердің карталары, – деп картон іспетті үлкен сары қағаздарды көрсетті. Бұл сол кезде геологиялық карта сызылатын балауыз сіңірілген қағаздар екен. – Жер астында көп мұнай бар. Екінші рет дәлелдеп отырмын» деді. Біз отырған киіз үйге бір орыс келіп, екеуі бір шаруалар жайында сөйлесіп кетті. Біз әкелген сәлем-сауқатымызбен нағашыма шай бердік те, ауылымызға кеттік».
Бұл 1934-35 жылдар еді. Арада екі-үш жыл өткен соң, Ембі алабының (Құлсары да бар) мұнайы игеріле бастады. Соғыс кезінде тар табанды жол салынып, бұл өңірдің мұнайы өңдеусіз тікелей майданға жөнелтіліп жатты. «Мұнайлы Ембі, мұнай бер, Осыны сенен сұрайды ел!» Асқар Тоқмағанбетов өлеңі сол кезде шықты.
Әкемнің тағы бір айтқаны: Мен нағашыма сұраған бір затымды әкеліп бермедің деп, «бүйткен нағашылығың құрысын» деппін. Еркелік қой. Содан кейін нағашымды көрмедім, өзі де ауылға келмейтін болып кетті. Шешемнен «Неге келмей жүр» десем, «Сенің сөзіңе өкпелеп қалған болар» дейтін. Мен көпке дейін осыған өзімді айыпты санап жүрдім. Сөйтсем, оны НКВД ұстап кетіп, көзін жойған екен… Ел оның түрмеге жетпей, жолшыбай өлтірілгені туралы сан-саққа жүгіртіп әңгіме айтатын.
Беріректе әкем Алматыға жолы түскенде, Беркінғалидың жары Лидия­ның үйіне барып, сәлем беріп, артында қалған жалғыз тұяқ Беркінмен жүздесіп келетінін айтып отыратын. Өмір бойы қолынан қаламы түспеген, 90 жастан асқанша уақытының көбін жазу үстелінде өткізген әкем Жанаш Нұрмаханұлы нағашысы Беркінғали туралы, Алашордашы Беркінғали, Мұнайшы Беркінғали, Әнші Беркінғали туралы еш жазба қалдырмаған.
Біз өз білгенімізді аз деп есептеп, «Алаш­орда» тарихын зерттеушілерден дерек күттік. Жылдар жылжып барады, Алашорда үкіметі мен оны қолмен құрғандар туралы қанша жазылса да, сол тарихтың Беркінғали есімі жазылған беттері ашылар емес…
Маған 1997 жылы жазда Атырау Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде Беркінғали Атшыбаевтың осында сақталған ісімен ішінара танысудың сәті түсті. Ішінара дейтін себебім – іс қолыма толық берілген жоқ. Комитет қызметкері жапырақ-жапырақ қылып, істің кейбір беттерін ғана әкеліп таныстырды. Кейбір жерлерін өз қадағалауымен көшіріп алуыма рұқсат етті. Сол жолы кейіпкерім туралы жерлесі, ғалым Таумыш Жұмағалиев ағайдың, Атырау университетінің профессоры Құсекен Шәукеновтің естеліктерін алдым. Кейін Нәсір көке Нығыметов тағы бір деректерді айтты. Осы жұмыстарымның бәрі менің жұмысбасты, әрі үй шаруасына алаңдаулы болуым себепті асығыс, шалалау жүргізілді. Онда Беркінғали Атшыбаев туралы Қазақ мұнайының 100 жылдығына байланысты Маңғыстау телевидениесі арқылы телехабар берумен шектелгенмін.
Өкінішім көп. Әңгіменің кеніші жоғарыда аты аталған жақсы ағаларда, Беркінғалидың ерке жиені менің өз әкем де – қазір бақилық.
Сонымен Атырау университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құсекен Шәукенов былай деген еді: Беркінғалиды көре қалдық. Жинақы жүретін шақ қол кісі болатын. Мәскеудің Тау-кен академиясының мұнай факультетінің 4 курсын аяқтап тұрған жерінен бітіртпей, оқудан шығарып тастады. «Алашордашыл» болғандығы себепті.
Ағасы Әжіғали банк қызметкері болатын. Банктің 70 жылдығында ол кісінің есімі айтылды. «Ақ жайыққа» шықты биыл. Мартыненконың «Алашорда» кітабында да оның есімі аталады.
Азамат соғысы жүріп жатқанда, Беркінғали Атшыбаев Алашорданың Колчактағы өкілі болған. Батыс Алашорданы таратуға 1920 жылдың 12 қаңтарында қол қойған бесеудің бірі. 1927-28 жылдары Мәскеуде Жоғарғы сотта аудармашысы, сосын, акционерлік қоғамда аудармашы болып істеді.
Геолог-картограф, «Эмбанефть» бірлес­тігінде жетекші геолог. Мұнайлы, Байшонас, басқа да қай жерде мұнай барын белгілеп кеткен. Атақтары шыққан мұнайшы Өтебаев, Досмұхамбетовтер ол кезде жас балдар. Беркінғали 1931 жылы шілдеде Адай көтерілісшілері экспедицияның қырық шақты орысын Ұшқанға атуға алып шыққанда, «Босқа шөлге ұрынасыңдар» деп, арашалап алып қалған екен. («Ұшқан» деп отырғаны – Күйкенұшқан. «40 орыс» деген де тым көп сан. Н.Жанат).
Экспедиция бастығы Пермяковтың Беркінғали Атшыбаевқа берген мінездемесі бар.
Беркінғалиды 1937 жылы 27 қазанда, кешкі 9-да ұстады. Өзі физически мықты адам дейтін, түрмеде көп жәбір көрген сияқты. Көп кешіктірмей желтоқсанда Оралға айдап кеткен. Содан хабарсыз.
Әйелі өзінен 15 жас кіші, екі айлық баламен қалды. Ол бала Сталинградтан жоғары оқу орнын бітірді. 1958-де өзге жұртқа амнис­тия бермепті, артынан іздеушілер аз болған. Беркінғалиды ақтаған. Оның «Личное делосын» «Эмбанефть» мұрағатынан таптым.
Атшыбаевтың елдегі балалық, жастық шағын білетіндер аз. Бір көрген кісі жерлесі – Таумыш Жұмағалиев» деген Құсекен ағай (Құсекен ағай да Атырау облыстық Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде Беркінғали Атшыбаевтың ісімен ішінара таныстым деді).
Осы сапарымда Таумыш Жұмағалиевтың айтқаны: Беркін Мұқашұлы Атшыбаев та Қызылқоға ауданының перзенті, Миялыда туған (қазіргі Жангелдин атындағы кеңшар), Қазыбек бидің ұрпағы. Әкесі Мұқаш орысша сауатты кісі екен, өзінің балалары Беркін мен Әжіғалиды 6 жастан орысша оқуға берген. Беркін Қаракөлдегі бір кластық, Гурьевтегі екі кластық, одан соң Орал реалдық училищесін бітірген. Сөйтіп, он бір жыл үздіксіз, орысша білім алған. Оқуын одан әрі жалғастырып, Мәскеуде ұзақ жыл оқып, «Мәңгілік студент» атанып, «Известия» газетіне аты да шығулы. Ол Тау-кен академиясын бітірген алғашқы қазақ, тау-кен инженер-геологтарының бірі, «Алашорданың мүшесі» деп бір кезде оқудан шығарылған.
Беркін Мұқашұлы өнерден де хабардар болса керек. Олай дейтініміз – 1926-1929 жылдары «Орынбор-Қызылорда» баспасынан шыққан Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні » нота кітабында Беркін ағаның Оралдан ән оздырған Мұхиттың екі-үш әнін орындағаны жазылыпты, соның бірі – «Паңкөйлек».
1937 жылы ұсталғанға дейін Ембі мұнай тресінде барлаушы-геолог болып, мұнай кендірін ашуға елеулі үлес қосады. Оның 1920-30-шы жылдары мұнай іздестірудегі жасақтаған геологиялық карталары осы күнге дейін мәнін жоймаған, кәдеге асарлық. Ал оның жалғыз ұлы Беркін (әкесімен аттас) Гурьевте орта мектепті бітіріп, Мәскеудегі академик И.М. Губкин атындағы мұнай институтына емтихан тапсырса да, алашордашының «бөлтірігі» делініп, оқуға қабылданбайды. Сондықтан «зиянсыз» бағытқа – Волгоград автомобиль және тас жолдар институтына түсуге мәжбүр болады. Беркін ағаның зайыбы Л.Г. Софенрейтер Гурьев мұнай техникумын бітіріп, ондаған жылдар мұнай саласында еңбек еткен. Тағылған белгілі «кінә», оған қоса ұлты да «ескеріліп», талай қиындықты басынан өткізіп, отағасы ақталғасын Алматыға қоныс аударған.
Беркін таза жүретін, паң кісі еді. Жүн шекпен киген талай қазақты көрдік, соның ішінде ақ түйенің жүнінен иіртіп, костюм тоқытып киген Беркінді ғана көрдім. Біз оған еліктейтінбіз.
Беркінғали Атшыбаевтың ұсталып кетуінің негізгі үш себебі бар: бірінші, отарлаудың жаңа тәртібін енгізген кеңестік жүйе ешқандай ұлттық мемлекеттің дербестігіне төзбес еді, сондықтан Алашорда қызметінде болғандар түгелдей ­саяси қуғын-сүргінге ұшыруға тиісті болды; екінші, уақыт өте келе кеңестен кешірім алып, Ішкі істер органдарына, кеңселерге лауазымды қызметке орналасып алған ақ казактардың Азамат соғысы кезіндегі жеңілістерінің есесін қайтаруы (Лениннің тікелей тапсырмасы бойынша ақ казакпен тізе қосқандардың көзі құртылуға жататыны тағы бар); үшінші себеп – Беркінғалидың геолог ретіндегі табысты жұмысы мен беделі талайдың ішін жандырды («Біреу өлмей, біреуге күн жоқ»). Бірқатар деректерде ол «үстінен қылмысты іс қозғалғандардың тізімінде жоқ» деп көрсетілген. Этаппен айдалып бара жатып, оның белгіленген нүктеге жетпей өлтірілуі (жоқ болып кетуі) осының дәлелі бола алатын сияқты. Өз басым азаматтың түбіне күншілдіктің қызыл иті жетті дегенге ден қоямын.

Жанат НҰРМАХАНОВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
тарих ғылымдарының кандидаты

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға