Жаңалықтар

Құдайберген Жұбанов жайында

Әсіреқызылды сүймейтін, пафосты үнді қаламайтын ғалымдарды жұлдызға теңеп жатқанымыз бір қарағанда ыңғайсыздау, сәтсіздеу көрінуі мүмкін. Бірақ бұл метафораны тұңғыш рет мен таңдап отырған жоқпын. 1966 жылы атақты академик-жазушы Ғабит Мүсірепов салтанатты мерейтойдың біріндегі өзінің баяндамасын былай бастап еді: «Осыдан отыз жылдан аз-ақ астам бұрын Қазақстанның енді ғана өркендей бастаған жаңа тұрпатты мәдениетінің көкжиегінде жұртшылыққа аты әлі беймағлұм бір жас жігіт бой көрсетті. Шын дарын екен: Жас қайрат даңғазасыз, у-шусыз, едіреймей, елірмей, сыпайы да салмақты келді. Оның үстіне жас жігіт өзінің туған ағасы, ғылымның бірінші дәрежелі жарық жұлдызы, аса ірі филолог – ғалым Құдайберген Жұбановтың көлеңкесінде болды. Бірақ ағасының көлеңкесінде тұрып та, ол көзге айқын шалынды. Көлеңкемен қосылып кетер сұрғылт емес екен! Сол жас жігіттің аты Ахмет Жұбанов еді». Әр сөздің, әр теңеудің сал­мағын өлшеп барып, орнына дәл қондыратын, әсіреқызылға бой алдырмай сөйлейтін Ғабит Мүсіреповтің бұл сөзі Құдайберген мен Ахмет Жұбановтардай қос алыпқа берілген және берілетін аса бір асқақ атақтардың барлығынан да жоғары баға деп санаймын. Өйткені бұл бағадан сол кезде 60 жасқа келуін тойлап отырған атақты композитор, «қазақ халқының рухани мәдениетінің көтерілмеген тыңын игеруші қайраткер, ұлт оркестрінің кіндік атасы, республикадағы бүкіл өнертану ғылымының қолбасшысы» академик Ахмет Жұбанов қандай зор тұлға болса, сол биіктен асып, көлеңкесін түсіретін Құдайберген Жұбановтың тұлғасы қандай алып екенін біле беріңіз! Міне, бүгін сол алыптың ғылым көгіндегі жай жарық жұлдыз емес, Ғабеңше астрономия танымымен айтсақ, бірінші дәрежелі жұлдызы, «қазақ тіл білімі» атты ғылым саласының жаңа сатысының көшбастары, ірі теоретик-ғалым Құдайберген Жұбановты атап отырмыз. Қазіргі әңгіме өзегі ғалымның зор тұлғасын, шыққан биігін, қалдырып кеткен үлгі-өнегесін көрсете түсу болмақ… Сауатын ашып, білім алуға талпынған қазақ қоғамы тарихының толқынына іліккен Құдайбергенді сол толқын «ғылым» атты жағадан бір-ақ шығарады. Есейіп кеткеніне, балалы-шағалы шаңырақ иесі болып қалғанына қарамастан, 1929-1932 жылдары білім-ғылым ордасы Ленинградта оқып, жоғары білім алады. Әуелі Шығыстану институтының «Түркологиялық семинар» дегенінде, кейін Тіл және ойлау институтының «Яфетидологиялық семинар» деген бөлімдерінде атақты ғалымдар В.Бартольд, Н.Я.Марр, А.Н.Самойлович, В.А.Богородицкийлердің лекцияларын тыңдайды. С.Е.Малов, И.И.Мещанинов, Е.Д.Поливановтармен танысып, К.К.Юдахин, А.К.Боровковтармен қатар жүріп, тыңғылықты мол білім алады. Сол кезеңдегі ең озық лингвистикалық мектептерден тәрбие алып, терең білімді маман болып шығады. Бұл мамандық оны келте ғұмырының соңғы 4-5 жылын білім-ғылым жолына жұмсауға алып келеді. Құдайберген Жұбанов 1932 жыдың 1 қазанынан 1937 жылдың 19 қарашасына дейін сол кездегі ҚазПИ-дің профессоры, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істейді… Оқу-білімге жетектеген жол Құдайберген Жұбановты ғылымға алып келді дегенде оның қазақ тілін зерттеуші тұңғыш маман-лингвист екендігін, қазақ тіл біліміндегі теориялық ізденістердің көшбасшысы болғанын, жалпы түркологиялық проблемаларға да орыс ғалымдарымен терезесі тең тұрып батыл аяқ басқан тұңғыш ұлт кадры екенін айтамыз. Біз бұл жерде «тұңғыш» деген анықтауышты әдейі қолданып отырмыз. Себебі мынада. Біраз уақытқа дейін тарихи бір шындықты айта алмай келдік. Сондықтан тіпті Құдайберген Жұбанов – қазақ тіл білімінің негізін қалаушы деген пайым­даулар да айтылып келеді. Ал шындығында ана тілімізді тұңғыш рет белгілі бір жүйемен зерттеп, оны қазақ тілінде талдап-танытқан, өткен ғасырдың 10-жылдарында қолға алған Ахмет Байтұрсынов болатын. Іргелі ғылым, оның теориялық негіздері еш уақытта жоқ жерден пайда болмайды. Әуелі оның қаңқасы тұрғызылып, объектілері айқындалуы қажет, негізгі терминдері жасалуы керек. Қазақ тілінің грамматикалық, фонетикалық құрылымын мектепте ана тілінде оқытып үйрету мақсатымен алғаш рет зерделеген Ахмет Байтұрсынов екендігі тарихи шындық. Соңғы кездерде Ахаң мұрасын арнайы зерттеушілер оның қазақ тілінің дыбыс жүйесін талдап, ұлттық әліпби (алфавит) түзуде ғылыми тіректерге сүйенгенін дәлелдеп отыр. Демек, «қазақ тілі білімі» атты ұлттық ғылым саласының негізін салушы Ахмет Байтұрсынов деп танимыз да, бұл ғылымды әрі қарай алып барушы, құр жалғастырушы емес, теориялық негіздерге иек артып, қазақ лингвис­тикасын іргелі ғылым ретінде дамытуды бастаған, яғни қазақ тіл білімі дамуының жаңа кезеңінің іргетасын қалаған Құдайберген Жұбанов деп санаймыз. Сондықтан қазақ тіл білімінің қалыптасып, әрі қарай даму тарихында бұл екі асқардың әрқайсысы өз орнында, өз биігінде көрінуге тиіс. Бұл тұжырымды қадай айтып жатқан себебіміз бар. Ахмет Байтұр­сыновты тіл біліміміздің негізін қалаушы деп танығаннан кейін, бұл таным Құдайбергеннің дәрежесін төмендеткендей көрініп күдіктенгендер болды, тіпті бірін биіктетсек, екіншісін аласарту қажеттей сезініп, екеуінің білім деңгейін, алфавит, емле, терминология мәселелеріндегі пікір алшақтықтарын салыстырып, біріне бірі қарсы тұрды-ау деген ойға келгендер де болды. Ал шындығында ғылымда болатын пікірсайыстардың, ғалымдар арасындағы жаулық еместігін Құдайберген Жұбановтың өзі көрсетіп беріпті. Тіл білімі институты 1989 жылы оның 90 жылдығына арнап, ғалымның ғылыми мұрасын танытатын көлемді жинақ ұсынды. Кітаптың ішінде бірнеше адамның естеліктері бар. Солардың бірі – көп жылдар студенттер тәрбиелеген ұстаз Жәмила Жолаеваның жазғанынан мынадай жолдарды оқимыз: Жолдасым Дәмен Дінасылов бірде адамгершілік, парасат жайын әңгімелеп отырып, мынадай сырды ақтарды: «Бірде, шамасы 1935 не 1936 жыл болуы керек, студенттер арасында: Бізге мұғалімдікке Ахмет Байтұрсынов келетін болыпты, ол кісіні Құдайберген ағаның өзі шақырыпты» деген сыбыс тарап кетті. Сол сол-ақ екен, ҚазПИ-дің сол кездегі директоры – ұлты белгісіз, өзін «профессормын» деп атайтын Сақаев деген адам мен партия ұйымының секретары Дүйменов дейтін қара сұр кісі біздерді шақырып алып: «Ешбір желігу, топ болып қарсы алу деген болмасын! Байтұрсыновқа қошемет көрсеткен адам оқудан шығады!» деп ескертті… Бір күні Федерация паркіндегі (осы күнгі 28 панфиловшылар паркі) федералдық соборда орналасқан Ұлт мәдениеті институтының директоры Алманов жолдас: «Ахаң бізден шығып, ҚазПИ-ге кетті» деп телефон соғыпты. Студенттер шығуға бата алмай, әр жерден бастарын қылтитып-қылтитып қарап жүр… Бір кезде етжеңділеу келген, шляпа киген, көзіне пенсне салған келбетті адам парктің ішіндегі аллеямен жүріп отырып, ҚазПИ-дің қарсы алдына келді. Біз тырп етпедік. Тек профессор Жұбанов қана тез басып, келе жатқан адамның алдынан шығып, «жат адамды» көшенің арғы бетіне шығып қарсы алды. Содан соң Құдекең Ахаңды қолтықтаған күйі институтқа алып кірді. Біздер аудиториямызға тығылып қала бердік. Міне, қазақ тілін ғылыми пән етуді мақсат тұтқан екі ғұламаның бір-біріне деген ілтипаты осындай болса керек». Бұл естелік айтушының, тарих куәгерінің сөзі. Ахмет Байтұрсыновтың «жау элемент» ретінде қуғын-сүргінде болып келгендігін, әлі де «жау» деп тану керек деген «нұсқаулар» бар екенін жақсы біле тұра істеген бұл ісі Құдайбергеннің ұстаз әріптесіне деген адал көңілін, зор сыйластығын көрсетеді. Рәбиға Сыздық "Ана тілі"
16.10.2013 05:49 9987

Әсіреқызылды сүймейтін, пафосты үнді қаламайтын ғалымдарды жұлдызға теңеп жатқанымыз бір қарағанда ыңғайсыздау, сәтсіздеу көрінуі мүмкін. Бірақ бұл метафораны тұңғыш рет мен таңдап отырған жоқпын. 1966 жылы атақты академик-жазушы Ғабит Мүсірепов салтанатты мерейтойдың біріндегі өзінің баяндамасын былай бастап еді: «Осыдан отыз жылдан аз-ақ астам бұрын Қазақстанның енді ғана өркендей бастаған жаңа тұрпатты мәдениетінің көкжиегінде жұртшылыққа аты әлі беймағлұм бір жас жігіт бой көрсетті. Шын дарын екен: Жас қайрат даңғазасыз, у-шусыз, едіреймей, елірмей, сыпайы да салмақты келді. Оның үстіне жас жігіт өзінің туған ағасы, ғылымның бірінші дәрежелі жарық жұлдызы, аса ірі филолог – ғалым Құдайберген Жұбановтың көлеңкесінде болды. Бірақ ағасының көлеңкесінде тұрып та, ол көзге айқын шалынды. Көлеңкемен қосылып кетер сұрғылт емес екен! Сол жас жігіттің аты Ахмет Жұбанов еді».
Әр сөздің, әр теңеудің сал­мағын өлшеп барып, орнына дәл қондыратын, әсіреқызылға бой алдырмай сөйлейтін Ғабит Мүсіреповтің бұл сөзі Құдайберген мен Ахмет Жұбановтардай қос алыпқа берілген және берілетін аса бір асқақ атақтардың барлығынан да жоғары баға деп санаймын. Өйткені бұл бағадан сол кезде 60 жасқа келуін тойлап отырған атақты композитор, «қазақ халқының рухани мәдениетінің көтерілмеген тыңын игеруші қайраткер, ұлт оркестрінің кіндік атасы, республикадағы бүкіл өнертану ғылымының қолбасшысы» академик Ахмет Жұбанов қандай зор тұлға болса, сол биіктен асып, көлеңкесін түсіретін Құдайберген Жұбановтың тұлғасы қандай алып екенін біле беріңіз!
Міне, бүгін сол алыптың ғылым көгіндегі жай жарық жұлдыз емес, Ғабеңше астрономия танымымен айтсақ, бірінші дәрежелі жұлдызы, «қазақ тіл білімі» атты ғылым саласының жаңа сатысының көшбастары, ірі теоретик-ғалым Құдайберген Жұбановты атап отырмыз. Қазіргі әңгіме өзегі ғалымның зор тұлғасын, шыққан биігін, қалдырып кеткен үлгі-өнегесін көрсете түсу болмақ…
Сауатын ашып, білім алуға талпынған қазақ қоғамы тарихының толқынына іліккен Құдайбергенді сол толқын «ғылым» атты жағадан бір-ақ шығарады. Есейіп кеткеніне, балалы-шағалы шаңырақ иесі болып қалғанына қарамастан, 1929-1932 жылдары білім-ғылым ордасы Ленинградта оқып, жоғары білім алады. Әуелі Шығыстану институтының «Түркологиялық семинар» дегенінде, кейін Тіл және ойлау институтының «Яфетидологиялық семинар» деген бөлімдерінде атақты ғалымдар В.Бартольд, Н.Я.Марр, А.Н.Самойлович, В.А.Богородицкийлердің лекцияларын тыңдайды. С.Е.Малов, И.И.Мещанинов, Е.Д.Поливановтармен танысып, К.К.Юдахин, А.К.Боровковтармен қатар жүріп, тыңғылықты мол білім алады. Сол кезеңдегі ең озық лингвистикалық мектептерден тәрбие алып, терең білімді маман болып шығады. Бұл мамандық оны келте ғұмырының соңғы 4-5 жылын білім-ғылым жолына жұмсауға алып келеді. Құдайберген Жұбанов 1932 жыдың 1 қазанынан 1937 жылдың 19 қарашасына дейін сол кездегі ҚазПИ-дің профессоры, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істейді…
Оқу-білімге жетектеген жол Құдайберген Жұбановты ғылымға алып келді дегенде оның қазақ тілін зерттеуші тұңғыш маман-лингвист екендігін, қазақ тіл біліміндегі теориялық ізденістердің көшбасшысы болғанын, жалпы түркологиялық проблемаларға да орыс ғалымдарымен терезесі тең тұрып батыл аяқ басқан тұңғыш ұлт кадры екенін айтамыз. Біз бұл жерде «тұңғыш» деген анықтауышты әдейі қолданып отырмыз. Себебі мынада. Біраз уақытқа дейін тарихи бір шындықты айта алмай келдік. Сондықтан тіпті Құдайберген Жұбанов – қазақ тіл білімінің негізін қалаушы деген пайым­даулар да айтылып келеді. Ал шындығында ана тілімізді тұңғыш рет белгілі бір жүйемен зерттеп, оны қазақ тілінде талдап-танытқан, өткен ғасырдың 10-жылдарында қолға алған Ахмет Байтұрсынов болатын. Іргелі ғылым, оның теориялық негіздері еш уақытта жоқ жерден пайда болмайды. Әуелі оның қаңқасы тұрғызылып, объектілері айқындалуы қажет, негізгі терминдері жасалуы керек. Қазақ тілінің грамматикалық, фонетикалық құрылымын мектепте ана тілінде оқытып үйрету мақсатымен алғаш рет зерделеген Ахмет Байтұрсынов екендігі тарихи шындық. Соңғы кездерде Ахаң мұрасын арнайы зерттеушілер оның қазақ тілінің дыбыс жүйесін талдап, ұлттық әліпби (алфавит) түзуде ғылыми тіректерге сүйенгенін дәлелдеп отыр. Демек, «қазақ тілі білімі» атты ұлттық ғылым саласының негізін салушы Ахмет Байтұрсынов деп танимыз да, бұл ғылымды әрі қарай алып барушы, құр жалғастырушы емес, теориялық негіздерге иек артып, қазақ лингвис­тикасын іргелі ғылым ретінде дамытуды бастаған, яғни қазақ тіл білімі дамуының жаңа кезеңінің іргетасын қалаған Құдайберген Жұбанов деп санаймыз. Сондықтан қазақ тіл білімінің қалыптасып, әрі қарай даму тарихында бұл екі асқардың әрқайсысы өз орнында, өз биігінде көрінуге тиіс.
Бұл тұжырымды қадай айтып жатқан себебіміз бар. Ахмет Байтұр­сыновты тіл біліміміздің негізін қалаушы деп танығаннан кейін, бұл таным Құдайбергеннің дәрежесін төмендеткендей көрініп күдіктенгендер болды, тіпті бірін биіктетсек, екіншісін аласарту қажеттей сезініп, екеуінің білім деңгейін, алфавит, емле, терминология мәселелеріндегі пікір алшақтықтарын салыстырып, біріне бірі қарсы тұрды-ау деген ойға келгендер де болды. Ал шындығында ғылымда болатын пікірсайыстардың, ғалымдар арасындағы жаулық еместігін Құдайберген Жұбановтың өзі көрсетіп беріпті. Тіл білімі институты 1989 жылы оның 90 жылдығына арнап, ғалымның ғылыми мұрасын танытатын көлемді жинақ ұсынды. Кітаптың ішінде бірнеше адамның естеліктері бар. Солардың бірі – көп жылдар студенттер тәрбиелеген ұстаз Жәмила Жолаеваның жазғанынан мынадай жолдарды оқимыз: Жолдасым Дәмен Дінасылов бірде адамгершілік, парасат жайын әңгімелеп отырып, мынадай сырды ақтарды: «Бірде, шамасы 1935 не 1936 жыл болуы керек, студенттер арасында: Бізге мұғалімдікке Ахмет Байтұрсынов келетін болыпты, ол кісіні Құдайберген ағаның өзі шақырыпты» деген сыбыс тарап кетті. Сол сол-ақ екен, ҚазПИ-дің сол кездегі директоры – ұлты белгісіз, өзін «профессормын» деп атайтын Сақаев деген адам мен партия ұйымының секретары Дүйменов дейтін қара сұр кісі біздерді шақырып алып: «Ешбір желігу, топ болып қарсы алу деген болмасын! Байтұрсыновқа қошемет көрсеткен адам оқудан шығады!» деп ескертті… Бір күні Федерация паркіндегі (осы күнгі 28 панфиловшылар паркі) федералдық соборда орналасқан Ұлт мәдениеті институтының директоры Алманов жолдас: «Ахаң бізден шығып, ҚазПИ-ге кетті» деп телефон соғыпты. Студенттер шығуға бата алмай, әр жерден бастарын қылтитып-қылтитып қарап жүр… Бір кезде етжеңділеу келген, шляпа киген, көзіне пенсне салған келбетті адам парктің ішіндегі аллеямен жүріп отырып, ҚазПИ-дің қарсы алдына келді. Біз тырп етпедік. Тек профессор Жұбанов қана тез басып, келе жатқан адамның алдынан шығып, «жат адамды» көшенің арғы бетіне шығып қарсы алды. Содан соң Құдекең Ахаңды қолтықтаған күйі институтқа алып кірді. Біздер аудиториямызға тығылып қала бердік. Міне, қазақ тілін ғылыми пән етуді мақсат тұтқан екі ғұламаның бір-біріне деген ілтипаты осындай болса керек». Бұл естелік айтушының, тарих куәгерінің сөзі. Ахмет Байтұрсыновтың «жау элемент» ретінде қуғын-сүргінде болып келгендігін, әлі де «жау» деп тану керек деген «нұсқаулар» бар екенін жақсы біле тұра істеген бұл ісі Құдайбергеннің ұстаз әріптесіне деген адал көңілін, зор сыйластығын көрсетеді.

Рәбиға Сыздық

"Ана тілі"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға