Жаңалықтар

Бізді не толғандырады?

Анасының алып берген қаламсабымен сурет сызып отырған Елназар түсініксіз салынған шимай-шатпағын біресе анасына, енді бірде апасына барып, көрсетіп әлек.
03.03.2014 04:30 7745

Анасының алып берген қаламсабымен сурет сызып отырған Елназар түсініксіз салынған шимай-шатпағын біресе анасына, енді бірде апасына барып, көрсетіп әлек. Бала тілі бал емес пе: «Қарашы, апа, мәшиненің суретін салдым», – деп маңғаздана танауын көтеріп қояды. Онысы көліктен гөрі геометриялық төртбұрышқа көбірек ұқсайтынын аңғармайды бала көңіл. Сөйтіп жүріп, үйдегілердің әбден мазасын алды. Біресе қара, біресе сурет салып бер деп қояр емес. Бір кезде: «Тә-те-е-у, анама барсам, ойымды бұздың деп бөлмеден шығарып жіберді. Апама келіп едім, «ойланып отырмын, әкеңе баршы» деді. Осы бәрі не ойлайды? Сен де ойланасың ба?», – деп сұрады. «Иә, ойланамын». «Сонда не ойлайсың?». Расында мен не ойлаймын? «Еле-е-е-ш» деген әкесінің даусын естіп, жатын бөлмеге жүгіріп кетті. Кәдімгідей ойланып қалдым. Дастархан жиып, ұйқыға жатқаныммен көз ілінер емес. Төрт жасар баланың сұрағына таңғы сағат төртке дейін жауап іздедім. Онда да ойды ой жалғап, соңына жете алмай, ақыры ұйқы қысып, көзім ілініп кетіпті. Сонда не ойлады дейсіз ғой...

Ең бірінші кезекте, қарапайым адам мен үлкен мінбеде отырған жандардың ойын салыстырмаққа бекінгенмін. Алайда арасы жер мен көктей. Үлкен ой айту зиялылардың еншісінде десек, ол қарапайым халықтың арман-тілегінен құралуы керек емес пе? Бұл туралы Ел Президенті Н.Назарбаев та тілге тиек еткенін ескерсек, мәселенің мән-жайы айқындала түспек. Себебі Қазақстан Республикасының Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы жетінші тараудың бесінші тармағында «Ұлттық интеллигенцияның рөлі» туралы кеңінен тоқталған болатын. Біз Жолдауда айтылған бұл мәселенің бүге-шүгесін толық қамтымасақ та, қарапайым халықтың ойында, толғандырып жүрген күнделікті күйбең тірліктің астарына үңіле түсуді жөн көрдік. Ендеше, әлгіндегі кішкене баланың сұрағынан туған ойды қағазға түсіріп, назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл – Жолдауда айтылған пікір бастау алатын халықтың тұрмысы туралы болмақ.

            Ойымды қағазға түсірер кезде «Осы мені қандай ой толғандырадыдан» бастап, «Қазақ халқын не мазалайды?» дегенге саятын ой тізбегін бойжеткендерден бастауды жөн санадым.

Алдымен еліміздегі демографиялық ахуалға сараптама жасап, ресми мәліметтерді келтіре кетсек, 2009 жылы өткен халық санағы қорытындысы бойынша 20-29 жас аралығындағы жастардың 1 233 мыңы отау тіксе, 1 624 мыңы еш уақытта некелеспеген екен. Соңғы санақ қорытындысы бойынша қазірдің өзінде 25 пен 49 жастың аралығындағы 500 мыңға жуық ер азамат үйленбеген болса, 400 мыңнан астам қыз балалар тұрмыс құрмаған. Құрбыларыммен жиі болатын кездесулердегі басты тақырып «Күйеуге тиюдің жолдары». Айтудан ауыз талмайтын, жауыр да болмайтын тақырып. Тіпті, бұл мәселені сағаттап талдап, таразылаған күндер болған. Тұрмыс құрмаған қыздар арасында болатын ең басты әрі негізгі мәселе бұл. Осыған қарағанда, жоғарыдағы сұрақтың жауабын табу үшін қоғамды әлеуметтік тапқа және жас пен жынысқа бөлу керек тәрізді. Қош делік. 20-30 (жалпы тұрмыс құрмаған қыздар) жастағы қыз балалардың бар ойы да, арманы да белгілі болды. Ол үшін арнайы зерттеу жүргізудің де қажеті шамалы. Енді осы жастағы жігіттер қауымына ойыссақ. Бір қызығы, сұрбойдақтарды үйлену мәселесі көп ойландырмайды. Бірнеше адамға сұрау салғанымызда, (басында дұрыс қыз жоқ дегенімен) әлі ерте деген жауап алғанбыз. Футболдан бастап, саясат, тіл, әлеуметтік проблемалардың барлығы олардың назарынан тыс қалмайтынын байқауға болады. Бұл осы жастағы отбасылы азаматтарға да қатысты. Жалпы, біздің айтпағымыз, кез келген қоғамда ірілі-ұсақты мәселелер бола бермек. Ал оның шешімін табар жолдарды ұсыну, ұрпақты ұлттық тәрбиемен сусындауға шақыру ұлттық интеллигенцияның араласуымен болатын шаруа.

К.Маркстің «Сананы капитал билейді» деген сөзінің қаншалықты дәл айтылғанын күнделікті өмірден байқап жүрміз. Жалпы, әлеуметтік, материалдық мәселе кез келген адамның ойында бірінші кезекте тұратынын ескеріп, бұл жайлы сөз қозғауды артық көрдік. Ендеше, тұрмыстан бөлек халықты не мазалайды?

Қоғамды бай және кедей деп екіге бөлетін болсақ, осы топ мүшелерін мазалайтын ойдың да екіге бөлінетінін байқауға болады.

Кедей мен байдың арасындағы алшақтық қазіргі таңда көзге анық ұрады. Жақсы немесе жаман тұрудың өлшемін қанша сараласақ та, түп-негізіне жете алар емеспіз. Себебі қоғамда қанша адам болса, сонша пікірдің бар екені анық. Десек те, адамзаттың бір қалыпта тұрғанын аңсаған Абай аяқастынан байып шыға келген бүгінгі адамдарға не дер еді? Ресми деректер бойынша халықтың басым көпшілігінің әл-ауқатының өсуі тым баяу жүріп жатыр. Және ол тек 90-шы жылдармен салыстырмалы түрде ғана. Ал шамамен 5%-ды құрайтын халықтың азғантай бөлігі соңғы бірнеше жыл ішінде баюдың шырқау шегіне жеткен. Ал орта тапты құрай алатын халықтың үлес салмағы әлі аз. Әлеуметтік жіктелу күшейген сайын қоғамда тұрақтылық азая беретіні белгілі. Себебі, материалдық алшақтық уақыт өткен сайын мәдени, идеологиялық алшақтыққа алып келеді, одан екі тап арасында әлеуметтік жек көрушілік пен араздық туындайды. Қазір жалпы халықтың әл-ауқаты бір қалыпты. Дегенмен, байдың асын байқұс қызғаныптының кебін киген жандардың қарасы азаймай тұрғаны белгілі. Сол себепті де кедейлерді мазалайтын ой түсінікті болар. «Байдың малын санаймын деп кедейдің аузы ауырыптының» кебі бұл. Олай демеске шара бар ма? Бала-шағамды қалай асыраймын деп отырған қарапайым халық көшеде қымбат көлікпен шалқып жүрген, теледидардан көйлегі немесе аяқкиімінің қанша тұратынын айтып, мақтанып отырған олигархтарды көргенде қызығушылығы қызғанышқа ұласып кететіні жасырын емес. Күнделікті отбасындағы әңгіме де осы тақырыпқа жиі ұласатыны рас. Жаңалықтан жемқорлықпен құрықталған шенеунік туралы сөз бола қалса, арты айықпас дауға ұласатыны белгілі ғой.

Бұдан бөлек елдегі тұрақтылық, табиғи апаттар да қарапайым бұқараның назарынан тыс қалмайды. Әсіресе, соңғы кездері жиі айтылып, талқылана бастаған «21 желтоқсан – ақырзаман болады-мыс» деген тақырып та халықтың үрейін ұшырғаны жасырын емес. Тіпті, бәзбіреулер «жер бетінде мәңгілік қараңғылық болады екен» – деп, үйіне бума-бума майшам жинағанын естігенбіз. Небір сәуегейлер «адам баласының күні бітуге таяу, соңғы күнге дайындалыңдар» деп, халықты қоймай үрейлендіруде. Бұл аздай, ежелгі Майя күнтізбесіне сәйкес «2012 жылдың 21 желтоқсаны күні ақырзаман орнайды» деген пәлекетті шығарды болжаушылар. Расында 2012 жылдан аман өткен адамзат үшін жақын болашақта қауіп-қатердің болуы мүмкін бе? Қазір жұмыр басты пенделердің көбісі осы жағдайды көбірек ойлайтын тәрізді. Қалай дегенмен, бұл ақпараттың біраз жұртты дүр сілкіндіргенін, уақытша болса да халықтың ойына ойысқанын аңғартады. Десек те, бұдан да қорытынды шығарып, ойдың уақыт пен қоршаған орта талабына қарай өзгеріп отыратынын байқауға болады. Мәселен, табиғат апаты болады деген болжаулар айтылмаса, халық үрейленбес еді.

Ал еліміздегі бай, бақуатты саналатын адамдар не ойлайды? Оны білу әсте қиын. Себебі оны зерттеп, талдап жатқан ешкім жоқ. Дегенмен көп адамдар жамандықты өзіне жақын әрі тез қабылдап алады. Олай дейтініміз, жағымды жаңалықтарға аса мән бермейтін көрермен бұзақылық, атыс болыпты десе, бірден қағып алады. Бір адамдар кеседе жартылай су бар екенін көрсе, енді біреулері жартылай бос тұрғанына көбі­рек мән береді екен. Күнделікті өмірде де мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Мәселен, біреу көп жақсылық жасап, бір рет көңіліңді қалдырса, ол адамның бүкіл жақсылығын ұмытып, кек сақтап қала­ды. Барлығы бірдей емес, әрине, бірақ осындай жағдай қарапайым тірлікте жиі кез­деседі.

Жалпы, «Ұлттық тұрғыдан алғанда халықты қандай ой мазалайды?», – деген сауалдың жауабын табу үшін ресми мәліметтерге, әлеуметтік зерттеулер нәтижесіне үңіле түстік.

            Қазақ газеттерінің бірінде осы тақырып аясында ой бөліскен жас әлеуметтанушы Серік Бейсембаев: «Соңғы дүниежүзінде орын алып жатқан оқиғаларға және елдегі экстре­мистік ұйымдардың әрекетіне байланыс­ты халықтың арасында үрейлену кең тараған. Біз осыдан бірнеше жыл бұрын жүргізген сауалнамаға сәйкес, халықты алаңдататын бірден-бір нәрсе – бұл ақша табу және табыс көзінен ажырамау мәселесі. Сонан соң, адамдарды қоғам­дағы қыл­мыскерлік пен жемқорлықтың өсуі тол­ғандырады. Экономикалық дағдарыс, төтенше жағдайлардың орын алу мүм­кіндігі де біздің күнделікті үрейлері­міздің ажырамас бөлігі. Айта кетерлігі – ха­лықтың басым бөлігі аталған жайттардан бөлек елдегі басшылықтың ауысуы­­нан қорқатыны анықталды», – дейді. Осы пікірдің ішінде «халықты алаң­дататын бірден-бір нәрсе – ақша табу және табыс көзінен ажырамау мәселесі» – дегенге тоқталып өтсек. Бұл туралы Ел Президенті Жолдауда тілге тиек еткен болатын. Сөзіміз дәлелді болу үшін Елбасының сөзін келтірсек: «Әлеу­мет­тік инфантилизм құбылысы әлеуметтік жаңғырту жо­лындағы басты кедергі. Бұл – игілікке жетудің алдамшы формуласы, яғни «аз жұмыс істеп, көп табу», «ауадан ақша жасау» және тағы басқаларды абсолютке көтерді». Бұл да халықтың ойын дәл тауып дөп басқандай болды.

            Жалпы, кез келген адамды толғандыратын сауал ұлт интеллигенциясының назарынан тыс қалмауы тиіс десек, зиялы қауымға артылған міндеттің де маңыздылығы айқындала түспек. Күнделікті өмірден ойып тұрып орын алатын әлеуметтік, материалдық игіліктермен қатар рухани дүниенің де орны айырықша. Себебі ұлы ұлт болу үшін, дүниежүзі мойындайтын мемлекет болу үшін үлкен ой айтылып, ол жүзеге асып отыруы тиіс-ақ. Осы мақсатта атқарылып жатқан игі іс-шаралар жоқ емес, әрине. Десек те, әлі айта түсуді, атқаруды, жүзеге асыруды, назардан тыс қалдырмай, талқыға салып, билік басындағы лауазымды тұлғаларға жеткізіп отыруды қажет ететін мәселелер аз емес. Осы жолда ұлт сөзін сөйлеуден тайсалмай, оны өзінің борышы санайтын интеллигенцияның қажеттілігі әркез байқалып тұрады. Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамдағы ұлттық интеллигенцияның рөлі қадау-қадау айтылып, арнайы тапсырмалар берілуіне ризалығымызды білдіреміз. Енді осы бағыттағы істер уақыт оздырмай орындалады деген сенімімізді білдіреміз. Бұл қазақ ұлты, жалпы қазақстандықтар үшін қажетті маңызды мәселелердің бірі деп білеміз. Қазақстанның, қазақтың үлкен жетістіктерге жетуі жолында аянбай тер төгуге даяр азаматтардың, ұлт зиялыларының еңбектері жемісті болсын деген тілегіміз бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға