Жаңалықтар

Мәдениеті жоғары елдің рухы биік

Қазақтың біртуар ұлы перзенті президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар.
01.03.2014 12:30 12040

Қазақтың біртуар ұлы перзенті президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы, бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!» деген қанатты сөзі бар. Шынымен де әлемде орын алып жатқан соғыс, ашаршылық, табиғи апат салдарынан қырылып жатқан адамдар, ауру түрлерінен зардап шегіп жатқан қаншама елдер бар. Олармен өз елімізді салыстырғанда мың рет тәубеге келесің. Тәуелсіздік таңымен оянып,  көгершіндей қалқыған көк жалауымызбен бірге самғап, бұлбұлдың сайраған әніндей әсем Әнұранымызды бірге шырқап, бір ғана Елтаңбада берілген таңбаларға қарап тарихтың тағдырына куә болып, тілі де, діні де өзге, дегенмен, татулығы жарасқан отбасындай өзге ұлттармен оң қарым-қатынас жасап, бейбітшілік күнін кешіп келеміз. Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды берік ұстанып, ата-бабамыздан қалған асыл істерді ары қарай жалғастырып, өз мәдениетімізді дамытуға еңбек етіп жатырмыз.

Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытына арналған қазақ халқына жолдауында «Мәдениет, дәстүр және даралық» пункті бар. Онда елбасы: «Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды. Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті. Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек. Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деп барша қазақ елін жігерлендірген.

Тарихтың талай сұрапыл, қиын-қыстау жылдарын басынан кешкен еліміздің мәдениеті Кеңес дәуірі кезінде біраз ақсаңдап қалғаны ешкімге құпия емес. Сондықтан елбасының биылғы жолдауы аясында құлдырап бара жатқан мәдениетімізді сақтап қалу үшін қызу жұмыстар атқарылып жатыр. Білім ошақтарын қайта жөндеуден өткізіп, жабылып, шашылып қалған кітапханалардың жер-жерде қайта жандануына, жұмыс істер адамы бар, бірақ ғимараты жоқ, қабырғасы қисайып, құлап, бұзылған жан-жақтағы клубтар мен мәдениет ошақтарын қайыра бой көтеруіне талай жұмыстар атқарылды. Біраз қалаларда театр мен кинотеатрлардың, концерт залдарының, жалпы мәдени ошақтардың ашылуы да қолға алынды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Мәдени мұра" бағдарламасын іске асыру жөніндегі мәжілісте сөйлеген сөзі бар, онда: «Адамзат тарихының күретамыры – мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекетін дүниеге әкелген материалдық құндылықтар болып табылады. Бұл бәрімізге белгілі ақиқат» делінген. Шынымен де әр ұлттың өзіне ғана тән, ешкімге ұқсамайтын, болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын мәдениеті болады. Мәдениет арқылы ұлттың бет-бейнесін, рухани болмысын, жанын, ақыл-ойын, парасатын айқындауға болады. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады. Жалпы қоғамда адам тілегінен тысқары мәдениеттің қалыптасуы мүмкін емес. Мәдениет әлеуметтік фактор болғандықтан, қоғамды алға жетелейтін қозғаушы күш болып табылады. Мәдениет дамыса қоғам алға да жылжиды.

 

Еліміздің түкпір-түкпірінде жолдау бойынша мәдени ошақтар бой көтеріп, жаңадан салынып, бұрын тұрғызылғандары қайта жөндеуден өтіп жатыр. Сондай мәдени орынның бірі Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ ауылына кіре берісте жарқырап, көздің жауын алып тұрған  «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» атанған Жамбыл Жабаевтың ұстазы Сүйінбай Аронұлының мұражайы. Ақиық ақынның мол мұраларын жинақтап, келер ұрпаққа еңбектерін қалдыру үшін 1996 жылы ескерткіш мұражайының ашылу салтанаты өтіп, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, тілегін айтып, батасын берген.  Мұражайдың қалыптасуына бірден-бір себепкер болған Серік Үмбетов сол жылдары Алматы облысының әкімі болатын, осы өңірдің тумасы ретінде қазіргі кезге дейін Жамбыл ауданы мен ауылдарына қол ұшын беріп, көмектесіп отырады. Айта кететін жәйт, президенттің жолдауынан кейін Қарақыстақ ауылында мәдениет үйінің қирап қалған ғимараты қайта жанданып, тұрғылықты халық жұмыспен қамтамасыз етілді.

 

Орыстардың қатал саясатының салдарынан мәдени ошақтарымыздың бірталайы ұмыт болып, қирап қалды. Сондықтан бірлігі жарасқан, тәуелсіз елімізде мәдениетімізді толықтырып отыратын мәдени ескерткіштердің жойылып, «жер болып» кетуінен аулақ болғанымыз абзал. Айта берсек, бір ғана Жамбыл ауданында бірнеше мәдени ошақтар орналасқан екен.  Әкімшілік пен облыстық мәдениет басқармасы тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында осы елді мекендегі ескерткіштер жөндеуден өткен.

 

Президенттің халыққа жолдауы мен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жер-жерде шашыла орналасқан еліміздің аса маңызды деген тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштеріне зерттеулер жүргізіліп, оларды қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынып жатыр. Елбасымыз: «Мәдениеті жоғары, тарихи танымы орнықты, ойы сергек елдің рухы да биік. Рухы биік халықтың іргесі де берік, әлеуеті де қуатты, ынтымағы да жарасты болмақ деп есептеймін» деген маңызды сөзбен ойын қорытындылаған.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға