Нұраның нұры
Елбасымыз өзінің биылғы жолдауында «Жаңа Қазақстандық патриотизм» турасында сөз қозғаған болатын. Онда әр адам өз жерінің мақтанышына масаттанып, шаттана білуі керек деп айқын айтқан. Осы негізде менде өз жерімнің мақтанышын сөз еткенді жөн санадым.
Әр адамға өзінің кіндік қаны тамған, туған топырағы ыстық екені айқын. Адамды өзі туған өлкенің әрбір тау-тасы, құмы, өзен-көлі, бәрі-бәрі ерекше сезімге бөлейтіні де айғақ. Осы орйда жер ананың қадыр –қасиетін зерделеуде туған өлке мақтанышына айналған ақын ағамыз Серік Сатанов шығармашылығымен танысқан болатынмын.
Киелі топырақ перзенті Серік Сатанов Әбділдаұлы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Нұра селолық округінде 1956 жылдың 6-шы тамызында дүниеге келген. Ауылдағы 8-кластық Темірбек Жүргенов атындағы орта мектепте тәлім алып, кейіннен Ақтөбе қаласындағы мектеп интернатта білімін жалғастырып, тәмамдайды. Мектеп қабырғасында жүргенде тарих, әдебиет сабақтарын ерекше ықыласпен зейін қойып оқып, алғыс хаттарды иеленіп жүреді. Алғашқы еңбек жолын алғыр да, зерек Серік Әбділдаұлы ауылдық өзі оқыған мектепте ұстаздық қызмет атқарудан бастайды. Зерделі жан зейінін кеңейтіп, білімін жетілдіру барысында 1974 жылы Алматы қаласындағы қазіргі Қаз ҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, білім алады. Киіннен Алматы қаласындағы қазақ радиосында, «Қазақ әдебиеті» газетінде абройлы еңбек етіп, 1996-2004 жылдары аудандық Ырғыз газеті редакторының орынбасары, Ақтөбе қаласы әкімінің баспа хатшысы, Облыстық «Ақтөбе», Ақтөбе қалалық «Қала тынысы» газетінің тілшісі қызметтерін атқарады.
Ағамыз қандай қызметтер атқарса да темірдей табандылығы мен еңбекке деген сүйіспеншілігінің арқасында шығармашылық шыңынан көріне білді. Қысқа ғана ғұмыр кешсе де ел аузында қаларлықтай еңбек етті. Көзі тірісінде шағын ғана «Күміс көкжиет» атты өлеңдер жинағы басылып шыққан болатын,алайда ақын өзінің кейінгі өлеңдерін топтастырып, жүйелеп бастыруды мақсат тұтқанымен, ол мақсаты кейінгі ұрпақ еншісінде қалды. Ардақтар елі барды ер есімі елендбей қалмас. Алматыда бірге жүріп, араласқан ағайын – туысы Тәуіпбай ағамыз үлкен азаматтық, кең жүректілік жасапөлеңдерін «күн махаббаты» деген атпен бірнеше дана кітап етіп шығарған болатын. Ел жанашыры, жайсаң жандар барда аға шығармашылығының зерттелмей, баспа бетін көрмей қалмасы белгілі. Аллаһ қолдап, аға рухы демеп жүргей.
Серік ағаның шығармашылығымен таныса жүріп, ол кісінің адамдық болмысына қанық болдым. Нағашы ағам А. Байтұрсынұлы өзінің сыныптас досы болғанын айтты. Серік Әбділдаұлының кең пейілді, дархан мінезді, жайсаң жүзді, үнемі қол ұшын беруге даяр тұратын көпшіл, бауырмал, ақ жүзді болағанын қимастықпен еске алды. Ал өзімнің ата-анам ол кісінің көршілес тұрғанын, білімге жаны құмар зерек, тумысынан болмысы ерекше жан болғанын тебірене толғады Көргенде құшақ жая қарсы алар көргенді, үлкенге құрмет кішіге ізеттілік таныта білетін, дара да дана тұлға екенін айтып өтті. Газет, журналдардан да аға шығармашылығы мен адамдық тұлғасына терең бойлай бастадым. Арамыздан өтсе де, кейінгі ұрпақ ұмытпақ емес.
Көпшіліктің бірі білсе бірі біле бермейтін шалғайда орналасқан арқан бойындай ғана шағын Нұра ауылы кіндік қаны тамғандар үшін киелі жер болып саналады. Балғын балалық балдауренімді өткізген туған топырағымды зерделеп, тарих толқынына бет бұруды өзіме жер ана алдындағы перзенттік парыз санаған болатынмын. Оқуда жүрсем де, жазғы демалысымда аудан орталығына келіп ел, жер тарихы турасында мәліметтер жинастырдым. Біраз деректерді қолыма алып, топтастырып жүргенімде аудандық журналист Д. Мектепбай ағам жерлес ақын ағамыз Серік Сатанов турасында сөз қозғады. Сол мезеттен бастап ақын шығармашылығын іздестіре бастадым. Алматы қаласына келгеннен кейін сондағы өзім білетін кітапханалардан қарастырдым, одан соң «Ұлттық кітапхана» қорында болар деген үмітпен онанда іздестіріп, көңілім су сепкендей басылды. Қайтсемде ақын ағамның бір кітабын кездестірсем деген ниет болатын. Сөйтіп жүріп өзім тәлім алатын университет кітапханасынан күтпеген жерден «Күміс көкжиек» кітабын тауып алып, көкжиек көгіне самғағандай болдым. Кітапты қолыма алып мейірлене оқып шықтым да, жеке шағын дәптер арнап бір өлеңін қалдырмастан көшіріп алдым. Курстастарым көріп менің бұл қылығыма таң-тамаша болатын. Алматы да жүріп шалғайдағы ауылдық ақын кітабын сонша іздеп, енді оны көшіріп жүргеніме таңданып, бүл қылығымды жындының ісіне балайтын. Ал енді бірі не деген патриотсың деп жіргерлендіріп қоятын. Мен үшін бұл таптырмас дүниеден қол үзіп қалмаудың амалы еді.
Туған топыраққа деген сағынышымды ағамның жылары арқылы тарқататынмын. Оның жыры менің сырласыма, мұңдасыма айналды. Жабырқағанда жаныма жалау, көңіліме медеу болатын. Сырласа жүріп ақынның талданбағын тың дүниелері турасында ой толғап, пікірімді білдіргенді жөн көрдім. Ақын шығармашылығында туған жер, ел, Отан, махаббат, адамдық, өмір мен өлім, уақыт, табиғат сыры мен көңіл толқындары турасында сөз болады. Елге, жерге деген сағынышын ақын өлеңмен өрнектеп, жан сарайын жұбататын перзенттік махаббатын жолдаған. Ақын өзінің «Сағыныш сырлары» атты өлеңінде:
Күнде сәлем күтемін Нұра жақтан,
Өзендері оркестр құлап аққан
Менің де бал әуенім жүрген болар
Торғайдың жыр жүрегін мың оятқан, –
деп туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен сағынышын жырға қосады. Ал «Туған жерге» атты арнау өлеңінде, тарихқа көз салып, ел шежіресімен тілдеседі.
Киелі жер,өскен ел, туған мекен,
Бар ғаламат, бар қызық тұлғаңда екен.
Ата-бабам өзіңде тұлпар мінген,
Тұлпарлардың дүбірін тыңдап өтем.
Ғашық көзбен қараймын биігіңе,
Пәк көңілдің – періште киігіне
Шежірелі домбыра даласың ғой
Күйден емін табатын күйігіне
Далаңдағы дауылдай тентек едім,
Өр мінезбен өзіңе еркеледім
Тарихыңмен тілдесіп тұрмын, міне,
Соққан жел-ау, бар сырды шерте бергін.
Туған жермен тілдесіп қана қоймай қазақы болмыспен, ұлттық рухты бейнелейді. Қазақ қана күйігінің емін күйден тауып, табиғат тылсымына бойлай білген. Ақын өз өлеңі арқылы осыны аңғартқандай.
Ақын өмірдің ақ, қарасы мен аумалы-төкпелі кезеңіне жырымен төтеп бере білген жан. Серік аға отты жырларымен жаныңды күйдіріп, улы тілімен шығып алады. Соны теңеулерімен жыр тізгінін ағытады.
... өмір деген ғұлама, шежіре шал,
Ақыл айтып қояды қателессем, - деп өмірге жан бітіре суреттейді.
Күзеткен ақ пен қара шекарасын,
Бақылап өмір, өлім екі арасын.
Жүрегім жайратқыш қой
сезген болар
Аспанның ағып түскен шоқ жарасын.
Жылады әлде жүрек қызғаныштан,
Жолында қуаныштың құрақ ұшқан
Азғантай кейде бақыт мойын бұрса,
Жүгіріп менен бұрын қол алысқан.
Кеудедегі жұдырықтай жүректің тірішілік иесімен теке тіресе тірлік кешуін суреттеуде ақын, өзіндік бояумен нақышын келтіре бейнелей отырып жандандыра түседі. Ақын өз шығармашылығында көптеген кездесе қоймайтын, қайталанбас теңеулер мен эпитетті қолдана білген. Табиғат сырын шертуде де сыршыл әлемге бойлай біледі. Құдіретті күштің иесі іспетті, жансызға жан бітіріп, тіршілікті түрлендіре түседі. Ақын ойлы дүниенің дүлдүлі, дарабозы. Кең дүние төсіне қырағылықпен етене еніп, жырымен кесте өрнектей білді. Ақын өлеңдеріндегі: «найзағай берген от қалам», «шыңылдап кетті-ау тау төсі», «жаным күшті жердегі жарылыстан», «өлкесінде өлеңнің ұлы майдан», «табиғат тал бесігі құндақталған», «күлкілерін күз алған қайыңды да, қуаныштан қоямын жасауратып», «шатырлап аспан – кеуде, соғып өтті – ау, апат күш найзағайдың қуатындай», «тұйғын жүрек тіршілікке сыр аштыма», «жүрегіңде тұрған шығар тұтанып, көздерімнің оттарына шарпылып», «әдептілік заңының бұзып бәрін, тамшыларды кескілеп бұзық қаным», шашыңда жүр шашылып қара орманым», «жаным – дүние аспан боп ашылардай» секілді соны сипаттаулар шығармалылығының өзіндік өрнегі. Ақын өлеңдері қанық та, айқын бояуымен, өзгеше өрімдерімен, сан құбылған сөз сиқырымен ерекшеленіп тұрады.
Ақын өлеңдерінде бір ойды, мағынаны, сөзді қуатты, көркем жеткізуде аллитерацияны да шеберлікпен қолдана білген.
Жүрегімнің бір күні тоқтары анық,
Жүргенімде осылай отқа оранып.
Жақсылықты мұра ғып қалдырамын,
Жамандықтар қалсыншы ноқталанып.
Тежей алмай жүрмін – ау сезімімді,
Талқан қылып барады төзімімді.
Тіршіліктің шуынан сіңіремін,
Табиғатым туғызған өз үнімді.
Ақын жырларында өмір өрнектерін бейнелеумен қатар адамдықты да, адалдықта да жырына арқау ете білген. Өмір мен өлімнің арасындағы, уақыт атты меженің шырмауын үзуді мақсат тұтқан.
Өлім деген – мәңгі ұйқы бар,
Сондықтан.
Өмір үшін кірпік ілмей өтермін, –
деп тіршілікте өмір үшін күресіп, жан сарайын ақтарып, жырымен қанат қаққан жан.
Ақын бірде:
О, баста өлең болып жаратылғам,
Аспанның селдей нөпір нөсерінен
– деп жырласа, енді бірде:
Қақам бар ғой, қақам бар, тегінде мен
Оқып өтем өмірдің көгінде өлең.
Еленбеген бақытты, баянды етіп.
Жеңем деген уақытты сенімде өлем.
Иә, ақын ағамыз өлшеусіз өмір кешіп, жыр тағынын ағытып, көгінде самғауды мақсат етіп, уақытты жеңсем деген ниетіне жету жолында құрбан болды. Өзі жырлаған «Жүрекпен сырласу», «Жүрек сөзі», «Жүректерге үңілемін», «Жүрекке жасалған операция», «Жүрек жыры» секілді өлеңдеріне арқау болған барша тіршілік көзі жүрек сырқатынан қазақ тапқан болатын.
Жырымен сыр сырлаған Нұраны нұрландырып, жырдан сәуле шашқан Серік Сатанов шығармашылығы қуатты тілімен, тың ойлылығымен сана сыңылауынан орын алып, жүректе мәңгі жатталып, сақталары һақ. Туған жер топырағы жанына қуат беріп, демей жүрсін.
Динара КӨБЕНТАЕВА