Жаңалықтар

Бір отандағы біртұтас халықтың салт-дәстүрін насихаттау – жаңа қазақстандық патриотизмнің негі

Үстіміздегі жылдың 24 сәуірінде Астана қаласында «Қазақстан - 2050» стратегиясы: бір халық - бір ел - бір тағдыр» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясы өтетіні белгілі.
03.03.2014 03:34 11643

Үстіміздегі жылдың 24 сәуірінде Астана қаласында «Қазақстан - 2050» стратегиясы: бір халық - бір ел - бір тағдыр» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясы өтетіні белгілі.  Егеменді елдің тағдыры ортақ халқын біртұтас етуші маңызды шарттардың бірі – патриотизм рухы. Қазақстан халқының отаншылдық рухын көтеру, ұлттық мақтаныш сезімін оята білу, отансүйгіштік пен ұлтжандылық қасиеттерді қалыптастыру - тәуелсіз мемлекетіміз үшін айрықша саяси мәні бар мәселе. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты соңғы жолдауында: «Өз бойымызда  және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» деді. Бұл өте маңызды мәселе. Отаншылдыққа қатысты мәселелер қалың бұқараға жетпесе, оның назарын аудармаса, жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу құралы бола алмаса, онда патриотизм өзінің мұратына жетпегені. Бұл ретте, отаншылдық рухты насихаттап, қоғамдық пікір қалыптастырудың мықты көзі бұқаралық ақпарат құралдары екені даусыз. Олай болса, қазақстандық патриотизм мен БАҚ арасындағы өзара байланысты арнайы қарастыру қажеттілігі туындайды. Әсіресе, жаңа қазақстандық патриотизмді дамытуда жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың әлеуетін барынша пайдаланғанымыз абзал.

Осы жерде, Елбасымыздың БАҚ өкілдеріне айтқан мына бір ойы еске түседі: Тарихымыз бізді көп ұлтты ел ретінде қалыптастырды. Бұл біздің кемшілігіміз емес, керісінше, бізді ұлттық томаға-тұйықтықтан сақтап тұратын фактор. Солай болғандықтан біз барлық қазақстандықтарды біріктіретін ортақ ұғымның төңірегінде топтасуымыз керек. Қазақстан халықтары Ассамблеясын Қазақстан халқы Ассамблеясы деп өзгерткенімізді қоғам түсіністікпен қабылдап отыр ғой. Бізде халық біреу - Қазақстан халқы” деп жауапты міндет қойды.

Жалпы, барлық БАҚ басын біріктіруші белгі - олардың дәстүрлі қоғамдық институттар болып саналатын дін, мектеп, отбасы, саяси партиялар мен ұйымдарды айналып өтіп, қоғаммен тікелей байланысқа шығу қабілеті. Дәл осы қабілетті қандай да бір тауарды сатып алуға көпшілікті үгіттеуші жарнама агенті, болмаса халықты өз бағдарламасын қолдауға шақырушы саяси қайраткер, саяси партия және т.б. пайдаланады. Сол үшін де қазіргі заманғы саяси жүйенің дамуының негізгі бағыттары қоғамның ақпараттануының дамуымен тығыз байланысты. Міне, осынау тарихи миссияны атқару республикалық БАҚ-на жүктеледі. Оны жүзеге асыру үшін оқырмандар аудиториясын еліктіру, саяси әдіс-тәсілдерді ұтқырлықпен қолдану қажет. БАҚ адамдардың санасына, қоғамның саяси жүйесіне ықпал етудің аса күшті құралы. Сол үшін де қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда БАҚ ролі маңызды болып табылады.

