Жаңалықтар

Бүгінгі жастар қандай спорт түрлеріне әуес?

Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында
03.03.2014 04:01 10835

Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлт денсаулығы - біздің табысты болашағымыздың негізі» дей отырып спорт пен дене шынықтыруды дамытуды басты назарға алуды айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елорда түлектерімен кездесу барысында "Өмірде алға қойған мақсатыңа, табысқа жету үшін денің сау болуы керек. Денсаулықты жас кезден сақтаған жөн. Денсаулығың болмаса, ештеңе керек емес бұл өмірде", - деп өз ойымен бөліскенін жазады отандық сайт. Шынымен де, егер адам өз денсаулығына жіті көңіл бөлмесе өмірде алға қойған мақсаттарына жету мүмкін емес болып қалады. Себебі, кез келген жерде денсаулығың сыр бермей, жұмысты еш кедергісіз жасаған маңызды болып саналады. Өйткені, ол сенің өсуің мен болашақ жарқын тағдырыңды қалыптастыруыңа тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан да, оған жастардың ерте кезден бастап үлкен ден қойып, назар аударғандары дұрыс. Бұл, әсіресе, бүгінде спортқа қызығушылық танытпай келе жатқан жастарға қатысты. Ал, жалпы біздің елде қазіргі таңда спортпен шұғылданып жүрген жандардың саны күн санап өсіп келе жатыр. Оған Лондон олимпиадасында көрсеткен жетістіктеріміз дәлел бола алады. Өйткені, осындай көрсеткіштер арқылы біз елімізде спорт саласының қандай деңгейде дамып келе жатқанын бағалай аламыз. Осыларға қарап өскелең ұрпақ үлгі алып, болашақта ел чемпиондарына ұқсағылары келетіні сөзсіз. Қазірдің өзінде мектеп табалдырығын аттап жатқан жас балдырғандардың өздерін жан-жақты көрсетуге тырысып жүр. Ой өрісті кеңейтетін спорт ойындарының түріне жататын шахматтан әлем бойынша республикамыздың атын танытқан Жансая да еліміздің үлкен мақтанышына айналды. Бұдан басқа да спорт түрлерінен биік көрсеткіштер көрсетіп жүрген жастарымыз жетерлік. Мұның барлығы Мемлекет басшысының спорт саласына аса үлкен қамқорлық танытып келе жатқандығының арқасы деуге толық негіз бар. Болашақта да үкімет тарапынан спорт пен дене шынықтырудың дамуына қомақты қаржы бөлініп, өз жұмысын ілгері жылжыта беретініне сенеміз. Ал, жалпы бүгінгі мектеп және жоғары оқу орындарының қабырғасында білім алып жүрген жастар қандай спортпен айналысқанды дұрыс санайды? Қайсысы адам денсаулығына аса пайдалы болып есептеледі? Қазіргі заманда еліміздің тұрғындары қай спорт ойындарына көп қызығушылық танытып жүр? Біздің мемлекетімізде бұл сала жақсы дамыған ба? Бұл сұрақтардың жауабына әркімнің жауабы мен көзқарастары әрқандай болатыны анық. Дегенмен, адамзаттың ортақ байлығы саналатын спортқа келгенде барша халық бірігуге тырысады. Оған ерте заманда Олимпиада ойындарын өткізгенде сол уақытта болып жатқан соғыстың өзін тоқтататыны дәлел. Қазіргі бейбіт күн уақытта да барлық ел бір шаңырақтың астына жиналып барынша өз өнерлерін ортаға салуға тырысады. Осы арқылы барлық өзге ұлттар мен мәдениеті және салт-дәстүрі басқа халықтар бір арнаға бірігіп бейбіт шеру жасайды. Мұның барлығы құдіретті спорттың арқасы десек артық айтпағанымыз. Сондықтан да оны әркім өзінше бағалап жоғары ұстайтыны анық. Осыған орай, жоғарыда келтірілген сұрақтардың жауабына еліміздегі әртүрлі маман иелерінің ой пікірін білуге тырыстық.

 

Оспанов Жұбаныш - ҚР Жоғары оқу орындары, менеджер:

Жастайымнан баскетбол және күреспен айналыстым. Себебі, бұл спорт түрлерінің адам денсаулығына әкелетін пайдасы зор болып саналады. Осы спорт жағына икемім жақсы болғандықтан қызығушылық таныттым. Жалпы, бүгінгі таңда көптеген жастардың спортқа деген құлшынысын аңғарып жүрмін. Тәуелсіз елдің болашақ ұрпақтарының сау-саламатты өмір салтын таңдап отырғандары көңіл қуантады. Меніңше қазіргі таңда біздің елімізде ең жақсы дамыған спорт түрлерінің қатарына бокс және ауыр атлетиканы жатқызуға болады. Ауыр атлетикадан олимпиаданың екі дүркін чемпионы атанған Илья Ильин болса, бокстан да еліміздің атын шығарып жүрген батырларымыз көп. Мұның барлығы осы спорт түрлерінің елімізде кең қанат жайып келе жатқанын аңғартады. Сонымен қатар футбол да құр алақан емес. Соңғы кезде еліміздің футбол ойыншылары топ жарып шығып жүр. Шет ел ойыншыларымен тәжірибе алмасып, жақсы ойындар көрсетіп жүр. Алдағы күнде бұдан да үлкен нәтиже көрсетеді деп сенеміз.

 

Сәрсенбаева Шолпан – ҚР Жоғары оқу орындары, кітап тарату бөлімнің басшысы:

Жалпы, мен өзім қыз бала болғаныммен, спорт түрлерінің ішінен волейбол мен бадминтон ойындарына қызығамын. Себебі, бұл ойындар арқылы дене шынығып, дене мүшелерінің жақсы қалыптасуына оң әсер етеді. Өзім профессионалды түрде айналыспасам да, бірақ араға уақыт салып ойнап тұрғанды құп көремін. Әсіресе, демалыс уақыттарында осы спорт түрлеріне ден қойып отырғанды ұнатамын.

 

Туманов Марат - Алматы вагон жөндеу зауыты, инженер:

Маған спорт түрлерінің ішінен футбол жаныма жақын. Кішкентай кезімнен осы спорт түріне әуес болып өстім. Бала күнімнен футболшы болуды армандайтынмын. Қазір елімізде футбол саласы жақсы дамып келе жатыр деп айтуға болады. Әсіресе, соңғы уақыттарда Қазақстан құрамасы жақсы ойындар көрсетіп жүр. Оның бәрі үлкен еңбек пен жеңіске деген сенімнің арқасында келгені анық. Болашақта да осы қарқынмен алға жылжи берсе одан да биік шыңдарды бағындырарымыз сөзсіз.

 

Ахметова Айнұр – Еуразия ұлттық университетінің түлегі:

Маған спорт түрлерінің ішінен жүгіру мен жүзу ұнайды. Жүгіріп және жүзгенде өзімді жеңіл сезінемін. Әсіресе, күні бойы үлкен қаланың аурасынан алатын негатив заттарды бойымнан осы екі спорт түрі арқылы шығарамын. Және де жүгіргенде ойымды алаңдатып ештеме ойламауға тырысамын. Жалпы, жүгіру мен жүзу менің өмірімнің бір бөлшегі іспетті.

 

Ақлима Мұстафина

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға