Жаңалықтар

Ұлттық ойын тоғызқұмалақ

Халқымыз сонау ерте заманнан өнердің алуан түрін бойына сіңіріп, сол өнерлерін ұрпақтан ұрпаққа аманаттап, бүгінгі күнге жеткізіп келеді.
03.03.2014 04:03 17194

Халқымыз сонау ерте заманнан өнердің алуан түрін бойына сіңіріп, сол өнерлерін ұрпақтан ұрпаққа аманаттап, бүгінгі күнге жеткізіп келеді. Тоталитарлық жүйенің ықпалында болуында қарамастан біз атадан-балаға мирас болып келе жатқан төл құндылықтарымызды сақтай білдік. Бұлай деуге негіз, дүниеде ұлт ретінде өзіне тән мәдениетін, өнерін, дәстүрін жалпы айтқанда сол ұлттың өзіне тән құндылықтары тарих бетінен өшіп, мына жаһандану заманында жойылып кетіп жатқаны қаншама. Қай ұлт болмасын өткеннің көрінісі болған құндылықтарын осы уақытқа дейін жеткізіп, келер болашаққа өткізіп беруі тым күрделі құбылыс. Тек дара шыққаны, өмірлік мәні, құны бар құндылықтар ғана келер ұрпаққа жетіп отыратыны айқын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халыққа жолдауында «Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды» – деп атап өткен болатын.

Міне, осындай ұлтымыздың ежелден өшпей бүгінгі күнге жетіп, қазір қарқындап дамып отырған құндылығымыздың бірі, ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақ. Бұл халқымыздың тамырын тереңге жайған төл мұрасы. Бұл спорт түрі – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен иық теңестіре алатын, қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани, логикалық ойлау өнері.

Ойынның шығу тарихы туралы нақты қандай бір дәлме-дәл дерек жоқ. Алайда зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша ойын осыдан 4000 жыл бұрын пайда болған деседі. Тоғызқұмалақ көшпелі қазақтың өмірінен көрініс беретін бірден-бір ойын. Себебі ойын көшпенді қазақтың тұрмыс-тіршілігімен және мал шаруашылығы тығыз байланысты. Ерте кезден-ақ халық жерден арнайы отау қазып, ойын жүрісі үшін малдың құмалақтары немесе қиыршық тастарды пайдаланған. Бұл ойынның алғашқы көріністері болып табылады. Кейін заман ағымына сай арнайы тақталар пайда болып, ойынның өзіндік ережелері беки түсті.

Бүгінде тоғызқұмалақ үлкен сұранысқа ие болып отырған, кеңінен дамып, қанат жайып келе жатқан ұлттық ойынымыздың бірі. Оның дамуы үшін де бірталай игілікті істер жасалынып келеді. Бұның айқын көрінісі ең алғаш тоғызқұмалақтан елімізде жекелей чемпионат 1974 жылдан бері өткізіліп келеді. 1998 жылдан бері арнайы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін халықаралық жарыстар ұйымдастырылып келеді. 2009 жылдың 19-26 қазан аралығында Шымкент қаласында Азияның тұңғыш чемпионаты өтті. 2001 жылы Тоғызқұмалақ әуесқой ойыншылары үшін Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ Федерациясы құрылды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі жыл сайын ересектер, жастар мен жасөспірімдер, ардагерлер арасында жекелей және командалық есепте ел чемпионаттарын өткізуде.

Қазіргі уақытта тоғызқұмалаққа тек қазақтар ғана емес шет ел азаматтары қатты қызығушылық танытып отыр. Әлемнің көптеген елдерінде ұлттық ойынымыз кеңінен насихатталып жатыр. Бұл әлемдік деңгейдегі ойын үлгісіне айналып бара жатыр. Сөзімізге дәлел мәселен, Моңғолияда тоғызқұмалақтан мектептерде арнайы олимпиада өтеді екен. Көршілес Қытай, Қарақалпақстан елдерінде ойынның үлгілері сипатталған арнайы кітаптар, ғылыми еңбектер шығарылған. 2007 жылы Македонияның Охрид қаласында өткен Түркі тілдес халықтардың жастар құрылтайында 40 елден келген 240 делегатқа ұлттық ойыннан арнайы семинар, тренингтер өткізілген. Тоғызқұмалақ алты рет 2006 жылы – Лондонда, 2007, 2008, 2009 және 2010 жылдары – Прага мен Пардубицеде (Чехия), 2010 жылы – Каннда (Франция) дүниежүзілік зияткерлік олимпиада мен фестивальдердің бағдарламасына енді. 2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап ең алғаш рет интернетте тоғызқұмалақ ойыны алғаш рет интернетте тіркеліп, онлайн жүйедегі ойнайтын бағдарламасы жасалды. Бүгінде тоғызқұмалақ тек түркі тілдес халықтар арасында ғана насихатталып жатқан жоқ, Англия, Германия, Чехия, Франция сында әлемнің дамыған елдері де үлкен қызығушылық танытып отыр. Осындай ұлттық мұрамыздың кеңінен насихатталып жатқаны да өз тарапынан оң бағасын, жемісін бере білді. Бұның айғағы 2010 жылдың 1-7 қараша аралығында Елорда төрінде алғаш рет тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтті. Алғашқы әлем чемпионатына Англия, Әзірбайжан, Германия, Испания, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Латвия, Монғолия, Түркия, Түркменстан, Ресей, Чехия, Швейцария, Украина сияқты елдерден барлығы 50-ге жуық спортшы қатысқан. Сол уақыттан бері тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты әлемнің өзге де елдерінде ұйымдастырылып келеді.

 «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» – деп ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, атадан балаға мирас боп, бүгінге жеткен мәдени құндылығымыздың бір бөлшегі, ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақты бүгінгі тарих бетінен өшірмей, келер өскелең ұрпаққа жеткізу біздің басты – парызымыз. Олай болса ұлттық ойынды тек қана ұлықтап, болашақ та олимпиада ойындарының қатарынан көрейік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға