Сабантойдан сарқыт
Бірлігі жарасқан кең байтақ қазақ жерінде тұрып жатқан ұлттардың саны шамамен жүз оннан асып жығылады. Діні де басқа, тілі де басқа ұлттардың бір арнада жиналуы қазағымыздың қонақжайлығының арқасы екеніне күмән жоқ.
Қонағын құдайдай көретін қазағымыз өзге ұлттарға төрден орын ұсынды. Басқа арнаның адамы болса да бізбен құқықтары тең, біздей өмір сүреді. Елімізде тұратын сондай ұлттардың бірі – татарлар. Ерте кезден бастап олардың өзіне ғана тән мәдениеті қалыптасып, салт-дәстүрлері дамыды. Кейбір деректер бойынша олардың саны тек Қазақстан жерінде екі жүз елу мыңнан астам екен. Жан жақтан шоғырланғандықтан бірнеше диаспора қалыптасқан. Отанымызда саны жағынан орыс, түрік, қырғыз ұлттарынан кейінгі алтыншы орынды алады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әр сөзінде өзге ұлттарға деген оң көзқарасымызды, татулығымызды айғақтап отырады. Ол желтоқсан айында өткен кезекті Жолдауында «Барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі» тақырыбына толық тоқталып өткен.
Президенттің Жолдау барысында айтқан сөздеріне тоқталып өтсек. «Жаңа қазақстандық патриотизм барлық қоғамды, барлық этностық әркелкіліктерді біріктіруге тиіс. Біз – көпұлтты қоғамбыз. Ұлтаралық қатынастар мәселесінде ешқандай қосарланған стандарттар болмауға тиіс», – делінген.
Әнұранымыз бір, Жалауымыз бен Елтаңбамыз бір болғандықтан, мемлекетте ұлтқа, жікке бөлу болмауы тиіс. Егер Қазақстанда тұратын бірде-бір этносқа қысым көрсетілсе, бүкіл Қазақстандықтарға қысым көрсетілді деген сөз деп есептеу керектігін айтып өтті Елбасы. Белгілі бір ұлтты жоғары бағалап, не артық көруге болмайды, өйткені еліміздің топырағын басып жүрген барлық ұлттың құқықтары мен міндеттері төрт құбыладай тең.
Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған. Жоғарыда аталған татар халқының мәдениеті мен дәстүріне тоқталсақ, елімізде олардың отызға жуық этномәдени бірлестіктері қалыптасқан. Бірлестіктердің мақсаты өз ұлтының мәдениеті мен дәстүрін, даралығын сақтап қалу болып саналады. «Идел» атты татарлардың қоғамдық және мәдениет орталығы қауымдастығы республиканың барлық облыстарындағы этномәдени бірлестіктерді біріктіріп отыр. Татар тілінің қазақ тіліне өте жақындығы да бұрыннан туыстас халықтарды бір-біріне одан әрі жақындата түскен. Қазақстан татарларының «Ялкын», «Яшлек», «Ләйсан» фольклорлық ансамбльдерінің репертуары елімізде кеңінен танымал.
Қазақ ат шаптырып той жасаса, татар сабантой тойлайды екен. Бұрындары сабантойды мал төлдеп, қозы қоздаған шақта, яғни құстар қайтып, күн жылуын көбірек шаша бастағанда, көк шығып, судың сылдыры естіле бастаған уақыт – көктемде тойлау дәстүрге айналған болса, қазіргі таңда көбіне алтын күз мезгілінде таман жасалынады. Сабантой мейрамы 90-жылдардан бастап Татарстан Республикасында мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін мейрамына айналған. Сабантой негізінен шаруалар мен диқандардың мерекесі. Аталмыш мерекеден татарлардың күнделікті күйбелең тіршіліктің салдарынан ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерінің жаңғыруын көруге болады. Өздерінің халық әндерін айтып, бұрала би билеп, ойын ойнап, ежелден келе жатқан дәстүрлері мен жоралғыларын көрсетіп, дастархан жаятын бұл мереке өте қызықты мерекелердің бірі болып табылады. Сабантой – өнерлері көкірегінде бұғып жатқан жандардың халық алдында дарынын көрсетуіне септігін тигізетін мейрам.
Сабантой мерекесіне орай Астана қаласы, Жастар сарайында Астана қаласының туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының қолдауымен спорттық жарыстар өткізілген, ал саны жағынан татарлар көп қоныстанған Орал қаласының тұрғындары да осы мерекені үлкен дәрежеде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен, «Дуслук» Қостанайлық татар – башқұрт орталығының ұйымдастыруымен Қостанай қалалық жағажайында «Бірлігіміз жарасқан!» әлеуметтік ақпараттық акциясы шеңберінде, «Қазақстан халқы – тұтас команда!» сабантойына арналған халықтық мереке де болып өткен. Күні бойы облыс пен қала және аудан халық ұжымдарының әуендері қалықтады. Қол күрес, кір көтеру, қапшықпен жүгіру, бас жүлдеге тірі қой тігілген «кэряш» күресі бойынша ұлттық және спорттық жарыстар өтті.
Тарихшылардың айтуынша, бұл халықтар сабантойды, кем дегенде, XV ғасырдан бері мерекелеп келеді екен. Татарлардың сабантойын бірге тойлап жүрген өзге ұлт өкілдерінің татуластығы мен бірлігін осы мереке дәлелдей алады.
Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев желтоқсан айында жалпы халыққа ұсынған Жолдауының «Мәдениет, дәстүр және даралық» бөлімінде: «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек. Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деген болатын.
Барша қауым Елбасының Жолдауына қолдау көрсетеді деп сенемін.