Жаңалықтар

Балаларға арналған күндізгі лагерь

«Спорт алаңдарын, балалар клубтарын, үйірмелерді, секцияларды, аула клубтарын, жазғы лагерлерді дамыту және қолжетімділігін арттыру, балама қозғалыстарды дамыту (велосипедтер, роликтер, стритбол, скейтбордтар және т.б.) арқылы балалардың
01.03.2014 12:16 37491

«Спорт алаңдарын, балалар клубтарын, үйірмелерді, секцияларды, аула клубтарын, жазғы лагерлерді дамыту және қолжетімділігін арттыру, балама қозғалыстарды дамыту (велосипедтер, роликтер, стритбол, скейтбордтар және т.б.) арқылы балалардың, жасөспірімдердің, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз етуге ықпал ету». Бұл ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Жарлығында айтылған болатын. Осы мақсатта республиканың әр аймағындағы мектептерде күндізгі лагерьлер ұйымдастырыла бастады. Елорда мектептерінің біріндегі бастауыш сынып оқушыларына арналған күндізгі лагерьдің тыныс-тіршілігіне тоқталсақ.

Ділназ Төкен – мектеп жанындағы күндізгі лагерьдің тәрбиеленушісі. Аталмыш демалыс орны жас жеткіншектің өнерге деген құлшынысын арттырып, спортпен де шұғылдануына көп септігін тигізіпті. Оқушы қыз жыл сайын жазғы демалысын лагерьде өткізуді әдетке айналдырған екен. «Мен мұнда көп достар тауып, олармен бірге қаланың көрікті жерлерін араладым, маған лагерьге қатысқан ұнады. Мұндағы апайлар бізге бәрін үйретеді. «Толағай» сынды спорттық ойындар ойнадық. Топқа бөлініп, қызықты спорттық сайыстар қатыстық».

 

Күндізгі лагерь - оқушылар үшін ең пайдалы әрі тиімді демалыс орындарының бірі. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, балалардың танымдық деңгейін арттыратын шара жаз мезгілінде 10 күн бойы үш ауысым бойынша жұмыс істейді. Мектеп мұғалімдері аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың ұл-қыздарына алаңсыз балалық сыйлауға, жазғы демалысын мазмұнды өткізуіне атсалысады. Жыл сайын республика бойынша, екі миллионнан астам оқушы оқыту-сауықтыру, еңбекке баулу лагерьлерінде тынығады екен. «Жазғы уақытты тиімді пайдалану мақсатында спорттық, интеллектуалды, мәдени, танымдық сынды сан бағыттағы іс-шаралар мен ойындар жоспарлаймыз» - дейді тәлімгерлер. Балалардың ой өрісін дамытатын сайыс туралы бастауыш сынып мұғалімі Нағила Жолтайқызының өз айтары бар. «Балалар мектептің спорттық алаңында жаттығулар жасайды. Дене шынықтыру мұғалімдері әртүрлі ойындар ұйымдастырып, балалардың тынығуына жағдай жасайды. Сондай-ақ, оқушылар сурет салумен айналысады. Мәселен, «Болашақта менің армандаған Астанам» деген сурет байқауы өтті. Бұл сурет байқауында балалар өздерінің шеберліктерін танытып, Астана ғимараттарының және өздерінің қиялындағы дүниелерді салады. Байқау соңында әдемі сурет салған балаларды марапаттаймыз».

 

Кез келген мектеп оқушысы үшін күндізгі лагерьдің есігі ашық. Лагерьдегі балғындар күн сайын таңертең шараның ашылу салтанатында мемлекеттік әнұранды шырқайды екен. Кейін топ жетекшілері демалушыларды спорттық жаттығулар мен ойындар арқылы тынықтырып, қаланың көрікті жерлері және мұражайлармен таныстырады. Лагерь жоспары бойынша, жеткіншектер балаларға арналған кинофильмдер, спектакльдерді де тамашалай алады. Сондай-ақ, мұндағы оқушылар күнделікті дәруменді тағамдармен түстенеді екен. Лагерьдегі қызықты шаралардың бірі – танымдық-интеллектуалдық ойындар. Мұндай бағыт - жаңа технологиялық, мультимедиялық әдістер арқылы жеткіншектердің шет тілдерін үйренуіне, дүниетанымын кеңейтуге, өзіндік пікір қалыптастыруына көмек береді. «Оқушыларды тың әдіспен қызықтыра оқыту – олардың есінде жақсы сақталады. Бұл жерде білім мен тәрбие егіз демекші, Балалар тек қана ойын-сауық емес, тоғыз ай алған білімдерін қайталап, естеріне түсіреді. Астананың көрікті ғимараттарын аралап келген оқушылар өз ойларын шығармаға арқау етіп, еркін түрде әңгімелеуді үйренеді» - дейді білім беру ісінің үздігі Алма Дауылбайқызы.

 

            Біріншіден, кез келген адамның балалық шағындағы ұмытылмас естеліктер - осындай жазғы лагерьлермен де байланысты. Сондықтан балғындар үшін қызыққа толы демалыстың маңызы зор. Екіншіден, жеткіншектер жазғы уақытты дұрыс пайдаланып, ортаға бейімделуді үйренеді. Мұндай демалысты ата-аналардың да қолдайтыны анық. Осы орайда Маржан Әлиқызы ойын былай өрбітеді: «Балалар өз қатарлас құрбыларымен жазғы уақыттарда үйде теледидар немесе компьютер алдында отырғанша, осылай мектеп тарапынан ұйымдастырылып жатқан демалыс лагерьлеріне барып, күнделікті дене шынықтыру сабақтары, ой-өрісін дамыту сабақтары, қаланы аралап, ойын сауық ойындары мен бассейнге барғандары ол өте құптарлық нәрсе деп ойлаймын».

 

Айзат Меңдешева

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға