Ғылым көгінің жарық жұлдызы
Құдайберген Жұбанов ғалымның өмірбаянын сөз еткенде және бір ерекшелікті айтпай кетуге болмайды. Ол – үстіміздегі ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қазақ зиялыларына тән тағы бір қасиет еді. Бұлар қоғам өміріне белсене қатысып, әлеуметтік жүктерді қоса арқалады. Заман соны талап етті. Ар-ұжданы биік, көкірек көздері ашық, алдыңғы саптағы зиялылар тобы әлеуметтік істердің әрдайым басынан табылуды, қоғамның мәдениеті мен рухани өмірінің барлық саласына аянбай қызмет етуді өздерінің азаматтық борышы деп санады. Мұны біз Құдайберген Жұбановтың өмірінен де көреміз. Ол 1932 жылдардан бастап, ҚазПИ-де профессор болып, лекция оқып, кафедра меңгере жүріп, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының лингвистика секторының меңгерушісі, Қазақ КСР Халық Ағарту Комиссариаты жанындағы Методика, программа, оқу құралдары секторының меңгерушісі, Мемлекеттік Терминкомның председателі, Халық Ағарту Комиссариаты коллегиясының мүшесі, Ұлттар мәдениеті институтының Ғылыми Советінің мүшесі сияқты нақты жұмыстарды қоса жүргізді. Сөйтіп, қазіргі үш-төрт ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен тіпті тұтас ұжымдары атқаратын міндетті Құдайберген Жұбанов бір өзі атқарды, бұл ретте де Құдекең Ахаңның ізбасары болып шықты, өйткені 20-жылдардың барысында дәл осы міндеттерді Ахмет Байтұрсынов атқарған болатын. Енді ғалымның дара тұлғасы жайында бірер сөз айтсақ дейміз. Қазақта «біртуар» деген сөз бар, ал ғылым тілінде өте сирек кездесетін құбылысты немесе аса көрнекті, елден ерекше туған адамды феномен дейді. Қазақтың «біртуары» – сол феномен! Құдайберген Жұбанов өзінің табиғат берген бітімімен, білім-парасатымен елден ерек тұрған біртуар жан болған. Ең алдымен оның үлкен талант иесі болғанын айту керек. Жақсы ғалым болу үшін де тынымсыз еңбекпен қоса, табиғи қабілет те қажет-ау, Құдайбергеннің бар-жоғы екі-үш жыл орыс кластарында тиіп-қашып оқып, ғылыми еңбектерін таза орыс тілінде жазатын дәрежеде болуы, небәрі екі-үш жыл Ленинградта оқып, неміс, моңғол, грузин, чуваш, коми, тіпті жапон тілін үйрене бастауы және оларды едәуір меңгеріп алуы, екі жылдай медреседе оқып, араб, парсы, шағатай, түрік, татар, башқұрт тілдерін игеріп кетуі осы қабілеттің күші болар. Біртуар Құдайбергенге Құдай берген қасиеттің және бірі – оның өнер иесі де болғандығы. Ол өлең, әңгіме, пьесалар жазған, режиссерлік етіп, 1926 жылы Ақтөбеде Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегін» қойған. «Құдай берсе, құлай береді» дегендей, табиғат оған суреткерлік өнерін де, ою-өрнекке шеберлікті де беріпті. Бойындағы бұл дарын көздері мен тілге деген ықыласын артында қалған алты баласына атап кеткендей. Бұлар әке жолын жалғастырып, Ақыраптай өнер иесі суретші болып, Есет пен Асқардай биік ғылыми дәрежелі маман лингвистер болып, Мүсілимадай жақсы педагог-ғалым болып, Қызғалдақтай экономист болып бұл күнде арамызда жүр. Құдекеңнің ақындық қабілетін Мүсілима мен Есет балалары еншілеген десек болар. Демек, Құдекең сияқты алдымызда өткен алыптар бүгінгі және келешек ұрпақтарға қалдырған мұраларымен және халқына еткен зор еңбегімен ғана емес, жеке бастарының адамдық қасиеттерімен де үлгі-идеал екендігін баса айтамыз. Сөйтіп, бұл күнде жоғары дәрежеге көтерілген, түркология әлемінде кадрлар жағынан ғылымға беріп келе жатқан үлесі мен күні кешеге дейін Мәскеу мен Ленинградтан кейінгі үшінші орында деп есептеліп келген «қазақ тілі білімі» атты ғылым саласының, өзге де ғылымдар сияқты қалыптасу кезеңі, даму сатылары бар десек, Құдайберген Жұбанов ана тіліміз туралы үлкен ғылымның жаңа кезеңін – ғылыми-теориялық зерттеулер кезеңін бастаушы, сапалық жоғары сатыға көтеруші деп танимыз. Олжас Сүлейменов айтқандай, «тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» өлшемімен пайымдайтын болсақ, Құдайберген Жұбановтың алдында қазақ тілін зерттеуші Ахмет Байтұрсынов сияқты заңғардың тұрғанын, Халел Досмұхамедов, Қошке Кемеңгеров, Елдес Омаров, Телжан Шонанов сияқты биіктердің болғанын көрсете отырып, білім-ғылымымыздың тарихында олардың әрқайсысының өз орны барын баса айтамыз. Ол орындардың айрықша биігінің бірі Құдайберген Жұбановтікі екенін де баса көрсетеміз. Бүгінгі тіл мамандары мұндай алыптарымыздың жаза алмай кеткен еңбектерінің, тарата алмай кеткен теориялық ізденістерінің, қазақ тіл білімін дүниежүзілік ғылым сатысына көтермекші болған мақсат-мұратының орнын толтыруға, жалғастыруға қызмет ететін болса, ал қалың жұртшылық оның туған халқы мен ана тіліне еткен еңбегі мен көрсеткен үлгі-өнегесіне тәнті болып, тағылымына бас исе, бұл алып тұлғаның тарихи тұғыры одан сайын биіктей түсері хақ, жұлдызы жарқырай түсері аян. Рәбиға Сыздық "Ана тілі" газеті
Құдайберген Жұбанов ғалымның өмірбаянын сөз еткенде және бір ерекшелікті айтпай кетуге болмайды. Ол – үстіміздегі ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қазақ зиялыларына тән тағы бір қасиет еді. Бұлар қоғам өміріне белсене қатысып, әлеуметтік жүктерді қоса арқалады. Заман соны талап етті. Ар-ұжданы биік, көкірек көздері ашық, алдыңғы саптағы зиялылар тобы әлеуметтік істердің әрдайым басынан табылуды, қоғамның мәдениеті мен рухани өмірінің барлық саласына аянбай қызмет етуді өздерінің азаматтық борышы деп санады. Мұны біз Құдайберген Жұбановтың өмірінен де көреміз. Ол 1932 жылдардан бастап, ҚазПИ-де профессор болып, лекция оқып, кафедра меңгере жүріп, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының лингвистика секторының меңгерушісі, Қазақ КСР Халық Ағарту Комиссариаты жанындағы Методика, программа, оқу құралдары секторының меңгерушісі, Мемлекеттік Терминкомның председателі, Халық Ағарту Комиссариаты коллегиясының мүшесі, Ұлттар мәдениеті институтының Ғылыми Советінің мүшесі сияқты нақты жұмыстарды қоса жүргізді. Сөйтіп, қазіргі үш-төрт ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен тіпті тұтас ұжымдары атқаратын міндетті Құдайберген Жұбанов бір өзі атқарды, бұл ретте де Құдекең Ахаңның ізбасары болып шықты, өйткені 20-жылдардың барысында дәл осы міндеттерді Ахмет Байтұрсынов атқарған болатын.
Енді ғалымның дара тұлғасы жайында бірер сөз айтсақ дейміз. Қазақта «біртуар» деген сөз бар, ал ғылым тілінде өте сирек кездесетін құбылысты немесе аса көрнекті, елден ерекше туған адамды феномен дейді. Қазақтың «біртуары» – сол феномен! Құдайберген Жұбанов өзінің табиғат берген бітімімен, білім-парасатымен елден ерек тұрған біртуар жан болған. Ең алдымен оның үлкен талант иесі болғанын айту керек. Жақсы ғалым болу үшін де тынымсыз еңбекпен қоса, табиғи қабілет те қажет-ау, Құдайбергеннің бар-жоғы екі-үш жыл орыс кластарында тиіп-қашып оқып, ғылыми еңбектерін таза орыс тілінде жазатын дәрежеде болуы, небәрі екі-үш жыл Ленинградта оқып, неміс, моңғол, грузин, чуваш, коми, тіпті жапон тілін үйрене бастауы және оларды едәуір меңгеріп алуы, екі жылдай медреседе оқып, араб, парсы, шағатай, түрік, татар, башқұрт тілдерін игеріп кетуі осы қабілеттің күші болар.
Біртуар Құдайбергенге Құдай берген қасиеттің және бірі – оның өнер иесі де болғандығы. Ол өлең, әңгіме, пьесалар жазған, режиссерлік етіп, 1926 жылы Ақтөбеде Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегін» қойған. «Құдай берсе, құлай береді» дегендей, табиғат оған суреткерлік өнерін де, ою-өрнекке шеберлікті де беріпті. Бойындағы бұл дарын көздері мен тілге деген ықыласын артында қалған алты баласына атап кеткендей. Бұлар әке жолын жалғастырып, Ақыраптай өнер иесі суретші болып, Есет пен Асқардай биік ғылыми дәрежелі маман лингвистер болып, Мүсілимадай жақсы педагог-ғалым болып, Қызғалдақтай экономист болып бұл күнде арамызда жүр. Құдекеңнің ақындық қабілетін Мүсілима мен Есет балалары еншілеген десек болар. Демек, Құдекең сияқты алдымызда өткен алыптар бүгінгі және келешек ұрпақтарға қалдырған мұраларымен және халқына еткен зор еңбегімен ғана емес, жеке бастарының адамдық қасиеттерімен де үлгі-идеал екендігін баса айтамыз.
Сөйтіп, бұл күнде жоғары дәрежеге көтерілген, түркология әлемінде кадрлар жағынан ғылымға беріп келе жатқан үлесі мен күні кешеге дейін Мәскеу мен Ленинградтан кейінгі үшінші орында деп есептеліп келген «қазақ тілі білімі» атты ғылым саласының, өзге де ғылымдар сияқты қалыптасу кезеңі, даму сатылары бар десек, Құдайберген Жұбанов ана тіліміз туралы үлкен ғылымның жаңа кезеңін – ғылыми-теориялық зерттеулер кезеңін бастаушы, сапалық жоғары сатыға көтеруші деп танимыз.
Олжас Сүлейменов айтқандай, «тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» өлшемімен пайымдайтын болсақ, Құдайберген Жұбановтың алдында қазақ тілін зерттеуші Ахмет Байтұрсынов сияқты заңғардың тұрғанын, Халел Досмұхамедов, Қошке Кемеңгеров, Елдес Омаров, Телжан Шонанов сияқты биіктердің болғанын көрсете отырып, білім-ғылымымыздың тарихында олардың әрқайсысының өз орны барын баса айтамыз. Ол орындардың айрықша биігінің бірі Құдайберген Жұбановтікі екенін де баса көрсетеміз. Бүгінгі тіл мамандары мұндай алыптарымыздың жаза алмай кеткен еңбектерінің, тарата алмай кеткен теориялық ізденістерінің, қазақ тіл білімін дүниежүзілік ғылым сатысына көтермекші болған мақсат-мұратының орнын толтыруға, жалғастыруға қызмет ететін болса, ал қалың жұртшылық оның туған халқы мен ана тіліне еткен еңбегі мен көрсеткен үлгі-өнегесіне тәнті болып, тағылымына бас исе, бұл алып тұлғаның тарихи тұғыры одан сайын биіктей түсері хақ, жұлдызы жарқырай түсері аян.
Рәбиға Сыздық
"Ана тілі" газеті
