Жаңалықтар

Қайсар қазақ (Ахмет Оспанұлы туралы сөз)

Адам өмірі Алла бұйыртқан қилы-қилы соқпақтар мен жолдардан тарамдалып, өріліп жатады. Сол соқпақтар мен жолдар Сізді неше алуан адамдармен кездестіріп, олардың қайсыбірімен қоян-қолтық араласа бастау нәтижесінде, пікірлер түйісіп, ойлар ортақтасып, жолдастық қарым-қатынас орныға бас­тайды екен. Осылай танысып, өзара табысып кеткен жандар қаншама. Ахмет, міне осылайша тағдыр жолы табыстырған жандардың бірі – жолдастардың ортасында орны да жөні де бөлек болмыс.Аққұба, шымыр денелі, орта бойлы, қағілез жігіт еді. Нақ сөйлейтін, тура айтатын. Екеуміз екі институтта: Ол әдебиет және өнер институтында, мен Тіл білімі институтында қатар жұмыс істедік. Ол «ә» дегеннен әкімшілік жұмыс атқарды. М.Әуезов институтының көп жыл ғылыми хатшысы қызметін атқарды. Оның бойындағы уәдешілдік, қандай істе де жауапкершілікті сезінуі бала кезден қалыптасқан мінез болса керек. Басшылар оның осы тұрақты мінезіне қызығатын. Бұдан кейін Қазақ энциклопедиясы редакциясында бас редактордың орынбасары болып қызмет атқаруы да оның, осы ұқыптылығы мен біліктілігіне байланысты болса керек. Осы кезде бір топ жігіттер жиі-жиі араласа бастадық. Олар – Ахмет, Сейілбек, Сейіт, Әділхан, Илья, Өтеген, мен және т.б. Оқу орындарын біріміз ілгері, біріміз кейін тәмамдап түрлі қызметке кірісе бастаған кез. Жас отбасының қызығы таусыла ма, тәйірі. Қадам басқан әрбір сәтті атап өтіп, сәл нәрсені ортақ қуанышқа айналдырып жіберуші едік. Дүниеге өміріміздің жалғасы сәбилер келе бастағанда, қуанышымыз үстемелене түсті. Әрқайсымыздың отбасымызды базарға айналдырып жіберген бұл сәттерге тең келер не бар екен деп, сол әсермен жүргенде ұлдарымыз ержетіп, қыздарымыз бойжетіп қалғанын сезбей де қалыппыз. Бұл екі ортадағы балабақша, мектеп кезеңіндегі балалар әкелген қуаныштарды қалай айтып тауысарсың! Өткен кезеңдердің әрбір сәті, әрбір тынысы, әрбір қимыл-әрекет, жеткен жетістік тағдырдың бізге берген сыйы екенін есейіп, егделене бастағанда ғана біле бастадық емес пе? Балалардың қуаныштары арқылы, біздің де яғни ересектердің де достық, қарым-қатынасымыз күшейе, беки түсті. Әр үйдегі жаңалықты ортақ қуаныш есебінде қабылдап, соған сүйсіне білу, біздің бәріміздің ішкі жан дүниемізге өзгеше бір сапа нұрын құйғандай әсерленуші едік. Міне, осындай сезім, түйсіктер мен сенім, танымның қалың ортасында жүретін Ахмет пен Ренаттың орны бөлек болатын. Біз бұларға сенетінбіз, сенім артатынбыз. Сондықтан да өмірдің қилы-қилы бұралаң жолдарында ерте есейген Ахметтен ақыл сұрайтынбыз. Қаланың тәлпіш қызына ұқсамайтын Ренаттың бойындағы қазақы мінезді көріп, оның ізеті, құрметіне тәнті болатынбыз. Өзімізше аялайтынбыз!.. Менің Біржаным ержетіп қызға қырындайтын кезеңге келіп қалғанын қалай аңғармай қалғанбыз деп таңғалыстық Үміт екеуміз. Бір күні кенет «келінді боласыңдар, қамданыңдар!» демесі бар ма баламыздың, ал керек болса. Үміт байғұс алып-ұшып «ойбай-ау енді не істейміз, түк дайындығымыз жоқ. Қалай құда түсеміз, тойды қалай жасаймыз» деп өзін қоярға жер таппай, сасқалақтады да қалды. «Бәйбіше, сабыр!» дегендей болып мықтылық танытайын дегенмен, менде де дегбір қалмай барады. Жөн сұраса бастасақ, болашақ келін өзіміздің жолдасымыз Сейілбектің қызы екен. Біздің бала мен оның қызы Нұржауар екеуі бірін-бірі бір көргеннен, біріне-бірі ынтық болған. Бұл заманның жастары бізден гөрі қандай іске кіріссе де жеделдеу қимылдайды ғой. Бала үйленемін де, үйленемге басты. Бір жағынан қуаныш, екінші жағынан тауқымет: Тәуекел қайығына міндік. Дос іні Сейіт пен Тамараны ортаға алып «Жағдай осылай, енді не істейміз, істі неден бастаймыз» деген әңгімеге кірістік. Сейіт келелі кеңеске жас та болса шебер. Жасынан ауыз әдебиетін оқып, қазақтың салт-санасы, дәстүр-дағдысына жетік болған соң ба әйтеуір, оның ақыл-кеңесі көбіне көкейге қона кететін. Кеңесе келе, ең алдымен Ахметке барайық дегенге тоқтадық… Бардық. Ахаң мен Ренат жайраңдап қарсы алды. Жалпы үнемі байқайтынымыз – Ренаттың қабағының ашықтығы болатын. Бұл жолы да солай. Атам қазақтың «Тамағыңды бермесең бермей-ақ қой, қабағыңды берсең болды» деген дарқан мінезіне басып, әңгімемізді бастадық. Сейіт бастаған бұл ойымызды екеуі де қуанышпен қолдады. Қысқасы қай күні Сейілбектікіне баратынымызды кеңесіп, көңілді қайттық. Келе-келе көңіл көкжиегіне көз салсам, Ахмет пен Ренат үнемі бір игі істің басы-қасында, жақсылықтың жанында жүретін жаны жайсаң жандардай ойға қанат бітіретін достар екен ғой. Сейілбектікіне құда түсуге бардық. Қазақ­тың маңдайына біткен қайраткер азаматтар – Өзбекәлі Жәнібек, Мұхтар Әлиев бастап жүрді. Бұлардың бұл жолғы міндеті өздерінің атақ-абыройын әйгілеу емес, бізге ағайындығы болған соң, қазағымыздың дәстүріне сай жастарға жол болсын айтар игі шаруаның басы-қасында болып, куәлік ету болатын. Ахаңның бізге бұрын байқалмаған тағы бір оқыс мінезі осы жолы байқалды. Төр басында тізіліп отырған біздер тарапынан Өзекең сөз бастап «Біздің Біржан қыранымыз, осы үйде түлеп ұшқалы тұрған бір тоты құсқа назары түскен екен. Сол екеуінің жарастығын ойлап, қазақ салтымен құда түскелі келдік» деп бөлме ішінің ыстықтығы ма, әлде жауапты әңгіменің салмағынан ыссылағандай болды ма үстіндегі костюмін шеше бастағаны сол еді, Бізді қарсы алып отырған жақтың сөз ұстары Ахаң: «Құрметті Өзеке, шешінуге әлі ертерек. Алдымен әңгімемізді пісіріп алайық. Үй иесі әлі аузын ашқан жоқ қой!» дегені. Өзекең кәдімгідей ыңғайсызданып «Сол үшін келдік қой!» деп мақұлдай бас изеді. Алғашқы қуанышымыздан ештеңе аянбадық. Құдандалықтың талап-тілегін барынша түгел орындадық. Соған мәзбіз. Алматының еңселі бір тұсы Алатау қонақүйінің әдемі залында той өткізіп, беташар жасап, жар-жар тыңдап мәз болдық. Ортамызда Ахмет пен Ренат. Бұл да бір есте қалған ерен күндер еді!.. Келін түсіру және жарқын өмірдің бізге бұйыртқан басқа да қуаныштарына балқып, бейқамдау жүрген тұсымыз еді. Бір күні телефон тым ертелеу шырылдай жөнелгені. Атып тұрып тыңдасам ентіккен Ахмет дауысы аржақтан: «Ай, Өмеке бір жаңалық болғалы тұр, тез үйге жетіңдер, қалғанын келгесін естисіңдер» деді де телефонды қоя салды. Ал керек болса, Ахаң тірлігі осылай, «ничего не знаю» сарт-сұрт. Үйреншікті әдет. Үміт екеуміз таңғы шайға да қарамай, апыл-ғұпыл киініп, «Не боп қалды екен» деген күдікпен Ахаңдардікіне жетіп келдік. Әне-міне дегенше Сейілбек, Әділхан, Сейіттер де жетті. Шай үстінде «Ия, Аха, жайшылық па, әйтеуір!» дейміз үрейленіп. Ренат шай қамын жасап, елпелектеп жүр. Әйтеуір жүздері жарқын. Соған қарап «жақсылық хабар шығар» дегендей ой түйдік. Ахаң «достар, құлқын сәріден сендерді жинап отырған себебім мынадай еді. Асқарымыз үйленбекші. Қыз өзімен бірге оқиды. Екеуі Ленинградтан әлгінде ғана келді. Қыз үйіне кеткен. Бұл мұнда келіп мәселені төтесінен қойып отыр. Қыздың әке-шешесі Дегересте. 100 шақырым жер. Бұлар, балалар өте асығыс. Бүгін қайтып кетпек. Өйткені ертең емтихан басталады екен. Құда түсуге Дегереске аттануымыз керек. Соған сендерден басқа кімім бар менің. Жаңалығымыз осы» деп қарап тұр. Сөйтіп, көлігіміз бар төртеуміз: «Мен, Сейілбек, Әділхан, Амантай және Сейіттер бәріміз, Дегерес қайдасың деп тартып отырдық. Олар хабардар екен, күтіп алды. Обалына не керек жадырай қарсы алғандарына риза болып, төрге жағалай жайғасқанбыз. Енді шай келіп әңгімеге кірісеміз дегенде, бір әйел кіріп келіп «шопыр балалар машиналарыңызды реттеп қойып келсеңіздер» деген соң амалсыз болашақ төрт құда орнымыздан тұрып, есікке қарай беттедік. Жаяу сал Сейіт қана үйде қалды. Содан ғой Сейіттің «төрт шопыр, бір адамбыз» дейтіні. Кейін көпке дейін осыны еске алып айтып мәз болып жүрдік. Құдамыз Жетісудың беделді, белгілі жігіттерінің бірі Нүкетаев Жүсіпәлі деген жігіт екен. Оның әкесі қатқылдау боп көрінгенімен, өзі жайдары мінез танытты. Ұзынағашта тұратын Ахаңның ұстазы Көшкінбай Әнесовті жол-жөнекей көлікке отырғызып алғанбыз. Сөз бастаушы сол. Қисынын келтіріп келген мақсатымызды айтып түсіндірді. Көшекең бұларды бұрыннан біледі екен. Сөз жүйесін тапты. Жақсы ниетпен айтылған сөздің құнын білетін жандар екені байқалды. Жайланып сала бердік. Сөйтіп, құда түсу рәсімін орындап, Алматыға абыроймен қайттық. Ренат пен Ахметтің ажары бұрынғысынан да құлпырып, реңдене түскен. Шіркін, ержетіп теңін тапқан ұл мен қыз әкелген қуаныштың жөні бөлек қой. Ахаңдардың ағынан жарылып жүргені содан да. Жанар келініміз тәрбие көрген аяулы бала болып шықты. Әдемі той өтті. Екі жастың жұбы жарасты. Бірін-бірі сүйіп қосылып, олардың жарасқан тірлігінен қуат алған Ахаң мен Ренат қуанышы бөлек еді. Ахаңның достары мен үлкен-кіші балаларға ақ тілегін айтып батасын берген еді. Содан да және балалардың еңбектене білуінің де арқасы болар Асқар ел атынан сөйлейтін абырой биігіне көтерілді. Жанар отбасын ұйытып, дүниеге ұрпақ әкелу игілігіне ие болды. Екеуі өзге құрбыларына үлгі боларлық тату-тәтті өмірдің балын іше бастады. Ахаңның өздерінің де, достарының да жарық дүниедегі абыройлы жетістігінің бірі осы болатын. Бұл Ахаңдардың мына жарық дүниедегі адам пенде ретіндегі болмыс бітіміне тәнті болған, куә болған біздің азын-аулақ әсеріміз еді. Ал Ахмет Оспанұлын мына өмірде ғалым, ұстаз азамат ретінде қалыптастырған іс-әрекетінің жөні бір басқа. Ол әуелден оқып, білім алуға ұмтылған әйгілі Омбы уәлаятының түлегі. Алғашқы сауатын Ахмет ауылында бастауыш қазақ мектебінде ашады. Сосын орта мектепті 1949 жылы Омбы қаласында орысша бітіреді де, сол жылы Омбы қазақ-орыс педучилищесіне түсіп, оны 1953 жылы тәмамдайды. 1953-1957 жылдары Ахаң Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультеті қазақ мектептеріне маман даярлайтын орыс бөлімін үздік бітіреді. Содан бергі жердегі Ахаң өмірінің бәрі Алматымен тікелей байланысты. Институт бітірген алғашқы бірер жылда сыртта жүргенмен, 1961 жылдан былай қарайғы шығармашылық қызметті М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер иституты (он жыл) мен Қазақ энциклопедиясы бас редакторының бірінші орынбасары (9 жыл) атқарған адал еңбегімен айқындалады. Ол қандай қызмет атқарса да адалдық танытып, жауапкершілікті қатты ұстанғаны байқалады. Бұл жылдар оны зерттеуші ғалым ретінде танытты, қалыптастырды. Әсіресе, ол әдебиеттер арасындағы байланыстарға тереңірек көңіл бөлді. «Казахские литературные связи», «Казахско-кыргызские литературные связи», «Казахская литература в оценке зарубежной критики» тәрізді елеулі еңбектері мен әлденеше мақалалары оны осы саланың айтулы маманына айналдырды. Ол еңбектерін қазақ, орыс тілдерінде бірдей жазады. Бұл оның көбімізден артықшылығы. Оның тағы бір қыры ұстаздық өнер арқылы шыңдалды. Ол 1990-2002 жылдар аралығында Тұрар Рысқұлов атындағы экономикалық университетінде қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Міне, осы жылдары ол ұстаздық жұмыстың қыр-сырын ұғуға тырысты. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметін дәлелдей түсетін еңбектер түзе бастады. Көптеген оқулық, оқу құралдары, әдістемелік нұсқаулар жариялайды. Олар: «Қазақ тілі» («Қайнар», 1995, 12 б./ «Мен қазақша сөйлеймін»/«Атамұра», 1996, 15 б.), «Қазақ тілінің практикалық курсы» («Экономика», 1996, 21 б.), «Қазақ тілі» жалғастырушы топтарға арналған («Экономика», 2003, 21 б.), «Краткий русско-казахский словарь экономических терминов» (АХШИ, 1992), «Орысша-қазақша қазіргі экономикалық терминдердің түсіндірме сөздігі» («Экономика» 1999; 2000; 2001; 2002). Бұл еңбектер Қазақстандағы экономикалық оқу орындары студенттерінің күнделікті қажетін өтеп отырған дүниелер. Ахаң университеттегі «Қазақ тілі» қоғамына қатысты шаруалардың басы-қасында болды. Мемлекеттік тілдің жоғын жоқтады. Тіл қоғамын басқарды. Біз білетін, бағалайтын Ахмет Оспанұлының еңбектері мен болмыс-бітімі, міне осындай. Осымен Ахаң туралы сөзді бітірсе де болғандай еді. Әйтсе де, сонау 1983 жылы хатқа түскен Ахаң жайындағы мына бір жолдарды еске ала кетпесем, көңіл қоңылтақсып қалатындай көрінді. Ендеше соған назар аударалық, ағайын!.. Ол 50-ге келгенде жазылған дүние болатын. Елу деген түк емес екен адамға, Орнын тапқан бақытты мынау заманда. Қилы жолмен қиналмай алға жетелеп, Келіп қапты бұл құрғырың саған да. Кім келмеген амандық болса елуге, Бұл бір белес өмір-жорық шеруде. Жастықтың алау жайлауынан алыстап, Қарттықтың, бәлкім, қыстауына ену ме?! Бұл сауалдың жауабын іздеу ертерек, Шыққанда жаңа сын төбеге ентелеп. Алдағы талай асулардан да асқайсың, Қалмасын кенет өмір-думан келтелеп. Парасат пен ақыл атты аймаққа, Бет түзепсің бұғып үйде жай жатпа. Ұстағанын жібермейтін бес қолың, Бұрынғыша болсын толы қайратқа. Әділ, тура, мығым, шеге, адалдық Дейтін сөздер жарасады саған нық. Осы емес пе ұстайтұғын қасиет, Адамдарды қысқа өмірде адам ғып. Тас төбеге шығып алып, бауырым, Сағалама қыңыр қарттық ауылын. Жарқылдай бер тот баспайтын алмастай, Еңсе түсіп, бүктелмесін жауырын. Мен де айтамын елу ердің жасы деп, Келе күтер кемелдіктің басы деп. Тұлпарына есендіктің мініп ап, Тағы елуді тап осылай басып өт! Ахаңның 100-ге жетер толық мүмкіндігі бар еді. Алайда тағдыр ісіне шара бар ма. Пенденің армандаудан басқа не келеді қолынан. Бір шүкіршілігі ол кейінгіге ұрпақ сүйінер еңбек қал­дырды. Оның өмірін үлгі-өнеге тұтар ұлдары мен Әсел атты қызы, немерелері аман. Шаңырағының шырағын тұтатып асыл жары отыр. Асыл ердің арты да жақсы деген осы емес пе?! Өмірзақ Айтбайұлы
11.11.2013 05:19 3441

Адам өмірі Алла бұйыртқан қилы-қилы соқпақтар мен жолдардан тарамдалып, өріліп жатады. Сол соқпақтар мен жолдар Сізді неше алуан адамдармен кездестіріп, олардың қайсыбірімен қоян-қолтық араласа бастау нәтижесінде, пікірлер түйісіп, ойлар ортақтасып, жолдастық қарым-қатынас орныға бас­тайды екен. Осылай танысып, өзара табысып кеткен жандар қаншама. Ахмет, міне осылайша тағдыр жолы табыстырған жандардың бірі – жолдастардың ортасында орны да жөні де бөлек болмыс.Аққұба, шымыр денелі, орта бойлы, қағілез жігіт еді. Нақ сөйлейтін, тура айтатын. Екеуміз екі институтта: Ол әдебиет және өнер институтында, мен Тіл білімі институтында қатар жұмыс істедік. Ол «ә» дегеннен әкімшілік жұмыс атқарды. М.Әуезов институтының көп жыл ғылыми хатшысы қызметін атқарды. Оның бойындағы уәдешілдік, қандай істе де жауапкершілікті сезінуі бала кезден қалыптасқан мінез болса керек. Басшылар оның осы тұрақты мінезіне қызығатын. Бұдан кейін Қазақ энциклопедиясы редакциясында бас редактордың орынбасары болып қызмет атқаруы да оның, осы ұқыптылығы мен біліктілігіне байланысты болса керек.

Осы кезде бір топ жігіттер жиі-жиі араласа бастадық. Олар – Ахмет, Сейілбек, Сейіт, Әділхан, Илья, Өтеген, мен және т.б. Оқу орындарын біріміз ілгері, біріміз кейін тәмамдап түрлі қызметке кірісе бастаған кез. Жас отбасының қызығы таусыла ма, тәйірі. Қадам басқан әрбір сәтті атап өтіп, сәл нәрсені ортақ қуанышқа айналдырып жіберуші едік. Дүниеге өміріміздің жалғасы сәбилер келе бастағанда, қуанышымыз үстемелене түсті. Әрқайсымыздың отбасымызды базарға айналдырып жіберген бұл сәттерге тең келер не бар екен деп, сол әсермен жүргенде ұлдарымыз ержетіп, қыздарымыз бойжетіп қалғанын сезбей де қалыппыз. Бұл екі ортадағы балабақша, мектеп кезеңіндегі балалар әкелген қуаныштарды қалай айтып тауысарсың! Өткен кезеңдердің әрбір сәті, әрбір тынысы, әрбір қимыл-әрекет, жеткен жетістік тағдырдың бізге берген сыйы екенін есейіп, егделене бастағанда ғана біле бастадық емес пе?
Балалардың қуаныштары арқылы, біздің де яғни ересектердің де достық, қарым-қатынасымыз күшейе, беки түсті. Әр үйдегі жаңалықты ортақ қуаныш есебінде қабылдап, соған сүйсіне білу, біздің бәріміздің ішкі жан дүниемізге өзгеше бір сапа нұрын құйғандай әсерленуші едік. Міне, осындай сезім, түйсіктер мен сенім, танымның қалың ортасында жүретін Ахмет пен Ренаттың орны бөлек болатын. Біз бұларға сенетінбіз, сенім артатынбыз. Сондықтан да өмірдің қилы-қилы бұралаң жолдарында ерте есейген Ахметтен ақыл сұрайтынбыз. Қаланың тәлпіш қызына ұқсамайтын Ренаттың бойындағы қазақы мінезді көріп, оның ізеті, құрметіне тәнті болатынбыз. Өзімізше аялайтынбыз!..
Менің Біржаным ержетіп қызға қырындайтын кезеңге келіп қалғанын қалай аңғармай қалғанбыз деп таңғалыстық Үміт екеуміз. Бір күні кенет «келінді боласыңдар, қамданыңдар!» демесі бар ма баламыздың, ал керек болса. Үміт байғұс алып-ұшып «ойбай-ау енді не істейміз, түк дайындығымыз жоқ. Қалай құда түсеміз, тойды қалай жасаймыз» деп өзін қоярға жер таппай, сасқалақтады да қалды. «Бәйбіше, сабыр!» дегендей болып мықтылық танытайын дегенмен, менде де дегбір қалмай барады. Жөн сұраса бастасақ, болашақ келін өзіміздің жолдасымыз Сейілбектің қызы екен. Біздің бала мен оның қызы Нұржауар екеуі бірін-бірі бір көргеннен, біріне-бірі ынтық болған. Бұл заманның жастары бізден гөрі қандай іске кіріссе де жеделдеу қимылдайды ғой. Бала үйленемін де, үйленемге басты. Бір жағынан қуаныш, екінші жағынан тауқымет: Тәуекел қайығына міндік. Дос іні Сейіт пен Тамараны ортаға алып «Жағдай осылай, енді не істейміз, істі неден бастаймыз» деген әңгімеге кірістік. Сейіт келелі кеңеске жас та болса шебер. Жасынан ауыз әдебиетін оқып, қазақтың салт-санасы, дәстүр-дағдысына жетік болған соң ба әйтеуір, оның ақыл-кеңесі көбіне көкейге қона кететін. Кеңесе келе, ең алдымен Ахметке барайық дегенге тоқтадық… Бардық. Ахаң мен Ренат жайраңдап қарсы алды. Жалпы үнемі байқайтынымыз – Ренаттың қабағының ашықтығы болатын. Бұл жолы да солай. Атам қазақтың «Тамағыңды бермесең бермей-ақ қой, қабағыңды берсең болды» деген дарқан мінезіне басып, әңгімемізді бастадық. Сейіт бастаған бұл ойымызды екеуі де қуанышпен қолдады. Қысқасы қай күні Сейілбектікіне баратынымызды кеңесіп, көңілді қайттық. Келе-келе көңіл көкжиегіне көз салсам, Ахмет пен Ренат үнемі бір игі істің басы-қасында, жақсылықтың жанында жүретін жаны жайсаң жандардай ойға қанат бітіретін достар екен ғой.
Сейілбектікіне құда түсуге бардық. Қазақ­тың маңдайына біткен қайраткер азаматтар – Өзбекәлі Жәнібек, Мұхтар Әлиев бастап жүрді. Бұлардың бұл жолғы міндеті өздерінің атақ-абыройын әйгілеу емес, бізге ағайындығы болған соң, қазағымыздың дәстүріне сай жастарға жол болсын айтар игі шаруаның басы-қасында болып, куәлік ету болатын.
Ахаңның бізге бұрын байқалмаған тағы бір оқыс мінезі осы жолы байқалды. Төр басында тізіліп отырған біздер тарапынан Өзекең сөз бастап «Біздің Біржан қыранымыз, осы үйде түлеп ұшқалы тұрған бір тоты құсқа назары түскен екен. Сол екеуінің жарастығын ойлап, қазақ салтымен құда түскелі келдік» деп бөлме ішінің ыстықтығы ма, әлде жауапты әңгіменің салмағынан ыссылағандай болды ма үстіндегі костюмін шеше бастағаны сол еді, Бізді қарсы алып отырған жақтың сөз ұстары Ахаң: «Құрметті Өзеке, шешінуге әлі ертерек. Алдымен әңгімемізді пісіріп алайық. Үй иесі әлі аузын ашқан жоқ қой!» дегені. Өзекең кәдімгідей ыңғайсызданып «Сол үшін келдік қой!» деп мақұлдай бас изеді.
Алғашқы қуанышымыздан ештеңе аянбадық. Құдандалықтың талап-тілегін барынша түгел орындадық. Соған мәзбіз. Алматының еңселі бір тұсы Алатау қонақүйінің әдемі залында той өткізіп, беташар жасап, жар-жар тыңдап мәз болдық. Ортамызда Ахмет пен Ренат. Бұл да бір есте қалған ерен күндер еді!..
Келін түсіру және жарқын өмірдің бізге бұйыртқан басқа да қуаныштарына балқып, бейқамдау жүрген тұсымыз еді. Бір күні телефон тым ертелеу шырылдай жөнелгені. Атып тұрып тыңдасам ентіккен Ахмет дауысы аржақтан: «Ай, Өмеке бір жаңалық болғалы тұр, тез үйге жетіңдер, қалғанын келгесін естисіңдер» деді де телефонды қоя салды. Ал керек болса, Ахаң тірлігі осылай, «ничего не знаю» сарт-сұрт. Үйреншікті әдет. Үміт екеуміз таңғы шайға да қарамай, апыл-ғұпыл киініп, «Не боп қалды екен» деген күдікпен Ахаңдардікіне жетіп келдік. Әне-міне дегенше Сейілбек, Әділхан, Сейіттер де жетті. Шай үстінде «Ия, Аха, жайшылық па, әйтеуір!» дейміз үрейленіп. Ренат шай қамын жасап, елпелектеп жүр. Әйтеуір жүздері жарқын. Соған қарап «жақсылық хабар шығар» дегендей ой түйдік. Ахаң «достар, құлқын сәріден сендерді жинап отырған себебім мынадай еді. Асқарымыз үйленбекші. Қыз өзімен бірге оқиды. Екеуі Ленинградтан әлгінде ғана келді. Қыз үйіне кеткен. Бұл мұнда келіп мәселені төтесінен қойып отыр. Қыздың әке-шешесі Дегересте. 100 шақырым жер. Бұлар, балалар өте асығыс. Бүгін қайтып кетпек. Өйткені ертең емтихан басталады екен. Құда түсуге Дегереске аттануымыз керек. Соған сендерден басқа кімім бар менің. Жаңалығымыз осы» деп қарап тұр. Сөйтіп, көлігіміз бар төртеуміз: «Мен, Сейілбек, Әділхан, Амантай және Сейіттер бәріміз, Дегерес қайдасың деп тартып отырдық. Олар хабардар екен, күтіп алды. Обалына не керек жадырай қарсы алғандарына риза болып, төрге жағалай жайғасқанбыз. Енді шай келіп әңгімеге кірісеміз дегенде, бір әйел кіріп келіп «шопыр балалар машиналарыңызды реттеп қойып келсеңіздер» деген соң амалсыз болашақ төрт құда орнымыздан тұрып, есікке қарай беттедік. Жаяу сал Сейіт қана үйде қалды. Содан ғой Сейіттің «төрт шопыр, бір адамбыз» дейтіні. Кейін көпке дейін осыны еске алып айтып мәз болып жүрдік.
Құдамыз Жетісудың беделді, белгілі жігіттерінің бірі Нүкетаев Жүсіпәлі деген жігіт екен. Оның әкесі қатқылдау боп көрінгенімен, өзі жайдары мінез танытты. Ұзынағашта тұратын Ахаңның ұстазы Көшкінбай Әнесовті жол-жөнекей көлікке отырғызып алғанбыз. Сөз бастаушы сол. Қисынын келтіріп келген мақсатымызды айтып түсіндірді. Көшекең бұларды бұрыннан біледі екен. Сөз жүйесін тапты. Жақсы ниетпен айтылған сөздің құнын білетін жандар екені байқалды. Жайланып сала бердік. Сөйтіп, құда түсу рәсімін орындап, Алматыға абыроймен қайттық. Ренат пен Ахметтің ажары бұрынғысынан да құлпырып, реңдене түскен. Шіркін, ержетіп теңін тапқан ұл мен қыз әкелген қуаныштың жөні бөлек қой. Ахаңдардың ағынан жарылып жүргені содан да.
Жанар келініміз тәрбие көрген аяулы бала болып шықты. Әдемі той өтті. Екі жастың жұбы жарасты. Бірін-бірі сүйіп қосылып, олардың жарасқан тірлігінен қуат алған Ахаң мен Ренат қуанышы бөлек еді. Ахаңның достары мен үлкен-кіші балаларға ақ тілегін айтып батасын берген еді. Содан да және балалардың еңбектене білуінің де арқасы болар Асқар ел атынан сөйлейтін абырой биігіне көтерілді. Жанар отбасын ұйытып, дүниеге ұрпақ әкелу игілігіне ие болды. Екеуі өзге құрбыларына үлгі боларлық тату-тәтті өмірдің балын іше бастады. Ахаңның өздерінің де, достарының да жарық дүниедегі абыройлы жетістігінің бірі осы болатын. Бұл Ахаңдардың мына жарық дүниедегі адам пенде ретіндегі болмыс бітіміне тәнті болған, куә болған біздің азын-аулақ әсеріміз еді.
Ал Ахмет Оспанұлын мына өмірде ғалым, ұстаз азамат ретінде қалыптастырған іс-әрекетінің жөні бір басқа. Ол әуелден оқып, білім алуға ұмтылған әйгілі Омбы уәлаятының түлегі. Алғашқы сауатын Ахмет ауылында бастауыш қазақ мектебінде ашады. Сосын орта мектепті 1949 жылы Омбы қаласында орысша бітіреді де, сол жылы Омбы қазақ-орыс педучилищесіне түсіп, оны 1953 жылы тәмамдайды. 1953-1957 жылдары Ахаң Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультеті қазақ мектептеріне маман даярлайтын орыс бөлімін үздік бітіреді. Содан бергі жердегі Ахаң өмірінің бәрі Алматымен тікелей байланысты. Институт бітірген алғашқы бірер жылда сыртта жүргенмен, 1961 жылдан былай қарайғы шығармашылық қызметті М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер иституты (он жыл) мен Қазақ энциклопедиясы бас редакторының бірінші орынбасары (9 жыл) атқарған адал еңбегімен айқындалады. Ол қандай қызмет атқарса да адалдық танытып, жауапкершілікті қатты ұстанғаны байқалады. Бұл жылдар оны зерттеуші ғалым ретінде танытты, қалыптастырды. Әсіресе, ол әдебиеттер арасындағы байланыстарға тереңірек көңіл бөлді. «Казахские литературные связи», «Казахско-кыргызские литературные связи», «Казахская литература в оценке зарубежной критики» тәрізді елеулі еңбектері мен әлденеше мақалалары оны осы саланың айтулы маманына айналдырды. Ол еңбектерін қазақ, орыс тілдерінде бірдей жазады. Бұл оның көбімізден артықшылығы.
Оның тағы бір қыры ұстаздық өнер арқылы шыңдалды. Ол 1990-2002 жылдар аралығында Тұрар Рысқұлов атындағы экономикалық университетінде қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Міне, осы жылдары ол ұстаздық жұмыстың қыр-сырын ұғуға тырысты. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметін дәлелдей түсетін еңбектер түзе бастады. Көптеген оқулық, оқу құралдары, әдістемелік нұсқаулар жариялайды. Олар: «Қазақ тілі» («Қайнар», 1995, 12 б./ «Мен қазақша сөйлеймін»/«Атамұра», 1996, 15 б.), «Қазақ тілінің практикалық курсы» («Экономика», 1996, 21 б.), «Қазақ тілі» жалғастырушы топтарға арналған («Экономика», 2003, 21 б.), «Краткий русско-казахский словарь экономических терминов» (АХШИ, 1992), «Орысша-қазақша қазіргі экономикалық терминдердің түсіндірме сөздігі» («Экономика» 1999; 2000; 2001; 2002). Бұл еңбектер Қазақстандағы экономикалық оқу орындары студенттерінің күнделікті қажетін өтеп отырған дүниелер.
Ахаң университеттегі «Қазақ тілі» қоғамына қатысты шаруалардың басы-қасында болды. Мемлекеттік тілдің жоғын жоқтады. Тіл қоғамын басқарды.
Біз білетін, бағалайтын Ахмет Оспанұлының еңбектері мен болмыс-бітімі, міне осындай. Осымен Ахаң туралы сөзді бітірсе де болғандай еді. Әйтсе де, сонау 1983 жылы хатқа түскен Ахаң жайындағы мына бір жолдарды еске ала кетпесем, көңіл қоңылтақсып қалатындай көрінді. Ендеше соған назар аударалық, ағайын!.. Ол 50-ге келгенде жазылған дүние болатын.
Елу деген түк емес екен адамға,
Орнын тапқан бақытты мынау заманда.
Қилы жолмен қиналмай алға жетелеп,
Келіп қапты бұл құрғырың саған да.

Кім келмеген амандық болса елуге,
Бұл бір белес өмір-жорық шеруде.
Жастықтың алау жайлауынан алыстап,
Қарттықтың, бәлкім, қыстауына ену ме?!

Бұл сауалдың жауабын іздеу ертерек,
Шыққанда жаңа сын төбеге ентелеп.
Алдағы талай асулардан да асқайсың,
Қалмасын кенет өмір-думан келтелеп.

Парасат пен ақыл атты аймаққа,
Бет түзепсің бұғып үйде жай жатпа.
Ұстағанын жібермейтін бес қолың,
Бұрынғыша болсын толы қайратқа.

Әділ, тура, мығым, шеге, адалдық
Дейтін сөздер жарасады саған нық.
Осы емес пе ұстайтұғын қасиет,
Адамдарды қысқа өмірде адам ғып.

Тас төбеге шығып алып, бауырым,
Сағалама қыңыр қарттық ауылын.
Жарқылдай бер тот баспайтын алмастай,
Еңсе түсіп, бүктелмесін жауырын.

Мен де айтамын елу ердің жасы деп,
Келе күтер кемелдіктің басы деп.
Тұлпарына есендіктің мініп ап,
Тағы елуді тап осылай басып өт!
Ахаңның 100-ге жетер толық мүмкіндігі бар еді. Алайда тағдыр ісіне шара бар ма. Пенденің армандаудан басқа не келеді қолынан. Бір шүкіршілігі ол кейінгіге ұрпақ сүйінер еңбек қал­дырды. Оның өмірін үлгі-өнеге тұтар ұлдары мен Әсел атты қызы, немерелері аман. Шаңырағының шырағын тұтатып асыл жары отыр. Асыл ердің арты да жақсы деген осы емес пе?!

Өмірзақ Айтбайұлы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға