Бірлік пен ынтымақ басты мәселе
Қазіргі таңда Қазақстанда 140-тан астам ұлт өкілі тату тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың ішінде қазақ ұлтының үлесi 63,6 пайызды, орыстар – 23,3, өзбектер – 2,9, украиндер – 2, ұйғырлар – 1,4, татарлар – 1,2, немiстер – 1,1, басқа ұлыстар 4,5 пайызды құрайды. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды» деп атап өтті. Бұл тарихи шындық. Себебі қазіргі таңда елімізде тұрып жатқан кез келген ұлт өкілі өздерінің салт-дәстүрлері мен ұлттық мәдениетін дәріптеп және кеңінен насихаттап келе жатыр. Мұндай мүмкіндікті сыйлап отырған қазақтардың кең пейілдігі мен қонақжайлығын, сонымен қатар өзге ұлттардың әдет-ғұрпына құрметпен қарауды білдіреді.
Жалпы Қазақстан неге көп ұлтты ел болып қалыптасты? Бұл сұраққа жауапты тарихты тереңнен зерттеп, өткенге ыждаһаттылықпен қарау арқылы таба аламыз. XV ғасырдың екінші жартысында Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Жәнібек пен Керей қазақ хандығын құрды. Кейін елді қолбасшылық өнері мен тарихта өшпес ізін қалдырған Қасым хан, Тәуке хан, Есім хан, Абылай хан тағы басқа көптеген тұлғалар биледі. Ата-бабаларымыздың арқасында халқымыз дүние жүзі бойынша ең бай да құнарлы ұлан-байтақ жердің иесі атанып отыр бүгінгі таңда. Дегенмен, батыр хандар билеп тұрған заманның өзінде қиын сәттер мен ел басына қауіп төнген кездер аз болмады. Осының салдарынан қазақ халқы басқа алпауыт елдердің қол астына кіруге мәжбүр болғанын тарихтан білеміз. 1731 жылы Ресейге қосылдық. Сол кезден бастап біздің жерге орыс ұлтының өкілдері қоныс аудара бастады. Кейін XX ғасырдың екінші жартысынан бастап тың игеру кезінде де қазақ жеріне өзге ұлт өкілдерінің халықтарының көшіп келуі толастамады. Тыңайған жерлерді игеру жұмыстарына Ресей, Украина сол кездегі Совет үкіметіне қараған мемлекеттерден келген адамдар қазіргі күнге дейін қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр. Елбасы өз Жолдауында: «Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ» деп атап өтті.
Қазақстан жүз жылдан аса уақыт өткеннен кейін өз тәуелсіздігін алып, егемен ел атанды. Экономикасы мен әлеуметтік жағдайы өрге жүзіп дүние жүзі бойынша алдынғы қатарлы мемлекеттердің сапынан орын алып отыр. Мұның бәрі бір күнде емес, сан жылдар бойы тынымсыз күрестің арқасында жеткен жетістік болып саналады. Осындай ұлан ғасыр республикамызда жүзден аса әртүрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақтың астында ынтымақ пен бірлікті ту етіп өмір сүріп келе жатқандығы көңіл қуантады. Дегенмен, соңғы уақытта руға, тайпаға бөліну жиілеп бара жатқаны шындық. Бұл мәселеге Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында тоқталып өтті. «Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды» деді Елбасы. Ру мен тайпаға бөліну ел ішіне іріткі салатын және ұлт тұтастығы мен бірлігіне қаяу түсіреді. Керсінше, «Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі» деген болатын Елбасы өз Жолдауында.
Ақлима Мұстафина