Адамзатты біріктіруші, әлемнің лингва франкасы
«Ағылшын тілін» көптеген елдер өздерінің екінші ана тілі ретінде қабыл алып, жаппай меңгеріп жатыр. Себебі, нанын тауып, бала-шағасын асырап, дәл осы ағылшын тілі арқылы күндерін көріп жатқан мемлекеттер әлемде жетерлік. Мәселен, көп ұлысты, көп құрамды Үндістан мемлекетін бірлестіріп отырған жалғыз күш бар, ол – ағылшын тілі. Ағылшын тілі жаһан бойынша 45 мемлекеттің ресми - мемлекеттік тілі, ал 24 мемлекеттің халқы «ағылшын тілін» өз ана тілі ретінде жариялаған. Ағылшын тілінде сөйлеушілердің 96% ағылшын тілінің өкілі емес адамдар болып отыр деп есептелуде. Әлемдік келісімшарттардың 80% ағылшын тілінде жасалады. Президентіміз Н.Назарбаев жастарға: «Ағылшын тілін үйреніңдер, бүкіл әлемнің білім-ғылымы сол тілдің негізінде жатыр. Әлемдік бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, бұл тілді жаппай меңгеру керек» - деген сөзін жиі айтуының да негізі бар. Ағылшын тілі – бүкіл әлемді біріктіріп отыр.
ЮНЕСКО-ның шешімімен ХХІ ғасыр көптілділіктің жүзжылдығы, ал алғашқы онжылдық толеранттылықтың жылы деп қабылданыпты. Ал, көптілділікке негіз болып отырған – осы ағылшын тілі. Осы ағылшын тілі арқылы әлем коммуникацияға түсіп, интеграцияға бейімделіп, барлық ұлттар бірігіп жатыр. Әлем ғаламданып жатыр, ал осынау ғаламдану процесін жүзеге асырып жатқан – ағылшын тілі... Бүгінгі таңда ағылшын тілі «тиранозавр тіл» ретінде сипаттаушылық орын алды. Лингвистикалық геноцид, лингвистикалық империализм дәуірі деп те анықтама беріліп жүр. Дүниежүзінде 6900 тіл бар деп есептеледі, ал оның 90% ХХІ ғасырдың аяғына қарай жойылады деп есептелуде, ал 2050 жылға дейін бұл тілдердің жартысы жер бетінен жойылады деген болжам жасалуда. Лингвисттердің болжамынша, 230 еуропалық тілдің 30% ғасыр соңында жоғалады деп отыр. Қазір жаһандану дәуірінде тілдердің «үштұғырлы» құбылысы пайда болды. Біріншісі, халықтың ұлттық тілі, екіншісі, аймақтағы ұлтаралық тіл, үшіншісі, кең кеңістіктегі халықаралық тіл. Бүгінде адамзат осынау «үштағандық тіл» үрдісін бастан кешіруде. Оған өзіміздің елімізде жүргізіліп жатқан «Үштұғырлы тіл» саясаты дәлел бола алады. Әрине, мұның бәрі қажеттіліктен, интеграцияға бейімделуден, әлеммен бірігуден туып жатыр. Сол үшін де, біздің билік бұл саясатты тиянақты жүргізуде.
Әлемнің «екінші ана тілі» – ағылшын тілі. Бұған дәлел ағылшын тілінің әр құрлық пен аймақтарда құрылып жатқан жаңа нұсқалары көп. Ағылшын тілінің ең үлкен әлемдік үш нұсқасы бар: британдық, американдық және жаңазеландиялық нұсқалары. Сонымен қатар, Үндістан, Жапония, Уган, Пәкістан, Малайзия, Таиланд, Оңтүстік Корея, Филиппин, Нигерия т.б. елдерінде ағылшын тілінің жергілікті жердің тілдік заңдылықтарымен «будандалған» нұсқалары пайда болып үлгерді. Ағылшын тілі Еуропа лингвистикасына жаңа ұғымдар мен түсініктер алып келді: неміс тілі мен ағылшын тілінің кірігуінен – Denglish, сол сияқты француз тілімен «буданы» – Franglais, испан тілімен – Spanglish, қытайлық ағылшын тілі – Chinglish, орыс тіліндегі ағылшын тілі туралы айтатын болсақ – Runglish. Мұны тілдік популяризация десе де болады. Бұл тілдер ғаламдық ағылшын тілі деп аталуда – «Глобиш». Ағылшын тілінен енген кірме элементтер әр тілге де тән болуда. Түптеп келгенде, ағылшын тілі басқа тілдердің элементтерін өзіне сіңіріп алып, өзінің өң-түсін өзгерте түсуде. Дәл осы құбылыстың айқын көрінісі ағылшын тілінің жапондық версиясында байқалады. Мәселен, Жапон тіліндегі ағылшын тілі құбылысы тікелей жапон тілінің құрылымы негізінде қалыптасуда.
Әлемде жаһандануды алғаш қабылдаған да, оған қарсы стихиялы түрде иммунитет қалыптастыра білген де Жапония мемлекеті. Жапония – жаһандану құбылысына ене отырып, өзінің ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін мықтап сақтай білген мемлекет. Бұған Жапонияның кезінде тұйық, жабық мемлекет болуы әсер еткен. Жапон мемлекетінің тек бизнес элитасы ғана ағылшын тілін игерген, жапондар үшін ағылшын тілі тек кәсіби мақсатта ғана керек. Десе де, Жапонияда да ағылшын тілінің «жапондық нұсқасы» қалыптасуда. Бұл дегеніміз, ең ұлтшыл, патриот деген елдердің өзі ағылшын тіліне мойын ұсынып, үйреніп жатыр деген сөз. Расында, біздің президентіміз Н.Назарбаевтың көрегендігінде шек жоқ. Басшымыз болашақты көздей білген екен. Себебі, ағылшын тілін білмеген адам, болашақта ештеңеге жарамды болмай қалады.
Қызық дерек, Ағылшын тілінің «екінші ана тіл» ретіндегі қызметі көршіміз Ресейге де жақындауда. Ресей лингвист-русистері де орыс тіліндегі ағылшындық-американдық үлгілердің өсіп келе жатқандығын айтуда. Елде ағылшын тілінен басқа шет тілдерін үйрену үрдісі күрт төмендеген. Ресей президенті В.Путиннің неміс тілін жетік біле тұра, «ағылшын тілін үйренуі» орыс билігінің ыңғайы ағылшын тіліне ығысқанын байқаймыз. Шетелде білім алушы ресейліктер де ағылшын тілін пайдаланушы өкіл болып отыр. Ресейде ғылыми мақалалар екі тілде жарық көреді: ағылшын тілінде - шетелдік басылымдарда, орыс тілінде - отандық басылымдарда. Ағылшын тілінің басқа елдердің мемлекеттік тіліне қалай әсер етіп жатқанын көріп отырмыз. Мұның өзі ағылшын тілінің «екінші ана тіл» функциясының дамып келе жатқандығын дәлелдеп отыр.
Бүгінде бүкіл әлем «әлемді біріктірген бір универсалды тіл табылды» деп тақиясын жоғары атып, қуанып жатқан, жар салып жатыр. Рас, әлем қашанда Вавилон оқиғасынан кейін әлемді табыстыратын бір тілдің болуын қалады. Әр дәуірде әртүрлі тіл өз үстемдігін әлемге орнатып отырды. Ертерек орта ғасырда - грек тілі, орта ғасырларда - латын тілі, жаңа ғасырда - француз, ал бүгінгі заманда - ағылшын тілі әлемдік тілге айналды. Адамзат ғылымы дамыған кейінгі ғасырда «қолдан кодталған жасанды тіл» - «эсперанто тілі» де әлем халықтарының бір тілге ұмтылысының нәтижесі еді. Империялық, әрі идеологиялық үстемдіктен пиджин, креол сияқты аралас немесе екі көршілес халықтардың бірінің тілінің элементтерін бір-біріне араластырған «қарапайым кәсіби тілге» айналған жасанды тілдердің пайда болуы да адамзаттың бір универсалды тілге деген аңсарынан деп білсек болады. Ал адамзаттың бұл арманының орындалуы – бүгінгі ғасырға келіп тұр. «Универсалды тіл» функциясын атқарып тұрған қазіргі әлем тілі – ағылшын тілі. Ғаламдастырудың катализаторы, негізгі ферменті болып отырған да – ағылшын тілі.
Ағылшын тілі – бүкіл әлем сөйлейтін бір ғана тілге айналады. Бүкіл әлем тілдік дискурсына негіз болатын жаңа тілдің базасы осы «ағылшын тілі» болады. Ағылшын тілі жаңа әлемдік универсалды тілінің негізін жасамақ, жаңа әлемнің универсалды тілінің базасын басқа тіл емес, осы ағылшын тілі болады. Әлем идеологтары былай деп ойлайды: жаһандану өзара елдерді ынтымақ-бірлік пен мәдени-экономикалық коммуникация құрады. Ал соғыс пен бірін-бірі жою үшін кеткен өлшеусіз шығындар әлемді сақтап қалудың тәсілі – жаңа энергетикалық көздерді табуға бағытталмақ. Ал әлемді коммуникацияға келтіретін, ынтымақтастыққа ынталандыратын, бағыттайтын құрал – лингвистикалық канал, яғни, тіл. Жаһанданудың мақсаты белгілі бір мемлекеттің тіл саясатына, тілдік шекарасына қарамай тілдік коммуникацияның максимальды гомогенді кеңістіктігін құру болып табылады. Ал, жаһандану тілі, техникалық ақпарат тілі мен халықаралық бизнес, әлемдік ғылым мен халықаралық білім берудің, дипломатия мен халықаралық бизнестің тілі «ағылшын тілі» болып отыр. Демек, әлемді басқару ағылшын тілді халықтарға бұйырып тұр (негізінде әлемді ассимиляцияға келтірудің ең озық құралы – тіл). Біздің Қазақстан да әлемді басқаруда өз бағын сынағысы келсе, ағылшын тілін азаматтарымыз жаппай үйренуі тиіс.
Тарихтан белгілі, осынау шағын ғана, қарапайым ғана, көпжылдықтар бойы вассалда болған, сөздік қорының 70%-ы кірме элементтерден құралған осынау қарабайыр тіл – ағылшын тілі қалай ғана әлемдік тілге айналды?!. Рас, ағылшын тілінің универсалдылығы, кез келген ортаға өзгергіштігі, икемділігі – бұл тілдің тез тиекке айналуына негіз болды. Ғасырлар бойы империялық үстемдік пен интервенциядан, агрессиядан ағылшын тілі үлкен державалық тілге айналды. Басқыншылық жасалған елдерді біріктіруші күшке айналған – осы ағылшын тілі еді. Ағылшын тілінің әлемдік тілге айналуына бірінші себеп – басқыншылық миссиялықтан кейін еді. Ал, бүгінгі таңда әлемдік әмбебап тілге негіз болды. Бүгінде ағылшын тілінде сөйлейтін 12 мемлекетте 500 млн. халық бар. Әлем халқының 1,5 млрд. ағылшын тілін біледі. Ағылшын тілінде бес ірі телекомпаниялар әлемге ақпарат береді: Си-би-эс, Эн-би-си, Эй-би-си, Би-би-си және Си-би-си. Әлемдік ғылыми жаңалықтың 85-90%-ы ағылшын тілінде жарияланады. Бұл тіл БҰҰ-ның ресми тілі болып есептеледі. Ағылшын тілінің ықпалының артқандығы сондай – тарихи дәуірлер бойы ағылшын еліне қарсы позиция ұстанып келген Францияның өзі ағылшын тілін шетелдік тіл ретінде қабақ танытудан қалған. Әлемнің 62 мемлекетінде ағылшын тілі мемлекеттік ресми статусқа ие болған. Әлемнің 90 мемлекетінде ағылшын тілін қолданады және кең дәрежеде оқытылады. Ағылшын тілінің әлемдік статусқа ие болуына, әрине, ағылшын елінің саяси, әрі экономикалық критерийлері рөл атқарып тұр.
Саяси статустың тілді айқындауда басты параметр екенін білдік. Ал елдің экономикалық биржасы мен өндірістік өкілеттілігі де басты шарттардың бірі. Американың технологиясы мен өндірістік продукциялары ағылшын тілінің «жаршысы» болып жүр. Қарапайым ғана мысал өнім-тауарды қай ел экспортқа шығарса да, стандарттық қалыппен «Маde in Chine», «Made in Germanу» деп жазылып жүр. Әлемдегі 200 млн. аса компьютер ақпараты ағылшын тілінде шифрланған. Барлық өндірістік индустрияның барлығы ағылшын тілінде. Америка экономикасымен санасу үшін ағылшын тілінің ықпалына берілу керек. Бүгінде Қазақстан да шетелдік инвесторлардың көптеп келуі мен халықаралық қатынастардың еліміздің әлеуметтік, әрі мәдени өмірімізге әсерін тигізіп жатқандықтан, ағылшын тілін үйренуге бет қойды. Әлемдегі дамыған, әрі әлемге саяси, әрі экономикалық ықпалы қуатты ең ірі 7 мемлекеттің төртеуі ағылшын тілінде сөйлейді. Ал, осынау алпауыт елдермен еңсең тең тұрсын десең, бұл елдермен енші берісіп, кенші алысқың келсе, бір сөзбен айтқанда, коммуникациялық байланысқа түсу үшін ол мемлекеттер құндылықтарына толеранттылық танытуың керексің. Сол себепті де, бүгінде еліміз Қазақстан дамыған халық болу үшін де «ағылшын тілін» меңгеріп жатырмыз. Мұны президентіміз Н.Назарбаевтың өзі де жиі насихаттауда.
Дінмұхамед Аязбеков