"KAZsport": жаңа арна, жаңа белестер
«Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады Алайда елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл жұмысты келесі жылы-ақ бастау керек» – деп Елбасымыз өзінің халыққа жолдауында атап өткен болатын. 2012 жылғы қаңтар айындағы Жолдауында Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне бірлесіп мамандандырылған спорт арнасын ашу туралы тапсырма берген болатын. Міне, биыл араға 1 жыл салып сол жолдаудың тағы бір тармағы жүзеге асырылып, елімізде тұңғыш спорт арнасы ашылды. Бұны біз ел тарихына енген елеулі оқиғалардың бірі деп нық сеніммен айтуымызға болды. Бұлай деп айтуға негіз осы спорт арнасы арқылы, төрткүл дүниеге қазақтай дарынды ел, Бекзаттың, Ермаханның, Серіктің, Бахтиярдың, Ильяның т.б. әлем мойындаған мықтылардың ізін жалғаушы өскелең ұрпақтың бар екенін тағы да бір дәлелдеу. Енді телеарна арқылы спорт десе ішкен асын жерге қоятын кез келген қазақ әлемдік, халықаралық дәрежелердегі турнирлерді емін-еркін тікелей эфирде қалаған уақытында көре алатын болады. Телеарна тәулігіне 14 сағат бойы екі тілде көрермендерге хабар таратады. Ондағы журналистер, комментаторлар еліміз бен дүниежүзіндегі болып жатқан тікелей және түпнұсқа трансляция арқылы спорт жаңалықтарымен бөліседі. Жаңа арна «Мәдениет», «Балапан» және 14 аймақтық телеарналар топтасқан «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамына енеді. «KAZsport» телеарнасын «Отау ТВ» ұлттық жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі арқылы, сондай-ақ «Алма ТВ», «Digital TV» секілді өзге де кабельдік операторлар арқылы және де жаңалықтардың топтамасын интернет желісі арқылы да тамашалауға болады.
Арнадан тікелей эфирде көрсетілетін жарыстар: велоспорттан Тур де Франс пен Вуэльта көпкүндіктері, су спорты түрлері, жеңіл атлетика, дзюдо, көркем гимнастика, каратэ шито-рю, грек-рим және еркін күрес, ауыр атлетика мен шаңғы спортынан Әлем чемпионаты, волейболдан әйелдер арасында Әлемдік гран-при кезеңдік ойындары, Футболдан неміс бундеслигасы, қысқы және жазғы Универсиада ойындарын, теннистен Wimbledon турнирі.
Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өз сөзінде жаңа арна хақында «Қазспорт» әлемдік ұлы додаларда олжа салған, Қазақстан тарихында аты қалған тұлғалар туралы қысқаметражды деректі фильмдер түсіруді жоспарлап отырғанын атап өтті. Олар арнада түнгі 10-нан 12-ге дейін паш етілетін көрінеді. «Бұл телеарнаның мақсаты – салауатты өмір салтын, Қазақстанның спорттық нәтижелерін насихаттау, спорт саласындағы білім деңгейін арттыру болады» деді.
Мамандардың айтуынша спорт телеарнасының жұмыс жасауы өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін берері мол. Көгілдір экран – қоғамның айнасы десек, жастардың салауатты өмір қалыптастырып, дұрыс жолдан таймай, жаман қасиеттерден бойын аулақ ұстауға, өмірде беріспей, әрқашан тек жеңіске ұмтылуына, жастар бойындағы патриотизмнің қалыптасуына көп септігін тигізбек. Сөзімізге дәлел Елбасымызға айтқандай «Биыл Лондон Олимпиадасында біздің спортшыларымыз 205 ұлттық құрама арасынан 12-орын алды. Олимпиададағы жеңіс салтанаты халқымызды одан әрі біріктіре түсті, патриотизмнің ұлы күшін танытты».
Спортпен тыңғылықты айналысып, өз денсаулығына күтіммен қарап, ұзақ өмір сүру – заманның талабы. Соңғы мәліметтерге көз жүгіртсек, көптеген дамыған және дамушы елдердің өз алдына дербес спорт телеарналары бар. Тіпті бір елдің өзінде бірнешеу. Мысалы, көрші Ресейдің өзінде 10-нан астам спорт телеарнасы жұмыс істейді.
Спорттың дамуы – бұл мемлекет беделін көтеріп қана қоймай, болашақ ұрпақ үшін де маңызы зор. Жаңа арна – “Казспорт”-тың ашылуы қазақ жеріндегі спорттың танымал болуына жасалған алғашқы әрі үлкен қадам. Біздің күтеріміз қазақтың атын шығаратын, көк туды көкте желбірететін, ұрпақтың жеңістерін паш ететін жеңісті сәттер мен айқын көріністер.
Гульмира ЕРУБАЕВА