Қазақстандық азамат ретіндегі  біздің ұстанымымыз айқын: БАҚ-та полиэтникалық Қазақстан халқының салт-дәстүрлерін насихаттау арқылы жаңаша патриоттық тәрбие беру ісінде біз ақпарат құралдарының барлық түрін – баспасөз, теледидар, радио, интернет және ақпарат таратудың өзге де құралдарын кешенді қолдануымыз қажет. Жастарды саяси-әлеуметтік белсенділікке тартуда, тәрбиелеуде ақпарат құралдарының мүмкіншілігі мол. Алайда, студенттердің арасында жүргізген біздің әлеуметтік сауалнамамыздың нәтижелеріне сүйенсек, БАҚ-ның саяси-отаншылдық сипаттағы ақпараттық тиімділігі онша болмай шықты. Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығы Абай атындағы ҚазҰПУ-да оқитын түрлі ұлт пен мамандық студенттері арасында әлеуметтік сауалнама жүргізді. Сауалнамаға қатысқан 200 студенттің 48-і ғана ұлттық баспасөз бен телеарналардағы қоғамдық-саяси хабарларға көңіл аударады екен. Қалған студенттер теледидардан негізінен кабельді коммерциялық НТВ, РенТВ, МТВ, Дискавери сияқты т.б. шетелдік және ресейлік арналарды, отандық КТК, 31 арна және т.б. коммерициялық арналардағы көңіл көтеретін, кино және музыкалық бағдарламаларды таңдайды екен. Қоғамдық-саяси және танымдық қойылымдарға көп жастар назар аудармайтын болып шықты. Радиодан да “Қазақ радиосын” тыңдайтындар мүлдем аз, басым көпшілігінің тыңдайтыны ХитФМ, Европа Плюс, НС, 31 радио, “Русское радио”... Баспасөзден студенттердің жиі оқитындары “сары пресса” екен. Ұлттық қоғамдық-саяси және әдеби-танымдық  “Егемен Қазақстан”, “Казахстанская правда”, “Қазақ әдебиеті”, “Ана тілі”, “Халық кеңесі”, ”Ақиқат”, “Саясат”, “Жұлдыз”, “Простор”, “Парасат”, “Қазақстан әйелдері” және т.б. газет-журналдардың тартымдылығы аз дегендер 134 адам немесе 77 %.  Бұл көрсеткіштерден байқалатындай, ақпарат құралдары өзекті саяси-әлеуметтік оқиғалар мен тақырыптарды тыңдармандары мен оқырмандарына дер кезінде және тартымды, қызықты жеткізіп тұруларына байланысты сияқты.

Әрине, әлеуметтік сауалнамалар көбінесе субъективті пікірге, көңіл-күйге байланысты болғандықтан шынайылықты дәл бейнелей бермейтінін ескеруіміз керек. Негізінен алғанда, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған сәттен бері БАҚ қоғамдық пікір қалыптастырудың қуатты қаруына айналып келе жатқанын айта кеткен жөн. Бірақ, мемлекеттік тілдегі басылымдар саны орыс тіліндегі басылымдардан едәуір аз. Электронды бұқаралық ақпарат құралдарында да орыс тіліндегі көрсетілімдер анағұрлым көп. Тағы бір “әттеген-ай” дейтін мәселе - қазақстандық БАҚ-тың басым бөлігі тәуелсіз, жеке меншіктегі нысандар екенін ескерсек, нарықтық экономиканың талаптарына байланысты олардың бірқатары отаншылдыққа тәрбиелейтін хабарларды таратқаннан гөрі, өздерін қаржымен қамтамасыз ететін демеушілерінің саяси және әлеуметтік тапсырыстарын орындауға көбірек көңіл бөлетіні баршамызға мәлім. Сондықтан мемлекеттігімізбен тағдырлас мәселеде билік пен БАҚ арасында өзара келісім-шарт жасалуы тиіс: Қазақстанда шығатын қандай ақпарат тарату құралы болмасын өзінің меншік түріне қарамастан міндетті түрде қазақстандық отаншылдық пен мемлекеттік тілді дамытуды насихаттауға барынша үлес қосулары керек. Яғни, қазақстандық БАҚ отанымыз - Қазақстанның саяси тұрақтылығы сақталуына, ұлтаралық татулық пен отаншылдықтың дамуына, мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына атсалысып, еліміздің болашағына деген жауапкершілігін сезінулері тиіс. Қысқасы, отандық БАҚ отаншыл болуы қажет.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруды күн тәртібіне қойып, «Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі» - деп атап көрсетті. Отанды сүю дегеніміз - жалынды сөз ғана емес, ел экономикасын көтерудегі, мемлекет алға қойып отырған міндеттерді іскерлікпен адал атқарудағы табанды еңбек, қоғамның барлық қарым-қатынастарындағы парасаттылық пен адамгершілік. Біткен істі немесе алға белгіленген мақсат-мұраттарды бас салып сынау оңай, сол мұраттарды жүзеге асыру үшін аянбай тер төгу қиын. Алып кәсіпорындар мен құрылыста, шалғайдағы ауыл мен әлеуметтік салаларда күнделікті күш-жігерімен белгілі нәтижеге жетіп жүрген қазақстандық азамат - нағыз патриот. БАҚ-ында сондай табанды жандардың еңбегі жиі дәріптеліп, насихатталуы керек. Шынын айтсақ, кейбір баспасөз беттерінен мемлекеттің жүзеге асырып отырған қыруар жұмысы туралы талдау мақалаларды сирек кездестіреміз. Газеттерде түрлі деңгейдегі жиналыстардан берілген тақыр баяндаулар басым. Қалыптасқан экономикалық және әлеуметтік жағдайды нақтылы деректермен ашып көрсету жағы жетіспейді. Біздің ойымызша, Жолдауда белгіленген міндеттерді атқарылған және атқарылуға тиіс нақты шаралармен өзара байланыстыру арқылы талдап түсіндіру тиімді болар еді.

Сол сияқты, Қазақстан халқының мәдени-рухани дамуы үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты іс-шаралары туралы да БАҚ барынша кең насихат жасауы қоғамдық қажеттілік. Бұл бағытта атқарылып жатқан игі істер аз емес. Отандық теле арналар көрсетілген мәселелердің басын ашып, халыққа насихаттау үшін кәсіби саясаттанушыларды, философтарды, әлеуметтанушыларды, экономистерді және т.б. сарапшыларды тарта отырып, арнайы қызықты бағдарламалар әзірлесе, мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімді әсер коэфиценті әлденеше рет артқан болар еді.

Міндетті түрде айта кетерлік жайт, БАҚ-тың ең басты мақсатының бірі - адамдарды саясатқа жаппай тарту болып табылады. Өйткені БАҚ өте қысқа уақыт аралығында барынша көп адамдарға ықпал жасауға қабілетті. БАҚ - әлеуметтенудің таңдаулы әрі ең төте жолы. Көптеген зерттеушілер оны саяси модернизацияның шешуші факторы деп санайды. Себебі БАҚ  саяси үгіт-насихат, жарнама, қоғамдық пікір тудыру және т.б. іс-шараларды жүргізу арқылы адамдар санасын өзгертуге, бағыттауға, бейімдеуге, басқаруға қабілетті. Яғни, миллиондаған адамдар белгілі бір газетті оқып, бір хабарды көріп және тыңдап, бір эмоцияға берілсе, оларда табиғи туыстық, бірлік пен ұжымдық жұмылу сезімдері қалыптасады. Олар өздерін біртұтас организм ретінде сезініп, барша проблемаларын шешуге қабілетті санайды. Әсіресе тарихтың дағдарысты және төңкеріске толы кезеңдерінде БАҚ халыққа әсері бірнеше есе артып, шексіз болып кетеді. Мұндай кезеңдерде халық тығыз бірліктің, ынтымақтастықтың қажеттілігіне өте қатты зәру болады.

Бірақ, БАҚ құралдарының отаншылдықты дамытудағы рөлін даңғаза насихатқа айналдырмауымыз қажет. Біріктіруші, топтастырушы идеялар халыққа, әлеуметтік топтарға және әрбір азаматқа әсер етуі үшін олар нақты өмірлік мақсаттармен, құндылықтармен тікелей байланысты болулары тиіс. Абстрактылы, адамдардың тіршілігіне, әл-ауқаты мен мақсат мұраттарына қатыссыз ұрандар, идеялар арқылы қазақстандық патриотизмді тәрбиелей алмаймыз

Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін БАҚ-та насихаттаудың өзі ел халқының идеялық ұйысуына, отаншыл болуына қосылған үлкен үлес болар еді. Ассамблеясының мақсаты – республикадағы оқиғаларға баға беру мен саяси ахуалды болжамдау негізінде қоғамның топтасуын қамтамасыз ететін практикалық ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ, нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік тегіне, діни сенімі мен нанымына қарамастан Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтары сақталуының кепілі ретіндегі Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне жәрдемдесу болып табылады. Аталған ұйымның саяси маңызын бағалай отырып, Қазақстан халықтары Ассамблеясы Елбасының шешімімен Қазақстан халқы Ассамблеясы болып аталатын болды, осылайша, Қазақстан халқы біртұтас ұғымды білдірді. Ассамблея төмендегідей міндеттерді шешуге бағытталған: елдегі ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың сақталуына жәрдемдесуге; Қазақстан аумағында тұрып жатқан ұлттар өкілдерінің арасында достық қарым-қатынастардың дамуына ықпал ететін мемлекеттік саясатты жүргізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуге, тең құқылық принципін сақтау негізінде олардың рухани-мәдени түлеуі мен дамуына жәрдемдесуге; азаматтардың өркениеттілік пен демократиялық нормаларға сүйенетін саяси мәдениетін қалыптастыруға; мемлекеттің жүргізіп отырған ұлттық саясатында әр алуан ұлттық мүдделердің ескерілуін қамтамасыз етуге жәрдемдесуге; қоғамда туындаған әлеуметтік қарама-қайшылықтарды шешу үшін мәмілелер іздестіруге бағытталған.

Бұған қоса Ассамблея өзінің тұжырымдамалары мен мақсатты бағдарламаларын қабылдауға өкілетті және демократиялық өзгерістерді қолдайтын қоғамдық пікірді қалыптастыру, әлеуметтік тәжіке мен дауларды реттеу, жанжалды ахуалдарды шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеу мен практикалық шараларды жүзеге асыру, шетелдік ұйымдармен ақпарат-хабар алмасу да оның қызметінің негізгі бағыттары болып табылады. Ассамблея – мемлекеттің құрамындағы этностар мен мемлекет аппаратын жалғаушы құрылым ретінде 2007 жылғы ҚР Конституциясына енгізілген толықтырулар негізінде мәртебесі көтерілді: 51-баптың 1-тармағына сәйкес, Парламент Мәжілісінің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын болды.

Өтпелі кезең жағдайындағы кез келген қоғамның мақсаты адамдардың бойында азаматтық сапа тәрбиелеу мен келешекке деген үміт-сенім ұялату болып табылады. Бұл мақсатқа жеткен қоғам жемісті болмақ. Қазақстан халқы Ассамблеясы  мен ұлттық мәдени орталықтар осы бағытта жұмыс істеуде. Ұлттық-мәдени орталықтардың  негізгі қызметі - қазақстандықтарды ұлттық диаспоралардың мәдениеті, салт-дәстүрімен таныстыру. Отаншылдық тұрғысынан алғанда, ол Қазақстандық халықтардың өзара жақындасуына игі әсер етеді. Оларды ортақ тағдыр мен ортақ Отан - Қазақстанның дамуына бірдей үлес қосуға тәрбиелейді.

Ұлттық-мәдени орталықтардың өткізген съездері, конференция, құрылтай, фестиваль тағы басқа да шаралары республикамызда қоғамдық қозғалыстардың қызметінің жандануын көрсетеді. 130-ға жуық ұлттың мүдделерін білдіру сеніп тапсырылған Қазақстан халқы Ассамблеясына әрбір этностың және бүкіл Қазақстан халқының болашағы үшін орасан зор тарихи жауапкершілік жүктеліп отыр. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев бұл құрылымның маңызын жоғары бағалап, “…Ассамблея өзінің қызметінде алғашқы жылдың өзінде-ақ оның алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерді ойдағыдай орындай алды деп айтуға болады. Әрине, шешілмеген мәселелер бар, бірақ жалпы алғанда Ассамблея қоғамдық институт ретінде әбден қалыптасты. Оның рөлі уақыт өткен сайын арта түседі. Өйткені ол республика халқын азаматтық біріктірудің түйінді құралдарының бірі ретінде көрініп отыр. Біздің мемлекеттілігіміздің және біздің балаларымыздың болашағы осыған байланысты болмақ”, - деп пайымдаған.

Бүгінгі таңда Ассамблея іс жүзіндегі халықтық дипломатия органына әрі диаспоралармен жұмысты ұйымдастырудың орталығына айналып отыр. Оның құрамында 16 Кіші Ассамблея, 350 республикалық және жергілікті ұлттық-мәдени орталықтар бар. Олардың өткізген іс-шаралары, ұлттық мейрамдар мен мемлекеттік мерекелік шерулер ішкі саяси тұрақтылықтың кепілі болмақ.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамындағы Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығының төрағасы ретінде айтарым – «Қазақстан менің сүйікті отаным, Отаным үшін жаным пида!» деген ұстанымды менің қандас бауырларым берік ұстанады. Біз тарихтың алмағайып қиын кезеңінде қазақтың қамқорлығы мен кеңпейілдігі арқасында аман қалып, киелі Қазақ елінің тең құқықты азаматы атандық. Мұндай жақсылықты біз ешқашан да ұмытпаймыз. Сөздің шыны керек, күрдтер өздерінің тарихи отанында жүріп-ақ қаншама теперіш көрді, мысалы, Саддам Хусейннің билік құрған тұсында Ирактың қорғаныс министрі Али Хасан Абд аль-Маджид ат-Тикрити «Анфаль» атты әскери операция ұйымдастырып, Күрдістанның 14 пен 50 жас аралығындағы барлық ер-азаматтарын қырып-жоюға тырысты. Бұл мақсатта 1988 жылғы 16 наурызда Халабджа қаласында жаппай қырып-жоятын химиялық қару қолданып, ол тарихта «химиялық Али» деген қанды атпен қалды. 5 мыңнан астам күрд өліп, химиялық уланудан ондаған мың күрд мүгедек болып, әлі күнге дейін ауыр зардап шегуде...  Өкінішке орай, Күрдістан жеріндегі күрдтердің қайғы-қасіреті әлі күнге дейін жалғасуда. Ал біз, Қазақстандағы күрдтер болсақ, өсіп-өркендеп, дамып жатырмыз. Бұл үшін кеңпейіл қазақ ұлтына, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың әділ де сарабдал саясатына мың да бір алғысымызды білдіреміз! Осындай жақсылық пен қамқорлықты көріп отырып, біз азамат ретінде Қазақстанды жан-тәнімізбен сүюге міндеттіміз! Қазақ халқының алдында қарыздармыз, азаматтық парызымыз бен жауапкершілігіміз бар! Осындай патриоттық ұстаным Қазақстанды мекен еткен әрбір өзге ұлт өкілдеріне тән болуы тиіс деп есептейміз!

Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді қызметімен қатар, Қазақстанда жалпытанылған көппартиялық жүйенің қалыптасуына сәйкес, республикадағы ұлтаралық қатынастарды реттеуге белгілі дәрежеде қоғамдық қозғалыстар мен саяси партияларда қатысып отырғанын айта кеткен жөн. Міне, осынау игі істердің барлығы қазақстандық баспасөз беттерінде арнайы айдар немесе бағана түрінде, теле-радио арналарда арнайы бағдарламалар болып кеңінен насихатталатын мәселелер. Ал осы БАҚ ішінде бүгінгі таңдағы кеңінен таралған және күнделікті жаппай қолданыстағы түрі – радио мен теледидар болып табылады. Қазақстан халқының салт-дәстүрлерін насихаттау арқылы патриоттық тәрбие беруде радио мен теледидардың әлеуетін әлі толық пайдалана алмай келеміз.

Соңғы кездері белең алған тағы бір үрдіс – радионың үгіт-насихат құралынан көңіл көтеретін музыка, әзіл-қалжың, ойын-сауық пен жарнаманың құралына айналып кетуі. Қазіргі қазақстандық радионың қызметі отаншылдықтан гөрі бұқаралық мәдениетті әспеттеуге басымдық беріп тұр. Ұлы Отан соғысы жылдарында халықтың патриоттық рухын көтеруде, фашизмге қарсы күреске жұмылдыруда радионың атқарған қызметі орасан зор. Әйгілі диктор Левитанның қоңыр дауысы Ұлы Отан соғысын көзге елестетін дыбыстық символға айналғаны тарихта қалды. Одан кейінгі кезеңде де ауыл-аймақ жаппай радио торабына қосылып, мемлекеттік идеологияны насихаттаудың тиімді құралы болған еді. Ал қазір мұндай қызметті атқаруға күш салып жатқан жаңғыз радио – “Қазақ радиосы”. Алайда оның тыңдарман аудиториясы ірі қалаларда азайып кеткен, қалаларда негізінен қазақы аға ұрпақ өкілдері тыңдайды. Шалғайдағы ауыл-аймаққа өзге радиотолқындардың күші жетпеуінен “Қазақ радиосының” негізгі тыңдармандары ауыл тұрғындары болып табылады. Астана, Алматы және облыс орталықтарында жастардың құлағын баурап, өздерінің позицияларын мықтап алған ірі радиостанциялармен ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігі өзара түсіністік туралы шартқа отырып, мемлекеттік ақпараттық саясат ауқымында радио толқындарда ұлттық мүдделерімізді, Қазақстан халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлерін бағдарламаға сай, жүйелі түрде насихаттауға бетбұрыс жасайтын кез келді.

Ал біз отаншылдыққа тәрбиелеуді бала жастан қолға алу керектігін біле тұра, оның теледидар арқылы жүзеге асыру бағытын әлі күнге дейін дұрыс жолға қойған жоқпыз. “Баланы жастайынан тәрбиеле” деген аталы сөз бар. Ал біздің бүлдіршіндеріміз теледидардан қандай мульфильмдер көруде? Барлығы дерлік шетелдік мультфильмдер. Шетелдің мультфильмдері жаңа ақпараттық технологияларды үйретуге, жаңа өмірлік көзқарас қалыптастыруға ықпалды болғанымен, сонымен бір мезгілде бүлдіршіндерімізді қулық-сұмдыққа, қатыгездікке, айлакерлікке, пайдакүнемдікке, зұлымдыққа тәрбиелеуде. Оларда ұлттық тәлім-тәрбие, қазақстандық халықтың салт-дәстүрлері, отаншылдық рух қайдан болсын. Отандық киностудия оңала алмай келеді, мультипликаторларымыз да ұлттық мульфильм жасауды дұрыс жолға қоя алмауда. Осы жерден туындайтын біздің ұсынысымыз мынау: мемлекеттің жан-жақты қолдауымен қазақы рух пен қазақстандық отаншылдықпен суарылған “Қазақ ертегілері” және “Қазақстан халқы ертегілері”, “Қазақстан – біздің үйіміз” циклдарымен қызықты да көркем мультфильдер мен анимациялар жасауды, және оларды теледидар арқылы кеңінен насихаттауды қолға алу керек. Бұл жерде көрші Ресейден үйренетін тұстар көп: ресейліктердің әрбір жаңа түсірген киносы мен мультфильмі тұнып тұрған орыс рухы мен ресейлік патриотизм. Сол сияқты, біз де болашақ ұрпақтың отаншылдық рухын қазірден бастап қолға алмасақ, ертең түзеу қиынға соғады.

Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясында: 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін атап көрсетті. Біз сол межеге жетуге барынша тырысуымыз қажет. Бірақ, өкінішке орай, әзірше бұл бағытта кемшіліктер көп болып тұр. Бізді қынжылтып жүрген өткір мәселенің бірі – ҚР “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заңында көрсетілген эфирлік уақыттың 50 % қазақ тілінде жүргізілуі тиіс деген талаптың бұрмаланып жүзеге асуы. Яғни, бұл талапты пысықай теле-радио арналар түнгі уақыт есебінен орындауы белең алды. Түні бойы телерадиодан қазақ тілінде концерттер, түрлі бағдарламалар беріледі де, күні бойы шетелдік және ресейлік бағдарламалар қойылады. Бұл мәселені ҚР Президентінен бастап, Парламент Мәжілісінің депутаттары да сан мәрте көтергенімен, әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ. Қазақстандық отаншылдықтың тілі – қазақ тілі, ол бұқаралық ақпарат құралдарында басымдыққа айналмайынша “сақау отаншылдық” кейпінде болмақ. Мұның бәрі аталған заңдағы нақтылықтың болмауынан орын алған. Сондықтан оның тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізуді қажетсінетін тұстары баршылық. Ең алдымен осы эфирлік уақытта қазақ тілінің үлесін рационалды бөлу және 50 %-дан 60 % дейін көтеру керек. Сол сияқты, БАҚ туралы Заңның 34-бабындағы "Журналистің міндеттері" деген норма мынадай мәтінде толықтыруды қажет етеді: қазақстандық патриотизм мұраттарына адал болу, мемлекет мүддесіне, ұлттық саясат қауіпсіздігіне қайшы келетін сондай-ақ, шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратпау міндеті. Ұлтаралық мәдениет замана талабындағы саяси және құқықтық мәдениетпен суарылғанда ғана толыққанды мәдени плюрализм қалыптасады. Қазақстанның патриоты қазақ тілі мен мәдениетін білуі тиіс. Мысалы, Қазақстандық күрдтердің 75 % қазақ тілін жетік біледі. Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығы күрдтер көп шоғырланған аймақтарда қазақ тілін үйрету курстарын ашты, күрдтердің балалары қазақ балабақшасы мен мектептеріне көптеп баруда. Мұның бәрі түптеп келгенде күрд жастарының қазақстандық патриот болуына игі ықпал етері сөзсіз. Күрдтер қазақша сөйлеуде өзге ұлт өкілдеріне озық үлгі көрсете алады.

Келесі бір маңызды мәселе –  біздің теледидардағы прайм-тайм уақытын (кешкі, демалыс кезінде халық жаппай теледидар алдына жайғасатын уақыт) отаншылдық рухтағы бағдарламалармен (тарихи, діни, географиялық, музыкалық, әдеби, поэзиялық, спорттық, әскери т.б. тың әрі тылсым жатқан салалар толып жатыр), Қазақстан халқының салт-дәстүрлерін насихаттаумен толтыру. Өкінішке орай, соңғы жылдары  теле арналардағы прайм-тайм уақытын негізінен шетелдік мелодрамалық және қан-сойқан сериалдары, одан қалса тұтынушылық жарнама басып алды.  “Не ексең соны орасың” деген мақал шаруашылыққа ғана емес, бұқаралық ақпаратқа да қатысы бар екеніне бүгінде көзіміз жеткендей. Азаматтарымыздың өзімшіл, жемқор, тұтынушы, қаныпезер болып бара жатқаны олардың санасына ықпал етіп жатқан ақпараттың сипатына тікелей байланысты. Философия заңы бойынша сананы әрқашан да болмыс айқындайды. Қазақстандықтар отаншыл, бауырмал, ұлтжанды, көпшіл, иманды, толерантты және интернационалист болсын десек, олардың санасына осы аталған құндылықтардың ұрығын ақпараттық саясат ауқымында себе білуіміз қажет.

Қазақстандық отаншылдықты қалыптастыру мен дамытуда ақпарат құралдарын дұрыс және ұтымды пайдалана білудің маңызы осында жатыр. Сондықтан, республикалық телеарналардағы прайм-тайм уақытында берілетін арсыз әрі зұлым, ешбір тәлім-тәрбиелік мәні жоқ “жылаңқы” сериалдарды қысқартып, ол алтын уақытты мемлекеттік мүдде үшін барынша пайдаланатын уақыт келіп жетті. Психологтардың көрсетуінше, телесериалдар көру азаматтардың қоғамдық істерге қатысуын, саясатқа араласуын тежеп, өзіндік “паралельді қиял әлемін” туындатады екен. Демократиялық құқықты мемлекет, азаматтық қоғам құру, отаншылдықты дамыту сияқты игі мұраттарымыздың барлығы азаматтардың саяси қатысуынсыз шынайы жүзеге аспайды. Сол үшін Қазақстандықтар жаппай теледидар алдына жиналатын уақытта “Қазақ тілін үйренейік”, “Қазақстан халқы Ассамблеясының күнделігі”, “Қазақстан халқының салт-дәстүрлері”, “Ұлттық-мәдени орталықтардың кешкі бағдарламасы”, “Ұлттық намыс”, “Отанымыз – Қазақстан”, “Біз – қазақстандықтармыз” “Иман таразы”, “Сенің азаматтық дауысың”, жас бүлдіршіндер үшін ұйықтар алдында “Ұлттық ертегілер” сияқты отаншыл, рухани, ұлттық салт-дәстүр мен имандылыққа негізделген тартымды жаңа бағдарламалар жобасын әзірлеп, түрлі ток-шоулар неге қойылмасқа?

Мемлекеттік құрылымдағы жеке тұлғаның саяси процеске ықпалы жағымды, оң сипатта болуы үшін, оның бойында жоғары дәрежедегі саяси мәдениет пен адами-азаматтық сапалар, өзіндік саяси бағыт-бағдары, тарихи және қазіргі заманға сай дүниетанымы болуы шарт. Осыған орай бүгінде біздің қоғамымызда бұрын болған жастар ұйымдарының, одақтарының орнына жаңа сипаттағы пікір-сайыс орталықтарын, саяси клубтарды көбірек әрі сапалы түрде ұйымдастыру қажеттілігі туындауда. Мұндай іс-шаралар жастардың бойында саяси құндылықтар мен ұстанымдарды негіздеп, олардың саяси қатысуға деген қызығушылығы мен белсенділігін арттыруға өз ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Қазақстандағы жеке тұлғалардың саяси әлеуметтену процесінің нәтижелі жүргізілуі қазақстандықтарды отаншылдық, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге байланысты. Қазақстандық патриотизм жеке тұлғаның сана-сезіміне өз-өзінен барып орнығып, өрістейтін құбылыс емес. Бұл үшін мемлекеттік құрылымдағы саяси әлеуметтену институттарының барлығы бірігіп, «бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарып» қазақстандық   патриотизмді   ел  азаматтарының   ортақ   сеніміне айналдыруы жолында қызмет етуі тиіс.

Қазақстан халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық ерекшеліктерін насихаттау арқылы отаншылдыққа тәрбиелеуде дәстүрлі емес ақпарат құралы – интернетті оңтайлы пайдалану мәселесі де бізде ақсап жатыр. Ал интернеттің шынайы әлеуеті қазір Қазақстанда айтарлықтай жоғары дәрежеде. Қоғамның компьютерлендірілу деңгейі өте жақсы демесек те, қанағаттанарлықтай. Интернетті пайдаланушылар саны бірнеше есеге артқан. Қазақстан Республикасы Үкіметі де өзінің электронды үкіметін құруға барынша ұмтылуда. Барша қазақстандық газет журнал, теле радио өзінің электронды парақшаларын үнемі жүргізіп отыратын жағдайға жетті. Мемлекеттік тілдің ақпараттық кеңістігін ұлғайту мақсатында  “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі” веб-порталы интернет жүйесінде іске қосылды. Бұл веб-порталда сөздіктер, оқулықтар, балаларға арналған мультимедиялық кешендер орналастырылуда. Ендігі мәселе – Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ұлттық-мәдени орталықтардың өз парақшаларын қалыпты жұмыс істетіп, уақтылы жаңалап отыруын дұрыс жолға қою.   Мұндай жағдайда интернет әлеміндегі барша Қазақстан халқының виртуалды қарым-қатынасын үйлестіріп отыратын жүйелік администратор қызметін атқарушы үлкен ұлттық парақша құру қажеттілігі туындайды. Осыған орай біздің жасайтын ғылыми ұсынысымыз: Үкімет ұйымдастырушы болып, қазақстандық  Интернетте мемлекеттік бюджеттің қаржыландыруымен “Қазақстандықтар” деген арнайы парақша бет тіркеп, оның қалыпты жұмысын, жаңаланып отыруын қамтамасыз етуіміз қажет. Аталған сайт Жер шарының түпкір-түпкірінде жүрген қазақстандықтардың басын қосып, бір-бірімен дидарласатын “Виртуалды Отанына” айналуы тиіс.  Бұл сайтқа Қазақстан Президентінің, Парламенті мен Үкіметінің, ведомстволары мен елшіліктерінің барлық электронды веб-парақшалары, жеке азаматтардың электронды пошталары мен чаттары қосылып, “Қазақстандықтар” интернет-сайты Қазақстан Республикасының электронды үкімет құру саясаты мен жалпы ақпараттық саясатының басым бағытына айналуы тиіс. Сонда ғана қазақстандық отаншылдықты қалыптастыру мен дамыту ісінде интернет-ресурстарды ұтымды пайдалануға қол жеткіземіз.

Қазақстандық отаншылдықтың қалыптасуы мен дамуында ақпараттық қауіпсіздіктің алар орны бөлек. ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі ғылыми-техникалық прогресстің қол жеткізген табыстары қоғамның ақпараттық саласында да түбегейлі өзгерістер туғызды. Жаппай компьютерлендіру, жаңарған ақпараттық технологиялардың енгізілуі мен дамуы білім беру, бизнес, өнеркәсіп, ғылыми зерттеу т.б. салалардың өркендеп дамуына ықпал етті. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күні ақпарат адамзат өмірінің құрамдас бөлігіне айналып отыр. Қоғам өмірінің бар саласына ақпараттың тигізер ықпалының артуы ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлшегіне айналдырды. Әлемдік ауқымдағы ақпараттық кеңістіктің дамуы Қазақстан үшін өзінің ақпараттық ағымын кез-келген ақпараттық агрессиядан сенімді қорғау міндетін қоюда.

Батыстық арзан бұқаралық мәдениетінің экспансиясы Қазақстандағы өзекті мәселеге айналғалы қашан. Бейкүнә бейнетаспалар мен кітаптар, және басқа да ақпарат құралдары көмегімен қоғамды деградациялауда рухани азық болып табылатын қатыгездік, кісі өлтіру, қанішерлік, есірткі тарату мен қолдану, алдап-арбау, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, жезөкшелік, порноөнеркәсіп туындылары сияқты мың санды ақпараттар ағыны қоғамымызда лық толы. Оның “тәлім-тәрбиесімен” ауыр қылмыстар, тәртіп бұзушылықтар, әдепсіздіктер, имансыздық белең алып барады. Мұның барлығы қазақстандық отаншылдық сезімнің құндылықтарын іштен ірітеді. Оған қоса, ақпараттық ашықтық жағдайында біз тек шет елдер тарапынан емес, көршілес елдердегі террористік ұйымдар мен экстремистік топтардың біздің республикамызда әлеуметтік, діни немесе ұлтаралық жанжал отын жағу, Конституцияға қарсы әрекеттерге шақыруға бағытталған түрлі ақпараттық шабуылдан сақтануымыз өзекті мәселеге. Алайда, ақпараттық тұйықталуға тағы болмайды, оның тигізер зияны орасан зор. Осындай қиын түйіннің шешімін табу, ақ-қарасын ашып, “алтын аралығын” табу ақпараттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудің бірден бір міндеті.

Біз ойымызды қорыта келе, мынадай тұжырымдарға келдік:

1. Жаңа қазақстандық патриотизмді тек қазақ этносының рухани құндылықтарын БАҚ-ында насихаттау арқылы ғана тәрбиелеу мүмкін емес. Полиэтникалық қауымдастыққа кіретін барлық этникалық топтар өкілдерінің рухани, мәдени ерекшеліктері осы игі іске қызмет етуі қажет. Елбасымыздың бастамасымен құрылып, қазақстандықтарды идеялық ұйыстыру мен отаншылдыққа тәрбиелеуде маңызды жетістіктерге жеткен Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрамындағы түрлі ұлттық-мәдени орталықтардың атқарған игі істерін БАҚ үнемі насихаттауы тиіс.

2. БАҚ арқылы көпұлтты Қазақстан халқының салт-дәстүрлерін насихаттау жолымен отаншылдыққа жаңаша тәрбиелеуде ақпарат тарату құралдарының барлық көздерін – баспасөзді, теледидарды, радионы, интернетті және өзге де құралдарды кешенді түрде, жүйелі әрі тиімді қолдануымыз қажет. Жоғарыда қарастырғанымыздай, қазақстандық отаншылдықты қалыптастыру мен дамыту ісіне септігін тигізетін радиоэлектронды ақпарат құралдарының пайдаланылмай жатқан әлеуеті зор.

3. Біз жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға қатысты жаңаша, саяси-инновациялық ұсыныс жасаймыз: Интернетте мемлекеттің қаржыландыруымен “Қазақстандықтар” деген арнайы парақша бет (сайт) тіркеп, оның қалыпты жұмысын, жаңаланып отыруын қамтамасыз ету қажет. Аталған сайт Жер планетасының түпкір-түпкіріндегі отандастарымыздың бас қосып, бір-бірімен дидарласатын виртуалды Отанына айналуы тиіс.  Бұл сайтқа Қазақстан Президентінің, Парламенті мен Үкіметінің, ведомстволары мен елшіліктерінің барлық электронды веб-парақшалары қосылып, “Қазақстандықтар” интернет-сайты Қазақстан Республикасының электронды үкімет құру саясатының бір тармағына айналуы тиіс.

4. Менің ойымша, қазақстандықтарға жай ғана Қазақстан азаматы болу аз, әрбір қазақстандық еліміздің нағыз патриоты болуы қажет. Патриотизм әр отбасынан бастау алуы тиіс, сәбиге ана сүтімен беріліп, әр азаматтың бойында өле-өлгенше асыл қасиет ретінде сақталуы тиіс.

 

Князь Мирзоев

Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығының төрағасы, Абай атындағы ҚазҰПУ Шығыс тілдері кафедрасының меңгерушісі, академик  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға