Біртұтастық – ел тірегі
Қазақстан сөзсіз, қазақтың елі, қазақтың жері – ата мен бабадан мұраға қалған, аналардың аманаты, жастардың болашағы, балалардың бала шағы. Көркіне көз тоймайтын тамаша табиғаты бар, қойнауы тұнған қазына, жайлауы – құт мекен, сулары мөлдір шық, таулары заңғар қамал – Қазақ елі шынымен бай-ақ. Қазақтар жайында сипаттама бергенде, даналығымен төрткүл дүниеге даңқты болған Қазыбек биіміздің сөзінен артық айта алмаспыз:
«Біз – қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз,
Досымызды сақтай білген елміз.
Асқақтаған жау болса,
Хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды,
Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.
Сен қалмақ болсаң, біз – Қазақ,
Қарпысқалы келгенбіз.
Сен темір болсаң, біз – көмір,
Еріткелі келгенбіз.
Қазақ, қалмақ баласы, табысқалы келгенбіз,
Танымайтын жат елге, танысқалы келгенбіз.
Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз,
Сен қабылан болсаң, мен – арыстан,
Алысқалы келгенбіз.
Жаңа үйреткен жас тұлпар,
Жарысқалы келгенбіз,
Тұтқыр сары желіммен,
Жабысқалы келгенбіз.
Берсең жөндеп, бітіміңді айт,
Не тұрысатын жеріңді айт».
Ешкімді жатсынбай, бауырына басып, кең дастарханын жайып жіберіп, қымызын сапыра іше отырып, әңгімесін алға тартып қойып, есігінің алдына құл келсе, қонақ деп төріне шығарып, жан-тәнімен сыйлай білетін қазақтың жайсаң мінезі бүгінде таныған елге үлгі-ақ. Елімізде тұратын қаншама ұлттар мен ұлыс өкілдері қазақтың осы жайдары болмысын өздеріне үлгі етіп, олардың еңбекқорлығын әрдайым сөз етеді.
Бүгінде, Қазақ елі өзінің бүкіл ғұмырындағы ең қалаулы сәттерін бастан кешіріп жатыр, тәуелсіз, саясаты да, экономикасы да өз уысында. Елдегі татулық пен тұтастық мемлекет халқының болашаққа деген үлкен үмітін үкілейтін басты факторлар екені даусыз. Сан жылдар бойы қазақ халқының тұрмыс-салтымен, болмыс-бітімімен, өмір сүру қалпымен біте қайнасып, біртұтастанып кеткен өзге ұлт өкілдері бүгінде Қазақстан халқының ажырамас бөлігіне айналған. Олардың ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі, әдебиеті мен музыкасы ортақ бір арнаға қойылып, ұлтқа тән өзіндік сара жолымен сақталып келеді. Бір атаның балаларындай, тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан қазақтардан өзге елімізде жүзден артық ұлттар мемлекет тарапынан болсын, жергілікті жер қожайындары – қазақтар тарапынан болсын қандай бір кемсітушілік немесе қорлау көріп отырған жоқ. Елдегі әрбір ұлттың ұлт мұралары мен құндылықтарының сақталып қалуы үшін бар күшін жұмсап, жемісті қызмет етіп отырған мәдени орталықтары мен жастар бірлестіктері бар. Өз алдына диаспора ретінде барлық құқықтарына сәйкес жұмыс істеп отырған бұл диаспоралар еліміздің мәдениетін дамытуда өзіндік рөл атқарып келеді. Елбасы «Біздің елімізде кез келген этнос, саны көп болсын немесе аз болсын, Қазақстан қоғамының маңызды және үйлесімді бөлігі болып табылады. Оның өкілдеріне өздерінің рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру, салтын сақтау, Қазақстан мемлекетінің құрылысына қатыса отырып, өзін таныта білу үшін барлық жағдай жасалған» деу арқылы елдегі ұлтаралық татулықтың үлгісі боларлықтай үйлесімді жағдайды көптеген елдерге таныта білді. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған кезекті Жолдауы барысында «Біз тең мүмкіндіктер қоғамын, бәрі заң алдында бірдей болатын қоғамды құрудамыз. Біз ешқашан оқуға түсу, жұмысқа тұру және қызмет бабында өсу этностық белгі арқылы шешіледі дегенді ойға да алмауға тиіспіз» – деген пікірді айтып, елдегі нығайып, күшіне берік еніп келе жатқан демократияға дем бергендей болды. Себебі, бұл тұрғыдан алып қарастырғанда адами құндылықтар қандай да бір этностық ерекшеліктерге емес, тұлғалық, адами қасиеттеріне қарап бағалануы тиіс.
Жалпы, қазақ елі елдегі өзге ұлт өкілдерін әу бастан-ақ жатсынған емес, оларға деген айрықша ілтипат ел тәуелсіздігін алған тұстан бастап-ақ қолға алына бастады. Онсыз да Кеңес заманында қазақ халқының ерекше бауырмалдығына куә болған ұйғыр, дүнген, күрд, түріктерің қазақ еліне бостандық лебі ескен сәттен бастап өздерін еркін әрі тең құқылы азамат ретінде сезінді. Оны сезіндіріп те, ұғындырып жатқан да елдің тұтқасын ұстаған халық азаматы Нұрсұлтан Әбішұлы. Оның ұлтаралық татулық пен келісімге деген дұрыс көзқарасы елдегі тұрақтылықтың орнығуына да үлкен себепші болды.
Елімізге бақ болып орнаған тәуелсіздіктің екі онжылдығында елімізде айтарлықтай ірі ұлтаралық қақтығыстар мүлдем орын алған емес. Және болашақта да олай бола қоюы екіталай деп ойлаймын. Бұл жалғыз менің ғана ойым емес, Қазақстан жерін мекен етіп отырған барша қазақстандық өзге ұлт өкілдері де осы ойды түйгені көрініп-ақ тұр. Болашақта да өздерінің Отаны ретінде Қазақстанды көретін олардың ұрпақтары да кезінде есігін айқара аша қарсы қазақ елінде қандай да бір бұзықтық істерге бара қоймайтыны да белгілі.
Жалпы, еліміздегі татулық пен тұтастықты сақтау үлкен бір мағыналы саясатқа ұштасып жатыр. Бүгінге күнге жету үшін талай жылдар мен талай еңбек кетті. Осы орайда, Ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен 1995 жылдың 1 наурызында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттар бірлігін сақтаудағы атқарған рөлі жайында айта кеткен жөн сияқты. Бұл ұйым бүгінде елдегі барлық этностардың мүдделерін біріктірген, азаматтардың ұлтына қарамастан құқы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін Қазақстанның саяси жүйесінің маңызды элементіне айналды.
БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан өзінің Қазақстанға келген сапарында қоғамдық институттың рөлін жоғары бағалап, оны шағын «БҰҰ» деп атады.
Республикада этномәдени бірлестіктердің саны күн санап өсіп келеді. Қазіргі күні олардың саны 600-ден асып отыр. Мемлекеттік тілде және ұлттардың ана тілінде сабақтар жүргізілетін шамамен тоқсаннан астам мектеп бар. Жүз сегіз мектепте Қазақстанның жиырма екі этносының тілдері қосымша пән ретінде оқытылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы елде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау мен нығайтуда өзінің баға жетпес үлесін қосып отыр. Оның қызметінің арқасында республика жалпы азаматтық сәйкестік құрылысы жолын табысты аяқтады және барлық қазақстандық этностардың мәдени бірегейлігін сақтап қалды.
Алдағы жылдардағы қызметінің басым бағыттары – ұлттық бірлік доктринасын жасау, Ассамблея мен оның аймақтық бөлімшелерінің жұмысын ары қарай күшейту, өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелеу, мемлекеттік тілді үйрену қажеттілігін насихаттау. Бұл бағыттарды жүзеге асыру өзге этнос азаматтарының ел үшін етер қызметін арттырары сөзсіз.
Дегенмен, әр ұлт өз елім деп санаған елінде емін-еркін білім алып, қызмет істей алса – мұның өзі Алланың сол ұлтқа көрсеткен үлкен рақымшылығы іспеттес. Себебі, пана сұрап, үйсіз-күйсіз, қандай да бір идеологияның құрбаны болған қарапайым халықты бауырына басып, өз баласындай жатсынбаған қазақ халқына Алланың құры жаусын демекпіз. Себебі, халықтың ниетіне қарай Тәңірі олардың тағдырын да жеңілдететініне сенеріміз мол!