«Қазақстан – Нұрсұлтан – Жас Ұлан»
03.03.2014 04:11
10543
Әрбір баланың балалық шағының көп уақыты мектеп қабырғасында өтеді. Мектеп табалдырығында қаланған білім, ілім, тәрбие баланың болашақта тұлға болып қалыптасуына әсерін тигізеді. Негізгі білімнің кілті саналатын оқу ордасында жан-жақтылыққа тәрбиелейді, түрлі шаралар өткізеді, қосымша сабақ пен ашық сабақтар жүргізіледі және міндетті түрде патриоттық тәрбиеге баулиды. Жеңістің желі ескен жетінші және тоғызыншы мамыр күндері мен қыстың аязына төтеп беріп Тәуелсіздік таңын атыруға бірден-бір себепші болған желтоқсан оқиғасында қаза тапқандарды еске алу кешінде патриоттық тәрбие бағытына аса тоқталып өтеді.
Жалпы патриоттық сезім азаматтардың бойында берік болса, мемлекеттің де еңсесі биік, қабырғасы қатты болады. Өйткені Отанын сүйетін адам елі үшін, жері үшін аянбай еңбек етеді, халқына жақсылық жасайды, қаласы мен даласын таза ұстайды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» деген болатын.
Патриоттық сезімнің бастауы мектептен алынатынын айтып өттік, міне сондай оқу орындарының бірі Павлодар қаласында орналасқан екен. №16 мектеп-лицейі мемлекеттік мекеменің бірі, ғимараты кең, әрі әдемі. Ұстаздары тату, оқушылары тәртіпті әрі білімді. Бұлай айтудың өзіндік себебі бар, өйткені бұл білім ошағында «Жас Ұлан» Республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істеп келеді.
"Жас ұлан" - өскелең ұрпақты жоғары рухани - адамгершілік құндылықтар, гуманистік, демократиялық ұстанымдарға негізделген қазақстандық патриотизм рухында қалыптасқан ұйым. "Жас ұлан" өз қызметінде ҚР-ның Конституциясын,заңнамасы және де басқа нормативтік құқықтық актілерін, ҚР-да ратификацияланған халықаралық актілерді басшылыққа алады.
«Жас Ұлан» оқушылар ұйымының басты көздеп отырған мақсаты мен міндеті балалардың қоғамдық әлеуметтік, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Балалардың бойына патриоттық тәрбиенің дәнін себу, әлеуметтік тәжірибелерін дамыту, әлеуметтік танымдық бастамаларды жүзеге асыру болып табылады.
Бұл ұйым қандай шара өткізсе де мемлекеттік рәміздермен безендіріп, Әнұранмен бастайды. «Жас Ұланның» өздері ойлап тапқан төс белгілері мен ұрандары бар. Ұйымға қабылданар алдында міндетті түрде ант қабылдайды: «Біз, Республикалық бірыңғай "Жас ұлан" балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына кіре отырып, Отанымыз - Қазақстан Республикасының патриоты, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, дәріптеуге, Туған еліміз, жеріміз, Отанымызды мақтаныш етуге, ата-анамызды қадірлеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, білімге табандылықпен ұмтылуға, салауатты өмір салтын ұстануға, табиғатты аялауға, "Жас ұлан" ережесін бұлжытпай сақтауға және оны өз достарымыздан талап етуге, біздің жерлестеріміздің даңқты ерлігі, өнегесі негізінде ерлікке үйренуге және Отанға шексіз қызмет етуге АНТ етеміз!» .
Ұйымға қалалық, аудандық, облыстық әкімшілік өкілдері, Мәслихат депутаттары, соғыс және еңбек ардагерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ата-аналар қолдау көрсетіп, жүзеге асыруға көмектеседі.
Ұйымның бекітілген құрылымы бар. Олар: Ұйым жетекшісі - Мектеп Ұланбасы - Топ Ұланбасы - Топ қыранбасы - Класс Ұланбасы - Класс Қыранбасы - бөлімдер бойынша жауаптылар болып бөлінеді.
«Жас Ұлан» қатарына қабылдау барысында аудан, қала, облыс әкімдері, сонымен қатар өңірлердің танымал адамдары, құрметті азаматтары және жастар ұйымының көшбасшылары шақырылып, жүзеге асады. Кез келген оқушы бұл ұйымның мүшелігінде бола алмайды, оларды қабылдауда өзіндік талаптар бекітілген. Облыстық, қалалық және аудандық олимпиадада, ғылыми-практикалық конференцияда, спорттық жарыстарда жеңімпаз атанған және шығармашылық байқаулардан орын алған, сонымен қатар мектептегі өзін-өзі басқару органдарының көшбасшыларының ғана қатысуға мүмкіндіктері бар.
«Жас Ұлан» ұйымындағы қатысушылардың басты ұраны: «Қазақстан – Нұрсұлтан – Жас Ұлан» деп үш рет қайталанады. Ұйымға қабылдау салтанатты кешінде әрбір оқушы жеке таныстырылып, оларға төсбелгілер мен галстуктер тарту етіледі. Табыстау рәсімі облыс, аудан әкімдері, Еңбек және соғыс ардагерлері іспеттес белгілі тұлғаларға жүктеледі. Ал жастар ұйымдарының көшбасшылары қалған оқушыларды марапаттайды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» деп кезекті Жолдауында айтқан болатын. «Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс» деп сөзін аяқтады Елбасымыз.
Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын!
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Яркий пример любви к родине
Келесі жаңалық
Ақтөбе облысында оқушылар төрт жыл күткен мектеп ашылды