Латын емлесі - тіл тазалығын сақтаудың бастамасы
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Бiз 2025 жылдан бастап әлiпбиiмiздi латын қарпiне, латын әлiпбиiне көшiруге кiрiсуiмiз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиiс принциптi мәселе. Бiр кезде тарих бедерiнде бiз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшiн осындай шешiм қабылдауға тиiспiз және бұл әлеммен бiрлесе түсуiмiзге, балаларымыздың ағылшын тiлi мен интернет тiлiн жетiк игеруiне, ең бастысы – қазақ тiлiн жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын.
Әліпби мәселесінің көтерілгеніне, шынымен де, біраз уақыттың жүзі болды. Әліпбидің ауысуының астарында үлкен мән жатыр. Латын емлесі көптеген қажеттіліктерге жауап бере алады: қазақ әліпбиіндегі дыбыстар құрамын қайта қарап, оның табиғи заңдылықтарын сақтауға септігін тигізеді; ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылып, әлемдік білім, ғылым мен техниканы меңгеруімізге жол ашады. Қазақ баспасөзінің көрнекті өкілі Нұртөре Жүсіп: «Латын әліпбиіне көшуді мемлекет саясатының үлкен бір мәселесі деп айтуға болады. Егер біз ұлттың бірлігін, мемлекеттің бірлігін, халықтың бірлігін қамтамасыз етеміз деп шынайы ойлайтын болсақ, онда аузымыздан шыққан үннің, әріптің бірлігі болмай, ұлттың бірлігі болмайды», – деген болатын. Қазақ әліпбиін саралап алатын мезгілдің жеткені де шындық. Орыс жазуының ықпалымен енген бір топ кірме әріптер мен емле-ережелер қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына кереғар келіп жатыр. Бүгінде содан зиян шегіп отырғанымыз өтірік емес.
«Мый» деудің орнына ми дейтін болдық. «Бійді» би дедік. Сонда «И» әріпі жуан ба, әлде жіңішке ме? Тек бұл емес, қиын, жиын, тиын сөздерін буынға бөлер болсақ, қи-ын, жи-ын, ти-ын болады деп, тілі ғылымында айтылатын «сөз ішінде екі дауысты қатар тұра алмайды» деген заңға қарсы келеміз. Осы тектес «У» дыбысы дауыссыз дыбыс, оны мектепте үйренгеніміздей дауыстылар қатарына қосып жүрміз. Мектептегі балаларға «оқы, тоқы секілді ы дыбыстарына аяқталатын сөздерге -у деген тұйық етістігінің жұрнағы жалғанса, етістіктегі соңғы «ы» дыбысы түсіп қалады. Сонда оқы – оқу, тоқы – тоқу болады» деп өтірік айтудан жалығар емеспіз. «Оқы» дегеннің айтуда «оқұ» болатынын, оған «у» жалғаса «оқұу» болатынын, ешбір дыбыстың ешқайда жоғалып кетпейтінін естен шығарып алдық.
Бүгінде латын графикасына көшеміз деп жер-жерде айтылып жүр. Бұған қарсы пікірлер де жоқ емес. Құндылықтарымызды жоғалтып аламыз, сауатымызды ашу қиынға соғады деп уайымдаудың еш реті жоқ. Ағылшын тілін қалай меңгеріп жүрміз, ендеше өз ана тіліміздің жаңа графикасына ешбір қиындықсыз бейімделіп кетеміз. Біз орыс тілі пәнінде кириллицамен жазатын боламыз. Олай болса, біз ешбір құндылықтарымызды жоғалтып алмаймыз.
Ал, «Егер біз латын емлесіне көшер болсақ, басқа тілден енген термин сөздерді қалай жазамыз?» деген сұрақ төңірегінде ойланар болсақ, транслитерация тәсілін қолдануға болады. Демек, терминдерді өз тілімізге бейімдеп, я болмаса сол терминдерді орыс тілі нұсқасымен емес, түпнұсқамен жазғанымыз жөн болар.
Қазақтың төл сөздерінің жазылымына қатысты орнықты әліпби мен емле-ережеміз өткен ғасырдың ортасына дейін болған. Шатасу сол ғасырдың елуінші жылдарының ортасында қазақтың төл сөздерінің құрамында и, у, я, ю, щ, ч таңбаларын жазу керек деген «зорлықтан» басталды.
Қай елді алсаңыз да, ешбір мемлекет, ешбір халық кірме дыбыс үшін арнайы таңба ойлап таппайды немесе сол кірме дыбыстың төркін таңбасын алмайды. Таңбаны сол өзінің төл әліпбиінің ішінен құрастырады. Кірме дыбысқа сол дыбыстың төркін таңбасын қоса алу деген бұрынғы кеңес түркі республикаларында ғана болды. Мысалы, орыс тілінен ц, ч т.б. дыбыстарын қабылдап, таңбаларын қоса алып отырдық. Қазіргі европалық елдер де орыс сөздерін жазып-сызуға мәжбүр болып отыр, бірақ олар ц дыбысын tc деп, ч дыбысын ch деп латын әліпби үлгісімен жазу амалын тауып отыр.
Қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары қалай белгіленеді? Бұл ретте біз латын негізді қазақ әліпбиінде 28 қазақ тілінің төл фонемасын белгілейтін әріптердің үстіне 3 – «в», «ф», «Һ» дыбыстарын беретін «v», «f», «h» әріптерін қабылдап, барлығы 31 әріптен тұратын әліпби болғанын жөн көреміз. Өзге тілдің терминдік атауын алуға тарихи прогрестің өзі итермелейді. Кірме сөздер қалай жазылады? Жоғарыдағы 28 төл дыбыс, 3 кірме дыбыс таңбасымен халықаралық терминдерде де, әрине, үндесімге бағынып жазылады. Олай етпесе орыс орфографиясының нормасына жүгіну тағы басталады: химия – himie, физика – fizike, техника – tehnike, компьютер – kämpüyter болып жазылуы тиіс. Қазіргі терминдердегі жұрнақтардың көбі орыс тілі арқылы енген латын суффикстері екені белгілі. жаңа қазақ жазуында түпнұсқа тілдегі жазылуы бойынша таңбаланғаны жөн. Ол түрік тіліндегі терминденуге де сәйкес келеді. Мысалы, түрік тілінде филологиялық терминдер я аударылады, я түпнұсқаға жақындатылып жазылады: мorfoloji, fonetik, fonem, grafikler, transkripsiyon. Сонда қазақ тіліндегі жұрнақтар -ция, -изм емес, қажеттілік туып жатқан жағдайда -sion, -ism болып жазылу және айтылу керек.
Елбасымыз: «Қазақ алфавитін 2025 жылдан бастап, латын графикасына көшіру үшін дайындықты осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпарат тіліне айналдырады. Ұлттық мүддеге қызмет істеу үшін өзгені емес, өзін қамшылауы тиіс емес пе? Тағы да қайталап айтамын, қазақ пен қазақ қазақша сөйлеуі тиіс. Қысқасы, алдағы 38 жылға арналған бұл құжат - Отанымызды кемел болашаққа апаратын, қиын жолымызда бағыт-бағдар сілтейтін жол серігі» деген сөзінен латын емлесінің бізге берері мол екенін көруге болады.
Сөз соңында айтарым, латын емлесін жасауда тыңнан дүние алудың қажеті жоқ. Біздің тарихымыз бар, ендеше, сол тарихымызға сүйеніп, бір кездері өзіміз қолданған А. Байтұрсынов жасаған емлені ескергеніміз жөн болар. Тілімізді шұбарламай таза қалпында қолданатын уақыттың келгені рас. Тек оны шулатып, бекерге дау көтермей, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп іске кіріскеніміз абзал.
Жамбылбаева Айжан