Сөзтаным
Қазақтың көрген-баққаны, естіп-ұққаны, сеніп-тұшынғаны – бәрі-бәрі тілінде тұр. Өмір үйреткен тәжірибесі ауыздан-ауызға тараған фольклорында, одан бергі дәуірлерде арындап өткен от ауызды алдаспан жыраулар поэзиясында, ел, жер, тіпті тұтас ұлт мәселесін өрелі ойына өрнекті сөзін бұлтартпас дәлелімен қоса беретін сұңғыла би-шешендер сөзінде өрілген. Бір сөзбен айтқанда, көшелі сөзінде, таңбалы жазу-сызуында өзіне тән мәдениетін, өзі жасаған тарихын, өзі түзген әдебиетін қалдыра білген. «Ана тілі» газетінде ай сайын тұрақты түрде «Сөзтаным» беті ұсынылатын болады. Мақсаты – оқырмандарды халқымыздың бай тілдік мұраларымен танымдық, тағылымдық, прагматикалық, этимологиялық, тіл мәдениеті тұрғысынан таныстыру. Тілдік жүйе заңдылықтарын түсіндіру, соған сәйкес оқырмандарға қолданыста қиындық келтіріп жүрген түйінді тұстарда лингвистикалық жәрдем беру, көпшіліктің сауаттылығын арттыруға қол ұшын созу. Қазақтың «көз-таразысы, көңіл-қазысынан» өткен халықтық өлшемдер сыры, орайлы тұста дәл тауып айтылған тұшымды сөздер, езу тартқызар уытты тіркестер, дер кезінде көмегі тиер керек деректер ұсынылмақшы. Тілдік деректерге талдамалар тіл білімі саласының білікті мамандарының іргелі еңбектеріне сүйеніп жасалатынын ескерте кеткіміз келеді. Талап – бізден, баға – сізден, оқырман. Олай болса, оқып танысыңыз, тоқып, бағасын беріңіз. Тіл-қазына байлығын бірге ақтарайық! «Азамат» атауы қайдан шыққан? Осы айдарда берілген сөздердің шығу себептері филология ғылымдарының докторы, академик Р.Сыздық «Сөздер сөйлейді» еңбегінде төмендегіше тарқатады: Азамат, шора/шоры, жолдас. XVII ғасырда жасаған Ақтамберді жырауда: Ей, азаматтар, шоралар, Атты мінсең, зорды мін, – деген жолдар бар. Мұндағы азамат сөзі дәл қазіргі мағынасында емес. Бұл сөздің бұрын терминдік сипаты болған. Ш.Уәлиханов былай деп көрсетеді: «Азамат — кәмелетке келіп, еншісін алған, туыстарына тәуелсіз, үйлі-баранды адам» дегенді білдіреді. Сонымен қатар бұл сөз бір кезеңдерде «жасақшы» («дружинник») ұғымын да бергенге ұқсайды. Шора сөзі азамат дегеннің синонимі» дей келіп, Шоқан шора, азамат тіркесі таза әскери мәнді сөз, ол «жолдас», «жасақшы» дегенді білдіреді деп көрсетеді (Валиханов, I, 20). Азамат сөзінің жоғарыда келтірілген Ақтамберді жыраудың айтуындағы қолданысы Шоқанның осы айтқанын растайды. «Айман — Шолпан» жырындағы Айман қыз Әлібекке сәлем айтып: Аты болса, байласып, Азаматын сайласын, — дегенде азамат сөзінің «жасақшы» ұғымы танылады. Бұл сөзді Махамбет те жиі қолданған: Арғымақ, сені сақтадым, Құлағың сенің серек деп, Азамат, сені сақтадым, Бір күніме керек деп… Азамат ердің баласы Аз ұйықтар да көп жортар, Дұшпанға кеткен кегі бар… Алқалаған жер болса, Азамат басы құралса… Бұл қолданыстардағы азамат сөзі жай ғана адамға қарата емес, жауынгерлерге, жасақшыларға қарата айтылып тұр. «Ер Сайын» жырында Сайын батыр қасындағы 40 жігітіне: Ей, қырық жігіт азамат, Маған бола өлмеңіз, — дейді. Мұнда да азамат — жауынгер, жасақшы. Заман озған сайын азамат сөзінің мағынасы өзгерген. Өткен ғасырда бұл сөз «жалпы ересек адам, ер адам» дегенді білдіргенін сол кездегі сөздіктер көрсетеді: Азамат — ересек адам, адамдар тобы (Кирг.-русск. сл., 1897). Қазақ тілінде осы мағынадағы азамат сөзінің синонимінде жолдас сөзі қолданылғаны байқалады. Мысалы, Махамбет енді бір өлеңінде: Қасыма ерген жолдастар… Жолдастарым, мұңайма, — дейді. Сөйтіп, азамат сөзі ескі жырларда, ертеректегі қазақ тілінде «қолына қару ұстап, ел қорғауға, не ел жаулауға аттанатын адам, жасақшы» дегенді білдірген. Қазіргі күнде азамат «кәмелетке жеткен ер адам» деген мағынада, осыдан «адамгершілігі мол, саналы, құрметті адам» деген ауыспалы мағынада да жұмсалатынын білеміз. «Жасақшы» ұғымындағы азамат сөзіне шора деген сөздің синоним болғандығын, яғни мағыналас екендігін В.В.Радлов та айтады: «Бұрын қазақтар шора (чура) сөзін «жасақшы, жауынгер, жолдас» мағынасында кеңінен қолданған» (Радлов, т. I, ч. V, 23). Ал Н.И.Ильминский: «Шора — батырдың баласы және батырдың өзі» деп танытады (Ильминский, 150). Бұл пікірлерді қазақтың батырлар жырының тілі растайды. Ей, жігіттер, шоралар, — дегенде сөз жай жігіттерге емес, жасақшы жігіттерге арналған. Тіпті бұл жердегі жігіт деген сөздің өзі терминге жуықтау. Орта ғасырларда түркі тілінде жігіт (йігіт) сөзінің терминдік мағынасының болғаны ғылыми әдебиеттерде көрсетіледі: «Жігіт (йігіт) — феодалдың жалдамалы атты әскерінің жауынгері немесе олжа табу үшін феодалға жақын жүрген жауынгер, «кезбе рыцарь» дегенді білдіретін термин» (Материалы по истории казахских ханств ХV-ХVІП вв., Алма-Ата, 1969, 493). Әрине, қазақтың өлең-жыр мәтіндеріндегі жігіт сөзі дәл осы термиңдік мәнде қолданылған деуге болмайды, бірақ контекстегі мағынасы жағынан шора, азамат сөздеріне синоним іспеттес болып келеді. Әсіресе, «ей, жігіттер, шоралар» сияқты қатар қолданыста жігіт сөзінің осы күнгідей тек «жас ер адам» деген жалпылама мағынадан гөрі, белгілі бір топ өкілін атауы басымырақ тәрізді. Шора сөзінің «жасақшы, жорықтас, жолдас» ұғымында қолданылуы тіпті ертеректе орын алып, соңғы XVIII ғасырларда сирегені байқалады. Бұхар сияқты XVIII ғасыр жырауы да, Махамбет сияқты жаугершілікті жырлаған XIX ғасыр ақыны да «жасақшы, жорықтас, жолдас» деген мағынада шора сөзін қолданбайды. Кейінгі дәуірлерде шора «байдың, батырдың, бидің баласы» деген сияқты әлеуметтік (сословиелік) атақты білдіруге жұмсалған. Ер Шобанның: Хан ұлы төредей, Би ұлы шорадай, — дегенінде де одан кейінгі Бұхардың: Байлар ұлы шоралар, Бас қосыпты десін де… Немесе: Байлар ұғлы шоралар Көл жағалар жаз күні, Байлар қызы бикештер Қол бұлғайды-ау жаз күні, — дегенінде де шора сөзінде жоғарғы мысалдардағыдай таза «жасақшы», «дружинник» мәні сезілмейді, бірақ қайткенде де шора сөзінде әлеуметтік тапты көрсететін мағына бар. Ханның тақты иеленбеген ұрпағы (ұлы) төре деп аталатыны сияқты, байдың, бидің ұлдары мен қыздары да жай «бай баласы», «би баласы», «байдың қызы» деп аталмай, шора, бикеш деген сияқты арнаулы атпен аталғанын білдіреді. Сондықтан болуы керек, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» шора сөзінің беретін мағынасын «феодалдық қоғамдағы үстемтап өкілі, ел билеген әкім, мырза, бек, шонжар» деп көрсетеді де, оның қазірде қолданылмайтын көнерген сөз екенін ескертеді (ҚТТС, X, 157). Кейбір зерттеушілер чура (шора) сөзі мағынасы жағынан көне түркі тілінде қолданылған оғлан сөзімен тең түседі, ал оғланның мағынасы «біреудің баласы, ұрпағы, құл және жауынгер» дей келіп, «орта ғасырларда Еділ бойы татарларында тәуелді адамдар көп болды, олардың ішінде нәсілі түркі еместерін сол кездегі терминология нормасы бойынша чура деп атады» дегенді айтады (Татары Поволжья, 191). Соған қарағанда, шора/чура сөзі о баста екі-үш түрлі мағынада жұмсалған тәрізді: бірі − «біреудің баласы, ұрпағы», екіншісі — «жауынгер», үшіншісі — «қызметкер» (құл, күң). Қазақ тілінде 1, 2-мағыналарда шора нұсқасы, 3-мағынада шоры нұсқасы қалыптасқанға ұқсайды. «Қамбар батыр» жырында: Ерегіссең менімен, Шауып алып малыңды, Асықпасаң қайтармын Қатыныңды шоры ғып, — дейді. Мұндағы шоры сөзіне осы жырдың 1957 ж. басылымында «күң» деген түсініктеме берілген. Батырдың бәрі сайыпқыран емес, Ақсақ Темір – сайыпқыран… Біз әдетте басылым беттерінен «сайыпқыран ұшқыш, жаужүрек батыр» сөз тіркестерін жиі кездестіреміз. Осындағы сайыпқыран сөзі нені білдіреді? Осы қолданыс дұрыс па? Сайыпқыран сөзі қайдан шыққан? Анықтай келсек, сайыпқыран сөзі парсы тіліндегі Сахиб киран сөзінен алынғанын, оның мағынасы «қыдырма жұлдыздардың (планеталардың) бір түзудің бойына келгенде туған бала туралы» мәнге саятынын байқауға болады (Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 12 том. Алматы: «Дәуір» баспасы, 549-б.). Діни аңыз бойынша, осындай астрономиялық құбылыс сәтінде туған бала ержүректілік, асқан батырлық, алғырлық секілді қасиеттерге ие болады. Осындай мезетте дүниеге келген атақты қолбасшы Ақсақ Темір осы себептен сайыпқыран аталады. «Бұл жерде сөз Темір туралы. Өмірінде жаудан жеңіліп көрмеген сайыпқыран, жұлдызы оңынан туған ақсақ барыс туралы» (М.Жұмабаев. Шығармалары.). Осыған орай «сайыпқыран» сөзін кез келген жерде, қайсы бір батырларды сипаттауда қолдана беруге болмайды екен. Мыңжылдықтарда бір рет орын алатын, бірер сәтке ғана созылатын мезетте туылған қыран ғана сайыпқыран атына лайық саналады екен. Жұлдызшылардың есептеуінше, биылғы жылы, яғни 2012 жылдың 21 желтоқсанында осы құбылыс байқалады екен (Н.Қожамсейітов. «2012 жылы ақжүрек азаматтардың асығы алшысынан түседі». Ана тілі, 6-11 желтоқсан, 2011 ж.). Олай болса, бұйыртса, тарихта із қалдырар сайыпқырандар өмірге келетін сәт алыс емес. Жанат ИСАЕВА «Ана тілі»
Қазақтың көрген-баққаны, естіп-ұққаны, сеніп-тұшынғаны – бәрі-бәрі тілінде тұр. Өмір үйреткен тәжірибесі ауыздан-ауызға тараған фольклорында, одан бергі дәуірлерде арындап өткен от ауызды алдаспан жыраулар поэзиясында, ел, жер, тіпті тұтас ұлт мәселесін өрелі ойына өрнекті сөзін бұлтартпас дәлелімен қоса беретін сұңғыла би-шешендер сөзінде өрілген. Бір сөзбен айтқанда, көшелі сөзінде, таңбалы жазу-сызуында өзіне тән мәдениетін, өзі жасаған тарихын, өзі түзген әдебиетін қалдыра білген.
«Ана тілі» газетінде ай сайын тұрақты түрде «Сөзтаным» беті ұсынылатын болады. Мақсаты – оқырмандарды халқымыздың бай тілдік мұраларымен танымдық, тағылымдық, прагматикалық, этимологиялық, тіл мәдениеті тұрғысынан таныстыру. Тілдік жүйе заңдылықтарын түсіндіру, соған сәйкес оқырмандарға қолданыста қиындық келтіріп жүрген түйінді тұстарда лингвистикалық жәрдем беру, көпшіліктің сауаттылығын арттыруға қол ұшын созу. Қазақтың «көз-таразысы, көңіл-қазысынан» өткен халықтық өлшемдер сыры, орайлы тұста дәл тауып айтылған тұшымды сөздер, езу тартқызар уытты тіркестер, дер кезінде көмегі тиер керек деректер ұсынылмақшы. Тілдік деректерге талдамалар тіл білімі саласының білікті мамандарының іргелі еңбектеріне сүйеніп жасалатынын ескерте кеткіміз келеді.
Талап – бізден, баға – сізден, оқырман. Олай болса, оқып танысыңыз, тоқып, бағасын беріңіз. Тіл-қазына байлығын бірге ақтарайық!
«Азамат» атауы қайдан шыққан?
Осы айдарда берілген сөздердің шығу себептері филология ғылымдарының докторы, академик Р.Сыздық «Сөздер сөйлейді» еңбегінде төмендегіше тарқатады:
Азамат, шора/шоры, жолдас. XVII ғасырда жасаған Ақтамберді жырауда:
Ей, азаматтар, шоралар,
Атты мінсең, зорды мін, – деген жолдар бар. Мұндағы азамат сөзі дәл қазіргі мағынасында емес. Бұл сөздің бұрын терминдік сипаты болған. Ш.Уәлиханов былай деп көрсетеді: «Азамат — кәмелетке келіп, еншісін алған, туыстарына тәуелсіз, үйлі-баранды адам» дегенді білдіреді. Сонымен қатар бұл сөз бір кезеңдерде «жасақшы» («дружинник») ұғымын да бергенге ұқсайды. Шора сөзі азамат дегеннің синонимі» дей келіп, Шоқан шора, азамат тіркесі таза әскери мәнді сөз, ол «жолдас», «жасақшы» дегенді білдіреді деп көрсетеді (Валиханов, I, 20). Азамат сөзінің жоғарыда келтірілген Ақтамберді жыраудың айтуындағы қолданысы Шоқанның осы айтқанын растайды.
«Айман — Шолпан» жырындағы Айман қыз Әлібекке сәлем айтып:
Аты болса, байласып,
Азаматын сайласын, — дегенде азамат сөзінің «жасақшы» ұғымы танылады. Бұл сөзді Махамбет те жиі қолданған:
Арғымақ, сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп,
Азамат, сені сақтадым,
Бір күніме керек деп…
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да көп жортар,
Дұшпанға кеткен кегі бар…
Алқалаған жер болса,
Азамат басы құралса…
Бұл қолданыстардағы азамат сөзі жай ғана адамға қарата емес, жауынгерлерге, жасақшыларға қарата айтылып тұр.
«Ер Сайын» жырында Сайын батыр қасындағы 40 жігітіне:
Ей, қырық жігіт азамат,
Маған бола өлмеңіз, — дейді. Мұнда да азамат — жауынгер, жасақшы.
Заман озған сайын азамат сөзінің мағынасы өзгерген. Өткен ғасырда бұл сөз «жалпы ересек адам, ер адам» дегенді білдіргенін сол кездегі сөздіктер көрсетеді: Азамат — ересек адам, адамдар тобы (Кирг.-русск. сл., 1897). Қазақ тілінде осы мағынадағы азамат сөзінің синонимінде жолдас сөзі қолданылғаны байқалады. Мысалы, Махамбет енді бір өлеңінде:
Қасыма ерген жолдастар…
Жолдастарым, мұңайма, — дейді. Сөйтіп, азамат сөзі ескі жырларда, ертеректегі қазақ тілінде «қолына қару ұстап, ел қорғауға, не ел жаулауға аттанатын адам, жасақшы» дегенді білдірген.
Қазіргі күнде азамат «кәмелетке жеткен ер адам» деген мағынада, осыдан «адамгершілігі мол, саналы, құрметті адам» деген ауыспалы мағынада да жұмсалатынын білеміз.
«Жасақшы» ұғымындағы азамат сөзіне шора деген сөздің синоним болғандығын, яғни мағыналас екендігін В.В.Радлов та айтады: «Бұрын қазақтар шора (чура) сөзін «жасақшы, жауынгер, жолдас» мағынасында кеңінен қолданған» (Радлов, т. I, ч. V, 23). Ал Н.И.Ильминский: «Шора — батырдың баласы және батырдың өзі» деп танытады (Ильминский, 150). Бұл пікірлерді қазақтың батырлар жырының тілі растайды.
Ей, жігіттер, шоралар, — дегенде сөз жай жігіттерге емес, жасақшы жігіттерге арналған. Тіпті бұл жердегі жігіт деген сөздің өзі терминге жуықтау. Орта ғасырларда түркі тілінде жігіт (йігіт) сөзінің терминдік мағынасының болғаны ғылыми әдебиеттерде көрсетіледі: «Жігіт (йігіт) — феодалдың жалдамалы атты әскерінің жауынгері немесе олжа табу үшін феодалға жақын жүрген жауынгер, «кезбе рыцарь» дегенді білдіретін термин» (Материалы по истории казахских ханств ХV-ХVІП вв., Алма-Ата, 1969, 493).
Әрине, қазақтың өлең-жыр мәтіндеріндегі жігіт сөзі дәл осы термиңдік мәнде қолданылған деуге болмайды, бірақ контекстегі мағынасы жағынан шора, азамат сөздеріне синоним іспеттес болып келеді. Әсіресе, «ей, жігіттер, шоралар» сияқты қатар қолданыста жігіт сөзінің осы күнгідей тек «жас ер адам» деген жалпылама мағынадан гөрі, белгілі бір топ өкілін атауы басымырақ тәрізді.
Шора сөзінің «жасақшы, жорықтас, жолдас» ұғымында қолданылуы тіпті ертеректе орын алып, соңғы XVIII ғасырларда сирегені байқалады. Бұхар сияқты XVIII ғасыр жырауы да, Махамбет сияқты жаугершілікті жырлаған XIX ғасыр ақыны да «жасақшы, жорықтас, жолдас» деген мағынада шора сөзін қолданбайды. Кейінгі дәуірлерде шора «байдың, батырдың, бидің баласы» деген сияқты әлеуметтік (сословиелік) атақты білдіруге жұмсалған. Ер Шобанның:
Хан ұлы төредей,
Би ұлы шорадай, — дегенінде де одан кейінгі Бұхардың:
Байлар ұлы шоралар,
Бас қосыпты десін де…
Немесе:
Байлар ұғлы шоралар
Көл жағалар жаз күні,
Байлар қызы бикештер
Қол бұлғайды-ау жаз күні, — дегенінде де шора сөзінде жоғарғы мысалдардағыдай таза «жасақшы», «дружинник» мәні сезілмейді, бірақ қайткенде де шора сөзінде әлеуметтік тапты көрсететін мағына бар. Ханның тақты иеленбеген ұрпағы (ұлы) төре деп аталатыны сияқты, байдың, бидің ұлдары мен қыздары да жай «бай баласы», «би баласы», «байдың қызы» деп аталмай, шора, бикеш деген сияқты арнаулы атпен аталғанын білдіреді. Сондықтан болуы керек, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» шора сөзінің беретін мағынасын «феодалдық қоғамдағы үстемтап өкілі, ел билеген әкім, мырза, бек, шонжар» деп көрсетеді де, оның қазірде қолданылмайтын көнерген сөз екенін ескертеді (ҚТТС, X, 157).
Кейбір зерттеушілер чура (шора) сөзі мағынасы жағынан көне түркі тілінде қолданылған оғлан сөзімен тең түседі, ал оғланның мағынасы «біреудің баласы, ұрпағы, құл және жауынгер» дей келіп, «орта ғасырларда Еділ бойы татарларында тәуелді адамдар көп болды, олардың ішінде нәсілі түркі еместерін сол кездегі терминология нормасы бойынша чура деп атады» дегенді айтады (Татары Поволжья, 191). Соған қарағанда, шора/чура сөзі о баста екі-үш түрлі мағынада жұмсалған тәрізді: бірі − «біреудің баласы, ұрпағы», екіншісі — «жауынгер», үшіншісі — «қызметкер» (құл, күң). Қазақ тілінде 1, 2-мағыналарда шора нұсқасы, 3-мағынада шоры нұсқасы қалыптасқанға ұқсайды. «Қамбар батыр» жырында:
Ерегіссең менімен,
Шауып алып малыңды,
Асықпасаң қайтармын
Қатыныңды шоры ғып, — дейді. Мұндағы шоры сөзіне осы жырдың 1957 ж. басылымында «күң» деген түсініктеме берілген.
Батырдың бәрі сайыпқыран емес,
Ақсақ Темір – сайыпқыран…
Біз әдетте басылым беттерінен «сайыпқыран ұшқыш, жаужүрек батыр» сөз тіркестерін жиі кездестіреміз. Осындағы сайыпқыран сөзі нені білдіреді? Осы қолданыс дұрыс па? Сайыпқыран сөзі қайдан шыққан?
Анықтай келсек, сайыпқыран сөзі парсы тіліндегі Сахиб киран сөзінен алынғанын, оның мағынасы «қыдырма жұлдыздардың (планеталардың) бір түзудің бойына келгенде туған бала туралы» мәнге саятынын байқауға болады (Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 12 том. Алматы: «Дәуір» баспасы, 549-б.). Діни аңыз бойынша, осындай астрономиялық құбылыс сәтінде туған бала ержүректілік, асқан батырлық, алғырлық секілді қасиеттерге ие болады. Осындай мезетте дүниеге келген атақты қолбасшы Ақсақ Темір осы себептен сайыпқыран аталады. «Бұл жерде сөз Темір туралы. Өмірінде жаудан жеңіліп көрмеген сайыпқыран, жұлдызы оңынан туған ақсақ барыс туралы» (М.Жұмабаев. Шығармалары.).
Осыған орай «сайыпқыран» сөзін кез келген жерде, қайсы бір батырларды сипаттауда қолдана беруге болмайды екен. Мыңжылдықтарда бір рет орын алатын, бірер сәтке ғана созылатын мезетте туылған қыран ғана сайыпқыран атына лайық саналады екен. Жұлдызшылардың есептеуінше, биылғы жылы, яғни 2012 жылдың 21 желтоқсанында осы құбылыс байқалады екен (Н.Қожамсейітов. «2012 жылы ақжүрек азаматтардың асығы алшысынан түседі». Ана тілі, 6-11 желтоқсан, 2011 ж.). Олай болса, бұйыртса, тарихта із қалдырар сайыпқырандар өмірге келетін сәт алыс емес.
Жанат ИСАЕВА
«Ана тілі»
