Жаңалықтар

Терезесі тең башқұрттар

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, даласы мен қаласы бір, яғни Отаны бір қоғамда ауызбіршілік, бауырластық, қонақжайлылық болуы шарт. Сондықтан, сол қоғами ортаға ортақ, бәрін бірлестіретін «күш» керек. Ол, әрине, патриоттық сезім.
03.03.2014 04:17 8722

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, даласы мен қаласы бір, яғни Отаны бір қоғамда ауызбіршілік, бауырластық, қонақжайлылық болуы шарт. Сондықтан, сол қоғами ортаға ортақ, бәрін бірлестіретін «күш» керек. Ол, әрине, патриоттық сезім. Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілік барша Қазақстан халқын бір арнаға тоғыстырып отыр.

Қазақтың қарапайымдылығы мен қонақжайлылығының арқасында өзге ұлт өкілдері өздерінің мәдениетін қалыптастырып, салт-дәстүрлерін жаңғыртып жатыр. Құқықтары мен міндеттері бір, ұлтқа бөлу мен кемсіту болмағандықтан, әдет-ғұрыптарын берік сақтап келеді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы жылы өткізген кезекті Жолдауының «Мәдениет, дәстүр және даралық» атты бөлімінде: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды» деген болатын. Ия, шынымен де өзге ұлт өкілдері өздерінің құндылықтарын сары майдай сақтап, қорғап, қолдап отыр.

Тарихтың қатал парақтарын қазақпен бірге ашқан ұлттардың бірі башқұрттар мен татарлар. Башқұрттар Қазақстанға осыдан бір ғасыр бұрын ат басын бұрған көрінеді. Кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде шоғырланған аталмыш ұлт өкілдері Ақтөбе қаласында бас қосып, жүзінші мәрте тойланып отырған «Сабантой мерекесін» атап өткен. Республикалық Сабантой мерекесі бұдан бұрын Қарағанды, Павлодар қалаларында өткен. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинованың айтуы бойынша, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы саябақта ақтөбеліктер мен қала қонақтары осы тамаша мерекеге куә болған. Жыл сайын ораза мен құрбан айты, наурыз мейрамы, көктемгі егіс жұмыстарынан кейін тойланатын аталмыш мереке атадан балаға беріліп келе жатқан дәстүрлердің бірі. Той болса бірге атап өтетін қазағымыз, башқұрттар мен татарлардың өнерпаздарымен бірлесе өнерлерін паш етті. Бірлескен шара барысында аталмыш ұлттардың тарихы мен мәдениеті, салты мен дәстүрі, әдеті мен ғұрпы көрсетілді. Жалпы башқұрттардың ана тілі мен мәдениеті, қоршаған ортасы татарларға жақын болғанымен, ұлттық тұрмыс-тіршілігі мен дәстүрінде қазақ халқына ұқсастық басым болып келеді екен. Олардың үйлену тойында орындалатын салттары мен дәстүрлері біздің халықтың ғұрыптарына ұқсас болып келеді.

Кең тараған музыка аспабына қазақтың сыбызғысына ұқсас қурай, шаңқобызына ұқсас қобыз, варган, домра жатады. Башқұрттардың мұсылман екені бәрімізге мәлім. Қасиетті Құранды қастерлеп, мұсылмандарға тән әрекеттерді орындайды. Сондай мейрамдардың бірі рамазан айы. Бұл айда башқұрттар өзге мұсылман бауырлары іспеттес ораза тұтуды жөн көреді. Бұл кезең күнәлерді кешіруге және Тозақ отынан сақтануға мүмкіндік беретін жол екенін жақсы түсінетін башқұрт халқы балаларын кішкентай кездерінен бастап Ислам дініне баулып, хабардар етеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлттар достастығына өте қатты көңіл бөледі. Олардың тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүрулерін қамтамасыз етуге тырысады. Еліміздің әр ауылдары мен аудандарынан, қалаларынан өздерінің достық үйлерін ашуға мүмкіндік жасап, барша қазақ жерінде тұратын ұлт өкілдерінің терезесі тең болуы үшін алға мақсаттар мен міндеттер қойған.

Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады» деген болатын. Шынымен де жүзден аса мәдениет пен дәстүрдің қайнасып жатқан ошағында элементтер бірін-бірі толықтырып отырады.

Жолдау барысында Елбасымыз «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деген өте маңызды сөз айтқан болатын.

Егемендігіміздің еңсесін одан әрмен көтеріп, өзге ұлт өкілдерімен жақындастығымыз мен татуластығымызды жалғастыра берейік!

Президенттің Жолдауына халықтың қолдауы керектігін ұмытпайық!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға