Жаңалықтар

Тілеп Қобыз сарайы

Ұлттық мәдениетімізді дамытуда жасалып жатқан игі істер баршылық. Соның бірі былтырғы жылы Астананың төрінде, Есілдің сол жағалауында бой көтерген «Тілеп Қобыз сарайы».
01.03.2014 12:29 9402

Ұлттық мәдениетімізді дамытуда жасалып жатқан игі істер баршылық. Соның бірі былтырғы жылы Астананың төрінде, Есілдің сол жағалауында бой көтерген «Тілеп Қобыз сарайы». Елбасы бір сөзінде «Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады» деген болатын. Міне, осы орайда «Тілеп Қобыз сарайы» деген атаудың өзі кездейсоқ таңдалған жоқ. Ғимараттың құрылтайшысы мен тапсырыс берушісі Сапар Ысқақов оны өзінің арғы атасы, атақты сазгер әрі қобызшы болған Тілеп Аспантайұлына (1757-1820) арнайды. Аңызға сүйенсек Қорқыт қобызын мирас еткен шәкірті, бақсы Қойлыбай болса, сол Қойлыбай осы өнерін 13 жасар Тілеп Аспантайұлына табыстап, батасын берген екен. Содан бері Тілептің қолындағы қобыз сарынынан «Толғау», «Аллам жар», «Бақсы» күйлері дүниеге келген.

Аздап тарихқа көз жүгіртсек, ежелгі заманнан бүгінгі уақытқа дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан музыкалық аспаптардың бірі – қылқобыз. Қобыз – халық арасында қасиетті аспап болып есептелген. Аңыз-естеліктерде қылқобыздың пайда болуы шамамен VIII-IX ғасырларда өмір сүрген Қорқыттың есімімен тығыз байланысты. Ел аузында қобыз және қобыздық  музыка  адам денесінен  ауыр  рухтарды, аурулар  мен  өлімді қуған деген наным бар. Тағы бір наным-сенімдерде аспап иесі бақсы сияқты ерекше  сиқырлы қасиетке ие және адам тағдырына әсер етеді дейді. Қобыз – екі қылды шекті,  ысқысы  бар аспап. Ол Сібір, Орта Азия, Повольжье, Закавказье және басқа да халықтарда сақталған, ысқысы бар аспаптар тобына жатады.

Жалпы сарайдың ішкі көрінісі қазақы үлгідегі нақыштармен безендірілген. Бастысы көрерменге арналған негізгі зал қазақы киіз үй үлгісінде жасалған. Концертке келген тыңдарман қауымға көтеріңкі көңіл-күймен қатар қойылған музыка үнінен дыбыстың құлаққа жағымды естілуі маңызды. Бұл ретте залдың акустикасы үшін арнайы Жапониядан мамандар алдырған. Яғни, зал акустикасының жұмысымен тікелей жапондықтар айналысқан. Көрермен залының сыйымдылығы 340 орынға арналса, ал кіші конференция залы 70 адамға шақталған.

Мұнда өткізілетін концерттік бағдарламаның басым көпшілігі ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен өткізіледі. Олардың қатарында қобызды қоспағанда домбыра, шаң-қобыз, жетіген, сыбызғы, дабыл, даңғыра, асатаяқ, ұран және сонау IX ғасырда атақты ғалым әл-Фараби ойлап тапқан ежелгі аль-канун аспабының да үнінен естуге болады. Сарайдың негізгі ансамбль фольклорлық этнотобы – «Көк түркілер».

Кешенде сонымен қатар туристерге қолайлы жағдай жасалған. Мәселен онда 125 орынға есептелген 79 қонақүй нөмірі, 170 орынға арналған мейрамхана, 80 орындық кафе-бар, фитнес орталықтары, 300 шаршы метрді қамтитын кеңсе-сауда орындары және туризмді, сауда нысандарын, бизнес-орталықтарды ұйымдастыруға арналған түрлі мақсаттағы басқа да қонысжайлар қамтылған.

Тарих бетінен жойылып кете жаздап барып, ұлттық қазынамызға қайта қосылған қобыз, Октябрь төңкерісінен соң Қызыл өкімет тарапынан "жын шақыратын бақсы құралы" ретінде айыпталып, көп қудаланған болатын. Алайда ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту мақсатында бүгінде кеңінен насихатталып жатқаны айқын. Н. Ә. Назарбаев ел халқына жолдаған кезекті Жолдауында: «Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды». Көшпенді қазақтың өткенінен көрініс беретін, кең жазиралы қазақ жерінің дала үнін қайта алып келген қобызды бүгінгі тарих бетінен өшірмей, қайта жаңғыртуымыз бізге міндет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға