Бұлбұл әншінің басынан кешкендері
КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова өнерлі отбасында дүниеге келген. Әкесі скрипкада ойнаса, ал анасы ән салғанды жақсы көрген екен. Алайда 1937 жылы Қатон-Қарағайда әкесі қудалауға ұшырап, ақыр аяғында із-түзсіз жоғалып кетеді. Отбасындағы ауыртпалық 7 жасар Бибігүлді ерте есейтеді. Тірегінен айырылған әулетті аман-сақтап қалу қаршадай қыздың иығына түседі. Кешкі мектепте білім ала жүріп, еңбекке араласады. Күнкөріс қамымен ет комбинатында жұмысқа тұрады. Қолы қалт еткенде, көркемөнер үйірмесіне қатысып, ән салады. Сөйтіп жүргенде, өрімдей қыздың бойындағы тылсым талантты танымал кеңес жазушысы Галина Серебрякова тап басып, таниды. Өнерлі қызға сая болып, қамқорлығына алады. Музыкалық сауатын ашады. Кейін Алматы консерваториясының вокалдық-хор факультетіне оқуға жібереді. Әншінің одан кейінгі өмірі тыңдармандарының көз алдында десек, қателеспейміз. Сахна саңлағы өткенге көз жібере отырып, бүгінгі шыққан биігіне, Құдайға шүкіршілік етеді. «Құрмет тақтасы» жобасына берген сұхбатында Бибігүл Төлегенова өмір жолындағы ұмытылмайтын қасіретті сәттерді де еске алады. 13 жасында кішкентай сіңлісін өз қолымен жер қойнына тапсырғаны әлі күнге есінен кетпейтініне қынжылыс білдіреді. «...Көршіміз екеуіміз зират басына бардық, мен 7 жасар сіңлімді көмуім керек болды. Көршім қазады, одан кейін шұңқырға түседі де «басым көріне ме?» деп сұрайды. Біз тіпті өлген адамды жерлегелі жатқанымызды жете түсінбедік. Одан соң шөптерді жинадым да сіңлімнің үстіне сеуіп тастадым» деп күрсінеді әнші. Өнер иесі жеке өміріндегі сәтсіздіктер жайлы да жасырмайды. Үш рет тұрмысқа шығып, дәм-тұз жарастыра алмағанын ашық айтқан. «Менің өмірімде маған көмектесетін ер адамдар кездеспеді. Маған «Халық артисіне үйленсем, демек, бәрі жақсы болады. Ешбір қиындық көрмеймін» деген ер-азаматтар жолықты. Сәл қиындыққа тап болса, артқа шегінетін еді. Өкінішке қарай, менің жанымнан осындай адамдар табылды» дейді. 5 жыл бұрын аяулы қызы Мәриямгүлдің өмірден өткені де 83 жастағы танымал тұлғаға оңай тимеген. «Аса шыдамды болу керек, үлкен қуаныштарды аса эмоционалды түрде қабылдауға, ауыр сәттерде өзіңді қатты жегідей жеуге де болмайды. Барлығына парасатпен қарап, үлкен төзімділік таныту керек» дейді өнер иесі. Александр Замыслов «Бибігүл Ахметқызымен жұмыс істеу аса қиындық тудырған жоқ. Ол кісі өте сабырлы, парасатты жан екен. Әңгіме барысында көптеген құнды деректердің беті ашылды. Орамды ойларымен бөлісті. Түсірілім жұмыстары кезінде ешқандай кедергілер болған жоқ. Халық артисі, мүмкіндігінше, бізге жағдай жасауға тырысты. Біздің талап-тілектеріміздің бәрін жерге қалдырмай, орындады. Ақжарқын мінезімен, әдемі күлкісімен тәнті етті» дейді. «Айқын»
КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова өнерлі отбасында дүниеге келген. Әкесі скрипкада ойнаса, ал анасы ән салғанды жақсы көрген екен. Алайда 1937 жылы Қатон-Қарағайда әкесі қудалауға ұшырап, ақыр аяғында із-түзсіз жоғалып кетеді. Отбасындағы ауыртпалық 7 жасар Бибігүлді ерте есейтеді. Тірегінен айырылған әулетті аман-сақтап қалу қаршадай қыздың иығына түседі. Кешкі мектепте білім ала жүріп, еңбекке араласады. Күнкөріс қамымен ет комбинатында жұмысқа тұрады. Қолы қалт еткенде, көркемөнер үйірмесіне қатысып, ән салады. Сөйтіп жүргенде, өрімдей қыздың бойындағы тылсым талантты танымал кеңес жазушысы Галина Серебрякова тап басып, таниды. Өнерлі қызға сая болып, қамқорлығына алады. Музыкалық сауатын ашады. Кейін Алматы консерваториясының вокалдық-хор факультетіне оқуға жібереді. Әншінің одан кейінгі өмірі тыңдармандарының көз алдында десек, қателеспейміз. Сахна саңлағы өткенге көз жібере отырып, бүгінгі шыққан биігіне, Құдайға шүкіршілік етеді.
«Құрмет тақтасы» жобасына берген сұхбатында Бибігүл Төлегенова өмір жолындағы ұмытылмайтын қасіретті сәттерді де еске алады. 13 жасында кішкентай сіңлісін өз қолымен жер қойнына тапсырғаны әлі күнге есінен кетпейтініне қынжылыс білдіреді. «...Көршіміз екеуіміз зират басына бардық, мен 7 жасар сіңлімді көмуім керек болды. Көршім қазады, одан кейін шұңқырға түседі де «басым көріне ме?» деп сұрайды. Біз тіпті өлген адамды жерлегелі жатқанымызды жете түсінбедік. Одан соң шөптерді жинадым да сіңлімнің үстіне сеуіп тастадым» деп күрсінеді әнші. Өнер иесі жеке өміріндегі сәтсіздіктер жайлы да жасырмайды. Үш рет тұрмысқа шығып, дәм-тұз жарастыра алмағанын ашық айтқан. «Менің өмірімде маған көмектесетін ер адамдар кездеспеді. Маған «Халық артисіне үйленсем, демек, бәрі жақсы болады. Ешбір қиындық көрмеймін» деген ер-азаматтар жолықты. Сәл қиындыққа тап болса, артқа шегінетін еді. Өкінішке қарай, менің жанымнан осындай адамдар табылды» дейді.
5 жыл бұрын аяулы қызы Мәриямгүлдің өмірден өткені де 83 жастағы танымал тұлғаға оңай тимеген. «Аса шыдамды болу керек, үлкен қуаныштарды аса эмоционалды түрде қабылдауға, ауыр сәттерде өзіңді қатты жегідей жеуге де болмайды. Барлығына парасатпен қарап, үлкен төзімділік таныту керек» дейді өнер иесі. Александр Замыслов «Бибігүл Ахметқызымен жұмыс істеу аса қиындық тудырған жоқ. Ол кісі өте сабырлы, парасатты жан екен. Әңгіме барысында көптеген құнды деректердің беті ашылды. Орамды ойларымен бөлісті. Түсірілім жұмыстары кезінде ешқандай кедергілер болған жоқ. Халық артисі, мүмкіндігінше, бізге жағдай жасауға тырысты. Біздің талап-тілектеріміздің бәрін жерге қалдырмай, орындады. Ақжарқын мінезімен, әдемі күлкісімен тәнті етті» дейді.
«Айқын»
