Жаңалықтар

Алматы Ақ Олимпиаданы өткізуге үміткер

Алматы қаласы 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер қала атануға өтініш берді. Бұл туралы еліміздегі Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттік төрағасы Ерлан Қожағапанов мәлімдеді.
02.03.2014 19:50 3937

Алматы қаласы 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер қала атануға өтініш берді. Бұл туралы еліміздегі Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттік төрағасы Ерлан Қожағапанов мәлімдеді.

Президенттің арнайы тапсырмасына орай бас қосқан Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті өкілдері және қала басшылығы Алматының қысқы ойындарға дайындығын талқыдан өткізді. Жиынға қатысқандардың пікірінше, Алматы қаласы 2022 жылы Олимпиада ойындарын өткізуге дайын. 28-ші Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу үшін Алматы қаласында 5 спорттық ғимараттың құрылысын бастау жоспарға енгізілді.

«Алматы қаласы 2022 жылғы Ақ Олимпиаданы өткізу құқын жеңіп алу үшін, көптеген спорт ғимараттарын жөндеуден өткізіп, қаланың инфрақұрылымын реттеуге тиіспіз. Бүгінде сол үшін жұмыс істеуді бастап та кеттік. Өздеріңіз білесіздер, Елбасы жыл сайынғы жолдауында бұқаралық спортпен бірге, еліміздегі кәсіби спортты дамыту да ерекше атап өтеді. Егер Алматы Олимпиада ойындарын өткізу құқын жеңіп алатын болса, бұл барша Қазақстан тұрғындарының жеңісі болмақ» дейді агенттік төрағасы Ерлан Қожағапанов.

2022 жылы өтетін 28-ші Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге 10 қала үміткер. Атап айтар болсақ, Швейцарияның Давос, Женева, Санкт-Мориц немесе Берн қалаларының бірі, Канаданың Квебек, Украинаның Львов, АҚШ-тың Денвер, Финляндияның Хельсинки, Куопио немесе Тахковуори қалаларының бірі, Қытайдың Харбин, Францияның Тулуза, Германияның Мюнхен, Испанияның Барселона, Польшаның Краков және Норвегияның Осло қалалары 2022 жылғы Ақ Олимпиаданы өткізуге үміткер болуы мүмкін. Бұл қалалардың ішінен ең бірінші болып ресми өтініш берген - Алматы қаласы. Әрине, жоғарыда аталған елдер - Еуропа мен Азияның дамыған мемлекеттері. Әсіресе, қысқы спортқа табиғаты бейім келетін, спортшылары да ақ қар мен көк мұздан күреп жүлде алатын Швейцария мен Финляндияның Олимпиада өткізуге мүмкіндігі мол. Мамандар Олимпиада өткізу үшін басты талас Санкт-Мориц пен Давос, Барселона мен Мюнхен және Алматы мен Львов қалаларының арасында өтеді деген пікір айтуда. 2022 жылы өтетін 28-ші Қысқы Олимпиада ойындарының астанасы 2015 жылы Малайзияның Куала-Лумпра қаласында Халықаралық Олимпиада Комитетінің кезекті отырысында анықталады.

Алматы қаласы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге өтініш білдірген соң, көптеген мамандар мен басшылар өз пікірлерін айтуда. Мәселен, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов: «Алматы еліміздің спорттық орталығы болып есептеледі. 2011 жылы Азия ойындарын өткізген соң, 2017 жылы Универсиада ойындарын өткізу құқын жеңіп алдық. Енді Олимпиада ойындарын өткізу мәртебесін иеленсек, бұл біздің еліміздің дамуы мен спорттық жетістігіндегі үлкен серпіліс болады» деп мәлімдеді. Ал, «Biathlon.kz» сайтына сұхбат берген биатлоншы, Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталева: «Егер Алматы Қысқы Олимпиаданы өткізу құқын жеңіп алса, бұл біздің еліміз үшін үлкен жетістік болады. Әсіресе, ел тұрғындары үлкен спорттық мерекенің куәгері атанар еді. Егер қандай да бір мемлекет Олимпиаданы өткізу құқын иеленсе, ол елге дайындалу үшін 7 жыл уақыт береді. Меніңше, біздің елімізде көптеген спорт ғимараттары дайын. Кейбіреулерін жөндеуден қайта өткізу керек. Сондай-ақ, бобслей мен скелетонға арналған кешеннің құрылысын бастаса болғаны. Мен біздің қаламыз бен біздің еліміздің мұндай ірі спорттық оқиғаға куә болуын тілеймін» деп, өз ойымен бөліскен.

Жанкүйер жадынан өшпеген болар, 2011 жылы Алматы мен Астана қалаларында қысқы спорт түрлерінен 7-і Қысқы Азия ойындары өткен болатын. Азияның айтулы додасын өткізу үшін Алматы мен Астана қалаларында бағалы спорт нысандары салынып, Азиада ғимараттары кейіннен халық игілігіне берілген еді. Атап айтар болсақ, Астана қаласында «Алау» мұз айдыны, мәнерлеп сырғанаушылар сайысы өткен «Сарыарқа» велотрегі, қайта жөндеуден өткен «Қазақстан» спорт сарайы спортшылар мен жанкүйерлер үшін қызмет етсе, Алматы қаласындағы Солдатсай шатқалында шаңғы-биатлон кешені бой көтерді. Одан бөлек, шаңғымен секірушілерге арналған Халықаралық тұғырдан секіру кешені қолданысқа берілді.

2017 жылы Алматыда Қысқы Универсиада ойындары өтеді. Елбасының тікелей бас-көз болуымен қолға алынған бұл жобаға да дайындық қызу өтіп жатыр. Егер Алматы қаласы Ақ Олимпиаданы өткізу құқын иеленсе, бұл ел инфрақұрылымы мен спортшылар табысын еселей түсуге берілетін мүмкіндік болмақ.

Ермек Төлепов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға