Жаңалықтар

Тәні саудың – жаны сау

Кез келген мемлекеттің қарқынды өркендеуіне сол елдің жастары елеулі түрде өз үлестерін қосатыны белгілі. Біздің елімізде де жастар қауымы өзге елдердегі құрбы-құрдастарынан кем түспей
03.03.2014 04:02 4781

Кез келген мемлекеттің қарқынды өркендеуіне сол елдің жастары елеулі түрде өз үлестерін қосатыны белгілі. Біздің елімізде де жастар қауымы өзге елдердегі құрбы-құрдастарынан кем түспей өздерінің белсенділіктерімен мемлекетіміздің дамуы үшін барынша әрекеттенуде.

Қазірде еліміздің барлық түкпірінде құрылған «Жастар орталықтары» Елбасымыздың Жолдауын жастар арасында насихаттай отырып, олардың кемел ойлы, салауатты өмір салтын ұстанушы, өз елінің патриоттары болып қалыптасулары үшін аянбай еңбек етуде.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал аудандық «Жастар орталығы» КММ-нің ғимаратында ауданның белсенді жастары арасында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға бағытталған түрлі мәжілістер өтуде. Соларды негізінен «Жас Отан» Жастар қанаты мен Нұрлыбек Бақтияров жетекшілік ететін осы «Жастар орталығы» КММ-і өткізіп отырады. Сонымен қатар, жастар ауданда тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы тату-тәтті өмірді насихаттау бағытында да түрлі шараларды да сәтті жүзеге асыруда. Солардың арасында спорттың алатын орны ерекше. Ол жастар денсаулығын нығайтып қана қоймай, еліміздегі денсаулығы мықты азаматтардың қатарын көбейтуге бірден-бір себепкер болып табылатыны белгілі.

Жыл басында Елбасымыздың Жолдауын насихаттау бағдарламасы аясында ауыл округтарының белсенді жастары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлерінен құралған командалар арасында «Бірлігіміз жарасқан!» атты кіші футболдан жарыс өткізілген болатын. Тартысты өткен осы жарыстың қорытындысы бойынша 1-орынды «Жастар орталығы» КММ мен Қ.Сәтпаев ЖОМ-нен құралған «Жеңіс» командасы жеңіп алса, 2-орынды №119 ЖОМ-нан құралған жас мұғалімдер командасы иеленді. Ал, 3-орын Мақтаарал ауданы әкімдігі аппаратының жас мамандарынан құралған командаға бұйырды. Жарыс жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан арнайы кубок және дипломдармен марапатталды.

Осы жарыста жүлделі орындармен қатар, түрлі номинацияларды иеленгендер де болды. Қазыбек би ауылдық округінің белсенді жасы Ахметов Айдос – «Ең үздік шабуылшы», №119 мектептің мұғалімі Алдабергенов Еркінбек «Ең үздік қорғаушы», Ауыл шаруашылық бөлімінің қызметкері Сұлтан Юсупов «Ең үздік қақпашы», Нұр Отан ХДП-нің қызметкері Нұрымбетов Мұрат «Ең үздік ойыншы» атанып, дипломдармен марапатталды.

Елбасымыздың Жолдауын насихаттау бағытында жүзеге асырылып жатқан мұндай спорттық шаралар қазірде де жиі өткізілуде. Мысалы, жастар арасында спорттың шахмат түрін кеңінен насихаттау арқылы жас ойыншылардың кәсіби шеберлігін арттыру және олардың арасында жаңа дарынды ойыншыларды анықтау мақсатында Мақтарал ауданы әкімінің жүлдесі үшін «Жастар – Қазақстанның интеллектуалды болашағы!» атты 14-19 жастар аралығындағы ойыншылар арасында шахматтан аудандық жарыс өткізілді. Аудан әкімі Серік Тұрбековтың өзі ашып берген осы сайысқа жоғары және арнаулы орта оқу орындары мен кәсіптік лицейлерден барлығы 60-тан астам дарынды жас қатысты. Ақыл-ойды көп талап ететін ойында өзгелерден озып шыққан жастарға бағалы заттай сыйлықтар, медаль мен кубок және марапаттау қағаздары тапсырылды.

Ал, арадан көп уақыт өтпей, осы орталықтың арнайы жүлдесі үшін «Дені сау жастар еліміздің болашағы» атты аудандық түрінен 13-14 жастағы жас спортшылар арасында 32, 36, 40, 44, 48, 52, 57 және 60 келі салмақтағы жасөспірімдер арасында Асықата кентіндегі №121 орта мектептің спорт залында спорттың бокс түрінен сайыс өтті.     

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, спорт түрлерін өскелең ұрпаққа дәріптеу, жастар арасында спорттың бокс түрін кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтына баулу, жас ойыншылардың кәсіби шеберлігін арттыру, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану болып табылады. Бұл іс-шараны «Жас Отан» Жастар қанатының мүшесі Бейсенбаев.М мен Жетісай қаласының «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің директорының орынбасары Манкараев Н. жарысты ашып беріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарысқа 100-ден астам жасөспірім қатысты. Әділқазылар алқасының шешімімен I орынды 8, II орынды да 8, ал III орын 16 жасқа бұйырды.

Жуырда құрылғанына екі жыл болатын «Жастар орталығы» КММ-сі өздерінің осындай белсенді іс-әрекеттерімен Елбасымыздың Жолдауын елдің ертеңі саналатын жастардың арасында насихаттауда.

 Қалмұрат ДӘУЛЕТБАЕВ, журналист.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға