Отанды сүю – ең ұлы сезім
«Өз Отанын жан-тәнімен сүю – адамшылықтың асқар шыңы»
В. Г. Белинский
«Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы! Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы! Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз еш уақытта ұмытпауымыз керек», – деп Елбасымыз айтқандай, қазақ жері – киелі жер. Барша қазақтың өнуі де, өсуі де өз елімізде, өз жерімізде болмақ.
Отанды сүю дегеніміз – ең ибалы сезім. Отанды құрметтеу, ең алдымен, өзіңді құрметтеуден бастау алады. Өзіңді құрметтеу жақыныңды, өз үйіңді сыйлау екені шындық. Міне, осыдан болар, Отан отбасынан басталатындығы. Патриотизм – адам бойындағы ең қасиетті сезім. Патриотизм - туған еліңді сүюмен қатар, оған қалтқысыз еңбек ету, сол елдің бір бөлшегі екеніңді сезіну.
Елбасы өз жолдауында: «Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей,өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс. Егер мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, онымен мақтанамыз. Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» деген болатын. Әрбір адамның туып-өскен жеріне құрметпен қарауы, ана тілін меңгеріп, сол тілде өз ойын толық жеткізе алуы – барлығы патриотизмнің негізі болмақ. Отанды сүюді қалай түсінуге болатынын М. Шаханов былай жырға қосқан болатын.
«Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Әр адамда өз анасынан басқа да
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – сатылмайтын байлығы,
Туған дәстүр, салт-санасы тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі
Және туған тарихы, еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
«Төрт ана» болған Отанымыздың қадіріне жету – ұрпаққа сын. Әр адамның адамдығының кепілі – құдіретті төрт ананы көзіміздің қарашығындай сақтап қорғау. Рас, Отанды сүю, ең алдымен, тілімізді құрметтеп, ділімізді сыйлаудан басталмақ. Имансыздың жүрегінде ғана Отанға деген сүйіспеншілігі болмайды. Оны бізден өзге кім сыйлап, кім қадіріне жетсін? Заманымыздың заңғар жазушысы Ғ. Мүсірепов «Ана тілін тек өгей ұлдары менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады деген болатын. Отанға деген махаббатты туған тарих қастерлеуден тануға да болады. Кешегіміздің куәсі болған тарихымызды ертеңге аманат ету де бізге жүктелген үлкен міндет. Қазақ халқын, қазақ жерін «қазақтікі» деп танытуда қымбат құндылығымыз – салт-дәстүріміз алдыңғы қатардан көрінбек. Тарих беттерінен көріп отырғанымыздай, талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткердік. Соған қарамастан өміріміздің тынысына айналған салт-дәстүріміз өз қасиетін жоғалтпады. Отан деген не? Ол халықтың өткені, бүгіні және келешегі. Өткенімізді бағамдап, бүгінімізді жаңғырта алсақ, келешектен жарқын болашақ қана көре аламыз. Өз еліңнің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени саладағы жетістіктерін мақтан ету, өз Отаныңның бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, ата-бабаларың мен Отаныңның тарихына құрметпен қарау, сондай-ақ, өзіңнің табанақы, маңдай теріңді туған еліңнің гүлденуіне арнау – бұлардың барлығы да қазақстандық патриотизм деген ұғымның ішіне сыяды.
«Алдағы уақытта елді басқаратын жастар сауатты ғана емес, сондай-ақ нағыз патриоттар болуы керек – деді Елбасы. Қазіргі кезде ақпараттың ағыны қарқынды дамуда. Біреулер түрлі ақпараттар желісіне қызығып, шетелдерге кетіп жатады. Олардың барлығы патриоттар емес. Нағыз патриоттар өз елінің мүддесіне қызмет ететін, еліне табыс әкелетін адамдар.
Отанымызды сүю – адамдығымызды сақтап, ар алдында адал қызмет атқару. Қандай жұмыс істемейік, жадымызда «Отанымыздың мықты болуына, тұғырының берік болуына атқарар қызметім адал болсын!» дейтін ұран жаңғырып тұру қажет.
Мемлекетіміз жаңадан гүлденіп, бой көтеріп келе жатқан шақта, тамырының терең, тұғырының берік болуына әр азаматының Отанға деген махаббатының шынайылығы үлкен рөл атқарады.
Жамбылбаева Айжан