Ақыт Үлімжіұлы туралы зерттеулер
Ақыт есімі қазақстандық зерттеушілерге сонау 1972 жылдан «Бозіңген» кітабы арқылы таныс бола бастағанын айттық. Бірақ, әдебиет зерттеушілері Ақытқа әлі баса назар аудармай келе жатыр. 2000 жылы Алматыда «Білім» баспасынан Амантай Шәріптің «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» атты көлемді зерттеу еңбегі жарық көрді. Еңбек қазақ поэзиясының інжу маржандарын ХҮІІІ ғасырдан бастап сөйлетеді. Алайда, бұл еңбекте де Ақыт есімі елеусіз қалған. Кітап қазақ поэзиясындағы ұлттық идеяны тарқатып айтуды басты мұрат тұтқан. Ендеше, қиыр жайлап, шет қонса да, қазақ мұратын жырлаған, халықты ағартушылыққа үндеген, жеті жұрттың тілін білген Ақыттың ұлттық идеялы, мағыналы жырларын талдау, оның әдебиет тарихындағы орнын айшықтауға келгенде неге сараңдық танытамыз. Филология ғылымдарының докторы Қанипаш Мәдібай «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. І кітап» атты монографиясының І тарауын «Қисса өлең» деп үкілейді. Алайда, кітаптың кіріспесінде де, бірінші тарауында да Ақыт ақынның аты аталмайды. Филология ғылымдарының докторы З. Сейітжановтың «Шыңжаңдағы қазақ әдебиеті» атты еңбегін атай отырып, тарихи себептермен Қытай жағында қалып қойған қазақтардың әдебиетіндегі қиссашыл дәстүр жайында сөз ете отырып, Шыңжаңда 12 томдық қиссалар жинағының жарық көргенін атай кетуді ұмытпайды. Дегенмен, Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақов аты аталынбайды. Кітаптың ІІ тарауы «Тарихи өлең» деп үкіленеді. Біздіңше, осы екі тарауда да Ақыт атының ауызға алынуы әділетті болар еді. Олай дейтініміз, Ақыт жырлары осы екі тараудың да үдесінен шыға білетіні айқын. Ақыттың діни-қиссаларының өзі бір төбе болса, тарихи жырларының да ауқымы өзгеше. Бірақ, автор бұл міндетті өзге зерттеушілерге қалдырған болуы керек. Алайда, біздің мақсатымыз – біртұтас әдебиет тарихын жасау, сол арқылы қазақтың ащы тағдырын бейнелеу, әдебиет пен тарихтағы ақтаңдақтарды ақтару болып табылмай ма?! Осы тұрғыдан келгенде, біз алға қойған мақсатымыздың үдесінен шыға алмай жатқан секілдіміз. Ақыт атауын «Он ғасыр жырлайды» секілді ірі еңбектерден қалдыруымыз әдебиет тарихына жасалған қиянат деп білеміз. Ал, оның ХІХ-ХХ ғасыр басындағы әдебиет жайлы еңбектер мен оқу құралдарында аты аталмауы кешірілмес ағаттық. Ақыт Үлімжіұлының кітаптарының 1897 жылдан Қазанда басылып шыға бастағаны жайлы деректі 1996 жылы жарық көрген Үшкөлтай Сүбханбердинаның «Қазақ кітабының шежіресі. 1807-1917» атты кітабынан кездестіреміз. Бұл кітаптың алғы сөзінде «Деятель» журналының беттерінен Алтайда және Моңғолияда әйгілі болған, революциядан бұрын Қазан қаласында 4-5 кітабы басылып шыққан Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақовтың 1897 жылы шыққан «Тәржіме-и Акыт уаляди Өлімжі Алтайский» деген кітабы жайында Н. Катановтың мақаласын кездестіреміз (1898, №8-9. 429-430 беттер). Онда кітаптың 5000 дана болып шыққан, бастырушы – Мухаммед Нәжиб Әли-Әкбаров екендігі туралы айтылады. Бұл Ақыт ақынның «Жиһан шаһ Тамуз шаһ ұғлы» атты белгілі қиссасы, ол 1902 жылы қайта басылған» [4, 9] делінген. Әдебиет зерттеушілері қазақ кітаптары жайлы осы бір құнды еңбекті байқамады деуге келмейді. Бұрынғыдай екі шоқып бір қарайтын заман да кетті. Бізге қазір идеологиялық шоқпар кедергі болып тұрған жоқ, керісінше, сол идеологиялық шоқпардан қалып қойған психология кедергі болып тұрған секілді. Азат елдің азат әдебиетін жасау үшін азат ойлау жүйесін қалыптастыру керек. Кеңестік тар жүйеден шығып, әдебиетімізді ғаламдық деңгейде жүйелей алсақ, әлемнің төрт бұрышында жасап жүрген, сегіз қиыр шартарапты шарлап кеткен қазақ әдебиетін назардан тыс қалдырмас едік. Бір айта кетерлігі, Ақыт Үлімжіұлы шығармаларын зерттеу, оның әдеби мұрасын қалың оқырман көпшілікке таныстыру ісін тек шеттен келген зерттеушілер өздеріне аманат етіп алғандай. «Бозіңгендегі» толғауларынан кейін, Ақыт Үлімжіұлы туралы көлемді еңбектер филология ғылымдарының докторы Қабидаш Қалиасқарұлының «Моңғолиядағы қазақ әдебиеті» атты докторлық диссертациясында, Нұрқасым Қазыбековтың «Ой таразысы» (Алматы: Жазушы – 1991 жыл), Жақсылық Сәмитұлының «Қытайдағы қазақтар» (Алматы - 2000), тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұқаметханұлының «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы. 1860-1920» (Алматы: ҚазАқпарат – 2000 жыл), филология ғылымдарының докторы Дүкен Мәсімханұлының «Жыр – жебе» (Алматы: Қазақ университеті – 2000 жыл), «Сарап» (Астана: Елорда – 2001 жыл), кітаптарында кездеседі. Ал, Алматыдағы «Мұсылман баспа үйінен» 2008 жылы Ақыт ақынның баласы Ғазез Ақытұлының «Ақыт Үлімжіұлы» атты Қытайда төте араб ғарпімен жарық көрген кітабы, Омарова Гүлнардың редакциялауымен жарық көрді. Аталған кітаптарда Ақыт ақынның шығармашылық ғұмырбаяны, оның өмір сүрген кезеңі, тарихи-мәдени маңызы және жырларындағы әлеуметтік сарын баса көрсетіледі. Мәселен, Дүкен Мәсімханұлының «Сарап» кітабында «Ақыт ақын әлемі» атты көлемді зерттеу мақаласы жарық көрген. Зерттеуші ақынның үйрену мектебіне көбірек үңіле отырып, оның жырларындағы әлеуметтік сарынға баса ден қояды: « Бала күнінде өзінің отбасындағы жоқшылықты ғана сезініп өскен Ақыт ақын есейе келе оның жалпы қазақ даласындағы ызғарын да сезіп-біліп, әрі оның себеп-салдарын іздей бастайды. Сөйтіп ол отарлық қапаста тұншығып, мүлде бұғып қалған қазақ баласын оятуды мақсат етеді. Ақынның Абайдың қара сөздеріне еліктеп жазған 55 өлеңнен тұратын «Ғақылиялық үндеулерін» 30-шы жылдардың жемісі деуге болады.Себебі онда ақын «Бұл нұсқаны жазғанда, қағазға өрнек салғандай, алпыс алты жасым бар» деп жазады. Осы кезеңнің еншісіне «Барып қайттым Бисан тау», «Замана келді қырланып» тектес өлеңдерін де жатқызуға болады. Қай халықтың, қай заманның қаламгері болмасын, егер ол шын талант, үлкен жүректі азамат болатын болса, өзі өмір сүрген дәуірдің шындығын бедерлемей тұра алмайды. Егер шындықты айналып өтіп, өз жанын ғана күйттеп, жалғандыққа жол берсе, онда ол адамның қас талант, халық ұлы болмағаны. Бұл реттен келгенде Ақыт ақын өз дәуірінің бар шындығын көркем ой, кестелі тілмен өрнектеп берген ұлы тұлға. Ал, Ақыт ақын өмір сүрген дәуірдегі түбірлі мәселенің бірі қытай отаршылдары езгісі мен жергілікті бодан халықтың азаттық күрес арасындағы майдан еді. Ақыт шығармаларында бұл келелі тақырып молынан орын алды. Қандай бір елде, қай қоғамда болмасын, оның мемлекет аппаратының, әскери қосынының, диктатор органының міндеті көбінде сол елдегі үстем халықтың мүддесін басшылыққа алатыны ақиқат. Олай болса, ақын-жазушының сол елдің мемлекеттік саясатына, бірлі-жарым әскеріне, жергілікті шонжарларына ұстанған позициясы, сөз жоқ автордың саяси позициясынан дерек береді. Анықтап айтқанда отаршыл елдің жергілікті ұлықтарына, оларға қызмет етіп жүрген қазақтың сатқын белсенділеріне қарсы тұру арқылы жалпы отаршыл жүйеге, империяға қарсылығын бейнелеу қай кезден бергі қарапайым жұрттың дағдысы. Бұл тұрғыдан келгенде Ақыт ақын тіптен белсенділік танытқаны шығармаларынан мен мұндалап тұрады. Мәселен: Елді еркіне қоймады, Шанақсыз шаргез ұлықтар. Текедейін бақылдап, Суырдайын шақылдап, Қожайынсып, қоқаңдап, Дауасыз сөзбен тақылдап... ...Қазымыр болса ұлығың Жемір өскен сиырдай, - деген өлең жолдарында қытай ұлықтарының «суырдай шақылдаған» шақар бейнесі әдемі суреттелген» [7, 144-145] дейді. Дүкен Мәсімханұлы тұтас зерттеу еңбегін Ақыт Үлімжіұлына арнап отырған жоқ. Ол ондағы қазақ ақындарын қазақстандық оқырманға таныстыруды мақсат етіп отыр. Қорыта айтқанда, Ақыт Үлімжіұлы туралы ғылыми-талдау, сыни сараптамалық еңбектер әлі де аз. Оның үстіне қазақ әдебиетінің тарихын безбендейтін көлемді еңбектерде оның аты қалыс қалып келеді. Әдебиеттанудың ендігі мақсаты бір қазақты іште, шетте деп бөлмей біртұтас қазақ әдебиеті тарихын жасау. Осы тұрғыда қазақ оқырманын адастырмай, Ақыт сынды ғұламаларымызды әдебиет тарихы оқулықтарына енгізу. Ол тек өлкелік ғана ақын емес. Ол тұтас ұлттың жоғын іздеуші, Алаштың арманын аласартпай, қазақты ағартуға, оянуға үндеп келген ақын. Дәулеткерей КәпұлыАқыт есімі қазақстандық зерттеушілерге сонау 1972 жылдан «Бозіңген» кітабы арқылы таныс бола бастағанын айттық. Бірақ, әдебиет зерттеушілері Ақытқа әлі баса назар аудармай келе жатыр. 2000 жылы Алматыда «Білім» баспасынан Амантай Шәріптің «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» атты көлемді зерттеу еңбегі жарық көрді. Еңбек қазақ поэзиясының інжу маржандарын ХҮІІІ ғасырдан бастап сөйлетеді. Алайда, бұл еңбекте де Ақыт есімі елеусіз қалған. Кітап қазақ поэзиясындағы ұлттық идеяны тарқатып айтуды басты мұрат тұтқан. Ендеше, қиыр жайлап, шет қонса да, қазақ мұратын жырлаған, халықты ағартушылыққа үндеген, жеті жұрттың тілін білген Ақыттың ұлттық идеялы, мағыналы жырларын талдау, оның әдебиет тарихындағы орнын айшықтауға келгенде неге сараңдық танытамыз.
Филология ғылымдарының докторы Қанипаш Мәдібай «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. І кітап» атты монографиясының І тарауын «Қисса өлең» деп үкілейді. Алайда, кітаптың кіріспесінде де, бірінші тарауында да Ақыт ақынның аты аталмайды. Филология ғылымдарының докторы З. Сейітжановтың «Шыңжаңдағы қазақ әдебиеті» атты еңбегін атай отырып, тарихи себептермен Қытай жағында қалып қойған қазақтардың әдебиетіндегі қиссашыл дәстүр жайында сөз ете отырып, Шыңжаңда 12 томдық қиссалар жинағының жарық көргенін атай кетуді ұмытпайды. Дегенмен, Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақов аты аталынбайды. Кітаптың ІІ тарауы «Тарихи өлең» деп үкіленеді. Біздіңше, осы екі тарауда да Ақыт атының ауызға алынуы әділетті болар еді. Олай дейтініміз, Ақыт жырлары осы екі тараудың да үдесінен шыға білетіні айқын. Ақыттың діни-қиссаларының өзі бір төбе болса, тарихи жырларының да ауқымы өзгеше. Бірақ, автор бұл міндетті өзге зерттеушілерге қалдырған болуы керек. Алайда, біздің мақсатымыз – біртұтас әдебиет тарихын жасау, сол арқылы қазақтың ащы тағдырын бейнелеу, әдебиет пен тарихтағы ақтаңдақтарды ақтару болып табылмай ма?! Осы тұрғыдан келгенде, біз алға қойған мақсатымыздың үдесінен шыға алмай жатқан секілдіміз. Ақыт атауын «Он ғасыр жырлайды» секілді ірі еңбектерден қалдыруымыз әдебиет тарихына жасалған қиянат деп білеміз. Ал, оның ХІХ-ХХ ғасыр басындағы әдебиет жайлы еңбектер мен оқу құралдарында аты аталмауы кешірілмес ағаттық.
Ақыт Үлімжіұлының кітаптарының 1897 жылдан Қазанда басылып шыға бастағаны жайлы деректі 1996 жылы жарық көрген Үшкөлтай Сүбханбердинаның «Қазақ кітабының шежіресі. 1807-1917» атты кітабынан кездестіреміз. Бұл кітаптың алғы сөзінде «Деятель» журналының беттерінен Алтайда және Моңғолияда әйгілі болған, революциядан бұрын Қазан қаласында 4-5 кітабы басылып шыққан Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақовтың 1897 жылы шыққан «Тәржіме-и Акыт уаляди Өлімжі Алтайский» деген кітабы жайында Н. Катановтың мақаласын кездестіреміз (1898, №8-9. 429-430 беттер). Онда кітаптың 5000 дана болып шыққан, бастырушы – Мухаммед Нәжиб Әли-Әкбаров екендігі туралы айтылады. Бұл Ақыт ақынның «Жиһан шаһ Тамуз шаһ ұғлы» атты белгілі қиссасы, ол 1902 жылы қайта басылған» [4, 9] делінген. Әдебиет зерттеушілері қазақ кітаптары жайлы осы бір құнды еңбекті байқамады деуге келмейді.
Бұрынғыдай екі шоқып бір қарайтын заман да кетті. Бізге қазір идеологиялық шоқпар кедергі болып тұрған жоқ, керісінше, сол идеологиялық шоқпардан қалып қойған психология кедергі болып тұрған секілді. Азат елдің азат әдебиетін жасау үшін азат ойлау жүйесін қалыптастыру керек. Кеңестік тар жүйеден шығып, әдебиетімізді ғаламдық деңгейде жүйелей алсақ, әлемнің төрт бұрышында жасап жүрген, сегіз қиыр шартарапты шарлап кеткен қазақ әдебиетін назардан тыс қалдырмас едік.
Бір айта кетерлігі, Ақыт Үлімжіұлы шығармаларын зерттеу, оның әдеби мұрасын қалың оқырман көпшілікке таныстыру ісін тек шеттен келген зерттеушілер өздеріне аманат етіп алғандай. «Бозіңгендегі» толғауларынан кейін, Ақыт Үлімжіұлы туралы көлемді еңбектер филология ғылымдарының докторы Қабидаш Қалиасқарұлының «Моңғолиядағы қазақ әдебиеті» атты докторлық диссертациясында, Нұрқасым Қазыбековтың «Ой таразысы» (Алматы: Жазушы – 1991 жыл), Жақсылық Сәмитұлының «Қытайдағы қазақтар» (Алматы - 2000), тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұқаметханұлының «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы. 1860-1920» (Алматы: ҚазАқпарат – 2000 жыл), филология ғылымдарының докторы Дүкен Мәсімханұлының «Жыр – жебе» (Алматы: Қазақ университеті – 2000 жыл), «Сарап» (Астана: Елорда – 2001 жыл), кітаптарында кездеседі. Ал, Алматыдағы «Мұсылман баспа үйінен» 2008 жылы Ақыт ақынның баласы Ғазез Ақытұлының «Ақыт Үлімжіұлы» атты Қытайда төте араб ғарпімен жарық көрген кітабы, Омарова Гүлнардың редакциялауымен жарық көрді. Аталған кітаптарда Ақыт ақынның шығармашылық ғұмырбаяны, оның өмір сүрген кезеңі, тарихи-мәдени маңызы және жырларындағы әлеуметтік сарын баса көрсетіледі.
Мәселен, Дүкен Мәсімханұлының «Сарап» кітабында «Ақыт ақын әлемі» атты көлемді зерттеу мақаласы жарық көрген. Зерттеуші ақынның үйрену мектебіне көбірек үңіле отырып, оның жырларындағы әлеуметтік сарынға баса ден қояды: « Бала күнінде өзінің отбасындағы жоқшылықты ғана сезініп өскен Ақыт ақын есейе келе оның жалпы қазақ даласындағы ызғарын да сезіп-біліп, әрі оның себеп-салдарын іздей бастайды. Сөйтіп ол отарлық қапаста тұншығып, мүлде бұғып қалған қазақ баласын оятуды мақсат етеді. Ақынның Абайдың қара сөздеріне еліктеп жазған 55 өлеңнен тұратын «Ғақылиялық үндеулерін» 30-шы жылдардың жемісі деуге болады.Себебі онда ақын «Бұл нұсқаны жазғанда, қағазға өрнек салғандай, алпыс алты жасым бар» деп жазады. Осы кезеңнің еншісіне «Барып қайттым Бисан тау», «Замана келді қырланып» тектес өлеңдерін де жатқызуға болады. Қай халықтың, қай заманның қаламгері болмасын, егер ол шын талант, үлкен жүректі азамат болатын болса, өзі өмір сүрген дәуірдің шындығын бедерлемей тұра алмайды. Егер шындықты айналып өтіп, өз жанын ғана күйттеп, жалғандыққа жол берсе, онда ол адамның қас талант, халық ұлы болмағаны. Бұл реттен келгенде Ақыт ақын өз дәуірінің бар шындығын көркем ой, кестелі тілмен өрнектеп берген ұлы тұлға. Ал, Ақыт ақын өмір сүрген дәуірдегі түбірлі мәселенің бірі қытай отаршылдары езгісі мен жергілікті бодан халықтың азаттық күрес арасындағы майдан еді. Ақыт шығармаларында бұл келелі тақырып молынан орын алды. Қандай бір елде, қай қоғамда болмасын, оның мемлекет аппаратының, әскери қосынының, диктатор органының міндеті көбінде сол елдегі үстем халықтың мүддесін басшылыққа алатыны ақиқат. Олай болса, ақын-жазушының сол елдің мемлекеттік саясатына, бірлі-жарым әскеріне, жергілікті шонжарларына ұстанған позициясы, сөз жоқ автордың саяси позициясынан дерек береді. Анықтап айтқанда отаршыл елдің жергілікті ұлықтарына, оларға қызмет етіп жүрген қазақтың сатқын белсенділеріне қарсы тұру арқылы жалпы отаршыл жүйеге, империяға қарсылығын бейнелеу қай кезден бергі қарапайым жұрттың дағдысы. Бұл тұрғыдан келгенде Ақыт ақын тіптен белсенділік танытқаны шығармаларынан мен мұндалап тұрады. Мәселен:
Елді еркіне қоймады,
Шанақсыз шаргез ұлықтар.
Текедейін бақылдап,
Суырдайын шақылдап,
Қожайынсып, қоқаңдап,
Дауасыз сөзбен тақылдап...
...Қазымыр болса ұлығың
Жемір өскен сиырдай, - деген өлең жолдарында қытай ұлықтарының «суырдай шақылдаған» шақар бейнесі әдемі суреттелген» [7, 144-145] дейді. Дүкен Мәсімханұлы тұтас зерттеу еңбегін Ақыт Үлімжіұлына арнап отырған жоқ. Ол ондағы қазақ ақындарын қазақстандық оқырманға таныстыруды мақсат етіп отыр.
Қорыта айтқанда, Ақыт Үлімжіұлы туралы ғылыми-талдау, сыни сараптамалық еңбектер әлі де аз. Оның үстіне қазақ әдебиетінің тарихын безбендейтін көлемді еңбектерде оның аты қалыс қалып келеді. Әдебиеттанудың ендігі мақсаты бір қазақты іште, шетте деп бөлмей біртұтас қазақ әдебиеті тарихын жасау. Осы тұрғыда қазақ оқырманын адастырмай, Ақыт сынды ғұламаларымызды әдебиет тарихы оқулықтарына енгізу. Ол тек өлкелік ғана ақын емес. Ол тұтас ұлттың жоғын іздеуші, Алаштың арманын аласартпай, қазақты ағартуға, оянуға үндеп келген ақын.
Дәулеткерей Кәпұлы
