Жаңалықтар

Матуриди еңбектері

Хижри IV ғасырдың басында исламдағы ақылдың орнын бағамдайтын әһли сүннәт кәләмы пайда болды. Бұл ғылымның негізін ирактық Әбу Хасан әл-Әшғари (946) мен Самарқандық имам Матуриди қалады. Матуриди – әсіресе Ислам ақидасы мен кәләм саласында ақыл-ойға басты мән берген, Матуриди деп аталатын үлкен теологиялық мектептің құрушысы (ІX ғасырдың соңы мен X ғасыр басы). Имамның толық аты-жөні − әл-Имам Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әл-Әнсари. Қазіргі уақытта әлемдегі барша мұсылмандардың 90 пайызын сунниттер, ал қалған 10 пайызын шииттер құрап отыр. Ал сол тоқсан пайыз сунниттердің 87 пайызын «Матуридилік» пен «Әшғарилік» мектебіне қарасты «Әһли сүннет уәл-жамағат» құрауда. Әһли сүннет фиқһта − төрт мәзһаб: ханафи, шафиғи, ханбали, малики, ал ақида саласында − екі: матуриди және әшғари мектебі бағыттарын ұстанады. Матуриди өз кезегінде сенім мәселелерін талқылау әрі қамту тұрғысынан Әбу Ханифаның ілімінен көп сусындаған. Өз дәуірінің кемеңгер ойшылы Әбу Мансур әл-Матуриди артына бірнеше кітап жазып қалдырған, көп шәкірт тәрбиелеген. Матуридидің еңбектері көбіне мына тақырыптарда жазылған: Тәпсір мен Құран іліміне қатысты еңбектері «Китабу Тәуилати Әһли Сунна». Бұл Матуридидің Құран тәпсіріне байланысты жазған ең құнды еңбегі, өз сөзімен айтқанда «Құран тәуилі». Мұнда имам, орайы келгенде ақида мәселелеріне тоқталып, бидғатшылардың пікірлеріне жауап беріп, оларға қарсы өз ойын айтып отырған. Өзге классик ғалымдардан өзгеше әр аятты жеке бөліп, ақылдық тұрғыда түсіндіре білген. Әһли сүннетті қорғай отырып, мүшаббиһа (мүжәссима), мұғтазиланы сынға алған. Сондықтан да бұл маңызды еңбекті көптеген ғалымдар зерттеген. Әлем кітапханаларында көптеген қолжазба нұсқалары сақталған. Имам Матуриди бұл айтулы еңбегінде Әһли сүннетке қайшы көзқарастарды рационалдық және нақли (Құран және Сүннет) дәлелдермен терістеген. Тек сенімдік мәселелермен шектеліп қалмай, фиқһтық яғни Әбу Ханифаның көзқарастарымен амал еткен. «Тәуилату-л Қуръанды» 1971 жылы Каирда Ибраһим және Саийд Ауадайн, Бағдатта 1983 жылы Мұхаммед Мустафизир Рахман, Стамбулда 2003 жылы Бекир Топалоғлу мен Ахмет Ванлыоғлу біршама бөлімдерін түрік тілінде жариялаған. Матуриди бұл еңбегінде семантикалық тәсілді қолданған. Құранды Құран аяттарымен түсіндірген. Екінші дереккөз ретінде хадисті (тек сахих хадистерді) пайдаланған. Имам Матуриди тәпсірінде тақырыптарға қатысты Құранның басқа да аяттарын дәлел ретінде келтіреді. Құран аяттарымен қатар хадистерге де орын берген. Бірақ, хадистерді толық зерттеп алмай тұрып қолданбайтын. Әбул Муин ән-Нәсафи, Әбул Юср әл-Бәздауи, Ибн Әбил Уафа, Хаджи Халифа, Муртада әз-Зәбиди секілді ғалымдар Матуридидің бұл еңбегін жоғары бағалаған. Қалмахан Ержан, Теология ғылымдарының докторы, дінтанушы
08.10.2013 04:30 5638

Хижри IV ғасырдың басында исламдағы ақылдың орнын бағамдайтын әһли сүннәт кәләмы пайда болды. Бұл ғылымның негізін ирактық Әбу Хасан әл-Әшғари (946) мен Самарқандық имам Матуриди қалады. Матуриди – әсіресе Ислам ақидасы мен кәләм саласында ақыл-ойға басты мән берген, Матуриди деп аталатын үлкен теологиялық мектептің құрушысы (ІX ғасырдың соңы мен X ғасыр басы).

Имамның толық аты-жөні − әл-Имам Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әл-Әнсари.

Қазіргі уақытта әлемдегі барша мұсылмандардың 90 пайызын сунниттер, ал қалған 10 пайызын шииттер құрап отыр. Ал сол тоқсан пайыз сунниттердің 87 пайызын «Матуридилік» пен «Әшғарилік» мектебіне қарасты «Әһли сүннет уәл-жамағат» құрауда.

Әһли сүннет фиқһта − төрт мәзһаб: ханафи, шафиғи, ханбали, малики, ал ақида саласында − екі: матуриди және әшғари мектебі бағыттарын ұстанады.

Матуриди өз кезегінде сенім мәселелерін талқылау әрі қамту тұрғысынан Әбу Ханифаның ілімінен көп сусындаған.

Өз дәуірінің кемеңгер ойшылы Әбу Мансур әл-Матуриди артына бірнеше кітап жазып қалдырған, көп шәкірт тәрбиелеген.

Матуридидің еңбектері көбіне мына тақырыптарда жазылған:

Тәпсір мен Құран іліміне қатысты еңбектері

«Китабу Тәуилати Әһли Сунна».

Бұл Матуридидің Құран тәпсіріне байланысты жазған ең құнды еңбегі, өз сөзімен айтқанда «Құран тәуилі». Мұнда имам, орайы келгенде ақида мәселелеріне тоқталып, бидғатшылардың пікірлеріне жауап беріп, оларға қарсы өз ойын айтып отырған. Өзге классик ғалымдардан өзгеше әр аятты жеке бөліп, ақылдық тұрғыда түсіндіре білген. Әһли сүннетті қорғай отырып, мүшаббиһа (мүжәссима), мұғтазиланы сынға алған. Сондықтан да бұл маңызды еңбекті көптеген ғалымдар зерттеген. Әлем кітапханаларында көптеген қолжазба нұсқалары сақталған.

Имам Матуриди бұл айтулы еңбегінде Әһли сүннетке қайшы көзқарастарды рационалдық және нақли (Құран және Сүннет) дәлелдермен терістеген. Тек сенімдік мәселелермен шектеліп қалмай, фиқһтық яғни Әбу Ханифаның көзқарастарымен амал еткен.

«Тәуилату-л Қуръанды» 1971 жылы Каирда Ибраһим және Саийд Ауадайн, Бағдатта 1983 жылы Мұхаммед Мустафизир Рахман, Стамбулда 2003 жылы Бекир Топалоғлу мен Ахмет Ванлыоғлу біршама бөлімдерін түрік тілінде жариялаған.

Матуриди бұл еңбегінде семантикалық тәсілді қолданған. Құранды Құран аяттарымен түсіндірген. Екінші дереккөз ретінде хадисті (тек сахих хадистерді) пайдаланған.

Имам Матуриди тәпсірінде тақырыптарға қатысты Құранның басқа да аяттарын дәлел ретінде келтіреді. Құран аяттарымен қатар хадистерге де орын берген. Бірақ, хадистерді толық зерттеп алмай тұрып қолданбайтын.

Әбул Муин ән-Нәсафи, Әбул Юср әл-Бәздауи, Ибн Әбил Уафа, Хаджи Халифа, Муртада әз-Зәбиди секілді ғалымдар Матуридидің бұл еңбегін жоғары бағалаған.

Қалмахан Ержан,
Теология ғылымдарының докторы, дінтанушы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға