Жаңалықтар

Салауатты өмірге апарар жол – спорт

Атам қазақ сонау заманнан бері қазы мен қарта асап, сорпа ішіп, қымызбен сусындап, құрт-ірімшікті күнделікті пайдаланып, жылқы үстінде «доп тепкен», мерген де батыр халық болған.
02.03.2014 19:37 5272

Атам қазақ сонау заманнан бері қазы мен қарта асап, сорпа ішіп, қымызбен сусындап, құрт-ірімшікті күнделікті пайдаланып, жылқы үстінде «доп тепкен», мерген де батыр халық болған. Өзіндік салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын ұстанып, өз мәдениетін қалыптастыра білген. Киіз үйдің керегесін кең жайып, жасыл желекті жайлауда жүріп ойын-сауық құрған бабаларымыздан талай ойын түрлері атадан-балаға мирас болып келді. Кең иықты, сұңғақ бойлы, шымыр денелі қазақ азаматтарының күші бірінен-бірі асып,  талай жеңістің жемісін көрді. Жалпы алып қарасақ қазақтың ойындарын ойнаған адам спортзалында күні бойы шыныққан адаммен пара-пар келеді екен. 

Қазағымыздың тамыры тереңге бойлаған тұғырлы тарихымен тұтасып келген күрес, ат жарысы, көкпар, сонымен қатар футбол, баскетбол, волейбол, теннис, бокс тағы да басқа спорт түрлерінің еліміздегі жағдайы қандай, бұл салаға көмек, қолдау көрсетіліп жатыр ма?! Бұл сұраққа ойланбастан «иә» деп жауап беруімізге әбден болады. Өйткені  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кезекті жолдауында дене шынықтыру мен спорт саласына да көп көңіл бөліп, былдырлаған баладан ересектерге дейін салауатты өмір салтын ұстану қажеттігіне баса мән берді. Өйткені спорт халқымыздың денсаулығына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Әрбір адамның жеке денсаулығы өзіне керек, ал халықтың денсаулығы елімізге керек. Сондықтан әрбір азамат өз денсаулығының мықты болуы үшін спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтануы тиіс.  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы спорт – кең байтақ туған жерімізді әлемге танытатын бірден бір құрал екенін тасадан тыс қалдырмады.  Сол себепті аталмыш салаға аса мән беріп қолдау көрсететінін, әлемге танымал спортшыларымыздың көбейетініне, олардың көк байрағымызды әлем алдында көкке көтертіп, әнұранымыздың өзге елде шырқалатынына үлкен сенім білдірді.

Қазақ үшін ауыз толтырып, мақтанышпен айта алатын спорт түрі қазақша күрес. «Қазақша күрес» бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ұйымдастырылып, сол кезден бастап бұл спорт түрінен жарыс жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.  Осы күрестің қыры мен сырын өзгелерден артық білген қазақтың ұлы батыры Қажымұқан Мұңайтпасов бабамыздың есімі тек өз еліміздің тарихына еніп қойған жоқ, сонымен қатар спортшылардың арасынан суырылып шығып, маңдай термен жеткен жемісінің арқасында әлемдік элитаның қатарына кірді.

2004 жылы Қазақтардың Берлиндегі Бүкіләлемдік Құрылтайында конференция болып, сонда «Қазақша күрес» күресі бойынша халықаралық федерация ұйымдастырылған. Бір жылдан соң «Қазақша күрес» бойынша І Азия Чемпионаты өтті.  Бұл жарысқа дүниежүзі бойынша жүзден аса спортшы қатысып, күштерін сынасты. 2011 жылы тамыз айында қазақша күрестен Қазақстан біріншілігі болып өтті.

Қазақша күрес аудандық, облыстық, республикалық спартакиадалардың бағдарламаларына да кіргізілген. Адамның денесін қатайтып, ширатып, төзімділік пен ептілікке жетелейтін қазақша күрестің қазіргі «Қажымұқандары» бар ма? Тек өз елімізде ғана емес, сонымен қатар өзге елдің топырағында күресіп, қазақтың қайсарлығын дәлелдеп жүрген азаматтарымыз аз емес екен. Оған құрлықтың ар жағындағы әсем Бразилияның Сан Пауло қаласында өткен қазақ күресінен жастар арасындағы Әлем чемпионаты дәлел бола алады. 11 балуанның тоғызы жүлдемен оралды, оның үшеуі алтын, екеуі күміс, төртеуі қола медальға ие болған. Додаға Ресей, Индия, Иран, Германия, Африка, Уругвай, Чили, Гватемалла, Литва, Белорусь, Бразилия және Қазақстан елдерінен жалпы 40 балуан бақтарын сынаған. Әлемнің оннан аса мемлекетінен жиналған спортшыларды баса түсіп, бас жүлдені қанжығасына байлап қайтқан батыр азаматтарымызға айтар алғысымыз шексіз. Осы әлем чемпионаты кезінде Қазақстандықтар Американың 10 елімен төл күресімізден федерациялар ашу туралы келісімдерге қол қойып, келісімшартқа отырған.

Уақыт өте қазақ күресі күллі әлемге танылып, аса жылдам қарқынмен дамып келеді. Бұған тағы бір мысал Швейцарияның Велей қаласында өткен Халықаралық күрес түрлері қауымдастығының отырысында тұңғыш рет қазақ күресі 2013 жылы Дүниежүзілік студенттер ойындарының бағдарламасына енген және Ресейдің Спорт аккорд жарыстарының бағдарламасына, сонымен қатар Литваның Шяуляу қаласында ұйымдастырылған Тафи ойындарының да тізіміне қосылған. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын студенттер арасындағы ойындарға қазақ күресінен Азия, Еуропа, Африка мен Америка чемпионаттарында жүлделі орындарды иеленген балуандар қатысуға жолдама алып, бақтарын сынау үшін Татарстанның Қазан қаласына жол жүреді. Қазақша күреспен айналысатын адамның денесі ширақ, бұлшық еттерді қатты болып қалыптасады, сондықтан ер балаларды жастайынан осы спорт түріне баулысақ артық етпес.  

Президент жолдауында: «Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі» делінген. Лондон олимпиадасына қатысқан спортшыларымыздың тер төккен жемісті жеңістерінің арқасында ел болып қолдау көрсетіп, 205 ұлттық құрама арасынан 12-орынды иелендік. Бұл өте үлкен жетістік, бұл еліміз үшін үлкен сый. Спортшылар командасы тек қазақтардан емес, сонымен қатар Қазақстанда тұратын жүзден асып жығылатын ұлт азаматтарынан құралған. Бұл біздің елдің бірлігін, ел азаматтарын ұлтына қарай бөлу, кемсіту сияқты олқылықтардың жоқ екенінің дәлелі.  Олимпиададағы жеңіс салтанаты халқымызды одан әрі біріктіре түсті, патриоттық сезімімізді одан ары қарқындата түсуіне септігін тигізді.

Қазақстандағы спорт саласын одан әрі дамыту үшін «Әлемдік озық тәжірибені есепке ала отырып, Бұқаралық спорт пен жоғары жетістікке жеткізетін спортты дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын» деп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Үкіметке  тапсырма берді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдап, шұғыл іске кіріскен.

«Жарлының байлығы – денінің саулығы», «Денсаулық – зор байлық» демекші салауатты өмірге апарар жолдың – денешынықтыру мен спортпен айналысудан тұратынын ұмытпайық.  Спортты сенімді серік етейік!

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға