Жаңалықтар

«Үш тұғырлы тіл» саясаты мемлекеттік тілді бірінші болып дамытуды көздейді

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» - деген ескерту айтқан болатын.
03.03.2014 03:36 100506

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» - деген ескерту айтқан болатын. Дегенмен, «Үш тұғырлы тілдің» мәнін, маңызын, халық пен болашақ ұрпаққа беретін үлкен пайдасын көпшілік ұғына алмауда. Одан бөлек, Президентіміз 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететініне кепілдік беріп отыр. Ескерте кетуіміз керек, елбасымыз әлемдік саяси аренада өз беделі бар, бүкіл әлемді бақылауға алып отырған БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун үлкен құрметпен қарайтын, жер жүзінде алғашқы өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан, бейбітшілікті сүйетін және белсенді насихаттап жүрген үлкен тұлға. Демек, әлемдік беделі бар үлкен тұлғаның әрбір сөзінен күмән, күдік іздеудің өзі бізге, халыққа сын. Президентіміз берген уәдесін орындай алатын Қазақстанның №1 жауапты тұлғасы. Осыны есте сақтаған жөн.   

«Үш тұғырлы тіл» мәселесін халық дұрыс түсінбей отыр. Алдымен ақты ақ, қараны қара деп, мәселені жеке-жеке бөліп, мемлекеттік тілге ешқандай зиянын тигізбейтінін насихаттау мәселесі жетіспей отыр. Үш тұғырлы тіл, негізінде, қазақ жеріндегі қазақ тілінің соңында қалған орыс пе ағылшын тілін қоса пайдалану болып табылады.          Яғни, орыс тілі мен ағылшын тілі қазақ тілінің көлеңкесінде, ығында жүреді. Президентіміз айтқандай, үш тілдің ішінде қазақ тіліне басымдық беріліп, қалған екі тіл сол ана тілімізге бағынышты күйде болады. Әрине, дамыған өркениетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатында жүргізіліп отырған «Үш тұғырлы тіл» саясаты, шын мәнінде, елдің ертеңі үшін керек нәрсе. Мәселен, Қазақстанда заң мамандары, экономика мамандары өте көп және жұмыссыз. Бірақ, көп компаниялар мен кәсіпорындар заңгерлер мен экономистерге зәру. Әрине, мемлекеттік тілмен қатар, ағылшын, орыс тілдерін білетін, өз мамандығының нағыз іскерлеріне. Осы олқылықтарды толтыру мақсатында «Үш тұғырлы тіл» идеологиясы дүниеге келіп отыр. Яғни, елімізге қажетті, үштілді меңгерген, кез келген жерден ақпарат ала алатын, өз ісінің білгірі, бүкіл әлем бойынша коммуникацияға түсіп, жер бетінің кез келген нүктесінде бизнес жасайтын кадрлар ауадай қажет. Аталмыш кадрлар мәселесін «Үш тұғырлы тіл» саясаты оп-оңай шешіп бере алады.

             «Үш тұғырлы тілдің», шын мәнінде, мемлекеттік тілге мүлде зияны жоқ. Бұл жерде мәселе сол стратегияны, сол саясатты дұрыс жүргізуде, жарқын болашақта нәтижесінің оң болуын қамтамасыз етуде болып отыр. Мәселен, Орыс тілі мен ағылшын тілін оқытатын мұғалімдер міндетті түрде қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді өте жақсы білуі тиіс. Жоғары оқу орнында да ағылшын мен орыс тілін қазақ тілімен біріктіріліп ғана оқытылуы керек. «Үш тұғырлы тілді» тек мәдениетаралық қатынас негізінде қарап, ақпарат алмасу, білім үйрену, тәжірибе жинау үшін үйретіледі. «Үш тұғырлы тіл» саясатын дамыту үшін қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді мемлекет тарапынан ең бірінші орынға қойылып жатқаны да көзі ашық адамдарға шындық. Соңғы санақ бойынша, Қазақстан халқының 93,5 пайызы өз ұлтының тілін - ана тілі деп санайды. Ал, 74 пайызы қазақ тілінде ауызша сөйлей алады, түсінеді. Сонымен қатар 94,5 пайызы орыс тілді болса, 15,4 пайызы ағылшын тілін толық меңгергендер. Демек, 130-дан астам ұлт пен ұлысқа қызмет етіп отырған еліміздегі орыс тілінің қазығы әлі де мықты. Саны бойынша 3/2 құрайды, бұл бізді бір жағынан үлес салмағы жағынан құтқарып та отыр. Бұл статистикаға қарап, «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүргізудің нақты уақыты екенін, яғни темірді қызған кезінде басатын кез екенін атап өту керек. Егер, «Үш тұғырлы тіл» саясатын кейінге қалдырсақ, онда дамудан тоқтап қаламыз.

            Біздің елімізде «Үш тұғырлы тіл» саясатынан бөлек, еліміздегі әрбір ұлыс өз тілдерін еркін меңгеріп, өз тілдерінде сөйлей алады. Бірақ, Үш тұғырдың қатарына төртінші, я болмаса бесінші болып орналаса алмайды. Әрбір ұлттың өзінің ана тілдерінде еркін сөйлеуі Қазақстандық демократияның айқын көрінісі. Біз осындай демократияның арқасында ғана әлемге танылып, жер жүзінде бейбітшілік үстемдігін жасай    аламыз. Билік үш тілді үйрену, қолдану аясын бір сызықтың бойына емес, үш сызыққа, әрқайсысының өз орнын көрсететін саясат жүргізіп, мемлекеттік тілдің бірінші болып дамуын қадағалайды. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Үш тұғырлы тіл арқылы ғана Қазақстан тілдік саясаттың оң нәтижесі көре алады. Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте жұмыс бабында қолданылатын тілге, басшының сөйлеу тіліне айналуы үшін билік аянбай еңбек етіп келеді. Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі қоғамдық өмірдің аса маңызды мынадай салаларында жүзеге аса береді: басқару, ақпарат, білім беру мен тәрбие ісі, ғылым мен техника; қоғамдық ғылымдар, жаратылыстану мен нақты ғылымдар, техникалық және қолданбалы ғылым, экономика салаларында, ғылымның жалпыға ортақ салаларында, бұқаралық ақпарат құралдары саласында, іс жүргізу саласында; мемлекеттік, қоғамдық-саяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда; дене тәрбиесі, спорт, туризм, денсаулық сақтау мен емдеу мекемелерінде; қоғамдық тамақтандыру орындарында; өнер мекемелерінде (театр, кино); дипломатиялық қарым-қатынаста; әскери-патриоттық тәрбие және білім беру ісінде; шаруашылық жүргізу және ұйымдастыруда; өндіріс және өнеркәсіп орындарында; Қазақстан Республикасында өтетін республикалық, халықаралық құрылтай, конференция, мәжіліс, жиындар т.б. Сонымен, қазақ тілі – дәстүрлі, тұрақты, қатаң тілдік нормасы бар, стильдік тармақтары сараланған, жалпы халықтық тілден ұлттық деңгейге көтеріліп, мәңгілік тілге айналады. Тағы қайталап айту керек, «Үш тұғырлы тіл» саясаты мемлекеттік тілді өшіруді емес, өсіруді, дамытуды көздейді.

            Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында «Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз» дей келе: «Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл - өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн. Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет. Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн» - мемлекетіміздің мемлекеттік тілі болып отырған қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді ең бірінші орынға қойып дамыта беретінін, оның болашағы үшін алаңдамау керек екенін баса айтады. Президентіміздің бұл айтқандарына назар салатын болсақ, расында, мемлекеттік тіл – қазақ тілі үш тілдің бірі болып қалмайды, ағылшын мен орыс тілін өзінің көлеңкесінде ұстап, ығына ығыстырып, үш тұғырдың ең үстінде тұрады. Демек, қазақ тілінің болашағына қауіптенетіндер алаңдамаса да болады. Себебі, мемлекеттік тіліміздің ары қарай дамуына президентіміздің, елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кепілдік беріп отыр.

 

Дінмұхаммед Аязбеков

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға