Жаңалықтар

«Екі бүйрегімнің бірі түрік, екіншісі қазаққа бұрады деп сенемін»

Қазақ елі үшін басқа да түркі мемлекеттері секілді Түркияның орны айрықша. Ең алғаш ел тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған да, еңсемізді көтере бастаған уақыттарда бауырмалдық құшағын ашып, инвестиция арқылы көмек беріп
03.03.2014 04:15 4789

Қазақ елі үшін басқа да түркі мемлекеттері секілді Түркияның орны айрықша. Ең алғаш ел тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған да, еңсемізді көтере бастаған уақыттарда бауырмалдық құшағын ашып, инвестиция арқылы көмек беріп, қолтығымыздан демеген де осы Түркия болатын. Олар 1991 жылдың 16 желтоқсанын да Қазақстан өз тәуелсіздігін жария еткеннен кейін екі сағат өтпей тәуелсіздікті мойындаған алғашқы ел. Түбі бір түркі бауырлармен тәуелсіздікке дейін, тәуелсіздік алғаннан соң да екі ел арасындағы қарым-қатынасы күшейе түсті. Соның бір тармағы білім мен мәдениет саласында. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ажырамас бөліктерінің бірі бола білді. Сол уақытта Түркия президенті Тұрғыт Өзал мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзара студент алмастыру жөнінде келісім-шартқа қол қояды. Нәтижесінде көптеген қазақстандық студент Түркияда, түрік жастары қазақ елінде жоғары білім ала бастайды. Солардың бірі, алғашқы студент болып, Қазақстанға білім алуға келген, бүгінде қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар тұлға – Ахмет Аляз.

Ахмет 1977 жылы Түркияның Қахарман Мараш қаласында дүниеге келген. Сол жерде бастауыш және орта мектепті тәмамдайды. Неге қазақ елін таңдадыңыз деген сұраққа Ахмет мырза былай деп жауап қатады «Басқа да көршілес елдер тұрғанда неге Қазақстанды таңдадым дегенге келсек, сол уақытта біздің елде сіздердің мемлекеттеріңіз туралы насихат өте күшті болды, телеарналардағы екі хабардың бірі Қазақстанға арналып жасалатын және бұл атамекен, атажұрт ретінде қатты қызықтырғаны анық. Осы қызығушылықтың жетегінде ең алғаш 10 абитуриент Алматыға келдік. Онымыз да осында оқуымызды тәмамдадық, бірақ солардан қазір мен жалғыз өзім қалдым» (Азаттық радиосы. 22 тамыз Алматы).

Қазақстанға жолдама бұйырып келген соң, 1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алады. Еңбек жолын Түркия мен Қазақстан арасында рухани көпір бола білген «Қазақстан-Zaman» газетінен бастаған. Бастапқы уақытта қатардағы студент ретінде тәжірибеден өтіп, аудармашылық, тілшілік қызметтер атқарған. Ол өз ісіне деген алғырлығы, іскерлігі, жұмысына деген адалдылығы мен белсенділігінің арқасында 2000 жылдың наурыз айынан бастап, бас редактордың орынбасары, бас директордың орынбасары қызметтерін атқарады. Бүгінде Ахмет Аляз «Қазақстан-Zaman» газетінің бас директоры. Алғашқыда «Zaman-Қазақстан», кейін «Қазақстан-Zaman» аталған басылым елімізде 1992 жылдың 17-ші қаңтарынан бастап шыға бастады. Бүгінде газет халықтың сүйікті басылымдарының бірі. Ондағы тыныс-тіршілікпен тек қазақтар ғана емес, осындағы баз кешіп жатқан түркі бауырларымыз да өзіне керек қандай да ақпаратты тауып оқи алады. Басылым бетінде қазақтың дінінен, тілінен, салт-дәстүрінің бастап, саясат, ішкі-сыртқы іс-шаралар, қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелердің барлығы жазылып, талқыланып отырады. Газет елімізде ашылған шетелдік еркін басылым болып табылады. Ахмет мырза 22 тамызда 2013 жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында «Қазақстан-Zaman» туралы «Біздің басылым түркі руханиятын көтеруге және осы елде жарық көріп отырғандықтан, қа­зақ ұлтының сөзін сөйлеп, қазақ мүддесіне қызмет ету жолынан айныған емес» деген. Ия, осы уақыт еншісіне дейін басылым бетінде қазақ ұлтына қатысты дүниелердің бір де бірі бей-жай айтылмай қалған емес. Әсіресе тіл тақырыбына қатысты мақалалар ерекше талқыланып, үнемі газет бетінде жарық көріп отырады. Бұны байқап, елеп-ескерген үкіметіміз басылым басшысы Ахмет Алязды «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапаттайды. «Тіл жанашыры» құрмет белгісі алғаш рет 2008 жылдан бері ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі Тіл комитетінің қолдауымен тілімізге шынайы жанашырлық танытып, нақты ісімен қазақ тілінің көркеюіне үлес қосқан, қазақ тілін зерттеп жүрген шетелдік ғалымдарға, қазақстандық тіл жанашырларына берілді. «Тіл жанашыры» – менің атыма ғана берілген құрмет белгісі емес, оны менің ұжымыма, өзім туған Түркия еліне көрсетіл­ген үлкен сенім мен құрмет деп есептеймін. Шынымды айтсам, бұған дейін мен мұндай құрметке бөленемін деп ойлаған жоқпын. Осы орайда мені қазақ тіліне жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген лайықты қайраткер азаматтардың қатарына қосқан «Тіл жана­шы­ры» қоғамдық бірлестігінің ақылдастар алқасына, өзге де әріптестеріме шексіз алғысымды айтқым келеді. Осындай мәсе­ле­лер мен жағдаяттардың өзі бізге көптеген міндет жүктейді. Жалпы, бұл марапат менің және менің ұжымымның қазақ халқының, тұтас түркі әлемінің алдындағы жауапкер­шілігімізді күшейтіп отыр. Биікке жету бар да, сол биікте өзіңді берік орнықтырып ұстау бір басқа. Біз қай кезеңде де қазақ қоғамына адал болуды мақсат етіп келеміз. Ендігі арман-мақсат – қазақ тілінің мемле­кеттік ресми дәрежесін көтеріп, лайықты тұғырына қондыру. Егер де менің және менің ұжымымның осы бағыттағы атқары­латын шаруаларда тым болмаса «қарлы­ғаш­тың қанатымен су сепкеніндей» үлесі болса, біз ол үшін бек қуанар едік» (Алаш Айнасы газетіне берген сұхбатынан, 2011 жылы, 10 желтоқсан).

Елбасы халыққа Жолдауында «Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз. Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі. Бұл – әлемдік үрдіс. Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосты.» деп атап өткен еді. Бүгінде қазақтай ұлттың жанашыры бола білген, қазақтың қамын ойлап, өз еңбегін сол елдің дамып-өркендеу жолында сарп етіп жүрген осындай атпал азаматтарымыз көп болғай.

Сөз соңын Ахмет мырзаның мына бір пікіріне арнасақ: «Алланың әмірімен Жер шарының қай түкпірінде жүрсем де екі бүйрегімнің бірі түрік, екіншісі қазаққа бұрады деп сенемін. Ал жалпы алғанда мен өзім түркілік көзқарастағы адаммын, сондықтан да қазақты басқа ұлт ретінде емес, өз ұлтымның бір бұтағы деп қараймын, ағайынға, бауырға деген көзқарас қалай болуы қажет болса менің қазаққа деген ықыласым дәл сондай иншалла, осы ұстанымымнан айнымаспын» (Азаттық радиосы 22 тамыз, 2013 жыл).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға