Байғозы батыр өмірі
Аталы-балалы батырлардың даңқы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресте шықты. Батырдың атамекені Сарысу өзенінің басы – Ақтау, Ортау, Көктің көлі. Ол 90-нан асып қайтыс болған. Сүйегі Жаңаарқа ауданындағы “Қызыл ту” совхозының жерінде. Бейіті тұрған жерді “Батырдың басы” деп атайды.(“Қазақ Совет Энциклопедиясы”, 2-т., 84-бет, 1973 ж.)
Тоталитарлық билік кезінде қазақтың өткен тарихын бұрмалау, елдің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаған хас батырлардың есімдерін халық жадынан ұмыттыру, оларды елемеу құйтырқы саясаттың арам пиғылды әрекеттерінің бірі болатын. Соның салқыны Байғозы батырға да тиді. Байғозы Наймантайұлына әр томының қалыңдығы сынық сүйем келетін Қазақ Совет Энциклопедиясында небәрі 15 жолдық мәлімет беріліпті.
Батырлардың бірі емес, бірегейі Байғозы Наймантайұлы. Ол 1705 жылы туып, 1803 жылы дүние салған.
Батырдың өмір жолын, қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы күресіне сіңірген қыруар еңбегін зерттеумен кеңес заманында жұртқа танымал ғалым, ақын Балтабай Адамбаев марқұм айналысқан болатын. Балтекең талай жылдар ел аралап жинаған кұнды материалдарын уақытында жарыққа шығара алмады. Бұдан соң бұл маңызды іспен үзбей, жан-жақты шұғылданған белгілі жазушы-этнограф, филология ғылымының докторы, профессор марқұм Ақселеу Сейдімбек.
Байғозының соғыстағы ерлігі мен батыр атағының жас кезінен шыққанын айғақтайтын тарихи жазба деректер баршылық. Бұған ең алдымен көңіл аударған Шоқан Уәлиханов. Ол “XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар” деп аталатын очеркінде Байғозының жас кезінен батыл болғанына Шақшақ Жәнібек батырмен екеуінің арасында болған мына бір жайтты дәлел етеді.
Ресейден қашқан торғауыт-қалмақтарды қуып келе жатқан Абылай ханның қолы жолай ат шалдыруға тоқтайды. Ханмен іргелес жерде Шақшақ Жәнібек батыр қорқор тартып, дем алып отырады. Ол өзінің өр мінез, тәкаппарлығымен де белгілі. Ханнан басқаларды адам деп менсінбейді. Кенет бір жас жігіт омыраулай келіп, ат үстінен қолын созып, Жәнібектің қорқорын сұрайды. Бұл батырға шыбын шаққандай әсер етпейді, ештеңе болмағандай қорқорын сорып отыра береді. Темекіге мейірі қанған соң, қорқордың күлін қызыл етігінің өкшесіне қағып түсіріп, қайтадан қалтасына салып қояды.
...Көп ұзамай соғыс басталып кетеді. Құрамында 10 мың жауынгері бар торғауыттар Абылай ханның шағын қолын тықсырып, жеңе бастайды.
Қазақтар амалсыздан қашуға мәжбүр болады. Әсіресе қара атты, ұзын қалмақ бет қаратар емес. Батырға да жан керек. Жәнібек те қашады. Қолдан келер қайран жоқ, өкініш өзегін өртеп: “Мына ақымақтың көзін құртатын бір қазақ болмағаны ма?” деп айғай салады. Сол кезде Байғозы жұлқына алға шығып, шірене садақ тартады. Зырқырай ұшқан қозыжауырын жебе қалмақты аттан жай ұрғандай жұлып түсіреді. Бұлай болар деп күтпеген жау абдырап сасып қалады. Қазақтар атойлап қалмақтарға тап береді. Сағы сынған торғауыт жасағы жеңіліске ұшырайды. Сөйтіп, жас Байғозының ержүректігі арқасында қазақ қолы өзінен әлдеқайда күші басым жауды тізе бүктіреді.
Соғыстан соң аузында қорқоры бар Байғозы Жәнібекке жақындап келіп: “Батыр аға, темекі тартатын кез, енді келді”, – депті. “Міне, Байғозының батырлығы осылай басталған, бұдан соң оның есімін бәрі білді”, – дейді Шоқан Уәлиханов.
Ш.Уәлиханов осы очеркінде Байғозының ерлігімен қатар оның табандылығын, ұстамдылығын көрсететін тағы бір дерек келтірген. Бұл жолы шайқас қырғыз бен қазақ арасында болады. Қанжығалы Есет батыр манап Теміржанды өлтірген. Қырғыздар ашына соғысып, қазақтың үш батырын: Жаулыбайды, Үсенді және Байғозыны тұтқынға алады. Манабының кегін алу үшін қырғыздар қолға түскен қазақ батырларының бірін өлтірмек болады. Жеребе Байғозыға түседі. Одан манапты кім өлтіргенін сұрайды, Байғозы батыр қатқыл үнмен: “Мен ешкімге айғақ болғым келмейді”, – дейді.
Батырдың бетін шығысқа қаратып, қырық қадам жерге барып қырғыз мергені көздей бастайды. Байғозы шарт жүгінген қалпынан қозғалмай, ажал күтеді. Мынадай қас қақпаған ерлігіне сүйсінді ме немесе қазақтардың қолында пүшәйман болған қырғыздарды айырбастап алғысы келді ме, әйтеуір мылтық атылмады. “Мен ешнәрсе ойлаған да, қорыққан да жоқпын. Басымды мықтап таңып алдым да, мылтықтың атылуын күтіп отыра бердім”, –депті кейін Байғозы.
Сағат АРЫНҰЛЫ