Рухы биік елдің уығы да берік
Біздің тарихымызда қыспақ көріп, ауыр күйге түскен қазынамыздың бірі – тіліміз еді. Тәуелсіздік алғаннан соң туған тілдің тұғырын бекітіп, мемлекеттік дәрежеде мәртебесін өсіру үшін, тіл мәдениетіне халықтың назарын аудару мақсатында «Қазақ тілі» қоғамдары құрылды. Оларға үлкен аманат жүктелді. Халықтың тілді қалыпқа келтіруге ынта-ықыласын бұрып, сезімін оятуға біраз күш салынды. Бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстарды саралап, ой елегінен өткізетін болсақ, үшінші кезеңге қадам басып отырғандаймыз. Сол кезеңдегі біздің тындырған басты шаруамыз – тіліміздің осы уақытқа дейін қандай күйге түскенін жұртшылыққа ұғындырып, оны сол күйден алып шығуға көпшілікті жұмылдыру болды. Бұл мақсаттың үдесінен шыққан да сияқтымыз. Өйткені бүгінгі қазақ халқы бағзы шежіресін тасқа қашап қалдырған көнеден қалған мәдениеті, көркем әдебиеті бар, бүгінде елдікке жетіп, әлемнің нұрлы таңымен бірге оянып, жер-жаhанға танылған халыққа айналды. Сол халықтың бір перзенті – тіл тағдырын ел тағдырымен қабаттас шешуге тікелей араласып, «тіл теңелмей, ел теңелмейді» деп, ел рухын салиқалы түрде көтерген Өмірзақ Айтбайұлы ағамыз. Елді, жерді бөлмейтін, бөлуге жол бермейтін, қандай қоғам, заман болмасын, алдымен, рухани дамуды алға қойып, әр әңгімесін алыстан сермеп, жүректен тербеп жүрген ағамыздың тындырған істері ойымызға оралады. Осыдан жиырма жылдан астам бұрын халқымыз бен ел Президентінің тікелей қолдауымен құрылған республикалық «Қазақ тілі» қоғамы тәуелсіздігіміздің басты кепілі – мемлекеттік тіліміздің мәртебесіне қалтқысыз қызмет етіп келді. Сондай-ақ аталған қоғамның тіл мен ел бірлігі жөніндегі шараларға араласпаған кезі жоқ. Оның қатарында «Тіл туралы» Заң, мемлекеттік бағдарлама, ресми ісқағаздарының қалыптасуы, қазақ балабақшалары мен мектептерін ашу, республикалық мәжіліс, мәслихат, конференция, құрылтайлар өткізу, тілашар сөздіктер жазу тәрізді қыруар шаралар бар. Ә.Қайдаров пен Ө.Айтбайұлының тікелей еңбегімен республикалық қоғам халықаралық қоғам дәрежесіне дейін өсті. Халықаралық қоғам араласқан істің бәрінде халық пен Президенттің саясатына үнемі қолдау көрсетіп, мемлекет жүргізіп отырған шараларды елге дұрыс түсіндірумен шұғылданды. Міне, осындай игілікті істермен айналысып отырған «Қазақ тілі» қоғамы кезінде ауыр күндерді бастан кешіріп, тек тілге деген шексіз сүйіспеншіліктің қуатына ғана сүйенді. Сол өтпелі кезеңде нарық қыспағына түскен ел еңбекақысын уақытында ала алмау салдарынан мүшелік жарна жинау қиындады. Тек елге, жерге, тәуелсіздікке деген патриоттық сезімдері өшпеген Өмірзақ Айтбайұлы сынды тұлғалардың беделінің арқасында халықты өз соңынан ерте білді. Бірақ жұмысқа келгенде жоғарыда айтылған қиындықтарды көлденең тартып, аяғына жеткізбей қалдырып кеткендер көп. Тәубе, ал біз бәріне шыдаппыз. Мен осы қоғамға жұмысқа келгенде отыздан енді ассам, ал Өмірзақ ағам елу бесті еңсерген жігіт ағасы-тын. Ал бүгінде ол – жеке тартып жетпіс беске келген қарт, тіл сардары. Бір сәт өткенге ой жіберсек, есте қаларлық тарихи тағылымды сәттер аз емес екенін көреміз. Шындықты айтсақ, осы күні мемлекеттік тіл туралы қызыл сөзге келгенде аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтіндер, іске келгенде тілі тұтқыр, жүрісі шабандар көп. Обалы не керек, ұлттың мәдениеті деген қасқа жолда өз еркімен емес, өзгенің тепкісімен адасыңқырап қалған қарапайым қауымның тілге деген қазіргі құлшынысы жақсы. Керісінше, орыс тілінде сөйлеп жүріп, нан жеп үйреніп қалған басшы азаматтар қазақ тіліне келгенде салқын-ақ. Осыны көзімен көріп, сонау Парламент жұмысынан бастап, басшы-қосшылардың басым бөлігінің күнделікті тірлігінен байқап жүрген Өмірзақ Айтбайұлының «Мені неге қазақша сөйлетпеді?» деген мақаласы кезінде республикадағы халықты дүр сілкіндірді. Мақалада: «…Қазақстан Республикасының вице-президенті Е.М.Асанбаев шақырады» деген соң айтылған уақыттан он бес минут бұрын есік алдында бір кісідей жиылып тұрдық. «Біз» деп тұрғанымыз – үстіміздегі жылдың 12 ақпанында Президент Н.Ә.Назарбаев Жарлығымен құрылған «Адам құқығы жөніндегі республикалық комиссия» мүшелері. Елбасымыздың осыншалықты мән беруіне және оны өзіміз сыйлайтын Ерік Асанбаевтың төраға болып сайлауына қарағанда, бұл комиссия атқарар игі істер мол болуға тиіс. Сонымен Ерік Мағзұмұлы мән-жайды қысқаша баяндай келді де: «Әркім өз түсінігін, өз пікірін ортаға салса» деді комиссия мүшелеріне. Әңгіме орысша жүріп жатты. «Қазақша бастағанда болатын еді-ау» деген ойымыз есекдәмеге айналып, жайына қалды. Вице-президентіміз: «Ну, с кого начнем?» деген соң академик Манаш Қозыбаев ағамыз, одан кейін өз кезегімен депутат В.Б.Водолазов, Ұйғыр ұлттық мәдениет орталығының төрағасы Т.Тоқтамов, профессор Г.А.Уманов ұлтаралық қатынас тілінде суырыла жөнелді. «Там… кто следующий?.. Вы, пожалуйста!» – деді маған қарап төрағамыз. Бұл жерде алдымдағы кісілер сияқты қай тілде сөйлесем де ерікті екенімді есепке алдым. Сол-ақ екен, Ерекең менің сөзімді екі ауызға жеткізбей: «Говорите по-русски, чтобы было понятно всем» деп салғаны. Тым болмаса, «Сіздің мемлекеттік тіліміздің қамын жеп жүрген азамат екеніңізді білеміз. Дегенмен қасыңызда отырған кісілерден ыңғайсыздау болар» дегендей сыпайылап жеткізсе бірсәрі. Өзге ұлт өкілдерінің алдында өз тілім құрбандыққа шалынып бара жатқан соң шыдамай: – Бұл қалай болғаны, адам құқығын дәл осы жерден бұза бастағанымыз ба сонда? – деп едім, төраға: – Вам, что не понятно? Ведь в Конституции написано, что русский язык в нашей республике является языком межнационального общения, – деп бастырмалатып жіберді. Дәл сол Конституциямыздың басты кіріспе тарауының 8-тармағында: «…Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылғаны ұмыт қалып, дәл сол жерде тіліміздің абыройы аяқасты болды. Сол кездегі Жоғарғы Кеңесте депутат болған семейлік Александр Княгинин қазақша- орысша сөйлеп, «қазақ тілі Қазақстанда болмағанда қайда болады?» деп шырылдап тұрып күресті емес пе? Мен де принципке барып: – Егер қазақша сөйлеуге рұқсат берілмесе, мен сөйлеуден бас тартамын. Ол аз болғандай, Уманов мырзаның «Мемлекеттік тіл жүрмей жатыр. Онымен айналысып отырған кім бар?» деген сөзімен-ақ түсінуге де болады ғой. Қайран, ана тілі, осылайша өз ұлдарыңнан өгейлік көріп, төменшіктей берермісің?! – деп отырғанда сөз кезегі демограф М.Тәтімовке келді. Ол комиссия жұмысын жандандыру жөніндегі кейбір ұсыныстарын ортаға салды да, сөзінің соңында «Мемлекеттік тіл мәселесі жан-жақты сөз болып жатқан бүгінгі таңда «Халықаралық қазақ тілі» қоғамының басшысына қазақша сөйлетпеуіңіздің мәнісін түсіне алмадым» дегені сол еді, Е.Асанбаев бұл жерге мүлде байланысы жоқ «экстремизм, лжедемократы, горлопаны» деген сөздерді айтып салды. Өмірзақ Айтбаев өз мақаласында Тіл Заңын қорғап шықты. Республикадағы осындай сорақылықтар үлкен кабинеттерден басталып жатса, Тіл Заңы вице-президенттің кабинетінде бұзылса, басқаларға не жорық? Бірден жер-жерлерде, облыстарда кезектен тыс жиналыстар өтіп, «Тарт қолыңды, Тіл Заңынан!» деген үндеулер қабылданып, «Тәуелсіздікті тәлкекке салмаңдар!» деген ашық хаттар мен мақалалар қарша бораған кезеңдер болды. Бірде Ө.Айтбайұлы бізге телефон шалып: «Бәкеңді (Бәтташ Сыдықов) шақыршы. Бәке! Сіздердің қоғам және зиялы қауым өкілдері қол қойған мақалаларыңызды оқып жатырмын», – деді. «Оу, Өмеке, Сіздің азаматтық, қоғамдық, мемлекеттік көзқарасыңыз бізге күш-қуат берді». «Бәке, Сіздің «не белдік кетер, не бел кетер» деген сөзіңізге қарап, белдік кетсе кетсін, ал бел кетпесін. Ол бел Сізге керек болмаса, бізге керек қой! Әлі талай Е.Асанбаевтар бар емес пе?» деп салмақты ойын әзілге айналдырып, бізге ризашылығын білдірген жайттарға да куә болдым. Сол сәттен-ақ жоғарғыдағылардың көзқарастары бізге өзгере бастады. Бұл – тіл тағдыры жөніндегі тек қана бір ғана мысал. Осынау тіл тағдыры – ел тағдыры екенін, сонау қиын-қыстау кезеңде тәуелсіз елге тәуелсіз ойлы тұлғалар керек екенін нақты іспен дәлелдеген қайраткер Өмірзақ Айтбайұлы еді. Жаңа Әлемдегі жаңа Қазақстан Тәуелсіздіктің жиырма жылдығында толағай табыстармен тарих тұңғиығына еніп барады. Содан бері өзі де, сөзі де, көзқарасы да өзгермеген Өмірзақ Айтбайұлының «тіл теңелмей, ел теңелмейді» деген арманы бүгінде орындалуда. Міне, тіпті Ресей Президенті Медведев мырзаның Қазақстанға келген сапарында қазақша сөйлеп, өз мүддесінен гөрі қазақтың мемлекеттік мүддесін жоғары қоюы тәуелсіз еліміздің көптеген елдермен терезесінің тең екенінің дәлелі емес пе?! «Рухы биік елдің уығы берік», яғни рухани мұқалмаған ел ешқашан жоғалмайды, рухы биік ел ғана ұлы мұраттарға жете алады. Рухани азық ертеңгі күнге сенім артуға, адамдардың арқаға түскен ауыр жүгін қиналмай көтеріп шығуына оң септігін тигізеді. Осыны дәлелдеген де – Өмірзақ Айтбайұлындай азамат. Өмірзақ Айтбайұлы – өмірден қайнап шығып, бүгінгі замандас жас ұрпақтың ерік-жігерін жанып жіберетін тұлға-парасат иесі. Ол – халқының келешек көш-керуенін түзейтін, көркем ойын жаңа санаға көтеретін сабырлы тұлға. Абайдың сөзімен айтсақ, «өмір адамға жетіліп даму үшін беріледі». Өзін-өзі тазарту, рухани күш алу екен. Осы ретте Түркістанның 1500 жылдығы шеңберінде «Ұлылыққа тағзым» атты тақырыппен ұйымдастырылған жаяу жорықтың басы-қасында бірге болған Абайдың жиені, «Республикалық Абай қорының» президенті Балташ Ерсәлімов көңілге түйгенінен сыр ағытады. «Бұл, біріншіден, біздің мұсылмандық парызымызды өтеуіміз болса, екінші жағынан, аруақты сыйлап, асылдарымызды бағалай білетін мәдениетті елдің өкілі болуға ұмтылғанымыз. Жаяу жорықта байқағаным, Өмекең сырлассаң – сырын ағытатын әрі сырға берік, ақылдассаң – ақыл қосатын, мұңыңды шақсаң – мұқият тыңдайтын үлкен жүректі жан екенін көрдім. Бір ғажабы, кез келген пендемен тіл табысып жүре беретіндігін айтсаңызшы! Сапардың төртінші күні таңғы 5.30-да Өмекең жолға шығар алдында, әдеттегідей қалың табанды шетелдік кроссовкасын киіп жатып, бірден «Уһ!..» деп терең дем алды. Бұл күрсініс өмірдегі бір өкініштің белгісіндей әсер етті. Үнсіз көкжиекке көз тастап, біраз отырғаннан кейін орнымыздан қозғалып, кезекті сапарға бет алдық. Сол сәтте осы жағдайды сұрауға біздің дәтіміз бармады… Кешке жатар алдында «Ұлымның тірісінде киген аяқ киімі еді. Өзі жоқ болса да ұлылар жүрген қасиетті топыраққа табаны тисе екен деп ырымдап киіп шығып ем, аяғыма жайлы болғаны-ай…» деді. Міне, ол ұлы Абайдың «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме!» деген өсиетіндегідей қайсарлығын тағы байқатты. Халық даналығында «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаттың жөні бір басқа, Жігітте де жігіт бар, азаматтың жөні бір басқа» деген мәні терең бір сөз бар. Бүгінгі біздің алмағайып аласапыран заманда тәуелсіз Қазақстанның әлем алдындағы абыройына ешбір дақ түспесе екен деп перзенттік пейілмен шынайы азаматтық үлгісін көрсетіп жүрген саусақпен санарлықтай жандардың бірі де бірегейі – Өмірзақ ағам. Орал ШӘРІПБАЕ
Біздің тарихымызда қыспақ көріп, ауыр күйге түскен қазынамыздың бірі – тіліміз еді. Тәуелсіздік алғаннан соң туған тілдің тұғырын бекітіп, мемлекеттік дәрежеде мәртебесін өсіру үшін, тіл мәдениетіне халықтың назарын аудару мақсатында «Қазақ тілі» қоғамдары құрылды. Оларға үлкен аманат жүктелді. Халықтың тілді қалыпқа келтіруге ынта-ықыласын бұрып, сезімін оятуға біраз күш салынды.
Бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстарды саралап, ой елегінен өткізетін болсақ, үшінші кезеңге қадам басып отырғандаймыз. Сол кезеңдегі біздің тындырған басты шаруамыз – тіліміздің осы уақытқа дейін қандай күйге түскенін жұртшылыққа ұғындырып, оны сол күйден алып шығуға көпшілікті жұмылдыру болды. Бұл мақсаттың үдесінен шыққан да сияқтымыз. Өйткені бүгінгі қазақ халқы бағзы шежіресін тасқа қашап қалдырған көнеден қалған мәдениеті, көркем әдебиеті бар, бүгінде елдікке жетіп, әлемнің нұрлы таңымен бірге оянып, жер-жаhанға танылған халыққа айналды.
Сол халықтың бір перзенті – тіл тағдырын ел тағдырымен қабаттас шешуге тікелей араласып, «тіл теңелмей, ел теңелмейді» деп, ел рухын салиқалы түрде көтерген Өмірзақ Айтбайұлы ағамыз. Елді, жерді бөлмейтін, бөлуге жол бермейтін, қандай қоғам, заман болмасын, алдымен, рухани дамуды алға қойып, әр әңгімесін алыстан сермеп, жүректен тербеп жүрген ағамыздың тындырған істері ойымызға оралады.
Осыдан жиырма жылдан астам бұрын халқымыз бен ел Президентінің тікелей қолдауымен құрылған республикалық «Қазақ тілі» қоғамы тәуелсіздігіміздің басты кепілі – мемлекеттік тіліміздің мәртебесіне қалтқысыз қызмет етіп келді. Сондай-ақ аталған қоғамның тіл мен ел бірлігі жөніндегі шараларға араласпаған кезі жоқ. Оның қатарында «Тіл туралы» Заң, мемлекеттік бағдарлама, ресми ісқағаздарының қалыптасуы, қазақ балабақшалары мен мектептерін ашу, республикалық мәжіліс, мәслихат, конференция, құрылтайлар өткізу, тілашар сөздіктер жазу тәрізді қыруар шаралар бар.
Ә.Қайдаров пен Ө.Айтбайұлының тікелей еңбегімен республикалық қоғам халықаралық қоғам дәрежесіне дейін өсті. Халықаралық қоғам араласқан істің бәрінде халық пен Президенттің саясатына үнемі қолдау көрсетіп, мемлекет жүргізіп отырған шараларды елге дұрыс түсіндірумен шұғылданды.
Міне, осындай игілікті істермен айналысып отырған «Қазақ тілі» қоғамы кезінде ауыр күндерді бастан кешіріп, тек тілге деген шексіз сүйіспеншіліктің қуатына ғана сүйенді. Сол өтпелі кезеңде нарық қыспағына түскен ел еңбекақысын уақытында ала алмау салдарынан мүшелік жарна жинау қиындады. Тек елге, жерге, тәуелсіздікке деген патриоттық сезімдері өшпеген Өмірзақ Айтбайұлы сынды тұлғалардың беделінің арқасында халықты өз соңынан ерте білді.
Бірақ жұмысқа келгенде жоғарыда айтылған қиындықтарды көлденең тартып, аяғына жеткізбей қалдырып кеткендер көп. Тәубе, ал біз бәріне шыдаппыз. Мен осы қоғамға жұмысқа келгенде отыздан енді ассам, ал Өмірзақ ағам елу бесті еңсерген жігіт ағасы-тын.
Ал бүгінде ол – жеке тартып жетпіс беске келген қарт, тіл сардары. Бір сәт өткенге ой жіберсек, есте қаларлық тарихи тағылымды сәттер аз емес екенін көреміз.
Шындықты айтсақ, осы күні мемлекеттік тіл туралы қызыл сөзге келгенде аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтіндер, іске келгенде тілі тұтқыр, жүрісі шабандар көп. Обалы не керек, ұлттың мәдениеті деген қасқа жолда өз еркімен емес, өзгенің тепкісімен адасыңқырап қалған қарапайым қауымның тілге деген қазіргі құлшынысы жақсы. Керісінше, орыс тілінде сөйлеп жүріп, нан жеп үйреніп қалған басшы азаматтар қазақ тіліне келгенде салқын-ақ.
Осыны көзімен көріп, сонау Парламент жұмысынан бастап, басшы-қосшылардың басым бөлігінің күнделікті тірлігінен байқап жүрген Өмірзақ Айтбайұлының «Мені неге қазақша сөйлетпеді?» деген мақаласы кезінде республикадағы халықты дүр сілкіндірді.
Мақалада:
«…Қазақстан Республикасының вице-президенті Е.М.Асанбаев шақырады» деген соң айтылған уақыттан он бес минут бұрын есік алдында бір кісідей жиылып тұрдық. «Біз» деп тұрғанымыз – үстіміздегі жылдың 12 ақпанында Президент Н.Ә.Назарбаев Жарлығымен құрылған «Адам құқығы жөніндегі республикалық комиссия» мүшелері. Елбасымыздың осыншалықты мән беруіне және оны өзіміз сыйлайтын Ерік Асанбаевтың төраға болып сайлауына қарағанда, бұл комиссия атқарар игі істер мол болуға тиіс. Сонымен Ерік Мағзұмұлы мән-жайды қысқаша баяндай келді де: «Әркім өз түсінігін, өз пікірін ортаға салса» деді комиссия мүшелеріне. Әңгіме орысша жүріп жатты. «Қазақша бастағанда болатын еді-ау» деген ойымыз есекдәмеге айналып, жайына қалды.
Вице-президентіміз: «Ну, с кого начнем?» деген соң академик Манаш Қозыбаев ағамыз, одан кейін өз кезегімен депутат В.Б.Водолазов, Ұйғыр ұлттық мәдениет орталығының төрағасы Т.Тоқтамов, профессор Г.А.Уманов ұлтаралық қатынас тілінде суырыла жөнелді.
«Там… кто следующий?.. Вы, пожалуйста!» – деді маған қарап төрағамыз. Бұл жерде алдымдағы кісілер сияқты қай тілде сөйлесем де ерікті екенімді есепке алдым. Сол-ақ екен, Ерекең менің сөзімді екі ауызға жеткізбей:
«Говорите по-русски, чтобы было понятно всем» деп салғаны. Тым болмаса, «Сіздің мемлекеттік тіліміздің қамын жеп жүрген азамат екеніңізді білеміз. Дегенмен қасыңызда отырған кісілерден ыңғайсыздау болар» дегендей сыпайылап жеткізсе бірсәрі. Өзге ұлт өкілдерінің алдында өз тілім құрбандыққа шалынып бара жатқан соң шыдамай:
– Бұл қалай болғаны, адам құқығын дәл осы жерден бұза бастағанымыз ба сонда? – деп едім, төраға:
– Вам, что не понятно? Ведь в Конституции написано, что русский язык в нашей республике является языком межнационального общения, – деп бастырмалатып жіберді. Дәл сол Конституциямыздың басты кіріспе тарауының 8-тармағында: «…Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылғаны ұмыт қалып, дәл сол жерде тіліміздің абыройы аяқасты болды. Сол кездегі Жоғарғы Кеңесте депутат болған семейлік Александр Княгинин қазақша- орысша сөйлеп, «қазақ тілі Қазақстанда болмағанда қайда болады?» деп шырылдап тұрып күресті емес пе?
Мен де принципке барып:
– Егер қазақша сөйлеуге рұқсат берілмесе, мен сөйлеуден бас тартамын. Ол аз болғандай, Уманов мырзаның «Мемлекеттік тіл жүрмей жатыр. Онымен айналысып отырған кім бар?» деген сөзімен-ақ түсінуге де болады ғой. Қайран, ана тілі, осылайша өз ұлдарыңнан өгейлік көріп, төменшіктей берермісің?! – деп отырғанда сөз кезегі демограф М.Тәтімовке келді. Ол комиссия жұмысын жандандыру жөніндегі кейбір ұсыныстарын ортаға салды да, сөзінің соңында «Мемлекеттік тіл мәселесі жан-жақты сөз болып жатқан бүгінгі таңда «Халықаралық қазақ тілі» қоғамының басшысына қазақша сөйлетпеуіңіздің мәнісін түсіне алмадым» дегені сол еді, Е.Асанбаев бұл жерге мүлде байланысы жоқ «экстремизм, лжедемократы, горлопаны» деген сөздерді айтып салды.
Өмірзақ Айтбаев өз мақаласында Тіл Заңын қорғап шықты. Республикадағы осындай сорақылықтар үлкен кабинеттерден басталып жатса, Тіл Заңы вице-президенттің кабинетінде бұзылса, басқаларға не жорық?
Бірден жер-жерлерде, облыстарда кезектен тыс жиналыстар өтіп, «Тарт қолыңды, Тіл Заңынан!» деген үндеулер қабылданып, «Тәуелсіздікті тәлкекке салмаңдар!» деген ашық хаттар мен мақалалар қарша бораған кезеңдер болды.
Бірде Ө.Айтбайұлы бізге телефон шалып: «Бәкеңді (Бәтташ Сыдықов) шақыршы. Бәке! Сіздердің қоғам және зиялы қауым өкілдері қол қойған мақалаларыңызды оқып жатырмын», – деді. «Оу, Өмеке, Сіздің азаматтық, қоғамдық, мемлекеттік көзқарасыңыз бізге күш-қуат берді». «Бәке, Сіздің «не белдік кетер, не бел кетер» деген сөзіңізге қарап, белдік кетсе кетсін, ал бел кетпесін. Ол бел Сізге керек болмаса, бізге керек қой! Әлі талай Е.Асанбаевтар бар емес пе?» деп салмақты ойын әзілге айналдырып, бізге ризашылығын білдірген жайттарға да куә болдым.
Сол сәттен-ақ жоғарғыдағылардың көзқарастары бізге өзгере бастады. Бұл – тіл тағдыры жөніндегі тек қана бір ғана мысал. Осынау тіл тағдыры – ел тағдыры екенін, сонау қиын-қыстау кезеңде тәуелсіз елге тәуелсіз ойлы тұлғалар керек екенін нақты іспен дәлелдеген қайраткер Өмірзақ Айтбайұлы еді.
Жаңа Әлемдегі жаңа Қазақстан Тәуелсіздіктің жиырма жылдығында толағай табыстармен тарих тұңғиығына еніп барады. Содан бері өзі де, сөзі де, көзқарасы да өзгермеген Өмірзақ Айтбайұлының «тіл теңелмей, ел теңелмейді» деген арманы бүгінде орындалуда.
Міне, тіпті Ресей Президенті Медведев мырзаның Қазақстанға келген сапарында қазақша сөйлеп, өз мүддесінен гөрі қазақтың мемлекеттік мүддесін жоғары қоюы тәуелсіз еліміздің көптеген елдермен терезесінің тең екенінің дәлелі емес пе?!
«Рухы биік елдің уығы берік», яғни рухани мұқалмаған ел ешқашан жоғалмайды, рухы биік ел ғана ұлы мұраттарға жете алады. Рухани азық ертеңгі күнге сенім артуға, адамдардың арқаға түскен ауыр жүгін қиналмай көтеріп шығуына оң септігін тигізеді. Осыны дәлелдеген де – Өмірзақ Айтбайұлындай азамат.
Өмірзақ Айтбайұлы – өмірден қайнап шығып, бүгінгі замандас жас ұрпақтың ерік-жігерін жанып жіберетін тұлға-парасат иесі. Ол – халқының келешек көш-керуенін түзейтін, көркем ойын жаңа санаға көтеретін сабырлы тұлға. Абайдың сөзімен айтсақ, «өмір адамға жетіліп даму үшін беріледі». Өзін-өзі тазарту, рухани күш алу екен.
Осы ретте Түркістанның 1500 жылдығы шеңберінде «Ұлылыққа тағзым» атты тақырыппен ұйымдастырылған жаяу жорықтың басы-қасында бірге болған Абайдың жиені, «Республикалық Абай қорының» президенті Балташ Ерсәлімов көңілге түйгенінен сыр ағытады.
«Бұл, біріншіден, біздің мұсылмандық парызымызды өтеуіміз болса, екінші жағынан, аруақты сыйлап, асылдарымызды бағалай білетін мәдениетті елдің өкілі болуға ұмтылғанымыз. Жаяу жорықта байқағаным, Өмекең сырлассаң – сырын ағытатын әрі сырға берік, ақылдассаң – ақыл қосатын, мұңыңды шақсаң – мұқият тыңдайтын үлкен жүректі жан екенін көрдім. Бір ғажабы, кез келген пендемен тіл табысып жүре беретіндігін айтсаңызшы!
Сапардың төртінші күні таңғы 5.30-да Өмекең жолға шығар алдында, әдеттегідей қалың табанды шетелдік кроссовкасын киіп жатып, бірден «Уһ!..» деп терең дем алды. Бұл күрсініс өмірдегі бір өкініштің белгісіндей әсер етті.
Үнсіз көкжиекке көз тастап, біраз отырғаннан кейін орнымыздан қозғалып, кезекті сапарға бет алдық. Сол сәтте осы жағдайды сұрауға біздің дәтіміз бармады…
Кешке жатар алдында «Ұлымның тірісінде киген аяқ киімі еді. Өзі жоқ болса да ұлылар жүрген қасиетті топыраққа табаны тисе екен деп ырымдап киіп шығып ем, аяғыма жайлы болғаны-ай…» деді. Міне, ол ұлы Абайдың «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме!» деген өсиетіндегідей қайсарлығын тағы байқатты.
Халық даналығында «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаттың жөні бір басқа, Жігітте де жігіт бар, азаматтың жөні бір басқа» деген мәні терең бір сөз бар. Бүгінгі біздің алмағайып аласапыран заманда тәуелсіз Қазақстанның әлем алдындағы абыройына ешбір дақ түспесе екен деп перзенттік пейілмен шынайы азаматтық үлгісін көрсетіп жүрген саусақпен санарлықтай жандардың бірі де бірегейі – Өмірзақ ағам.
Орал ШӘРІПБАЕ
