Тіл - тәуелсіздіктің тұғыры
Тілден артық қазына жоқ
Тілден артық қасиет жоқ
Н.Назарбаев
Тілдің адам өмірі үшін мәні айрықша. «Тіл-тәуелсіздіктің тұғыры», «тіл асыл ойдың бұлағы», «тіл-ұлттың жан дүниесі», «тіл-өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем».
Халқымыздың тілге беріп жүрген бағасы бұл ғана емес, ана тілге деген мейірім, махаббат сезімін білдіретін сөздер көп-ақ. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Осы сияқты ой тұжырымдардың баршасы ел аузынан түспей, қаншама ғасырлар өтсе де ұрпақ жадында сақталған қанатты сөздер.
Үзілмей келе жатқан даналық дәстүрінің жалғасын біз бүгінгі ұрпақтан да көреміз. Ана тіліміздің айтып жеткізуге болмайтын асыл қасиеттерін тап басып танып, қанатты сөздерге айналдырған зиялыларымыз да баршылық.
Еліміздің басынан талай қиын кезеңдер зұлматтың қайғылы күндері болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы ана сүтімен дарыған ана тілі. Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы –отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш ренішіңмен бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып саналады. Бұл – ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз. Ақын Оразақын Асқар «Тәуелсіздік тартулары» жинағына енген өлеңінде:
Көрінесің көзге шыққан сүйелдей,
Сұрақтар да шаншу болып тиейр кей.
Құтылмайсың барлық тілді білсең де,
Өз тіліңнің көмегіне сүйенбей...
Ана тілінде ата-баба сыры бар,
Аудармадан түпнұсқадан кім ұғар.
Өсе келе құстың тілін білсең де,
Ана тілсіз оның қандай құны бар, –
деп, жүрегінен шыққан өлең жолдарында өз тілің өзге тілді үйренуге басты тірек екенін баяндаған.
Бүгінгі қазақ тілінің болашағы мен тағдыры Елбасымызды аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі- бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген сөзі бар. Сондай-ақ, кейінгі 2005 жылғы жолдауында айтылған «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторлардың бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деген уәжінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқы болуын көздеп отыр.
Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға, 2020 жылға қарай 95 пайызға жеткізуді міндеттеді. Жолдауда 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін қазақстандықтардың саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс екендігін айтты. «Үштұғырлы тіл» идеясы туралы мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынған болатын. Яғни, идеяның негізі мынандай: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш бірдей қолданатын жоғары білімді мемлекет ретінде тану керек. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі- ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – қарапайым тілмен айтқанда, дамыған мемлекеттермен терезесін теңестіру солардың қатарына қосылу үшін қажет. Сондай-ақ бұл идеяны мынандай қарапайым формуламен көрсетсе болады: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз. «Үштұғырлы тіл» бұл – өмірлік қажеттіліктен туындаған идея.
Бірнеше тілде бұлбұлша сайрайтын, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де өзге елдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады, болашағы жарқын болады, оған қоса әлемдегі кез-келген оқу орнында білім алуға мүмкіндік туады.
Осы мақсатта бүгінгі күні қаншама бағдарламар қабылданып, қаншамасы жүзеге асырылып үлгерді. Барлық мемлекеттің қызметкерлеріне үш тілге үйрету қолға алынып, қазіргі таңда ол талапқа айналып бара жатыр. Сонымен қатар мектептер мен бала-бақшаларда осы идеяға байланысты шаралар мен байқаулар өткізіліп жатыр.
Статистикаға сүйенсек, қазір елімізде 35 мектеп үш тілде сабақ беріп, аталмыш тәжірибені енгізіп отыр. Мектептерде ағылшын тілі бірінші сыныптан бастап оқытылса, мектепке дейін мекемелерде де ағылшын тілін үйретуде.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050 стратегиясында» 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне, латын қарпіне көшу қажеттілігін айтты.
«Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады. Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет. Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн», – деді Президент.
Шынында да, әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Қазіргі жастар ағылшын тілі мен интернетті еркін меңгеріп алды, сондықтан жастарға латын әліпбиіне көшу қиындық туғызбайтыны сөзсіз.
«Қазіргі күні қазақ тілі компьютер арқылы шетелдермен байланысқа шығып, жұмыс жасау қиындық келтіріп отырғаны өтірік емес, мысалы бір мысал келтірсем, аты-жөнімізді қазақша жазсақ олар түсінбейді, сол үшін оны орысшаға бұрмалап жауымыз керек болады, сондықтан латын тіліне көшкеніміз жөн», – деп жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев ағамыз бір сұхбатында айтқан екен.
Менің ойымша, латын әліпбиіне көші технология мен инновацияны тез меңгерудің кілті. Қазір дамыған елдердің ғаламторын ашып қалсаңыз, теледидарын қосып қалсаңыз ақпарттар ағынын латын қарпімен оқисыз. Сондықтан, латын әліпбиіне көшу – өмірдің қажеттілігі, әлемдік бәсекеге қабілеттілік мәселесі.
Латын әліпбиіне көшу арқылы Қазақстанның түрік әлемімен байланысы одан әрі арта түседі. Еліміздің мемлекеттік мәртебесіне зор ықпал етеді. Сонымен бірге шетелдерде тұратын қандастарымыз үшін өз атамекенімен қарым-қатынас жасау да жеңілдене түсер еді. Жалпы түрік халықтарымен бірге болудың бір үлкен жолы – ортақ әліпбиді қолданысқа енгізу. Болашақта түрік халықтарының жазуындағы бірлік сақталатын болса, негізгі мақсаттарымыздың бірі орындалған болар еді. Тіпті, өзге ұлттардың да қазақ тілін оқуға, зерттеуге деген сұранысын туғызуы әбден мүмкін.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні тоқталсақ, «тілден асқан байлық жоқ» тон-торқа, мал-мүлік, алтын-күміс байлығы түпкілікті емес. Күндердің күнінде сарқылады, тозады. Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін ұмытпайық.
Мақаламды Ғабиден Мұстафиннің бір сөзімен аяқтағым келіп тұр:
«Түрлі-түрлі байлық бар, солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы бәрінен де сенімді».
Рысгүл САҒЫНОВА